П.ғ.к Өтебаев И.С.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан  Өтебаев Б.Н.

Б.Сүлейменов атындағы орта мектеп, Қазақстан

 

БОЛАШАҚ МАМАНДАРДЫҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ

 

Білім беру жүйесін жетілдіру – елдің одан әрі дамуы тәуелді болатын саяси және жалпы ұлттық міндет. Білім беру жүйесін жетілдіру мақсаты – заманауи білім сапасын қамтамасыз ету негізінде білім беру жүйесінің тұрақты дамуының механизмін құру болып табылады. Қазақстанда білім беру жүйесін тиімді жетілдіру білім берудің іргелілігін сақтаған және тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің көкейкесті және перспективалы сұраныстарына сәйкес болған жағдайда жүзеге асады. Бұл алдына қойылған кәсіби міндеттерді шеше алатын мамандар даярлағанда, сол мамандар даярлау жүйесін қайта құрғанда мүмкін болады.

Педагогикалық әдебиеттерді талдау әлі де болса ғалымдар арасында құзыр және құзыреттілік түсініктеріне анықтама беруде, олардың құрылымдық мәнін анықтауда бірізділіктің болмай отырғандығын көрсетеді. Бұл мәселе оларды топтастыру және жіктеу проблемасына да қатысты болып отыр.

Тұлғаның құзыреттілігі  сол адамның жеке тұлға ретіндегі қасиеттерінің және ішкі психикалық жағдайларының күрделі жүйесі болып табылады.

Қазіргі қоғамдық өзгерістер білім беру жүйесі алдына кәсіби құзыретті, өз алдына қойылған міндеттерді шешудің тиімді жолдарын таба алатын мамандар даярлау керектігін қояды. Ондай мамандар үнемі өзгеріп отыратын әлеуметтік-экономикалық процестерді талдай білуі, жағдайға сәйкес шешімдер қабылдап, жүзеге асыра білуі, бір сөзбен айтқанда, бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

Осы ретте еліміздің кәсіби білім беру жүйесі алдында, оның ішінде  болашақ педагог даярлауда ең алдымен педагогтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру міндеті тұр. Мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі бойынша бірқатар қазақстандық ғалымдар іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде ерекше көзге түсетіні – Б.Т. Кенжебековтің диссертациялық жұмысы. Ғалымның айтуынша, жоғары оқу орны түлегінің қабілеті, теория мен практикалық дайындығының бірлігі бойынша кәсіби іс-әрекеттің іске асырылуы маманның кәсіби құзыреттілігіне сай көрініс табады. Және кәсіби құзыреттілік құрамына субъектілік, нысандық және пәндік компоненттер кіреді. Мұның ішінде болашақ маманның мақсатта болушылық, өндіргіштік және дамытушылық негізде өзіндік диагностиканы, өзіндік өзгерулерді, өзіндік бағалауды және өзіндік талдауды, сонымен қатар кәсіби іс-әрекеттегі диагностиканы, өзгерісті, бағалауды және талдауды іске асыру шеберлігі ретінде маманның өзіндік сапасын субъектілік компонент сипаттайды. Ал кәсіби іс-әрекет жүйесінің және оның әрекеттеріндегі міндеттерден нәтижеге дейін жасалу қозғалыстарының барлық кезеңдерін қамтамасыз етуді маманмен жасалу процесін нысандық компонент сипаттайды. Топ адамдарынан, олардан алынатын кәсіби көмек пен қызмет көрсетуді немесе гуманитарлық маман мен адамның қызметінде бірлесе-бөліну табыстарды пәндік компонент құрайды [2].

Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда жоғарғы оқу орны кезеңінің өзіндік ерекшелігі болашақ маманның кәсіпті меңгерудегі іс-әрекеті алмасып отыратын екі кезеңде өрістейді:

- кәсіби құзыреттілікті меңгеру кезеңінде тәлімгер кәсіби білім беру процесінің басқа субъектілерімен (оқытушы, курстастармен, өзіндік даму субъектісі ретінде өзімен т.б.) ықпалдасады;

- кәсіби құзыреттілікті қолдану кезеңінде тәлімгер болашақ маман ретінде кәсіби көмек пен қызмет арқылы тұтынушылармен ықпалдасады.

