Қазақтың кейбір руларының мінез-құлқы мен
психологиялық ерекшеліктері туралы бірер сөз
(Қазақстанның
батыс өңірі этнонимдерінің материалдары бойынша)
М. Қожанұлы
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Астана қаласы, Қазақстан
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің
биылғы Жолдауында «Адам – елдің басты байлығы» [1. 5],-
дегендей, қай қоғамда болмасын адам және адами
құндылықтар басты рөл атқарғаны белгілі.
Демек, қазіргі кезде адаминегізділік бағытта жаңаша
көзқараспен ғылыми зерттеулер белең алған
сәтте, адам – бірінші орынға шығып, тілді - адамды
қалыптастырушы негізгі фактор ретінде қарастыруда. Олай болса,
тіліміздегі атау немесе ірі ұғым-түсінік (концепт)
сыртқы және ішкі фактордың әсерінен адам санасында
бейнеленіп, жинақталған білім қорын тіркеуші, сақтаушы
және жеткізуші бірлік (немесе ақпарат) десек, онда адам санасында
бейнеленіп, қалыптасқан ұғым-түсініктің (концепт)
мән-мазмұнын ашуда ғылымның басқа салаларымен
байланыстыру арқылы тілдік факторларын айқындауға болады.
Егер тілде халықтың
ой-танымы, мінез-құлқы, сөйлеу мәнері т.б.
ерекшеліктері сақталады десек, онда адам баласының өз
пайымдауы, түсінік-танымы, талап-талғамына сай өмір
сүруінің қалыптасуына жетекші факторлардың бірі ретінде
өзі өсіп-өнген ортасынан алған мәдениеті мен тілі әсер ететіні
сөзсіз. Олай болса, мәдени құндылықтарды этнос,
этноним бойындағы өзіне тән ұлттық менталитетін,
сондай-ақ бірлестік құрамындағы ру, тайпалардың не бір атадан
өрбіген ұрпақтардың санасында сақталған
шындық болмысын, мінез-құлқы мен психологиялық
ерекшеліктерін белгілі бір мәдениеттің, белгілі бір тілдің іргелі
ұғым-түсінік аясында анықтауға болады.
Іргелі
ұғым-түсінік (концепт) дегеніміз – лингвомәдени
тұрғысынан алғанда, мәдени
құндылықтар аясында халықтың ұлттық
көңіл күйі, мінезі мен психологиялық ерекшеліктерінде
көрініс тапқан тілдік бірліктер немесе ұлттық
мәдени код жиынтығы, ақпарат қоры.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Билер
институтының түп атасы болған Майқы би туралы: «Ел
аузындағы аңыздың
айтуынша, халықтың санасына сәуле түсірген
«нұртаңбасын» – қазақ үш жүзінің бас
таңбаларын тасқа қашаған сол кісі екен дейді.
Үйсіндердің нысаны – Ту, арғындардың нысаны – Көз, алшындардың нысаны
– Найза содан қалса керек» [2. 273], - дегендей, қазақта төрді ұлы
жүзде - Үйсінге, орта жүзде - Арғынға, кіші
жүзде - Әлімге беру дәстүрі қатаң
қалыптасқанын немесе
«ұлы жүзді қауға беріп малға қой,
орта жүзді қамшы беріп дауға қой, кіші жүзді
найза беріп жауға қой» деген мақалдан Майқы би салған бас
таңбалардан үш жүздің қоғамдағы ролі
мен орнын байқауға болады. Осыған қарап, «ұлы»,
«орта» және «кіші» жүз
рулары бір-біріне «ұлы, орта, кіші» деп қарамай, ешбір талқылауға жатпайтын,
жазылмаған далалық құқық дәрежесіне
дейін көтерілген көшпенділік менталитетке тән
заңдылықты аңғару қиын емес. Мысалы, Кіші
жүз құрамындағы ру саны жағынан Байұлы
өздерінің көптігіне қарамастан, Әлім руларын
«Әлім-аға баласы» деп құрмет тұтумен қатар,
Кіші жүз қазақтарында: «Әлім отырғанда, адай
сөз бастамайды» деген жолдарға мән берсек, сонау ықылым
заманнан күні бүгінге дейін бір дастархан басына жиналған
Кіші жүз руларының өз ішіндегі билік айтқызу
дәстүрі мойындалған, бірақ талқылауға жатпайтын, қабылданған дала
заңы екенін байқаймыз.
