Хаван Айдынгүл          

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының  кіші ғылыми қызметкері

 

   Елдік сана – өзіндік сана бастауы

Шернияз Жарылғасұлы шығармашылығында

 

Қай кезеңде де болсын, жеке ұлт болып қалыптасу барысында елдік мұраттардың қатарласа жүретіндігін ескерсек, бүгінгі тәуелсіз еліміздің ұлттық дүниетанымында мемлекеттік тұрғыда бағаланып, өміршеңдік сипатқа ие болып отырған тәуелсіздік идеясының түп-төркінін түркі дүниетанымы деп аталатын мәдени-тарихи кеңістікті қалыптастырған сақ-ғұн дәуіріне тән әдеби туындылардан жеткен үзік-үзік мәтіндерден, көне түркі жазуларынан, «Оғыз-наме», «Қорқыт ата кітабы», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кодекс Куманикус» сынды туындылардан, оған қоса ұлы дала ойшылдары Йоллытегін, Тоныкөк, Қорқыт, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи т.б. тағылымды туындыларынан, сондай-ақ, қазақ хандық дәуірі тұсындағы жыраулық поэзия мен оған іргелес дамыған ақындық өнердегі ел болу, мемлекет құру сынды іргелі бастамалардан іздеуге ұмтылыс жасауымыз заңды құбылыс. Белгілі әдебиет зерттеушісі Н.Келімбетовтің: «Ежелгі түркі дастандарының ту етіп көтерген негізгі идеясы – елдің тәуелсіздігі үшін жан аямай күреске шығу болды» /1.16/, – деген тұжырымы түбі бір түркі халықтарына ортақ алғашқы аңыздардың өзінде-ақ, тәуелсіздік сарындарының ілкі бастамалары бой көрсеткенін аңдатады.

Түркі дүниетанымының алтын арқауының үзілмей, желі жалғасуына елеулі үлес қосқан  жазба жәдігерліктердің бірі – Х ғасырда Отырар жерінен шыққан философ, ғұлама ғалым, әдебиетші Әбу Насыр әл-Фарабидің трактаттары. Ойшыл еңбектерінің ішінде елдің бірлігі мен тұтастығы, елдігі мен кемелділігі, азаматтығы мен адамгершілік ізгі мақсат-мұраттары жайындағы көзқарастары топтастырылған әлеуметтік-философиялық трактаттарында «ел болу» деген идеяның бүтін бір құрылымы жүйеленіп, жеке мемлекет, кемел қоғам құру сынды іргелі мәселелердің алғышарттары жан-жақты айқындылық тапқан.

Фараби «Азаматтық саясат» атты трактатында адамзат баласын өзіндік қауымдасу, топтасу, белгілі бір жерге қоныстану арқылы ғана қол жетімді болатын қайырымды қалаға ұмтылдыра отырып, елдік идеяның тұғырын барынша нақтылай кетеді:  «...адамдар бәріне ортақ жерге қоныстанып, біріксе, онда бәріне ортақ қоныс қайырымды қала болып табылады» /2.410/ деп, елдіктің бастамасын қайырымды, абзал және бақытты адамдар топтасқан қоғамнан іздейді.  Қонысты ортақ етпей, бытыраңқылыққа ойысқан халықты Әл-Фараби «бұратана» санатына қосып, «бақытсыздыққа ұшырағандар» қатарына жатқызады: «...бұлар ортақ қонысқа бірікпей, әр қилы жерде тұратын болса онда мұндай жердегі адамдар бұратана болып табылады» /2.410/.  Фарабидің ойынша,  парасаттылықтың шыңына тек қана қайырымды қоғамда қол жеткізуге болады, бұған қаладан да төмен, аз кемелденген бір қауымдастықта жету – мүмкін емес.