Кәсіби дайындаудың мақсатты бағыты болып табылатын мұғалімнің кәсіби-жеке құзырлылығын қалыптастыруға байланысты әдіснамалық шешімдердің бірі – құзырлылық тұрғыдан келу  болып табылады. Құзыреттілік тұрғы ішінде екі негізгі ұғым бөлінеді: құзыр және құзыреттілік. Оның біріншісі белгілі бір заттар мен процестерге қатысты көрінетін тұлғаның өзара байланысқан, шарттасқан қасиеттерінің жиынтығы болса, екіншісі адамның белгілі бір іс-әрекетке оның тұлғалық қатынасын көрсететін тиісті құзырларға ие болуын көрсетеді.

Құзыреттілік тұрғы білімдер, іскерліктер, дағдылар қалыптастыруды жоққа шығармайды, бірақ құзырлардың олардан айырмашылығы бар. Мәселен, білімдерден – іс-әрекет түрінде (тек ол туралы ақпарат қана емес); іскерліктерден – ықпал етудің түрлі объектілеріне көшіруден; дағдылардан – адамға стандартты емес жағдайда әрекет етуге мүмкіндік беретін саналылықпен ерекшеленеді. Бұл тұрғы кәсіптік әдістер мен құралдар арқылы жалпыбілімдік іскерліктер мен интеллектуалдық және практикалық іс-әрекет тәсілдерін қалыптастыру негізінде тәлімгердің тұлғалық қасиеттерін ашуға, дамытуға және іске асыруға жағдай жасайды [3].

Тұлғаның кіріктірмелі сипатының бірі – оның қабілеттері. Қабілет дегеніміз – іс-әрекетті орындаудың жетістікті болуын анықтайтын дара-психологиялық ерекшеліктер. Д.Н. Завалишина жалпы қабілеттерді адам іс-әрекетінің жетекші формаларын орындау Кәсіби білім берудің түпкі нәтиже мақсаттық бағдарлануы мамандықтар стандарттарын жобалау қажеттілігін тудырады. Осы кәсіби стандарттардың мазмұндық және мағыналық мәні білім берудің кілттік құзыреттіліктері ашылады. Тәлімгерлерде бұл құзыреттіліктерді қалыптастыру мамандардың фундаментальды даярлығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, құзыреттілік тұрғының бұрыннан қалыптасып қалған тұрғылардың (культурологиялық, ғылыми-білімдік, дидактикоцентристік, функционалдық-коммуникативтік) жетілдірілген түрі ретінде қарастырылатынын айту керек. Басқаша айтқанда, құзыреттілік тұрғының әлі де болса педагогика теориясында өзіндік тұжырымдалуы біржақты аяқталмағанын, дегенмен, оның өзіндік сүйеніші бар (бұрыннан қалыптасқан теориялар) екендігін ескере кету керек.

Қорыта айтқанда құзыреттілік тұрғының мақсаты – толыққанды кәсіби, өндірістік-технологиялық, ғылыми-әдістемелік, зерттеушілік, т.б. іс-әрекетке даяр бәсекеге қабілетті маман тұлғасын кәсіби қалыптастыруды қамтамасыз ету.

Ал оның міндеттері – біріншіден, болашақ маманда өзінің кәсіби білімі мен кәсіби іс-әрекетіне құндылықтық қатынас қалыптастыру; екіншіден, оның тұлғасының кәсіби әлеуетін арттыру; үшіншіден, қоғамдық өмірде маманның толық өзіндік тұлғалық қасиеттерін көрсетуге даярлау.

Сонымен, құзыреттілік тұрғының кәсіби білім беруді қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылатыны, оның құрылымдық компоненттерін қалыптастыру жалпы және кәсіби блім берудің нақты мақсаттары болып табылатыны анықталды.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1     Кенжебеков Б.Т. Жоғары оқу орны жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру: пед.ғыл.докт....автореф.: 21.05.05. - Қарағанды: Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, 2005. - 40 б.

2     Өтебаев И.С. Болашақ мамандарды жобалау іс-әрекетіне даярлау: теория және практика /Монография. – Қарағанды: «Tengri Ltd», 2012. – 169 б.