Осындай
талқылауға жатпайтын Дала заңындағы үш
жүздің аумағы жағынан орналасуы туралы
Қашаған жырау «Атамекен» толғауында:
...Қазақ бір
деген ел едік,
Қайырлы халық
атанған.
Өсіп-өнген
қатардан:
Үйсін, Арғын, Алшын
деп,
Үш жүз болып
атанған... [3. 270-271],- деп, жырау одан әрі қазақ
елінің үш жүз болып атанған Үйсін, Арғын,
Алшын елінің орналасуында жаудың, дұшпанның бетін
қайтара отырып, тоқтаусыз көшкен қазақ
халқы өздеріне жайлы атақоныс, тұрақты мекенжай
іздеп, қазақ даласының
үш өңіріне табан тіреп, ата қонысты мекен
еткенін сипаттайды. Осылайша, үдере
көшкен үш жүз баласы алыстан мұнарланған тау
баурайына келгенде, Ұлы жүз бар малын өріске жайып жіберіп,
бүгінгі Жетісу өңірін мекен етті десе, Сыр бойының орта тұсы саласынан
бастап, Арқаның кең даласын көргенде, Орта жүз
жанға жайлы өмір сүруге ыңғайлы деп,
бүгінгі Сарыарқа өңірін қоныс етсе керек. Ал Кіші
жүз Сырдың төменгі сағасынан бастап, Еділ, Жайық
өзенінің салаларын, Үстіртке табан тіресе,
Әлімұлы бұлардан бөлініп, Темір деп аталатын
қырда қоныстанып
қалғанын айтады.
Бұдан шығатын
қорытынды: біркездегі желмаясымен ата қонысқа жайлы жер
ұйығын іздеген Асанқайғы сияқты осы
өлең жолдарынан қазақ халқының
қалыптасуында Үш жүздің қалай болса, солай
қоныстана салмағанын, бүтіндей жүйелілік ретімен бірі -
Жетісуді, бірі - Сарыарқаны, бірі – Үстіртті мекен етіп, қоныстану
(мекенжай, туған жер, ата қоныс, туған ел) ұғымын
(концепті) (астын сызған - біз) көреміз.
Біз бұл жерде қазақтың
Кіші жүз бірлестігі құрамындағы әрбір
рудың, аталардың өзіне тән
мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөйлеу
мәнері т.б. ерекшеліктері арқылы өмірден түйген шындық
болмысы, дүниетанымы туралы ой-тұжырымдарын тілдік
ұғым-түсінік (концепті) аясында сөз етуді жөн
көрдік.
Қазақтың
үш жүзіне берген халық аксиомасында мынадай концептіні,
яғни: «Ұлы жүзді қолына таяқ беріп, мал
қой» → таяқ ↔ мал → «шаруашылық»
концептісі; «Орта жүзді қолына қалам беріп, дауға
қой» → қалам ↔ дау → «шешендік» концептісі; «Кіші
жүзді қолына найза беріп, жауға қой» → найза
↔ жау → «дұшпан» концептісін байқаймыз. Осы
аталған концептілерді жинақтасақ, онда қоғам
және мемлекет қайраткері
Ә. Кекілбайұлының: «...қазақтың үш
жүздік (құрылымы) алауыздықты, ағайынгершілікті,
жікшілдікті емес, ынтымақты көздеген концепция еді» [4. 71-74],- деген
пікірімен үндесіп жатқанын, яғни қазақтың
үш жүзі арқылы қазақ халқының бірыңғай
тұтастық концептісін (астын сызған - біз)
аңғаруға болады. Сондай-ақ, Кіші жүздің
Әлімұлы, Жетіру және Байұлы ата балаларының той
сәнін, ажарын келтіруде дастархан
басындағы атқаратын орны туралы «тойды Әлім
бастайтұғын, Жетіру қостайтұғын, бар болса,
Байұлы олжа алатұғын» деген мақалға
көңіл бөлсек, онда Әлімұлы – «басшы», Жетіру – «қосшы»,
Байұлы - «олжашы» ұғым-түсініктен,
Кіші жүз аталарының өн бойынан той барысында атқаратын
рөліне қарай бір жағадан бас, бір жеңнен қол
шығаруы арқылы «ауызбірлік, татулық» концептісі басым
жатқанын көреміз.
