Г.Ж. Пралиева – п.ғ.д., профессор

Б.А.Жүрсінбаев – ҚазМҚПУ-дің аға оқытушысы, т.ғ.к.

 

Жалпы білім беретін мектептердегі Қазақстан тарихы

 оқулықтарының көрнекіліктері және ондағы кемшіліктер

Тәуелсіздік алған Қазақстанның одан әрі ілгерлеп алға дамуына білім саласы көп ықпал жасайды. Әсіресе саяси, экономика, мәдениет пен ғылымды өрге сүйрейтін болашақ мамандар  өздерінің білімін мектеп қабырғасында жүріп қалайтыны бәрімізге белгілі. Алайда сол жас жеткіншіктерді оқытатын мектеп оқулықтарының сапасы көңілден шықпайтыны бәрімізге аян. Соңғы уақыттары теледидар мен БАҚ құралдарында бұл мәселе жан-жақты талқыланып, көпшілік тарапынан өз бағаларын алып та жатыр. Соның ішінде басқа пәндермен қатар Қазақстан тарихына арналған  оқулықтарға да сын ескертпелер айтылып жүргенін жақсы білеміз. Біздің айтайын дегеніміз Қазақстан тарихына арналған оқулықтардың мәтіні мен мазмұны емес, сол мәтін мен мазмұнды толықтырып, әрбір тақырыпты көркемдем отыратын көрнекіліктер  жайында еді. Өз кезегіне келгенде оқытылып жатқан тақырыптағы мәселелерді игеруде көрнекіліктердің атқарар рөлі зор екені бәрімізге белгілі. Қазақстан тарихы оқулықтарында бүгінгі күндері әлі де болса кемшіліктердің кездесіп отырғаны жасырын емес. Мәселен, кейбір суреттер ретсіз орналасқандықтан тақырыптармен үйлесім таппаған жағдайларда кездеседі. Ал оқулықтардағы кесте, карта сияқты көрнекіліктерді енгізіп мәселелерді ашуда да ауытқылушылықтар байқалады. Енді оқулықтарда кеткен осы олқылықтарды қысқаша түрде талдайтын болсақ, Мысалы, 2007 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан жалпы білім беретін 7-ші сыныпқа арналған «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы» атты оқулықта көрнекілікке байланысты кемшіліктер кездеседі.

Мәселен, 18-ші бетте Соғды жауынгерлерінің суреттері басылып берілген екен. Бұл суретті көрген оқушылар олардың киімдеріне қарап отырып, оларды соғысып жүрген сұсты жауынгерлер емес, театрда өнер көрсетіп жүрген сайқымазақтар ретінде қабылдайтыны анық.

Ал 21-ші беттегі ХІ-ХІІ ғасырларда Оңтүстік Қазақстандағы Кедер қаласынан табылған «Өрнекті қыш құмыра» ыдысын VІІІ-Х ғасырларда билік құрған қарлұқтардың «еншісіне» жатқызған және бұл ыдыстың суреті қарлұқтардың саяси жағдайы баяндалған бетке беріліпті де олардың қолөнеріне қатысты бетте суреттерді былай қойғанда, қарлұқтардың мекенінен табылған ыдыстар жөнінде ешқандай мәліметтер келтірілмеген.

22-ші беттегі «Орта Азия халықтарының киімдері» деген суреттен олардың пішініне қарап, оқушылар түгіл ересек адамдардың өздері Орта Азияны ертеде тек сығандар мен үнділіктер ғана мекендеген деп ойлайтын шығар. 27-ші беттегі «Қола құман» мен «Шырағдан» да мүлдем ретсіз берілген. Өйткені бұл беттегі мәтін толығымен оғыздардың тайпалық құрамы және қоғамдық құрылысын баяндағандықтан суреттер ешқандай да үйлесім таппай тұр. Сондықтан оқушыларға түсінікті болу үшін аталған суреттер оқулықтың кәсібі мен қолөнерін баяндайтын 30-ші беттен орын алуы керек еді. 43-ші беттегі Орта ғасырдағы шонжарлардың тұрғын үйі жоспарының қимасын Баба-Ата кесенесі деп шатастырып бере салған. Сондай-ақ авторлар кесенені мешіт деп көрсеткен. Шамасы авторлар мешіт пен кесенені бір мағынада түсінсе керек.