 «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасында» ғалым өзі арман еткен қайырымды қоғамды басқарушы әділетті патша бейнесін сомдайды. Фарабидің «басқа біреудің басшылығын мүлдем керек етпейтін ғылымдары мен білімдерінің мүлдем жетілгені сонша, бұл жөнінде өзіне басшылық ететін адамға мүлдем тәуелді болмайтын дәрежеде шын жетілген адам... ол басқалардың бәріне тамаша басшылық етуге қабілетті» /2.426/ деп, қайырымды қаланы басқарудың тізгінін рухани кемелденген, ізгі әрі көреген тұлғаға ұстатуынан ғалымның ақылмен басқарылатын, мығым да тұрақты іргелі қоғамға, елдікке деген аңсары сезіледі.

 Әл-Фарабидегі ізгілікті басшының қоғамды басқарудағы қызметінің мәні оның «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» трактатында ашылады; билеушінің іс-әрекеті мұнда дәрігердің қызметіне ұқсатылады: «Жанның саулығына немесе науқастығына қарау мемлекет қайраткерінің және әміршінің міндетіне жатады... Жанды емдейтін мемлекет қайраткері немесе әмірші бүкіл жанды, оның бөлшектерін, жанға және оның әрбір бөлшегіне зақым келтіретін кемшіліктер мен кеселдерді, олардың қайдан және қаншама кеселдерден туатынын білуі керек; адамның игілікті істер істегендегі жай-күйлерін, бұлардың қанша екенін, қала тұрғындарының кемшіліктерін қалай жоюды, қала тұрғындарының жан-жүйесіне біткен қайырымдылықты қалай нығайтуды, оларды (бұл қайырымдылықтарды) қалай сақтауды, сөйтіп, олардың жойылуына жол бермеуді білуі керек» /2.512/.

Ойшыл «ел болу» идеясын нақтылауда халықты тек бір орталыққа қауымдастыру ісімен ғана шектелмей, саны жағынан да, мәдениеті жағынан да рухани кемелденген қоғамды жасайтын қала тұрғындарының іс-әрекеттерін де анықтап беруді мақсат етеді. «Қайырымды қаланың әрбір тұрғыны өмір сүруші барлық нәрселердің алғашқы бастамасын, олардың бағынышты сатыларын, бақытты қайырымды қаланың басшылығын, бұл басшылықтың сатыларын, бақытқа жетуге бастайтын мақтаулы істерді біліп алуға тиіс. Бұл істерді білумен ғана шектелуге болмайды, қайырымды қаланың тұрғындары оған әрекет қылулары керек» /2.512/ екендігін міндеттейді.

Фараби қайырымды қалаға қарама-қарсы надан қала, адамгершіліксіз қала, адасқан қала барынан да хабардар етіп, олардың тұрғындарының кемшіліктерін санамалап көрсетеді: «...әуелі бастамаға сеніп, бақытты қиялдап, соны арман ететін, соған сеніп, бақытқа жеткізетін әрекеттерді басшылыққа алатын, оларды біле, сене тұрып, бірақ, сол әрекеттердің бірде-бірін орындамайтын, сый-құрметке, жеңіске және тағы сондайларға жетуге бейім тұратын, өздерінің барлық әрекеттерін және қабілеттерін соған бағындыратын, жалған түсініктер мен бақыт туралы шын бақытқа сәйкес келмейтін түсініктер қалыптастыратын» /2.425/ тұрғындардың бірде-біреуі де мақсатқа мүлдем жете алмайтындығын айқындап, елдіктен айыратын жалған құндылықтың жетегіндегі бодандық сана иелерінің ұстынын сөз етеді. Ал мұндай қоғамның басшысы «... жұрт қадірлесін, құрмет тұтсын деп, дүниені үсті-үстіне жинай беруді, басқа ешбіреуге емес, тек өзіне ғана тән заттармен өзін өзі зор тұтады... анағұрлым қатал, аяусыз келеді. Бұлар қала жұртының көз алдында өз байлығына масаттанады, ойын-күлкіге, тамашаға беріледі» /2.424/ деп, нұқсаны бар  қоғам дертінің себебін елдіктен ездікке жақын басшылықтың еншісіне қалдырады. Ғұламаның елдік мұраттарды, кемел адамның кемел тұлғасын, кемел мемлекет идеясын арқау еткен тағылымды ойларының түп-төркінінде адамзат баласының елдік санасына сәуле түсіріп, азаматтық рухына қозғау салатын азаттық сананың толағай топтамасының төбе көрсетіп жатқандығы анық.

