Айдынгүл Хаван

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының кіші ғылыми қызметкері

                                            

Діни астар алған ортағасырлық дидактикалық шығармалардағы өлең өлшемі

Шығарманың көркемдік ерекшеліктерін зерттеуде жанрлық, тақырыптық ерекшеліктерін қарастырумен қатар өлең тармақтарындағы үндестік, ұйқастық және дыбыстық үйлесімдердің жасалу жолдары да сөз болады. Яғни, өлеңнің оқылуы жеңіл, жүрекке жылы тиіп жатуы оның дыбыс үндестігі мен тармақ соңы ұйқасында. Академик З.Ахметов “Өлең сөздің теориясы” деген еңбегінде: “Өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен ғана емес, айтылу қалпы, әсем үндестігімен де әсер етеді. Сөздің ұғым-түсінік беретін мәнін, бейнелі  мағынасын, оның өлеңдегі ырғақ-үндестілігі, әуезділігі сан түрлі рең беріп толықтыра түседі”[1, 123 б.], – деп жазады. Демек, өлең сөзде ұйқастың мәні орасан зор. ХІ-ХҮ ғасыр әдебиетіндегі шығармалардың көпшілігі аруз өлшемінде жазылғаны белгілі. Аруз – орта ғасырдағы түркі классикалық поэзиясында созылыңқы және қысқа буындардың белгілі заңдылықпен кезектесуіне негізделген өлең өлшемі. Түркі әдебиетіне 11 ғ-да еніп, ежелгі түркі өлең өлшемі – бармақты ығыстырып шығарды. Түркілер өлшеммен қатар араб-парсылардың ұйқас түрін де қабылдайды. Солардың бірі – шығыс поэзиясында кеңінен қолданылатын қафийа ұйқас түрі.

Өлең тармақтарының соңғы буынына негізделген ұйқас араб тілінде “қафийа” (“артынан жүру” деген мағына береді) деп аталады [2, 47 б.]. Қафийа ұйқасының басты элементі тармақ соңындағы сөздің негізгі бір әрпінің қайталануы болып табылады. А.Бомбачи бұл жөнінде: “Вместе со схемами просодии и метра тюрки восприняли также арабо-персидский тип рифмы (кафийа). Эта система основывается на повторение одной буквы, которая может быть и согласной, и долгой гласной (в случае с буквами “алиф”, “вав” и “йа”)”[3, 243 б.], – деп көрсетеді. Демек, араб-парсы өлең ұйқасы орта ғасырдағы түркі өлең өлшеміндегі ұйқастың құрылымдық жүйесіне, оның жасалу жолдарына әсер еткен.

Әр тармақтың соңында келетін ұқсас сөздер ұйқасты түзетіні белгілі. Ұйқастың негізі болып табылатын бір әріп “рауи” деп аталады. Демек, “рауи” деп аталатын бұл әріп сөздің түбірінде болуы тиіс. Рауи әрпі жоқ өлең дұрыс ұйқаспайды, сондықтан ол өлеңде байланыстырушы қызметін атқарады. Бұл әріп әр бәйітте белгілі бір орынға қойылу керек, сонда өлеңнің ұйқасы өте сәтті шығады.

Түркі тайпаларының көркем шығармаларындағы ұйқас ерте кезеңнен дамығаны туралы А.Линин: “Признание того факта, что рифма – самобытное и древнее явление у тюрок, имеет относительно большое значение вообще для истории рифмованной поэзии... Рифма должна была развиваться у турецких народов чрезвычайно рано, о чем свидетельствуют не только ее распространенность у всех современных турецких племен, но и выступления в памятниках прошлого”[4, 151 б.], – дейді. Демек, “Ақиқат сыйында” аруздан басқа ұйқаспен жазылған өлең жолдарын кездестіруге болады. Арабтарға дейін де түркі поэзиясының өзіне тән өлең өлшемдері, ұйқастары және бейнелілік құралдары болғаны рас. Бұл шығарманың негізгі бөлігі қара өлең ұйқасы немесе ақсақ ұйқаспен жазылған (а-а-б-а). Бұған жоғарыда көп мысалдар келтірілді.

