Батырлар жырындағы қару-жарақ атауларының танымдық сипаты

Ганмиркүн Ганмирханқызы Тұрғаналиева,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың магистр-оқытушысы,

Орал қаласы, Қазақстан

 

         Бірнеше дәуірдің тарихы адамзат баласының болашақ үшін қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық т.б. күресі, рухани жаңғырулары сан ғасыр өтсе де, сол халықтың ұрпағынан ұрпағына сол этностың тілінде сақталуы арқылы жетеді. Соның арқасында ұрпақ ана тілдің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті негізінде ұлтымыздың көне тарихы мен мәдениетін дұрыс танып-білуге бастау алады. Осы бастаулар көзі кешенді тіл ғылымының көкжиегінде ұлттық мәдениеттің көзі ретінде тағлымдық мәні зор ұлттық тілдің өн бойынан табылады. Осымен байланысты тіл табиғатының құпиясы ғылымның басқа салаларымен (психология, антропология, мәдениеттану, мифология т.б.) тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде танылып, ашылып отыр. Өйткені, кез – келген ұлттық тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан дәуірдегі жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде тұрмысына орнықтырған мәдениетімен, күнкөрісіне арқау болған жан рухымен, ой-санасымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан да ұлттық тілді халықтың мәдениетімен, жан ілімімен, ой танымымен, тарихымен біріктіре қарау мәселесі бүгінгі таңда өзекті мәселенің бірі.

         Қазақтың қару-жарағына қатысты бүгінгі ғылымда шешуін таппаған мәселелер аз емес. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағы осы уақытқа дейін этнография ғылымының тікелей зерттеу обьектісі болған емес, ал тарих және әскери тарих ғылымында қару-жарақ әскери істің бір бөлігі ретінде ғана қарастырылғандықтан ол генезистік, морфологиялық, семантикалық тұрғыдан кешенді зерттелмеді. Этностың дәстүрлі мәдениетіндегі қару-жарақтың алатын орны мен мәні, оның қызметі ғылыми проблема ретінде осы уақытқа дейін ғылыми зерттеулерде арнайы қарастырылмады.

     «Батырлар жырларында» көбіне мынадай қару – жарақ атаулары кездеседі: ақберен, алмас, бес қару, найза, қылыш, көк сүңгі, ақ сүңгі, көк балдақ, шарайна, кездік.

         Мысалы, атақты «Қобыланды жырында»:

Үстіне сауыт кигізді,

Жанына байлап болатты,

Беліне садақ ілгізді.

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені

Ат үстінен ширеніп,

Сонда тұрып тартады.

Қарағай найза саптатты,

Алмас қылыш соқтырып,

Күміспен қынап шақтатты.

Беліне семсер іледі

Ақ сауытын бөктеріп,

Ноғай бөркін киеді.

Қылышпенен өлтірсем,

Қиқаладың дерсің сен

Найзаменен өлтірсем,

Миқаладың дерсің сен.

Садақпенен өлтірсем,

Қапыл қалдым дерсің сен,

Мылтықпенен мен атсам

Жазым қалдым дерсің сен.

Қанжарменен қармасты,

Семсерменен серместі

Қанжар қалды қайысып,

Семсер қалды майысып.

Ақ семсерді қолға алып,

Көк найзаны толғанып –

деген үзіндіде батырдың барлық қару-жарақтар суреттелген.

      Байырғы көшпелілердің орта қашықтықта ұрыс  жүргізгенде қолданылатын түйреу қаруының бірінші түрі – найза болса, екінші түрі – сауытты әскерге қарсы қолданылатын қару осы сүңгі. Мысалы:

Қорамса жоқ белінде,

Ақ сүңгі жоқ қолында,

Алты құлаш алмасты,

Беліне тартып буады.

Сауытсыз тидің шарайна,

Жебені қолға алмадың.

Будың алмас беліңнен

Жалғыз кеттің елінен.

Найза менен жебең жоқ,

Өзің де жас баласың (Алау батыр).

 

Қолындағы ақ найза,

Жарқылдайды жебесі,

Садақтың бауы сыртылдап,

Сарт-сарт етіп соғады

Жанындағы ақ берен.

Кемітіп сөз айтқаны,

Мылтықпенен атқаны

Жүрегіме найзадай

Әр сөзінің батқаны (Айсаның ұлы Ахмет).

     Еуразиялық көшпелі халықтарда қорғаныс жарағының негізгі түрлерінің қалыптасуы да б.з.д. І мыңжылдықтың ортасынан басталады. Көшпелі сауыттарының бірінші түрі – төртбұрышты ірі металл тақталарды теріге, мата, матаға шегемен қатарлап бекіту арқылы жасалған берен сауыт.

     Ертеде көшпелі жауынгерлер сауыттың шарайна деп аталатын қосымша жарақ түрін киген. Көшпелі халықтар қолданған шарайнаның екі типі бар. Шарайнаның бірінші типі төрт дөңгелек тақталарды қайысбаумен жалғап жасалған. Бұл шарайна типі алғаш рет түркі заманында пайда болып, Х – ХІІ ғасырларда қыпшақтарда кең қолданыста болған. Шарайнаның екінші типі – белді қорғайтын үлкен төрт  төртбұрышты болат тақтадан құралған белдік шарайна. Бұл шарайна типі түркі халықтарында ХҮ ғасырда кең қолданысқа еніп, ХҮІІІ – ХІХ ғасырға дейін жетті.

