Уайсова Г.И.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры,
п.ғ.к.
М.Қ. Жұбанованың
сауат ашу әдістемесіне қатысты идеяларының
өміршеңдігі
М.Қ.Жұбанова – сауат ашу әдістемесін ғылыми түрде алғаш рет
зерттеген ғалым. Ол 1969 жылы «Сауат ашу методикасы» тақырыбында
кандидаттық диссертация қорғап, онда сауат ашуға
қатысты еңбектерге жан-жақты талдау жасады. Сауат ашу
әдістемесінің ғылыми негіздерін айқындап берді
және сауат ашу әдіс-тәсілдерін сабақта қолдану
жолдарын тәжірибеде көрсетіп берді.
Ол сауат ашудың Ахмет Байтұрсынұлы негізін
қалаған талдау, жинақтау және талдау-жинақтау
әдістерін одан әрі жалғастырып дамытты. Бұл
әдістерді тәжірибеде орнықтырды. Бұған ғалымның «Әліппені
оқыту» [1], «Сауат ашу методикасы мәселелері» [2], «Әліппе
оқулығына методикалық нұсқау» [3] атты
еңбектері дәлел.
Ғалым өзінің бүкіл саналы ғұмырын
шәкірттердің сауатын ашуға арнады десек артық емес. Бұл ретте Мүсілима
Құдайбергенқызының сонау 1969 жылдан бастап «Әліппе»
оқулығының авторы болғанын айту жөн. Ғалымның қаламынан
туған «Әліппе» оқулығы жаңа буын
оқулықтары шыққанға дейін, яғни 1997
жылға дейін үздіксіз қолданылып келді. 1984 жылы мектеп реформасына орай жаңа
оқулықтарға конкурс жарияланғанда төрт
«Әліппе» оқулығының ішінен М.Жұбанованың
оқулығы бірінші орынды иеленгені әлі есімізде.
Ғалым өз еңбектерінде сауат ашудың мақсатын
көрсете келіп, сауат ашу әдістеріне талдау жасайды: 1. әріп
теріп оқыту әдісі; 2. буындап оқыту әдісі; 3.
дыбыстық талдау әдісі; 4.дыбыстық жинақтау әдісі;
5. дыбыстық талдау-жинақтау әдісі. Аталған
әдіс-тәсілдерге жан-жақты талдау жасай келе автор былай
дейді: «Дыбыстармен таныстыру үшін әуелі оларды сөз ішінен
бөліп, жеке дыбыстату қажет. Ал сөзді дыбысқа
бөліп, тұтас дыбыстап машықтаған балалар
алғашқы кезде сөздің жекелеген дыбыстардан
құралатынын тез меңгере қоймайды. Сондықтан
сөз ішінен жеке дыбыстарды бөлудің түрлі жолын
іздестіру қажет. Әрбір сөздің өзіндік
буындық және дыбыстық ерекшелігіне байланысты талдау жолы да
түрліше болады» [2,13]. Мысалы, дауысты дыбыстарды бір буынды
сөздерден созып айту арқылы оңай бөліп алуға
болады. Дауысты дыбыстың жеке өзі буын құрап
тұрған сөздерді теріп алып, оны буын жігіне бөлдіріп,
жеке дыбысты танытуға болады: а-ла,
о-ра, а-ра. Дауыссыз дыбыстардың бірқатарын тұйық
және бітеу буынды сөздерден оңай танытуға болады. Олар:
м, н, р, ш, т дыбыстары. Бұл дауыссыздардың да кейбіреуін
созып айту арқылы бөлдіре аламыз. Сөзді жартылай
айтқызу арқылы т
сияқты шұғыл дыбыстарды ажыраттыруға болады.
Аттың суретін көрсетіп, ат
деген сөзді хормен айтқызғанда, оқушылар айта
бастағанда сөзді аяқтатпай тоқтатып қойса,
оқушылар ат деген
сөздің соңғы т
деген дыбысын айтып үлгере алмайды. Бұдан кейін мұғалім
ат деген сөздің қай дыбысы айтылмай қалғанын
оқушылардан сұрайды. Бұлай еткенде, оқушылар ат деген сөз бен а деген дыбысты салыстыру арқылы т дыбысын өздері ажыратады [2,13].
Жеке дыбыс сөз ішінен бөлініп алынғаннан кейін, сол
дыбыстың таңбасы – әріп көрсетіледі. Қазақ
тілінде оқушылар екі әріпті танығаннан кейін-ақ
білімдерін тәжірибеде бекіту мүмкіндігі туады. Яғни екі
әріптің өзінен-ақ сөз құрай алады.
Бұл арада талдау процесі жинақтау процесіне ауысады. Мұнда
бұрын жеке дыбыстап оқып, үйренген әріптерден сөз
құрап, ол сөзді тұтас, әріптерін бір-бірінен
үзбей оқу үшін арнаулы машықтану қажет.
Түрлі әдістер арқылы біртіндеп машықтанатын болады.