Сонымен қатар бұл жазбалардың кей тұстарында тармақ соңындағы ұйқасқа қарағанда тармақ басындағы дыбыс үндестігі – аллитерация күштірек көрінеді:

                      Билиг билди болды еран белгүлүг

                      Билигсиз тиригла йитиг көргүлүг

                      Билиглиг ер өлди аты өлмади

                      Билигсиз есан еркан аты өлүг...

 

                      Билиг бирла ’алым йоқар йоқлады

                      Билигсизлиг ерни чөкарди қоды

                      Билиг бил усанма бил ол хақ расул

                      Билиг кимда ерса сиз арқаң деди

 

Тармақ басындағы осындай дыбыс үндестігі дастанда жиі кездесіп отырады. Демек, шығармада тармақтың соңындағы ұйқаспен қатар тармақтың басқы дыбыстарының үндесіп келуі өте керемет құбылыс болып табылады.

Ахмет Иүгінеки дастанының ұйқас жүйесі орфографиялық принципке қана сүйенбеген, сонымен қатар онда буын арқылы жасалған ұйқасқа да орын берілген. Мысалы:

      

                      Гудазгил тилиңни кел? Аз қыл сөзүң

                      Гудазгилса бу тил гудазлар өзүң

                      Расул ерни отқа йүзин атқучы

                      Тил ол деди йығ тил йул отдин өзүң[5, 28 б.].

 

Сөзүң, өзүң сөздерінің буын саны тең болып келеді. Бұл екі буынды ұйқас, сонымен қатар малыны – халыны – саныны деген үш буынды ұйқастар да кездеседі. “Ақиқат сыйында” әріп сәйкестігін сақтай отырып, буынға құрылған және дыбыс үндестігіне негізделген ұйқастар да бар. Орта ғасыр ақыны ұйқастың түркі поэзиясына тән тармақ соңындағы буын үндестігін, яғни акустикалық үйлесімін (киши-биши-тиши) қатаң сақтаумен қатар, әріп сәйкестігін – графикалық принципке сүйеніп ұйқас түзгенін көруге болады.

Қорыта айтқанда, Ахмет Иүгінекидің “Ақиқат сыйы” дастанының ұйқас жүйесі араб-парсы өлең теориясының негізінде жасалғанымен де өзіндік түркілік нақышын жоғалтпаған. Иүгінеки сол уақытта түркі даласына қанатын кең жайған араб-парсы поэзиясының ерекшеліктерін бойына сіңіріп, оны толық меңгеруге тырысқан.  Сонымен қатар бұрыннан келе жатқан өлең өлшемін де қатаң сақтаған талантты ақын деп санауға болады. “Ақиқат сыйы” дастаны түркі поэзиясының  кемелдене түсуіне шығыс әдебиетінің үлкен септігі тигізгенін айқын аңғартады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1        Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – Алматы: Мектеп, 1973. – 212 бет.

2        Курбатов Х.Р. Иске татар поэзиясендә тел, стиль, метрика һәм строфика. – Казан: Татарстан китап нәшрияты, 1984. – 164 бет.

3        Бомбачи А. Тюркские литературы. Введение в историю и стиль // Зарубежная тюркология. Выпуск І. – Москва: Наука, 1986. – 384 стр.

4        Линин А. К вопросам формального изучения поэзии турецких народов // Известия восточного факультета Азербайджанского государственного университета. Востоковедение. Т. 1. – Баку, 1926.

5        Ахмет Иүгінеки Ақиқат сыйы (Түпнұсқаның фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэзиялық аудармасы. Баспаға дайындағандар: Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықов). – Алматы: Ғылым, 1985. – 152 бет.