Ел аузында Алаша руы Бейсеу атасы
Байтоқ ақын Байбақты руы Шолан атасы Сырым баласы Қазы
биден: он екі ата Байұлының әр біреуіне сол кездегі
әлеуметтік қоғамдағы ісіне қарай, алатын орнына
қарай, сынап, баға берсек не деп айтар едік,- деп сауал
қойыпты. Сонда Қазы би:
Сұлтансыйықтың екі баласын
көрсең-
Біреуін сыйлықтан, сыпайлылықтан
көрерсің.
Шеркештің екі баласын көрсең-
Біреуін биліктен көрерсің.
Жаппастың екі баласын көрсең –
Біреуін қорлықтан
көрерсің.
Адайдың екі баласын көрсең –
Біреуін зорлықтан көрерсің.
Ысықтың екі баласын көрсең
–
Біреуін ұрлықтан көрерсің.
Беріштің екі баласын көрсең –
Біреуін ерліктен көрерсің.
Есентемірдің екі баласын көрсең
–
Біреуін саудагерліктен көрерсің.
Таздың екі баласын көрсең –
Біреуін азғындықтан
көрерсің,- депті.
Бұл әрине, өз
заманында айтылған сын, әділ баға [5. 34],- болатын.
Қазақта «Ата -
балаға сыншы»,- дегендей, Байұлының ішінде Сегіз арыс
атанған Адайдың бір баласы Тобыштан тараған Әлмембет өз
балаларының бойындағы тән қасиеттеріне қарап:
Табынайым – көк
сүңгісі қолында,
Еліне қорғар ер болар.
Шоңайым - өнері
өрісті,
Сөзі
келісті,
Шешімі
тақ-тақ би болар.
Зорбайым – түлігі біткен,
Төлі
өскен,
Ошарылған
бай болар.
Осындай
туыстарының ортасында
Бәубегімнің де шаруасы жай
болар (АС·),- деген жолдардан Табынай
арқылы → көк сүңгі (найза) → «ер»;
Шоңай арқылы → сөзі келісті (би) → «шешен»; Зорбай арқылы →
түлік → «бай»; Бәубек арқылы → жай →
«тыныштық» (шаруашылық) ұғымы (концептісі) арқылы
танымдық, ойлау әрекеті барысында әлемді
қабылдаудағы ұғынуы, сезінуі нәтижесінде
баға бергенін көреміз.
