Алты-жеті  жасар баланы  мектеп өміріне бейімдеу

№32 жалпы білім беретін орта мектебінің

бастауыш  сынып  мұғалімі  Дарибаева Тлеулес Кусаиновна

       

   Бүгінгі таңда білім беру жүйесі де әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатында түрлі реформаларды жүргізіп келеді. Соның бірі 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу. Сондықтан да соңғы жылдары бірінші сыныпқа қабылдау 6-7 жастан жүргізілуде.

        Бірақ осы жастағы балалар толығымен  мектептегі оқуға жас ерекшелігіне сай жан-жақты дайындалып келе ме? Мектеп өміріне бейімделуде қандай кедергілер мен  қиындықтарға кезігуде?   Баланың мектеп өміріне бейімделуіндегі ата-ананың алатын орны қандай? т.с.с сұрақтар төңірегінде сіздермен ой бөлісуді жөн санай отырып, «Алты-жеті жасар баланы мектеп өміріне бейімдеу» тақырыбында өз тәжірибемнен ой бөліссем деймін.

         Кешегі үйдегі ойын баласы мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап  «оқушы» атанады. Мектепке барып,  «оқушы» атануы - бала өміріндегі  болатын үлкен өзгеріс, жаңа  қоғамға ену, өзіне жаңа міндеттерді жүктеу, жаңа ортаға бейімделу, қарым-қатынаста болу, яғни жетілу, даму сатысы болып табылады. Ендеше, бала психикасы да өзгерістерге ене отырып, ішкі эмоциялары қалыптаса бастайды, түрлі қызығушылықтары оянып, өзінің орнын бағалауға бейімделеді. Мектеп өміріне толыққанды бейімделуі үшін ата-ана баланың жас ерекшілігіне сай даму сатыларын білгені жөн.  Бұл дайындық мына төмендегі құрылымдық көрсеткіштерден тұрады.

 ·        әлеуметтік ортасы өзгереді;

 ·        жаңа ортаға бейімделеді;

 ·        дос табуға қажеттілігі артады;

 ·        үлкендермен қарым-қатынас жасауға талпынады;

 ·        өзінің іс-әрекетінің бағалануын қалайды;

 ·        топ мүшелерінің арасында белсенді болуға тырысады;

 ·        қарым-қатынас түрлерін меңгере бастайды;

 ·        жанұядағы орны өзгере бастайды;

 ·        көркем шығармалардағы кейіпкерлерге еліктейді;    

 ·        танымдық дамуы кеңейіп, қызығушылығы арта бастайды;

 ·        ішкі эмоциялық көңіл-күйі қалыптаса бастайды.

 Психологиялық тұрғыдағы даму көрсеткіштері.

 Баланың жеке дамуында:

 ·        қабылдауы - аналитикалық сипатқа ие болып, білуге құштарлығы оянады;

 ·        зейіні - тұрақсыз, ырықсыз болады, жиі алаңдайды;  

 ·        есте сақтаудың механикалық түрі іске қосылады;

 ·        ойлаудың көрнекі-бейнелі түрі жетекші болады;

 ·        сөйлеу тілі- сипаттау ыңғайында болады;

 ·        психикалық іс-әрекеттің ырықсыз қалыптарынан ырықты қалыптарына біртіндеп өте бастайды.

 Педагогикалық тұрғыдағы көрсеткіштері.

 Бұл көрсеткіштер баланың нақты білімі мен ой-өрісінің ауқымын көрсетеді.

 ·        Оқу түрткісі мен қызығушылығы оянып, ниеті мен дағдысы қалыптаса бастайды;

 ·        оқу әрекетіне белсенділігі арта бастайды;

 ·        жаңа білім дағдысын игеруге тырысады;

 ·        танымдық ой-өрісі арта бастайды;

 ·        өзін жағымды жақтарынан көрсе білуге талпынады;

 ·        білім мен бағаға деген бағыттылығы арта бастайды.

 Бүгінгі ұлт ұрпағының болмысын қалыптастырып, дүниетанымын жетілдіру білім жүйесімен қатар әр отбасынан да бастау алуы тиіс.

 Ата -аналарға арналған кеңестер мен ұсыныстар.

 ·        Бала әрдайым сіздің қолдауыңыз бен қорғауыңызды қажетсінетіндігін әрдайым есіңізде сақтаңыз;

 ·        балаңызды болмашы кемшіліктері үшін ұрысып, сөкпеңіз;

 ·        төменгі сынып оқушыларының оқу бағдарламасын меңгере алмауының негізі  денсаулығына байланысты болып келеді. Бала организмі өте әлсіз. Сондықтан балаңызға үнемі көңіл бөліңіз;

 ·     баланың танымдық, ақыл-ой деңгейінің дамуы оның жүйке жүйесіне байланысты болатынын ескеріңіз;

 ·     баланың ұсақ қол моторикасының дамуына, дыбыстарды дұрыс дыбыстай білуіне көңіл бөліңіз;

 ·     баланың сабақ оқуындағы кездесетін қиындықтарының бірі -  өзін-өзі басқара алмауынан туындайды. Сол үшін баланың ынтасын арттырып, қызығушылығын тудыра отырып, күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға көмек беріңіз;

 ·     баланы өз күшіне сендіріп үйретіңіз және «қолыңнан түк келмейді »деген ескерту баланы жасқаншақ ететінін есте ұстаңыз;

 ·     кез келген қиындықтар мен кедергілерді жеңу барысында міндетті түрде    

 арнайы мамандармен кеңес алыңыз.

        

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

            Әдебиеттер:

1. 1.  Т.С.Сабыров"Оқыту теориясы"Алматы 2010

2.Я.А.Коменский "Ұлы дидактика"1955

3.И.П.Подласый "Педагогика начальной школы"Москва 2009.