45-ші беттен «Оймыш өрнекті, қыш табыт» деген анықтамасы бар суретті көреміз. Бұл суретті авторлар қайдан тауып алғаны белгісіз. Шамасы авторлар түріктердің жерлеу рәсімін христиандарға жақындатқысы келген-ау. Әйтпесе деректерде түріктер өлген адамдарын христиандарша табытпен жерледі дегенді кездестірмеппіз. Дегенмен осы суретті көру арқылы оқушылар өздерінің ата-бабалары қандай дінді ұстанған деп ойланары анық.   

46-ші беттегі суретте бейнеленген адамдар түріктерге емес қожайынының алдына келіп бас иіп тұрған жапондық самурайларға ұқсаса, ал 55-ші беттегі түріктер құтты славяндар дерсің. Әлде славяндар мен түріктер бір нәсілден шыққан ба? 99-ші бетте жас шамасы 80-90-ға келген Қожа Ахмет Йасаудің бейнесін көрсетіпті. Сонда авторлар 63 жастан кейін жердің астына түскен Қожа Ахмет Йасаудің түрін қалай елестетті деген сұрақ туады? 116 және 117-ші беттердегі Алтын Орданың астанасы Сарай-Беркеден табылған заттардың суреттері толығымен Моғолстанның тарихына арналған тараушада тұрғанына түсіне алмадық.

Оқулықтың 136-ші бетінде авторлар ХІV-ХV ғғ. Қазақстанның мал шаруашылығы мен егіншілігіне қатысты тараушадағы мәселеге мүлдем қатысы жоқ ХІІ Талхирден табылған «Қола шырағдан» атты суретті берген. 199-ші беттегі Н.Г. Хлудовтың «Жайлауға көшкен ауыл» атты суретінің тақырыбын да авторлар бұрмалап, қысқаша түрде «Көш» деп келтіреді. Осы суретке байланысты мәселелер кейін тест сұрақтарында кездессе оқушыларды әбден шатастырып жіберуі мүмкін.

 Ал Ж. Қасымбаевтың 2004 жылы «Мектеп» баспасынан 8-ші сыныпқа арнап шығарған «Қазақстан тарихы» оқулығындағы көрнекіліктер де көңілден шықпайды. Егерде 7-ші сыныпқа арналған оқулықтағы көрнекіліктер қателіктерге толы болғандығына қарамастан көптігімен көрінсе, ал 8-ші сынып оқулығында көрнекіліктер мүлдем жоқ десе де болады. Ж.Қасымбаевтың оқулығынан тек қана тарихи тұлғалардың портреттері және орыс бекіністерін көре аламыз. Оның өзі қара түсті бояулармен берілгендіктен оқушылардың пәнді игеруге деген қызығушылығын арттырады деп айта алмаймыз.

Енді суреттерді талқылауды қойып, оқулықтарда көрсетілген карталарға тоқталсақ. 7-ші сыныпқа арналған «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихындағы» карталарға келетін болсақ, оқулықтың 7-ші бетіндегі 552-603 жылдардағы Түрік қағанатының картасында көптеген елдердің аттары мен географиялық атаулар орынсыз немесе қате көрсетілген. Мысалы, Парсы мемлекеті Иран (ХХ ғ. 30 жылдарынан бастап) деп аталса, Сейхун мен Жейхун өзендері Сырдария мен Амудария (ХІХ ғасырдан бастап) деп беріледі. Сондай-ақ, картаға қараған оқушылар Шығыс және Батыс түрік қағанаттарын көріп, Түрік қағанаты сол кезде-ақ екіге бөлінген екен деп ойлайтын шығар.  Ал 69 беттегі Х-ХІІІ ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі мемлекеттердің картасында авторлар негізгі орталықтары Сырдария өзенінің төменгі ағысы болған қыпшақтар мен оғыздарды «жолатпай», оларды Қазақстанның батыс бөлігіне ығысытырып жібереді. Мұнда да Сырдария мен Амудария өзендері осы кездегі атаулармен кездеседі. 102-ші беттегі Моңғолдардың Қазақстанды жаулап алуы деген картада тарихи сахнаға шықпаған немесе ығысып кеткен халықтар мен мемлекеттердің атаулары аталады. Мысалы, ол уақытта оғыздар мен қимақтардың мемлекетін былай қойғанда деректерде тайпа ретінде  кездестіре алмайтынымызды ескерсек, картада үлкен қателік кеткенін аңғарамыз. Сонымен қатар, башқұрт, ойрат, бурят және тағы басқа да тайпаларды картада атап көрсететіндей олар әлі халық ретінде қалыптаспады және олардың атауы (башқұрттардан басқасы) басқаша аталатын. Сосын бұларды ескеріп картаға енгізетіндей оларды қазақтың тарихына қандай қатысы бар екенін түсіне алмадық. Әлде ол уақыттары қазақ халқын құраған басқа тайпалар құрып қалды ма? Картадағы Шаш қаласын осы уақыттағы атаумен Ташкент деп көрсетуін де қателік деп білеміз. Мүмкін мұны кәсіби тарихшылар елемес, бірақ оқушылар міндетті түрде шатасады.

