Право /1.История государства и права.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М., Айбеков Б.А., ЗҚТ-015 тобының студенті Айдарбеков А

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Қазақстан    

Қазақстан Республикасы сот органдарының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын

қорғаудағы ролі

 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағында,  «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады», - деп атап көрсетілген [1, 42].

Сот билігі азаматтық, қылмыстық және заңдарда белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысандары арқылы жүзеге асырылады. Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді. Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді. Сот ісін жүргізудің белгіленген тәртібіне қарамастан берілген сот істері бойынша, сондай-ақ соттың құзіретіне кірмейтін мәселелер бойынша өтініштерді сот қараусыз қалдырады немесе тиісті органдарға жібереді. Сотқа немесе судьяға құрметтемеушілік білдіру заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Сот актілері мен судьялардың өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру кезіндегі талаптарын барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті. Сот актілері мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады. Сот жүйесін нығайту халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және ол жеке тұлғаның құқықтарын қорғайтын органдар жүйесінде лайықты орын алуы үшін сотқа деген сыйлаушылықты тәрбиелеумен ұштастырылуға тиіс. «Жеке  тұлға мен қоғамның мүдделері арасындағы бітіспес шиеленістер демократия жағдайында құқықтың басымдылығы мәнінде шешілулері тиіс». Жеке тұлға мен азамат құқықтары мен бостандықтарын сындарлы сот қорғауын қамтамасыз ету, сонымен бірге сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту және нығайту үшін Республика Президенті «Қазақстан Республикасының тәуелсіз сот жүйесін күшейту шаралары туралы» жарлығы шығарылды, осыған сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанынан сот әкімшілігі жөніндегі Комитет құрылып, сот органдарының атқарушы биліктен тәуелділігінен арылуға мүмкіндік туды [2, 2].

Сот төрелігі саласында қол жеткен жетістіктердің бірі судьялардың ауыстырылмайтындығы мен қол сұғуға болмайтындығының кепілдіктерін Конституцияда бекіту болды. Сот билігінің автономиялық, дербестік және тәуелсіздігі сияқты құрауыштары жүзеге асырылды. Сот билігінің қалыптасуы мен дамуындағы қол жеткен табыстардың көрініп тұрғанына қарамастан, сот реформасының жылжуы соттардың жұмысының тиімділігіне әсер етуші біраз факторлардың кедергі келтіріп отырғандығын атап кету керек, бұл туралы азаматтар орынды шағымдануда. Сонымен қатар, сот төрелігін іске асыру аясындағы ахуалды талдау сот жүйесін мамандандыру, соттардың қызметін материалдық-техникалық ұйымдық, кадрлық қамтамасыз етуді жақсартуды, процессальдық заңнаманы жетілдіруді және сот процестерінің қолжетімділігі мен жариялылығын, жеделдігін және тараптардың шын мәнісіндегі жарысушылығын жетілдіруді талап етеді [3, 1].

2006 жылдың 16 қаңтарында «Алқа билер туралы» Қазақстан Республикасының заңы және «Қазақстан Республикасының қылмыстық сот ісін алқа билерінің қатысуларымен жүргізуді енгізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы» заңы қабылданды. «Қазақстан Республикасында алқа билерінің қатысуларымен сот жүргізуді енгізу сот ісін жүргізудің ашықтығы мен демократиялылығын қамтамасыз етуге, жеке тұлғаның сот билігіне сенімдерін арттыруды қалыптастыруды көздейтін сот реформасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Алқа билері сотының едәуір қымбат рәсім екендігін ескеріп, оны аса күрделі оқиғаларда, мысалы, қоғамға аса қауіпті сотталушыға қатаң жазалау шарасын қолдануға тура келетін жағдайларды ғана қолданған абзал. Қазақстанда құрамында 9 алқа билері мен екі кәсіби судья бар алқа билер сотының континенттік үлгісі қабылданған [4, 3].  

Әркімнің құқықтары мен бостандықтарын сот жолымен қорғау кепілдігі беріледі. Қорғау құқығы кез келген тұлғаға қамтамасыз етіледі. Бұл құқық тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға да берілген. Кез келген құқық пен бостандық қай заңда бекітілгендігінен тәуелсіз қорғалуға жатады. Сот қорғауына бекітілгендігінен тәуелсіз қорғалуға жатады. Сот қорғауына конституциялық құқық бір жағында сотқа қорғау туралы арызданған  жеке тұлға, екінші жағынан осы жеке тұлғаның арызын қарауға және әділ әрі дәлелді шешім қабылдауға міндетті соттың араларындағы құқықтық қатынастар түрінде көрініс табады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтің 2005 жылғы ақпан айындағы  Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында сот жүйесіне жетілдіруге қатысты төмендегідей мәселелерге тоқталған болатын. Онда Президент Н.Ә.Назарбаев былай деген болатын:

            «Біз демократиялық қоғамдастықтағы жалпыға ортақ стандарттарға сәйкес келетін кең ауқымды сот жүйесі реформасының қарсаңында тұрмыз. Сот жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін және қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін тиімді сот төрелегін жүргізу үшін Комиссия құрылып отыр.