Ел ішінде «Сегіз арыс Адайдан»
өрбіген аталары туралы:
Бірі – жырау, бірі – ақын,
Бірі – самал, бірі –
салқын,
Бірі – жаңбыр, бірі –
қарқын,
Бірі – мырза, бірі – ер,
Бірі – ылди, бірі - өр,
Бірі – мақпал, бірі – зер (АС),-
деген өлең жолдарындағы әрбір теңеу
ұғымдары сегіз арыс Адайдан өрбіген аталардың қайталанбайтын ұлттық мінезі
мен психологиялық ерекшеліктерін меңзесе, ал Адай руының
өзіне тән мінез-құлық ерекшелігін оқшаулап,
даралап көрсетуде Қашаған жырау:
Адай деген ел едік,
Абайсыз өскен
алшаңым,
Тәксіз өскен тарпаңым,- деп, өз
руының ерекшелігін тарпаңға§, яғни асау
жылқыға теңесе, сонымен қатар, ел аузында адайды
«ақкөз Адай» деген тіркес те бар. Біздіңше, бұл
тіркестен адай руы адамдарының бетің бар жүзің бар
демей шындықты бетке айту, берген сертіне мәртікпен қарайтын,
ретті жерінде сөзге тоқтамағанды ұрып та жіберетін
(тентектік), кейде сөз мәнісін түсінбейтіндерге тізесін
батырып өктем сөйлейтін (зорлықшыл), кейде
нағашылы-жиенді қалжыңдап, әлкес-шәлкес
сөйлейтін (оспадарлық) мінез-құлқына қарап
осылай атаса керек.
Сондай-ақ, «Әлім -
аға баласы» атанған елдің өз ішінде де топ бастайтын
ақылман, көшбасшыларын жинақтап:
Әлім-шөменнің ішіндегі биі – төртқара, батыры –
қарасақал, мырзасы – шөмекей (АС),- деп, елдің ішінде
жиі болып тұратын дау-дамайда кімдерге жүгінуге болатынын алға тартса, ал Әлімұлының
Қабақ руынан тарайтын ұрпақтың
мінез-құлықтарына қарап (Әлімұлы →
Қабақ → Қанкелді, одан→ Пұсырман, одан
→ Қарабас, Қалдыбай, Жарас, Өмір, Сексен есімді бес
ұл) жоғарыдағы берілген бағаға сырттай
ұқсас болғанмен, оның екі жолын басқа
қырынан көрсетеді:
Қарабасты найза беріп
жауға қой,
Қалдыбайды
айқайлатып дауға қой,
Жарасты
қырындатып қызға қой,
Өмірді тая беріп
малға қой,
Сексенді пышылдатып асқа
қой (АС),- деген жолдардан Қабақтан өрбіген аталар
бойынан: Қарабас арқылы → найза → жау →
«дұшпан»; Қалдыбай арқылы → айқай → дау
→ «шешен»; Жарас арқылы → қыдыру → қыз
→ «серілік»; Өмір арқылы → таяқ → мал
→ «шаруашылық»; Сексен арқылы → пышылдау (тамақ
жеу) → ас → «тағам» ұғымы (концептісі)
арқылы олардың бойындағы сақталған
қасиеттеріне баға беруінен, сол ру аталарының өмірлік
тәжірибесін, дүниетанымдық болмысын, мәдениетін
байқаймыз.
Жалпы, жоғарыдағы
келтірген мысалдардан Кіші жүз этнонимдері құрамындағы ру,
тайпалардың (этноним) өзіне тән ұлттық мінезі
және психологиялық ерекшелігін, дүниетанымын сипаттауда басты
негіз болған ой, ұғымдарды (концепт) тірек сөздер
немесе этнотілдік деректер арқылы олардың (рудың – астын сызған біз) бүтіндей
дүниетанымын, өмірдегі шындық болмысын төмендегі ұғым-түсініктерден көре аламыз.
Әрбір азамат үшін туған ел, жер киелі
ұғым. Туған жерді, елді
қорғау, сақтау жолында сонау ерте заманнан
қазақтың үш жүзінің атқаратын
қызметіне берген халық бағасынан мынадай ойды (концепт): Кіші
жүзге «найза беріп жауға қой» деуі арқылы қолында
бес қаруын сайлап, сенімді отырған ел екендігін айтса, ал Орта
жүзге «қалам беріп, дауға қой» деуі арқылы
дау-дамайда сөз жүйесін тауып, ортақ шешім айтуға
дайын және Ұлы жүзге
«таяқ беріп малға қой» деуі арқылы таяғымен мал
баққан ел екендігін көреміз. Бұл сөздердің
астарында ымыраға көнбей, ел шетіне жау келген кезде ешбір жауды,
дұшпанды басынан асырмайтын, басындырмайтын, ұлтарақтай
туған жер топырағын жауға оңайлықпен беріле салмайтын
ел екендігін ескертеді.