    Батырлардың қарулануын білдіретін «бес қаруын асынды», «бес қаруы бойында», «бес қаруын сайланған» деген сөз тіркестері тек осы жырларда ғана емес, тілімізде, ауыз әдебиетімізде жиі қолданылады. Соғысқа қатысты «ер қаруы» деген сөз тіркесі халықтық әскери термин ретінде, жай қару емес, соғыс қаруы, жауынгердің соғыста қолданатын жеке қаруы (қылыш, айбалта, найза, т.б.) деген ұғымды білдіреді. Көшпелі халықтарда қару түрінің қолдануын зерттеу «ер қаруына» мынадай басты ерекшеліктерге сай келетін: а) өзіндік жұмсау тәсілі бар, ә)жауынгерлер ған ұстайтын, б)соғысқа ғана қолданатын, в) жауынгерлік жекпе-жек сайысын өткізуге болатынын көрсетеді. Батырдың негізгі бес қаруы – ату қаруы (садақ, оқ); түйреу қаруы (найза, сүңгі); кесу қаруы (қылыш, семсер, сапы); соғу қаруы (шоқпар, гүрзі) және шабу қаруы (балта, айбалта, шақан). Қазақтың «ер қаруы – бес қару» сөздерінің астарында, көшпелі халықтарда ертеден қалыптасқан, жауынгерлік қаруды классификациялаудың осы өзіндік жүйесі жатқандығын байқауға болады.

     Дәстүрлі мәдениетте қалыптасқан өмір циклы ырымдарында да қару – жарақ ритуалдық құрал функциясын атқарады. Қазақтарда неке қию рәсімінде ат жалының қылдары байланған садақ оғы қолданылған. ХІХ ғасырдың ортасына дейін ұзатылған қыздың жасауының құрамына да ең бағалы зат ретінде қымбат қару-жарақ түрлері енген.

     Көшпелі халықтарда қаруға табыну жерлеу ғұрпымен тығыз байланысты болып, ер қаруы жерлеу инвентарьларына кіретін негізгі заттың бірі болатын. ХҮІІІ – ХІХ ғасырларға дейін қазақтар да мәйітпен бірге оның қару-жарағын жерлеген. Адам өлгенде қазақтар найзаға қаралы ту тағып, шаңырақтан шығарып қоятын болған, адам жерленгеннен кейін «найза сындыру» ғұрпы атқарылған.

     Көшпелі  халықтың көнеден келе жатқан ант беру салтында да қару ритуалдық атрибут болды. Анттасқанда қан араласқан шарап құйылған ыдысқа семсер, жебе, айбалта және найза батырып, сол шарапты ішу батыстағы скифтерде, шығыста мекен еткен ежелгі ғұндарда да болған. Қазақ хандығын құраған ру-тайпаларда да бұл ырым ертеден кең тараған болатын. Қазақтарда да құда немесе аңда болған адамдар қан құйылған ыдысқа семсерді, жебені малып, куәгерлердің алдында қылышты не қанжарды сүйіп ант беретін.

         Қазақ тіл білімінде этнолингвистика негізінде жаңадан қалыптасып келе жатқан бұл ғылыми сала бойынша фундаментальды ғылыми еңбектер өте аздығымен сипатталады.  Тіліміздегі ұлттық мәдениет көрініс тапқан тілдік белгілерді (релиялар, фразеологизмдер,т.б.) лингвомәдениеттану қағидалары мен амал – тәсілдерімен зерттеу өз кезегін күтіп тұрған мәселелер. Әсіресе, бір жағынан, заман талқысына түскен кездегі ұлттық мәдениетіміздің (тіліміз, салт – дәстүріміз, ұлттық мінез – құлық) жоғалған тұстарын егемендік алған он бес жылдан асқан уақыт мерзімінде қайтадан жаңғырту, екінші жағынан, қазіргі замандағы жаһандану процесі кезіндегі ұлт пен оның тілі тағдыры осындай ізденістерімізге айрықша маңыздылық, айрықша жүк артады.

     Қорыта келгенде, ұлттың қай сөздері болмасын, сол ұлттың ұлттық болмысын, танымын, мәдениетін, шаруашылығын, өнерін танытады. Қазіргі таңда сөзді философия, мәдениет, таным тұрғысынан қарастырылуы қажет деген пікірлер айтылып жүргенмен, бұл мәселені  қолға алып зерттеу өз шешімін күтуде.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.     Қырымның қырық батыры. Алматы: «Арыс», 2005.

2.     Мәдиева.Г. Иманбердиева С. Ономастика.

3.     Сабыр.М.Б. Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы ( ХІҮ ғасыр жазбак ескерткіштері негізінде ). // Автореферат.

4.     Әлемдік мәдениеттану ой – санасы: Он томдық. Т. 10: Қазақстанның

қазіргі заманғы мәдениеттану парадигмалары. Алматы: Жазушы, 2006.

5.     Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі:Он томдық. Т2: Б-Г, Алматы:«Ғылым»,

1976.

6.     Исқақов . Халық календары. Алматы: «Қазақстан», 1980.

7.     Қайырбаева.Қ.Т. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні.

// Автореферат. Алматы, 2004.

8.     Ахметжан Қ.С. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағы: даму тарихы, құрылымы,

этномәдени қызметі. // Автореферат, Алматы, 2003..