Түбі бір түркі халқының төл перзенті, ғұлама ғалым Әл-Фарабидің елінің тәуелсіздігі мен елдік мұраттарын аңсап, сол жолда өзінің ғылыми тұжырымдарын жүйелеуі ортағасырлық отандық жыраулар поэзиясындағы ұлттық идея санасына өзек болып тартылды. Қазақ хандығы дәуірлеп тұрған кезде қатарласа бой көрсеткен жыраулық дәстүр қазақ қоғамының бірлігі мен елдігін сақтауда Фараби негіздеген елдік идеяны толғау жанрында жаңғыртып, ғалымның «қайырымды қоғам» туралы жалпылық сипаты басым парасатты пайымдауын нақты бір қоғамның – қазақ елінің мүддесіне арнады.

Жыраулық поэзияның елдік мұраттарды сөз еткен тұсы – жаугершілік заман тынысының келбетін ашуда айқындылық тапқан. «Жыраулар – мемлекеттегі, әсіресе хан сарайындағы көреген саясаткер, ханның ақылгөйі, мемлекеттің бас идеологі, елдің ақылшысы, қолбасы әрі дауылпаз ақын... хан кеңесінің белсенді мүшесі бола отырып, мемлекетті басқару ісіне тікелей қатынасып, саяси, әскери, қоғамдық мәселелерді шешуге араласқан. Тіпті, қажет болған жағдайда өздері де шайқасқа қатысып, ерліктің үлгісін көрсеткен, сондықтан жыраулардың біразы қолбасы да болған» /3.42/.

Заманында ақындық өнерді батырлық, ерлік әрі өрлік қасиеттермен ұштастыра білген жыраулардың бірі – Ақтамберді. «Күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз, қоңыр салқын төске алып, қол қашырар ма екенбіз» деп жауына қарсы атойлап шапқан есіл ердің арман, тілегі – ұлт азаттығы еді.

Ақтамберді сынды елі үшін басын бәйге тіккен қолбасшылардың бірі – Доспамбет жыраудың: «күмбір, күмбір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда, садақ толған сайгез оқ, созып тартар күн қайда» сарынын салмақтап, жеткізе толғауы –  майданның бел ортасында дұшпанмен талай айқасқан хас батырдың «күрең ат пен сайгез оқ» серігі мен қаруы болғанда қандай жауды да бас идірмей қоймайтын, қаймықпас болмыс-бітімі авторлық «мен» арқылы ашыла түскен. Екі ақын толғауларындағы ерлік пен қайсарлық, төзімділік пен батырлықты асқақтата бейнелеудің салмағын арттырып тұрған бояуы қанық бейнелеуіш сөздер мен көркемдік тәсілдер бұдан бір ғасыр өткеннен кейін Махамбет жырларына қазық болып қағылды. Әдебиетші Ә.Дербісәлин Махамбет шығармашылығында толғаудың идеялық-көркемдік жағынан ұсынса қол жеткісіз биік белеске көтерілгендігін /4.122/ пайымдайды. «Желп-желп еткен ала ту, жиырып алар күн қайда, орама мылтық тарс ұрып, жауға аттанар күн қайда, арғымақтан туған асылды, баптап мінер күн қайда, жалаулы найза қолға алып, жау тоқтатар күн қайда» деп, ұрандатып, осы қасиеттердің тұғырынан көрінетін, ел тәуелсіздігі мен жер қадірін жете түсінетін ерлері тұрғанда «судың тұнығын, шөптің шүйгінін ғана жейтін» арғымақтың асылы – ат мінезді ұлт болмысының тегеурінді тепкіні ешқашан бәсең тартпайтындығын Махамбет ақын  ісімен де, ақындығымен де дәлелдеді.