«Туғанда дүние есігін
ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер
денең» деп, ұлы Абай айтқандай, адам баласының
барлық қуанышы, қызығы
мен қайғысы тойсыз, өлеңсіз (әнсіз)
өтпеген. Олай болса, той сөзі - қазақтың
дүниетанымына ықылым заманнан
таныс ұғым.
Той ұғымы
кез келген халыққа тән ұғым. Бірақ
та әр халық тойды өзінше тойлағанымен, той өткізу
адам баласы үшін маңызды ірі ұғым-түсінік деп
қараған орынды.
Бүгінгі таңда кез
келген тойда той асабасы, оның көмекшілері мен сый-сияпатты
үлестіре отырып, өзінің пайдасын ұмытпайтын адамдар
болатыны белгілі. Бұл - сонау ерте заманнан
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан
қазаққа тән дәстүр жалғасын Кіші
жүз қазақтарында: «тойды Әлім бастайтұғын,
Жетіру қостайтұғын, бар болса, Байұлы олжа
алатұғын» деген жолдар одан әрі айқындай,
нақтылай түседі.
Әрбір ру-тайпаның
өкілі (адам) өзінен өрбіген ұрпақтардың
меншікті жерге деген қандай көзқараспен қарайтынын,
сондай-ақ олардың бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттеріне
өзінше бағамдап мен бағалап, сынай отырып, жақсысын
дәріптеу, жаман әдеттен сақтандыру, тек Кіші жүзге тән қарамай, жалпы
қазақтың ру, тайпаларына ортақ қасиет деп
қараған орынды.
Тарихтан белгілі, Атырау
облысында Нұралы хан балаларының бірі – Бөкейдің
хандық құруымен байланысты, мынадай тарихи деректерді
кездестіреміз: «Ресми мәліметтер бойынша, Бөкей хандығында 64
000 мың десятина шамасында жер болады,.. Әрбір ру, әрбір ата
өздері қыстайтын жерді меншіктеп алады...»,- деген жолдардан
әрбір рудың қыс қыстайтын, жаз жайлайтын жерлері
болғаны белгілі.
Атам қазақ
туған жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен
қорғай білген. Сондықтан да әрбір қазаққа «жер» ұғымы қандай
қымбат, киелі болса, рулар
үшін де ерекше.
Жоғарыда келтірілген
мәтіннен Сегіз арыс атанған Адайдың баласы Тобыштан
тараған ұрпақтары арқылы туған жерді (меншікті
жерін) қолындағы көк сүңгісімен (найза) елін,
жерін қорғайтын ұлын дәріптесе, ал жер дауын шешуде
дуалы сөзімен дүйім жұртты тыңдата да, тоқтата
білетін ұлы бар екенін мақтан тұтады. Осындай жерін қорғайтын,
ойлы да, ұтымды сөзімен елін тыңдата білетін
балаларының арқасында түлігі мыңғырған
байлыққа кенелген, сонымен қатар, ағаларының
арқасында жай, тыныштық
күйде өмір кешіп жатқан ұлдары да бар екенін айтады. Ал
Әлімұлының Қабақтан тараған
ұрпақтар бойында «жер» ұғымы Тобыштың алғашқы екі баласына берген жолдармен сәйкес келеді. Бірақ
та рудың намысын жыртып, сойылын соғып ағаларының
арқасында ауыл-аймаққа қыдырып, қызға
қырындап, ойын-сауық, серілік құрып жүрген
ұлдың, енді бірі өзінің де, ағайынның да
малын бағып, шаруасын дөңгелетіп отырған ұлын
мақтан етсе, осындай ағалардың ортасында іске
қырсыздау, ас-ішіп, аяқ босататын, тамақ сау
ұлдың да бар екенін айтады.