120-ші беттегі Әмір Темірдің жорықтарына қатысты карта болса, қателіктерге тұнып тұр. Мысалы, Қазан, Астрахан сияқты хандықтар Ақсақ Темір өлгеннен кейін 15-20 жылдан соң пайда болса, ал Қазақ хандығы тіпті олардан да кеш құрылған. Тіпті авторлар бұл картада тарихта өмірі болмаған Өзбек хандығын (Көшпелі өзбектердің мемлекеті немесе Әбілхайыр хандығы болуы керек) көрсетіп қояды. Сондай-ақ, авторлар шамамен Ақсақ Темірдің шекарасы деп картаға белгілер салып, «жаңалық» ашуға тырысады. Сонда авторлар осы «жаңалықты» ашуға әрекет жасағанда жыл сайын емес, ай сайын өзгерістерге ұшырап тұрған Ақсақ Темірдің иеліктерін қандай деректерге сүйене отырып белгіледі екен. Сосын картаны пайдаланған оқушылар оған мұқият назар аудармаса Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа жасаған жорығын Қазан хандығына қарсы бағытталған деп қабылдауы ғажап емес. Міне осылайша оқулықта берілген 4 картаның бәрі де пайдалануға жарамайды. Сондықтан оларды жаңаша жасалған карталармен алмастыру қажет. Ал 8-ші, 10-шы және 11-шы сыныптардың оқулықтарындағы карталғарға келсек, оларда қате жоқ десе де болады. Алайда бұл оқулықтардағы карталар әр тақырып бойынша берілмей, бәрі де бір жерге топталған. Қазіргі кездегі оқушылардың өткен сабақтармен шектеліп, басқа беттерді қызығушылықпен парақтамайтынын ескерсек, онда оқулықтарда көрсетілген карталардың мәселені түсіндірудегі құнын өз-өзінен жоятынын түсінуге болады. Міне осы жоғарыда көрсетілген дәйектемелерге сүйене отырып, қазіргі кездегі оқушылардың қолданып жүрген «Қазақстан тарихы» оқулықтарындағы көрнекіліктерде әлі де кемшіліктердің кездесетінін байқаймыз. Бірақ авторлардың оқулықты жазу барысындағы ерен еңбегін жоққа шығара алмаймыз.

Біздің айтпағымыз біткен істі бүлдіру емес бүтіндеу немесе елеусіз қалған тұстарды ескеру, олқылықтардың орнын толтыру. Сондықтан оқулықтарды жаңадан жазу кезінде оған соңғы технологияларды пайдалана отырып, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша табылған көркем түсті суреттер мен карталарды және басқа да көрнекіліктерді қолданған жөн деп санаймыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Садықов Т.С., Жолдасбаев С. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2007. – 240 б.

2. Қасымбаев Ж. Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Мектеп, 2004. – 248 б.

3. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы: DPS, 2011. – 736 б.

4. Байпақов К. Қазақстанның ежелгі қалалары. Алматы: Аруна, 2005. – 316 б.

5. Көркемсуретті Қазақстан тарихы. Ежелгі дәуірден біздің уақытымызға дейін. 1 том. – Алматы: Қазақстан энциклопедиясы, 2006. – 312 б.

 

 

 

ТҮЙІН

Бұл мақалада жалпы білім беретін мектептерге арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарындағы көрнекіліктер жан-жақты талданып, оның сапасы жөнінде пікірлер беріледі.

 

РЕЗЮМЕ

 

В данной статье подробно обсуждается и дано мнения на наглядность в учебниках истории Казахстана для общеобразовательных школах.

                                        Summary

Use of visual methods in the history books of Kazakhstan in comprehensive schools is discussed in detail and given an opinion in defined article.