М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институты, Ежелгі және орта ғасырлар

       бөлімінің аға ғылыми қызметкері,

                                        ф.ғ.к.Тоекина Балжан Сәкенқызы

 

Оғыз-қыпшақ кезеңінде туған сюжеттердің типологиясы

 

Түркология ғылымында көптен зерттеліп жүрген кезеңдердің бірі – оғыз, қыпшақ заманы және сол дәуірден жеткен әдеби мұралар - «Оғызнама»  аңызы мен Қорқыт ата кітабы. Бұл  жазбаларда негізінен оғыз тайпасының  тарихы, қоғамдық-әлеуметтік құрылысы, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына қатысты деректер көптеп кездеседі. Қорқыт жайындағы аңыздар ең алғаш  ҮІІІ ғасырға дейінгі уақыт ішінде Сыр бойындағы оғыз, қыпшақ тайпаларының арасында туып, содан бастап түркі тектес халықтар арасында кең таралған. Ол туралы қазақ арасында аңыздар да көптеп кездеседі.

Типологиялық тұрғыда алып қарастырсақ, «Оғызнама» – түркі тілдес халықтардың көне дәуірлердегі аңыз әңгімелерін өз бойына мол сіңіре, үнемі жаңғырып отырған шығарма. Оның әр түрлі нұсқасының болуы, оларда ортақ, ұқсас сюжеттермен қатар өзгешеліктердің де жүруі соны айғақтайды. Бірқатар ғалымдардың Оғыз қағанның прототипіне біресе ғұн қағаны Мөдені, Тұран патшасы Афрасиабты, көне түрік эпикалық қаһарманы Алып-ер Тоңғаны жатқызып жүргені мәлім. Бұл негізінен эпос кейіпкерлерінің бейнесін жасаудағы типологиялық мотивтердің көп қолданылуына байланысты туындаған. Түрік фольклорисі Риза Нұр Оғыз қағанды тіпті Александр Македонскиймен де байланыста қарастырады. Құранда аты аталатын Зұлқарнайын  (қос мүйізді деген сөз) – осы Македонский, Мидас патша мүйізді болыпты деген көне грек аңызына байланысты ежелгі адамдар түсінігі, наным-сенімі бойынша артық жаралған дене мүшесі, артықша қасиеттің  күштің, қайтпас-қайсар ерліктің символы болған. Александр Македонскийді марапаттаушылардың оған осындай сипат бергісі келгені сөзсіз. Академик С.Қасқабасовтың пайымдауынша бұл аңыз Жақын Шығыс пен Орта Азия елдерінде де кең тараған [1, 128-б.]. Бұл мәселеге типологиялық тұрғыдан келсек, аңыздық деректер кейіпкердің зооморфтық портретіне, яғни оның дене мүшесінің бір бөлігі өгіздікіне ұқсас болып келуіне байланысты туындайды. Осыған байланысты Оғызбен ұқсасқан Александр Македонскийдың да мүйізі болғандығы туралы мифтер пайда болған. Бұл орайда, зерттеуші Х.Короғлы Македонский мен Оғыз қағанның бір-біріне ұқсасқан жайттарын ескерте отырып, ұйғыр альфавитімен жазылған «Оғызнамадағы» Оғыз қағанның шауып алған елдерінің  Македонский шапқан елдермен сәйкес келуіне назар аудартады. [2,  265-б.]

Тұңға есімімен және Фирдоусидің «Шаһнамасы» арқылы Афрасияб ныпсысымен белгілі болған басты кейіпкер тұлғасы мен Қорқыттың ажалдан қашқан аңыздық  бейнесіндегі сюжеттік ұқсастықтар типологиялық тұрғыда өзара салыстыруларды қажет етеді. Сонымен қатар «Қорқыт ата кітабындағы» Бисат батырдың Тебекөзді жеңуі сынды оқиға желісінің Гомердің «Одиссеясындағы» Полифемге байланысты сюжетпен дәлме дәл ұқсасады.  Бұл ұқсастыққа қарап аталмыш сюжеттің түпкі типологиялық негізі әуел бастан  түркілерде  пайда болғандығын аңғарамыз.

Сонымен қатар, оғыз-қыпшақ кезеңінде туған сюжеттердің сюжеттік желісі бүгінгі күнге ауыз әдебиеті арқылы жеткен қазақтың батырлық жырларының композициясын құрайтын сюжеттік желілермен ұқсас келеді. Соның ішінде «Қорқыт ата кітабындағы» «Алып-Бамсы» жыры «Алпамыс» жырымен типологиялық тұрғыда сабақтасады. Қос жырдың ұқсастығы бүкіл эпостық жырларға ортақ перзентке зәру болудан басталып, бітімі ерекше батыр тұлғалы сәбидің дүниеге келуі, оның тез арада өсіп жетілуі, жастайынан ерлік істеріне араласуы, сұлу қызға үйленіп, жорықтарға шығуы және одан қайтып оралуы сияқты сюжеттік ортақтастықтар әдебиет тарихының сатылай дамуындағы көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысында желі тартып жалғасқанын дәлелдейді.