Жыраулар туындыларындағы тәуелсіздік аңсарының тағы бір қыры – Әл-Фарабидегі ел басқарған патша бейнесінің екіжақтылық сипатын (қайырымды, қайырымсыз) өз толғауларында ұтымды қолдану барысында ашылады;  ғалымның идеалды басшы мен кемшілігі бар қоғамды билеуші бейнесі жыраулар шығармашылығында ел басындағы хан мен төре іс-әрекетінің мәні арқылы пайымдалады: «...елді жұмылдырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын, барлық ру мен тайпаларды бір орталыққа қаратып, ішкі алауыздықты тиятын әрі сыртқы дұшпандарға тойтарыс бере алатын, яғни елдің қамын жеп, ел үшін аянбай еңбек ететін әмірші керек екенін жақсы түсінген жұрт мемлекет күшті болу үшін ақылды да айбарлы хан керек деп, сол идеяны дәріптеді» /3.44/. Жыраулардың ел басшысына деген ұстанымы хан-төрелердің ел басқарудағы қимыл, іс-әрекетіне қатысты екі сипатта – оппозициялық және панегрикалық бағытта көрініс тапты.

Мұралары адамзат игілігіне айналған екінші ұстаз дүниетанымындағы надан билеушінің «...көңіл көтеру, әзіл-күлкімен, ішіп-жеумен айналысады... әзіл-күлкі олар үшін ең зор рахат...» сынды жалпылық сипаттарының ұлттық әдебиеттегі нақтылығын жыраулық поэзия алыбы Асан Сәбитұлының «ай, хан, мен айтпасам, білмейсің, айтқаныма көнбейсің, қымыз ішіп, қызарып, мастанып, қызып терлейсің, өзіңнен басқа хан жоқтай, елеуреп неге сөйлейсің» сипатының иесі Әз-Жәнібек хан тұлғасы берді. Елдіктің ең биік тұтқасы, мемлекеттіліктің негізі жер болса, Асан Қайғының «жерұйығы» сол  мұраттың жетекшісі. Мұратынан қол үзуге шақ қалған тұста жыраудың әміршіні дәріптеп, панегрикаға ұрынбай, оппозиция үрдісінен шыға білуі – тарихи ерлік.

Жыраулық поэзиядағы жеке бастың пайдасын ел мүддесінен жоғары қойған билеушінің жағымсыз мінездерінің бірі – Тұрсын ханның опасыздық харекетінде ашылады. Билеушіні «хан емессің қасқырсың, қара албасты басқырсың» қара таңбасына таңған – Тұрсынның өз әрекеті. «...аясуыз қаталдық, өр кеуделік, барлық игілікке ие болып алуда зорлап та, бағындырып та барлығын жеңуге талпынуда еш қанағатсыздық» /3.261/  сынды құнсыз құндылық жетегіндегі билеуші қамытын киіп, «жазықсыз елді еңіретіп, жер тәңірісіп», өзінің тұстасы Есім ханның елін қапылыста шауып алған Тұрсын билеуші халықтың басын біріктіріп, қазақ жұртын қабырғалы мемлекет қатарына қосу жолында ханмен де, қарамен де айқасудан тайынбаған Марғасқадай екпінді жыраудың уытты тіліне ілікті.

Жыраулар шығармашылығындағы оппозициялық ой-пікірлердің біршамасы  Абылай хан атына қатысты өрбиді. Зерттеуші ғалым Ш.Уәлиханов келтірілген деректер бойынша Абылай хан «....өз тұсындағы қазақ хандарының ешбірінде жоқ шексіз билікті иеленген» /5.48/. Дұшпанының мысын басып, арыстандай айбатымен жау қашырған Абылай ханның ерен ерлігімен қоса, әмірші ретінде қарамағындағы еліне кей-кейде азуын көрсетіп қалуы да жыраулардың назарына ілігіп, өздері жақсы көріп бағалаған ханның кейбір істерде онымен келіспейтіндіктерін ашық айтып, наразылықтарын білдіруге итермеледі.