Бұдан шығатын
қорытынды: бір ғана Әлімұлының Қабақ
руынан тарайтын ұрпақтардың мінез-құлқынан
қазақ халқының танымында ерте заманнан бар «Ер, шешен, сері, шаруашылық,
тағам» ұғымы (концепт)
арқылы: Қарабас бойында → «ерлікке»; Қалдыбай →
«шешендікке»; Жарас → «серілікке»; Өмір →
«шаруашылыққа»; Сексен арқылы → «ас-ішіп аяқ
босату немесе тамақ саулыққа» тән
ұғымдық (концепт) қасиеттерінде көрініс тауып,
сол ру аталарының өмірлік тәжірибесімен,
дүниетанымдық болмысымен, мәдениетімен ұштасып жатқанын
байқаймыз.
Жоғарыда келтірген
өлең жолдарындағы «Сегіз арыс Адайдан» өрбіген аталар
бойындағы қасиеттерін бағалаған әрбір теңеу
ұғымдар: жырау, ақын,
самал, салқын, жаңбыр, қарқын, мырза, ер, ылди,
өр, мақпал, зер ұғымдары (концепт) арқылы сегіз арыс Адайдан өрбіген аталар
бойындағы бір-бірінен қайталанбайтын даралық мінезі мен
ой-өрісін, психологиялық ерекшеліктерін танимыз.
Біз бұдан Кіші жүз
этнонимдері құрамындағы әрбір рудың өзі
өмір сүрген кездегі қоғамдағы алатын орны мен
өсіп-өнген ортасынан алған, меңгерген мәдениеті
арқылы дүниетанымындағы тілдік ұғым-түсініктерін
(концепті) көреміз.
Әрбір ру-тайпаның,
халықтың өкілі (адам) өзін қоршаған
ортаға қарай, белгілі бір құбылысты өзінше
ойлаған, түсінген, сезінген, бағамдаған және
бағалаған өз ерекшеліктерін біліп құрметтей,
оларды сақтай отырып және ру, тайпалар арасындағы
талас-тартыс, жер дауы, жесір дауы, барымта, т.б. барысында, сондай-ақ,
халық өзге мәдениетпен қарым-қарынасқа
түскенде осы ерекшеліктерін баса көрсетуге тырысқан,
мақтан тұтқан.
Қорыта келгенде, қазақ
этнонимдерінің бір-бірімен рухани-мәдени, әлеуметтік-саяси,
тарихи, діни көзқарасы, дүниетанымы мен эстетикалық
талғамы, бітім-болмысы, т.б. қатынастары – рухани-тарихи сабақтастық
жүйесімен дамып отырғандықтан, Кіші жүз этнонимдеріне
тән мінезі мен ой-өрісін, мәдениетін, тұрмыс
тіршілігімен қатар психологиялық ерекшеліктерін ашып
көрсететін ұғымдар (концепт) мақал-мәтелдерде,
тұрақты тіркестерде т.б. адамның немесе ру, тайпаның іс-әрекетіне
тән ерекшеліктері, өмірлік ұстанымдары мен
қағидалары туралы бұдан да тереңірек болжамдар
айтуға болады деп ойлаймыз.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. Жаңа онжылдық – жаңа
экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа
мүмкіндіктері // «Егемен Қазақстан» газеті, № 30-35 (25881).
30.01.2010. 5-б.
2. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. А.,2003, 288-б.
3. Бес ғасыр жырлайды: XV ғасырдан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының
шығармалары. Т. 2.
/Құрастырған: М. Байділдаев, М. Мағауин/. А.,1984.
336-б.
4. Кекілбайұлы Ә. Шығармалар жинағы. 8-т. А.,1999.
71-74-б.
5. Маданов Х. Кіші жүздің шежіресі. А.,1994. 168-б.