            Біздің алдағы уақытта мынадай мәселелермен:

- сот өндірісін оңайлату, оның объективтілігін, сондай-ақ сот актілерінің тұрақтылығы мен уақтылы орындалуын қамтамасыз ету;

- сот жүргізу шеңберінде және сот шешімдерін атқару кезеңінде азаматтар құқығына берілетін кепілдіктерді күшейту;

-сот корпусының тәуелсіздігін қамтамасыз ету заң шеңберіндегі әділетті шешімнің кепіліне айналуға тиіс;-судьялардың біліктілігін арттыру – мұның өзі Қазақстанның сот жүйесін 21 ғасырдағы шаруашылық, инвестициялық және сауда проблемаларына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді;

- қылмыстық сот жүргізу мен сот шешімдері шеңберінде адвокаттардың рөлін арттыруды қамтамасыз ету;

- қылмыстық сот жүргізу тәжірибесіне алқа билер соты институтын енгізу қажет. Осы мақсатта 2005 жылы «Алқа билер туралы» заң қабылданып, «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және алқа билер сотын енгізу мәселелері жөнінде басқа да заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізуге тиіс;

- сот рәсімдерінің ашықтығы мен анықтығын барынша қамтамасыз ету мәселелерімен шұғылдануымыз қажет.

            Соттардың тәуелсіздігі және әділеттілігі жөніндегі мәселеге арнайы назар аударғым келеді. Біз соттардың жалақысын көтердік, сөйтіп олар бүгінде табысы ең жоғары мемлекеттік қызметшілерге айналды. Біз судьялардың зейнетақымен қамтамасыз етілуін қоса есептегенде, оларға берілетін барлық әлеуметтік кепілдіктер пакеті жайында да ойланғанымыз жөн. Судьяларды лайығымен материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етуді қажырлы да адал еңбектерінің өтеуі деп қана емес, жемқорлықтан сақтандыратын өтімді шараның бірі ретінде қарастырған жөн. Судьялар арасындағы парақорлықты адамгершілік тұрғыдан алғанда абыройсыздық деп бағалап қоймай, мұны экономикалық жағынан да тиімсіз етуіміз керек. Судья өз қызмет орнын қадірлеуге тиіс және заңды немесе кәсіби этиканы бұзған жағдайда өзінің мемлекеттік қызметте болу құқығынан ғана емес, барлық әлеуметтік кепілдіктерден де айырылатынын білуі керек. Мұның бәрі де қосымша бюджеттік шығындар жасауға мәжбүр етеді, бірақ ол өзін ақтайды. «Арзан сот төрелігі тым қымбатқа түседі» дейтін ежелгі мәтел осыдан шықса керек», -деді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев [5, 1].

            Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ -ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында да сот жүйесіне қатысты мәселелер қарастырылған болатын. Атап айттсақ Президент Н.Ә.Назарбаев былай деді, ол жолдауда:

            «Судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі түрде қайта қарау қажет. Аппеляциялық инстанциялардың істерді қарауға төменгі соттарға қайтару жөнінде негізсіз шешімдерінің мүмкіндігін заң жүзінде шектеу керек.

            Жоғарғы Соттан бастап, бүкіл сот жүйесіне өздерінің жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру, сөйтіп өз жұмысын жетілдіруді өздері бастау талабы қойылады. Судьялардың заңды бұзуы жұрттың бәріне жария етілетіндей төтенше оқиға болуға тиіс.

            Арбитраждық және аралық соттар жүйесін нығайту керек», -деді Президент Н.Ә.Назарбаев [6, 1].

Бұл өте дұрыс бастама болды. Жеке өз басым Президент жолдауын қолдай отырып, сот жүйесіне қатысты бұл бастамаларды өте дұрыс деп санаймын.

            Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы бері 20 жыл ішінде Сот органдарының атқарған қызметіне баға бере келе, Сот органдарының қызметін одан әрі оңтайландыру мақсатында әлі де болса Сот органдарына реформа жасау қажет сияқты. Мысалы, мынадай мәселелерді ұсынуға болады:

·                    біртіндеп алқа билер институтын енгізу қажет.

·                    сот төрелігін атқару процесіне араласпай, соттардың қызметін бақылаудың құқықтық тетіктерін күшейту қажет;

·                    Судьялардың кәсіби біліктілігін тексеріп отыратын орталықтар құрылса, сонымен қатар, жылына екі рет біліктілік емтихандарын тапсырып отырса;

·                    Судьялардың кәсіби даярлық сапасын арттырып отыру қажет. Бұл үшін 1 жылдық арнайы оқу курстарын құрған орынды болар. 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қазақстан Республикасының 30.08.1995 жылғы Конституциясы (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 ж., №4,217-құжат), Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1998 ж., №20,245-құжат),  Қазақстан Республикасының 2007  жылғы 21 мамырдағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 ж., №10,  68-құжат). –Астана: «Елорда» баспасы, 2009.

2. Қазақстан Республикасының 2000 жылдың 25 желтоқсанындағы №132-11 «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңы (2008.17.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) // Егемен Қазақстан. - 2000. - 26 желтоқсан.

3. Доклад комиссии о соблюдении прав человека в 2003 году. http://www.state.gоv/g/drl/rls/bnpt/2003/eur/8276.htni

4. Закон Республики Казахстан О присяжных заседателях от 16 января 2006 года. Справочная правовая система Юрист. 12.02.2007

5. Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жыл ақпан айындағы «ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ САЯСИ ЖЕДЕЛ ЖАҢАРУ ЖОЛЫНДА» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

 е.gov.kz/wps/portal/Content?.../3.../president/...kk

6. Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ -ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

e.gov.kz/wps/portal/Content?.../3.../president/...kk