Ахметова К.Н.

 

Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі,Қазақстан

 

 

Білім мен ғылым-ұмтылыстар бастауы

 

Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана

табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал. 

Н.Назарбаев.

(«Назарбаев Университетінде» оқыған дәрісінен).

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісінде: «Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустрия­лық әлемге қарай жылжып келеміз. БҰҰ жанындағы халықаралық ұйым­дар, жетекші еуропалық көш­бас­шы­лар, көптеген белгілі экономистер мен саясаткерлер қазірдің өзінде Үшін­ші индустриялық революция тұжы­рым­дамасын ресми түрде қабылдап үлгерді.Инновациялар негізіндегі индус­трияландыру біздің қоғамымыздың жаңа құнды бағдарына айналды» деп атай отырып, тағы бір бұлжымас құндылық – ол білімге ұмтылу екендігіне баса назар аударды.

Әлемдік сарапшылардың болжауы бойынша  әлемдік рынок 2020 жылға қарай жоғары білімді 40 миллион қызметкерді, 45 миллион кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарды қосымша қажет ететін болады, яғни білікті кадрларға деген өткір тапшылық орнамақ.

Білім біздің елімізде мемлекеттің экономи­ка­лық ресурсы, өндіріс факторы ретінде қарастырылып отыр, сондықтан Қазақстан халықаралық үлгі-қалыптар­ға жақындата отырып, ұлттық білім беру жүйесін бірізділікпен жаңғырту­да, барлық деңгейлердегі білім беру сапасы жақсартылуда. Соңғы үш жыл бойына Қазақстан ЮНЕСКО-ның Білім беруді дамыту ин­дексі бойынша әлемнің 129 елі ішінде көшбасшылардың төрттігінде тұр.

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі кол­ледждер желісі – кәсіптік-техни­калық білім беруді дамыту флагмандары құрылуда. Олардың базасында бизнестің қа­тысуымен оқу орындарын басқарудың корпоративтік түрі, жаңа білім беру үлгі-қалыптары мен оқу бағдарлама­ларын халықаралық аккредиттеу сы­нақ­тан өтетін болады. Сол сияқты жоғары білім берудің де сапасы  арттырылуда.

 Ендігі міндет - Елбасы талай жылдан бері айтып келе жатқандай, ғылым мен бизнестің ықпалдастығының белсен­ділі­гін арттыру қажет. Әлемде мұндай ықпалдастықтың жақсы үлгілері бар.

ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қандай байлық бол­масын, оның түбі бір сарқылатыны хақ. Сарқылмайтын, терең бойлаған сайын еселеп арта беретін бір-ақ байлық бар. Ол - білім» деп атап көрсеткендей, мемлекетіміздің алдында халықтың қол жеткізген игіліктерін сақтай оты­рып, жаһандық талаптардың жаңа деңгейіне көтерілу міндеті тұр. Мем­лекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші - оның эконо­ми­касы. Ал экономика ғылымға арқа сүйемейінше, бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес.

ХХI ғасыр - білім мен ғылымның ғасыры. Осындай маңыз­ды кезеңде бізде отандық білім мен ғылымның прогрессивтік жүйесін қалыптастыруға орасан зор күш-жігер жұмсалуда. Алға қойған мақсатқа жетудің ең басты факторы - адам және оның табандылығы мен білімі. Өркендеп дамудың алтын кілті де білімде екеніне дау жоқ. Біз­дің мемлекет үнемі білім саласына ерек­ше көңіл аударып келеді. Тәуел­сіздіктің алғашқы қиын кезеңдерінде де, дүниежүзін шарпыған қаржы дағдарысында да бұл саланы бірінші кезекте қаржыландыру тоқтаған емес. Бірнеше жыл қатарынан отандық білім саласын қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 4 пайызын немесе мемлекеттік бюджеттің 17 пайызын құрап келеді. Ал алдағы 5 жылда осы көркеткішті 5 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Білім, ғылым са­ла­сына енгізіліп жатқан «тыңға түрен саларлық өзгерістер» Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республи­ка­сында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай жүргізіліп жатыр.

Жаңашылдығымен ерекшеленетін, әлемдегі озық тәжірибелерге сүйеніп жасалған бағдарлама Қазақстанның даму стратегиясына толық жауап береді. Бағдарламаның алғашқы 5 жылдық кезеңіне қазіргі мөлшеріне қосымша 461,1 млрд теңге бөлу көзделген. 

ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтуды мақсат тұтады. Бұл үшін 2015 жылға дейін 615 шағын орталық пен 163 жекеменшік бала­бақ­ша ашылады. Ал орта білім бо­йын­ша 12 жылдық жүйеге көшеміз. Жос­парды жүзеге асыру үшін бар­лығы 522 мектеп салынады. Олардың құрылысына республикалық бюд­жет­тен алғашқы 3 жылға 167,4 млрд теңге қарастырылады. Сонымен қа­тар, оқулықтардың сапасына талап күшейтіліп, педагогтардың беделін көтеруге басымдық беріледі. Бұл жұмыс 3 бағыт бойынша жүзеге асы­рылады. Біріншіден, мұғалімдердің жалақысы көбейеді, екіншіден, мұ­ғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі жасалады, үшіншіден, педагогтардың имиджін көтеру мә­селесі күн тәртібіне қойылады.

ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер болашақ мамандар даярлауда кәсіптік-техникалық және жоғары мектептердің алдына да жаңа міндеттер қойып отыр. Осыған орай, бүгінгі әлеуметтік білім беру кеңістігіне сай бейімдеп білім алу, жалпы ғаламдық танымды, ойлауды дамыту, өзінше ғылыми тұжырым жасауға, олардың қажетіне қарай ғылым жетістігін сұрыптауға, студенттің өзінің іс әрекетінің субъектісі болуына мүмкіндік туғызу - көкейкесті мәселе. Өйткені, тек кәсіби білімді маман ғана қоғам мен экономиканың, әлеуметтік және мәдени өркендеудің көшбасшысы бола алады.

Кәсіптік білім - маманға білім, іскерлік және дағды ғана беріп қоймайды, ол жеке тұлғаны қалыптастырады. Заман талабы өзгерген сайын арнаулы және жоғары оқу орындарына қоғам тарапынан қойылатын талап та өзгерді.

Олар Қазақстан Республикасы Конституциясының қағидаларына, ҚР «Білім туралы» заңына, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған «Қазақстан - 2030» жолдауына негізделеді. Бұл құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасындағы орта арнаулы және жоғары білім мемлекеттің ұзақ мерзімдік бағдарламасы арқасында ерекше орын алады.

        Бүгінгі таңдағы кәсіптік білімнің мақсатына жаңаша түсінікпен қарасақ, оны дамытудың басты стратегиялық бағдары - өмірге жауапкершілікпен қарайтын, дүниетанымдық мәдениеті жетілген, шығармашылық ойлауға дағдыланған, іскерлік қабілеттілігі биік, гуманистік ойлауы басым, кәсіби ілімімен қаруланған, адамгершілік қасиеттері мол білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру болып табылады.

Соның ішінде, жоғары мектептің маңызды міндеттерінің бірі – кәсіби мамандарды дайындаудағы фундаментальды ғылымның орны мен рөлін жоғарылатудан келіп шығатын білім беруді ізгілендіру. Осыған байланысты дайындықты меңгеріп шыққан жоғары мектеп түлегі заманауи ақпараттар ағымын жылдам игеріп, өз іс-әрекетін дұрыс жолға қояды, яғни дұрыс пайдалана алады.

        Кәсіптік және жоғары мектептің негізгі бағыттарының маңыздысы - арнайы кәсіби білім беру. Ғылым мен техниканың, технологиялардың өркендеп дамуы болашақ мамандарда кәсіби технологиялық білім мен іскерліктердің дамуына баса назар аударады. Болашақ мамандардың бойында ұйымдастырушылық қызметі, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру, берілген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау, қызмет орнында, ұжымда адамгершілік, психологиялық ахуалды ұстап тұру қабілеттерін қалыптастыру ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Аталған білім беру ұйымдарының басты мақсаты- алдыңғы қатарлы жастар тәрбиелеу, адамзаттың мәдени және өнегелілік деңгейі мен оның ой-өрісін арттыру, жоғары білімді маман иелерін даярлау. Білім саясатының өзекті мәселелері – кәсіптік даярлаудың сапасын жақсарту, біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту, оқытудың әдістері мен ұйымдастыру түрлерін өзгерту, педагогикалық ғылымдарды ұйымдастыруды қайта құру, ондағы алдыңғы қатарлы оқу-тәрбие тәжірибелері мен қазіргі қоғамның сұраныстарының алшақтығын жою, білімдегі жаңашылдықты саралау, білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз етуде оның рөлін арттыру.