Абылай ханның халық наразылығына ұшырған сәттеріндегі оқиға сюжеттері жыраулар толғауларында кейде сатиралық образдармен, кейде  ханды мадақтай отырып, оны сабырлыққа шақыру ұстанымдары арқылы беріледі. Бұқар жыраудың «Ашуланба, Абылай.. өкпеңменен қабынба, өтіңменен жарылма, орыспенен соғысып» деп ханға басу айтып, сабырлылыққа шақыруы, болмаса, Тәтіқара ақынның «жау жағадан алғанда, ит етектен шалғанда, ұрыстан ерлер ығысты, Абылай да жылысты» деп жаудың іргеге келген мезгіліндегі Абылай әрекетін жеңіл әжуәмен сынап өтуі – ханның сыртқы дұшпанға ұстанған позициясындағы кейбір қырсыздықты көрсетсе, Көтеш, Жанақ сынды ақындардың аузына «Абылай Ботақанды сен өлтірдің, Жанайды бұл күнде босатпасаң, болады ертең жесір қатын-балаң» немесе, соңғысының «Абылай Ботақанды өлтірем деп, заманы бола жаздаған алмайып» деп сөз салғандығы – Абылайдың ел басқарудағы сәл ағаттыққа бой алдырғандығын, сол себепті өзі басқарып отырған халқының наразылығын тудырғандығын аңғартады.

Екінші ұстаз дүниетанымындағы «қайырымды билеуші» образы жыраулар шығармашылығындағы мадақтау сарындарында ашылады.

 Елінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін бар ғұмырын арнаған, сол жолда батырлығымен де, ел басқарушылық ерекше қасиеттерімен де әрқашан оқ бойы озық тұратын, әл-Фараби армандаған «қайырымды билеуші» тұғырына дейін көтеріле алған тұлғаның бірі – Абылай хан. Бұқар жырау Абылай ханнан мінсіз әміршінің идеалдық образын жасаған; Абылайды ол өте ақылды да, әділетті хан деп білген: «Алтын тұғыр үстінде, //Ақ сұңқар құстай түледің, //Қылышыңды тасқа біледің, //Алмаған жауды қоймадың» деп сипаттайды Бұқар жырау.

Абылайдың ерлігін «қалмақпен соғыс болғанда, Шарыштың басын қаққанда, Абылайлап шапқанда» деп, Үмбетей жырласа, Жанақ ақынның «аузын айға басқан сан менменнің, үрей-құтын ұшырып ебін алған, Түркіменнің түбінен малын алып, арыстанның аузынан жемін алған, жаудан қорғап, мал менен басын билеп, қазақтың сары алтынын тегін алған» деп, Абылайдың айбатын арыстаннан да асыра, асқақта бейнелеп, батырдың ерлік істерін әсірелей суреттеп, айбынды басшының мұраты әркез ел мүддесіне арналғандығын айшықтай түсуі – екінші ұстаз іліміндегі «қайырымды билеуші» бейнесінің Абылай тұлғасы арқылы сомдала түскенін айқын аңғартады.

Толғауларын ұлтының болашағы үшін аянбай күресуге арнаған тұлға Шернияз Жарылғасұлы (1817-1881) – халық ақыны, кіші жүз қазақтарының Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне (1836-1837) қатысушы және оның жалынды жыршыларының бірі. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісінің бел ортасында жүрген Шернияз бұл қозғалыстың ұраншысы әрі ақыны болды. Ақын азаттық, бостандық тақырыбын асқақ үнмен жырлады, сол арқылы Исатайдың батырлық бейнесін жасады: «Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас», «Ақ алмас, алтын сапты қылышым-ай», «Исатай ел еркесі, ел серкесі», т.б. жырларын шығарды. Шернияздың «Ай, Қазы би, Қазы би», «Тостағанды қолға алып», «Ай жігіттер», «Сөз сөйлеймін бөлмелеп», «Көл қылып құдайым талай судай ағын» т.б. өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіздігі, өмірдің өзгермелілігі мен оның мән-мағынасы үлкен ой елегінен өткізіле жырланады.