М.Жұбанова: «Оқушыларды дыбыстарды бір-бірімен жымдастырып
оқуға машықтандырудың тағы бір әдісі –
созып дыбыстауға келетін дыбыстарды созып барып бір-біріне қосу»,–
дейді. Мұндайда бірінші әріпті созып оқып
тұрғанда, оқушылар оған жалғас екінші
әріпті танып үлгереді. Жинақтауға әріп санын
сөздің не алдынан, не артынан қосу жолы да жатады. Мысалы, ай
деген сөздің алдынан бірде с әрпін қойып, бірде т
әрпін, бірде м әрпін қойып, қосып оқуды талап
етсек, олар: сай, тай, май деген сөздерді кеспе әліппеден
оңай оқиды.
Кейде ұқсас буынды сөздерді құратып
оқыту да жинақтаудың бір әдісіне жатады. Мысалы:
бірнеше ашық буыннан құралған сөздерді былай
тізіп оқытуға болады:
ша –ға-ла
а-ра-ла са-па
та-ға-ла
са-ра-ла та-па т.б.
М. Жұбанова сауат ашу кезіндегі тіл дамыту жұмыстарына да
айырықша мән береді. Бұл туралы: «Оқушыларды жаңа
дыбыс және оның таңбасымен таныстырған кезде
мұғалім сабақты үнемі тіл дамытуға бағыттай отырып жүргізеді. Бұл
жұмыс «Әліппедегі» сюжетті
суреттерді көрсете отырып, әңгімелесуден басталады.
Оқушылар әңгімелесу арқылы, суреттен көргендеріне
байланысты сөйлем, әңгіме құрап үйренеді,
айтайын деген ойын сөзбен дәл жеткізуге, яғни сөйлем
ішіндегі сөздерді іріктеп таңдап пайдалануға төселеді.
Әрі жаңа дыбысқа байланысты сөз әңгіме
ішінде қайталанып келгендіктен, ол дыбысты сөз ішінен ажырата
естуге машықтанады. Әңгіме ішінде кездескен жаңа
сөздердің мағынасын түсініп меңгереді. Бірте-
бірте ол сөздердің алғашқы мағынадан басқа
да мағынада қолданылатынын
байқап, ойы мен тілі бұрынғыдан да жетіле түседі. Олай
болса, сауат ашу сабақтарын жүргізе отырып, мұғалімдер
тек бір жақты жаңа дыбысты және әріпті үйретумен
ғана шектеліп қалмай, әрбір жаңа сөздің де
мағынасын түсіндіріп, кейін ол сөздердің
оқушылардың сөздік қорына енуін қадағалауы
шарт»,– деп жазады. Шынында да, ғалымның «Әліппе»
оқулығында оқушылардың логикалық ойлауын,
түсінігін кеңейтетін суреттер, сөздер, әңгімелер,
өлең, жұмбақтар бар. Осылардың барлығын
өз мәнінде дұрыс пайдалану арқылы да
оқушылардың ойы дамиды, сөздік қоры байиды. Әдістемеші ғалымның бұл ойлары қазіргі күнде де
маңызды болып отыр.
Әдістемеші сауат ашу сабақтарында көрнекіліктің
алатын орны зор екенін көрсете келіп, оның көбіне мынадай
жағдайларда қолданылатынын айтады:
1. Ол оқушыларды сөйлету мақсатымен қолданылады.
Мұндайда сюжетті суреттерді көрсете отырып, сөз,
сөйлем, әңгіме құратады.
Құраған әңгімелерін сөйлемге, сөзге,
буынға және дыбысқа талдатады. Мұндағы
мақсат – танысуға тиісті дыбысты сөйлеу тілінен ажыраттыра
білу.
2.Тіл дыбыстарын олардың сөз ішінде беретін
ұғымдарымен ұштастыру мақсатымен заттардың
суреттері көрсетіледі.
3. Тіл дамыту мақсатымен де жекелеген заттаң суреттері немесе
сюжетті суреттер пайдаланылады.
4. Оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру,
тәрбие беру мақсатымен де сурет және басқа
көрнекіліктер қолданылады.
5. «Әліппе» кезінде суретті алфавит, кеспе әріптер, буындар,
түрлі таблицалар т.б. пайдаланылады [2,23].
Әрине, көрнекіліктерді пайдаланудың дұрыс болуы
мұғалімдердің іскерлігіне, ізденгіштігіне,
шығармашылықпен жұмыс атқара білуіне байланысты.
Қорыта айтқанда, М.Жұбанова ұсынған сауат ашу әдіс-тәсілдері
бүгінгі таңда да қолданыс үстінде және әлі
де қолданыла бермек. Осының өзі әдістемеші ғалым
идеяларының өміршеңдігін көрсетсе керек.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Жұбанова М. Әліппені оқыту. Алматы,1969
2. Жұбанова М. «Сауат ашу
методикасы мәселелері». («Бастауыш кластарда қазақ тілін
оқыту методикасы» деген кітапта. Алматы, 1987
3. Жұбанова М. «Әліппе оқулығына методикалық
нұсқау». Алматы,1987