 Болашақ маманды даярлау, кәсіби даярлау үдерісі, кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі туралы ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады. Олар: Б.Әбдікаримов, Г.Ж.Мелдібекова, О.С.Сыздық, М.С.Молдабекова, А.А.Саипов, Л.Шаутина, Б.Т.Кенжебеков, Ш.Т.Таубаева, А.А.Жолдасбеков, С.Маусымбаев, А.Б.Абибуллаева, А.А.Жарасбеков, С.М.Кеңесбаев, Ж.Ж.Жанабаев, К.М.Беркимбаевтардың еңбектері. Бұл ғалымдардың докторлық диссертация қорғау үшін даярлаған зерттеу жұмыстары болашақ әртүрлі маман иелерін кәсіби даярлау мәселесіне арналған.

Жоғары оқу орындарында білім беруді жетілдірудің қазіргі заманғы келелі мәселелері А.А.Саипов, М.Ә.Құдайқұлов, А.Г.Қазмағанбетов, Ы.Наби, Қ.Б.Сейталиев, С.Ж.Пірәлиев, Т.С.Садықов, Л.К.Керимов, Б.К.Момынбаев, С.А.Ұзақбаева, В.А.Ким, Л.А.Байсерке, М.Н.Сарыбеков, Қ.Закирьянов, Ж.Ж.Жаңабаев, Ж.И.Намазбаева, Ж.Асанов, О.С.Сәлімбаев, Г.К.Нургалиева, Т.Т.Галиев, К.Ыбырайымжанов, О.Мұсабеков, К.М.Беркімбаев, Е.Омар, А.Б.Нұрлыбекова, Р.К.Дүйсенбінова, И.Сманов, А.М.Абдыров, К.Е.Ералин, Б.А.Оспанова және т.б. еңбектерінде әр қырынан талданған.

Қазіргі таңда болашақ мамандардың кәсіби даярлығын қалыптастыруда халықтық педагогика идеяларын пайдалану (Қ.Жарықбаев, Ә.Табылдиев, Қ.Бөлеев, Ш.Жанұзақова, Ж.Төлегенов, Т.Қуанышев және т.б.), мұғалімнің кәсіби-әдістемелік даярлығын қалыптастыруды (О.Аяшeв, Ә.Бүркітбаев, Ж.Оңалбек, С.Жолдасбекова, Е.Сағындықов, Т.Бекбатчаев), ғылыми-педагогикалық жағынан негіздеу туралы бірқатар ғылыми еңбектер орындалған.

ЮНЕСКО болжамы бойынша, ХХІ ғасыр білім ғасыры болып табылады. Бүгінде «Білім экономикасы» ғаламдық дамудың тегеурінді тетіктерінің біріне айналды. Қазақстан ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойын­ша көш­басшы төрттікке енді. Ғылым мен білімді өркендетудің салалық бағдарламасы жасалып, негізгі даму бағыттары анықталды. Бұл бағыттар ғылымға қатысты жеке секторларды көтермелеу; ғылыми ауқымға қажетті қызметтер көрсету; ғылым мен білім технологияларын қолдау; іргелі зерттеулер сапасын арттыру сияқты тың өрістерді қамтиды. Ғылымды құрылымдық тұрғыдан реформалау аясында академиялық ғылыми мекемелер алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен біріктірілмек, инновациялық-білімдік консорциумдар құрылмақшы. Жетекші жоғары оқу орындарының базасында ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін жоғары технологиялар шоғырландырылады. Мұндай университеттерге инновациялық университет статусы берілмек. Ал, ұлттық зерттеу университеттері еліміздегі ғылым мен жоғары білімнің көшбасшысы болмақ. Бұл білім ордалары білім мен ғылымды, инновациялық өндіріс пен бизнесті кіріктіретін болады. Инновациялық қызметті жүзеге асы­ра­тын және ғылыми зерттеулер нәти­желерін өндіріске енгізетін жоғары оқу орындарының үлесі 5 пайызға дейін артады. Міне, сөйтіп, сапалы білім беру Қазақстанның ин­дустрияландырылуының және ин­но­ва­циялық дамуының негізіне айналатын болады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік- экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2011.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты «Назарбаев Университетінде» оқыған интерактивті дәрісі. Егемен Қазақстан, 2012, 6 қыркүйек

3.«Зияткер ұлт: білім, ғылым және инновация» атты ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары.Астана, 24 сәуір 2012 ж.