 «Шернияздың Баймағамбет сұлтанға айтқаны» көркемдігі аса жоғары туынды болып саналады. Жалпы Шернияз поэзиясы мазмұндық сипатымен, стильдік айқындығымен, көркемдік бейнелеу нақыштарының шеберлігімен ерекшеленеді. Ол: Қолыңда ханзаданың қасқа қылыш, //Түсесің қаһарлансаң тасқа қылыш.//Сабының хан ұстаған тұтамы алтын, //Жарқылдап хан ойланбай аспа, қылыш. //Қалмақтан хан өтіпті Қалдансері, //Ол-дағы билеп өткен тамам елін.//Жеті атақ жеті түптен бері қарай//Орнаған қыдыр төніп, есіл бегім! //Дұшпанын табанында жүн қып түтіп,// Қор қылған егескенін атаң сенің.// Жарлықты «жаманда» деп қылғаннан соң, //Тұтып ем өзіңді арқа өзім менің деуі арқылы ақын  көп шындықтың  бетін  ашады.

Шернияз көзі тірісінде өлгеннен кейін де халыққа аты  көп жайылған, даңқты, атақты ақынның бірі. Оның сөздері халыққа ерте күннен мәлім. Өзі  өлім  мен өмірдің  шекарасында  тұрса  да,  бас  кетеді  деп  тіл  тартпай, Баймағамбеттің   жауыздығын  әшкерелеу  арқылы  басқа  да  хан,  сұлтандардың  халыққа  жасаған  зорлық, зомбылықтарын  терең  толғап  суреттейді. Мұндай  жерде  ақын  әрдайым Баймағамбетке  Исатайды  қарама-қарсы қою  әдісін  қолданып,  бірінің  елге  деген  достығын, екіншісінің  елге  деген  қастық,  жауыздығын айқындайды.

Шернияздың өзі де шаруалар ортасынан шықты және шаруалар көтерілісіне белсене қатысушының бірі болды. Арман еткен мақсаты  да шаруалардың  тілек-мүддесіне сәйкес, сол шеңберде  қалды. Ақын өмір шындығын өзінің арман  еткен, белсене  қатысқан шаруа табының тұрғысынан қарап таниды да, сол тұрғыдан суреттейді. Шернияз өлеңінің негізгі көпшілігі Исатай сықылды халық қамқоры бол-ған ерлерді дәріптейді.

Шернияз бұдан бір ғасыр бұрын өмір сүрсе де, оның өлеңдерінің біздер үшін мәні зор. Өйткені,өз кезіндегі қара халықтың көпшілігі шаруалардың мұ-ңын жырлап, шаруалар көте-рілісін басқарған, халыққа қам-қоршы болған ер ұлдарды дәріп-теді. Сол кез, сол жағдаймен байланысты өзінің  басында  кейбір қайшылықтары   болса да, ол, негізінде, езілуші шаруалар табының жыршысы  болды. Күл-діргі, сатиралық өлеңдердің  шебері, ұстазы  ретінде  тамаша үлгі өлеңдер қалдырды.Сондықтан Шернияз  әдебиет  тарихынан өзіне лайық орын алады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.      Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің бастаулары. Алматы, 1998. 16-б.

2.      Әбу Насыр Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. Алматы, Арыс баспасы, 2009, 410-б.

Қасқабасов С. XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті (компендиум) . Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2005, 42-б.

3.      Дербісәлин Ә.  Әдебиет туралы толғаныстар. Алматы, 1990, 122-б.

4.      Қасқабасов С. Аталған еңбек. 44-б.

5.      Уәлиханов Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы, 2010, 1-кітап. 48-б.