Жалпы типология мәселесіне келгенде бірқатар зерттеушілер бірнеше туындылардың азын-аулақ ұқсастығы мен үндестігіне қарап типологиялық сабақтастықта қарастырылғандығын алға тартады, дегенмен аталмыш терминнің мағынасы айтып тұрғандай, ең бастысы сол ұқсастықтың әуелгі қолтаңбасы қай халыққа тиесілі екенін, яғни ортақ құбылыстың генезисі анықтала отырып, кең көлемде қарастырылуы қажет. Осы тұрғыда зерттеуші Б.Путилов: «Тарихи-типология зерттеулерінің басты мәні біркелкілік, ұқсастық және айырмашылық нышандарын іздеп тауып, түсіндіру емес, ол тарихи процесінің даму арнасын белгілеген ортақ заңдылықтарды іздестіру болып табылады» [3, 158-б.] - деп, өте орынды тұжырым келтірген, дей келе,
әр топқа кіретін мағлұматтарды концентр (тұрақты шеңбер) құрамында қарастыру керектігін, қазақ фольклорын қарастырғанда бірінші шеңберге қазақ, қырғыз, ноғай, түрікмен, қарақалпақ, алтай, тува сияқты әрі генетикалық жағынан туыс халықтар фольклорының материалдары енген және алыс туыстығы бар әрі мал бағушылықпен айналысып, көшпенді өмір сүрген, әрі іргелес жатқан елдер – моңғол, бурят, қалмақ материалдары қосылуға тиіс екенін, сонымен бірге қазаққа туыстық қатынасы бар, ортақ тілдерде сөйлейтін және тұрмыс-тіршіліктері, тарихы, әлеуметтік психикасы ортақ халықтар фольклорымен шектелетінін атап көрсете отырып, екінші концентр-шеңбер арқылы қазаққа көшпенділік тұрмыс-тіршілігі, психикасы, т.б. жағынан жақын, бірақ туыстығы жоқ өзге халықтар фольклорынан алынған тиісті материалдарды дәл алғашқы шеңбердегідей етіп өзара салыстырып өтіп, бұл салыстырудан пайда болған қорытындыларды алғашқы шеңбер қорытындыларымен салғастыру керектігін, сонда алғашқы шеңбердегі материалдарды тексергенде назарымыздан тыс қалып қойған тенденциялар анықталуы мүмкін және локальдық (жергілікті) ерекшеліктерді байқауға мүмкіндік туатынын айтып өтеді.

Қорыта келе, әр қилы этностардың даму тарихында өз мәдениетіне тән өзіндік ерекшеліктері болғанымен, жалпы адамзатқа тән ортақ құбылыстардың да қайталанып отыруы заңды құбылыс. Ал сол ұқсас құбылыстардың көрініс беруі көбінесе әдеби туындылар арқылы іске асатынын ескерсек, типологиялық тұрғыда зерттеу әдістерінің қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған маңызды мәселелерді шешудегі маңызы ерекше. Әсіресе, әдебиет тарихының ежелгі дәуірінен бүгінге жеткен әдеби жәдігерліктерді жанды-жақты зерттеп-зерделеуде тарихи-типологиялық, салыстырмалы және салғастырмалы зерттеу әдістерін қолдану жемісті жетістіктерге жеткізеді.

                                            Аннотация

Мақалада Алып-ер Тұңға есімімен және Фирдоусидің «Шаһнамасы» арқылы Афрасияп ныпсысымен белгілі болған басты кейіпкер тұлғасы мен Қорқыттың ажалдан қашқан аңыздық  бейнесіндегі сюжеттік ұқсастықтар,  Бисат батырдың Тебекөзді жеңуі сынды оқиға желісінің Гомердің «Одиссеясындағы» Полифемге байланысты сюжетпен дәлме дәл ұқсасуы тұрғысындағы аталмыш сюжеттің түпкі типологиялық негізі  айқындалды. Сонымен қатар «Алып-Бамсы» жыры «Алпамыс» жырымен типологиялық сабақтастықта қарастырылды. Қос жырдың ұқсастығы бүкіл эпостық жырларға ортақ перзентке зәру болудан басталып, сәбидің дүниеге келуі, оның тез арада өсіп жетілуі, жастайынан ерлік істеріне араласуы, сұлу қызға үйленіп, жорықтарға шығуы және одан қайтып оралуы сияқты сюжеттік ортақтастықтар көркемдік дәстүр жалғастығы тұрғысында қарастырылды.  

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1.   Қасқабасов.С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984.-128 б.

  2.   Короглы Х.Г. Огузский геройческий эпос. – Москва: Наука, 1976.-336 с.

  3. Путилов Б.Н. Методология сравнительно-исторического изучения фольклора. Л., 1976. 243 с.

  4. Тұрсынов Е. Типологияның комплесті жүйесі туралы //  Қазақ фольклорының типологиясы. Түркістан: Тұран, 2009. - 367 бет.