А.ш. ғ.д. Кожабаев Ж.И.

 

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты

 

Тәлімі аймақтардағы арпа сорттарының салыстырмалы өнімі

 

Қазақстан республикасының оңтүстік-шығысындағы ылғалмен түрлі дәрежеде қамтамасыз етілген тәлімі жерлеріндегі арпаның құрғақшылыққа төзімділігі өсірілетін сорттардың морфологиялық және анатомиялық құрылымымен қатар, өсімдіктердің  тіршілік барысында  жүретін физиологиялық процестер мен егістікте қолданылатын агротехникалық тәсілдерге байланысты  өзгеріп отырады.

Дәнді ыстық ұру - арпа жапырақтарының ылғалды еріксіз пайдалануы себепті егістіктің су буландыру қасиетін күшейтіп, өсімдіктер бойындағы судың ара салмағын бұзатын тікелей жоғары температура мен шамадан тыс ауа құрғақтығының нәтижесі. Айтылған жағымсыз құбылыстың алғашқы кері әсері кез келген жағдайда ең алдымен өсімдіктердің лажсыз солуынан басталады. Сондықтан болуы керек, құрғақшылыққа төзімділік ұғымын уақытында бірқатар физиолог ғалымдар өсімдіктердің кенеттен солуға шыдамдылық қасиеті деп қарастырған.

Дәнді дақылдардың өсу және даму процесінде тиісті агротехника қолданылған егістіктегі  қуаңшылыққа  аса зиянсыз төтеп беретін қабілеті бар, сонымен бірге мұндай кездері  фотосинтетикалық қызметін аз ғана төмендететін немесе оны тез қалпына келтіріп, жоғары өнім құрайтын өсімдіктер құрғақшылыққа жақсы төзімді болып есептелінеді.

Тәлімі аймақтарда ауа температурасы көтеріліп және  оның салыстырмалы  ылғалдылығы  төмендеген кезде қоршаған ортаның  әсерінен  өсімдіктер бойында бейімделгіштік қорғаныш  реакциялары пайда  болады, яғни су ұстау күші, байланысқан су мөлшері, жасуша шырынының концентрациясы және т.с.с. жоғарылай бастайды.

 

1-кесте – Тәлімі аймақтардағы жаздық арпа сорттарының  дән өнімі, ц/га

 

Сорт

 

2000-2007 жж.

2003-2007 жж.

2005-2007 жж.

орташа

Өте қуаңшылық аймақ

Арна

9,1

9,9

-

9,5

Ақжол

-

10,9

10,4

10,6

Бәйшешек

-

-

13,5

13,5

Жан

-

-

9,8

9,8

Сусын

-

-

11,8

11,8

Жартылай қуаңшылық аймақ

Арна

22,1

20,4

21,2

21,2

Асем

19,4

16,0

16,2

17,2

Сәуле

-

19,8

-

19,8

Север 1

23,3

21,8

18,9

21,3

Туран 2

25,1

22,8

19,8

21,3

Жан

-

-

16,1

16,1

Сусын

-

-

23,6

23,6

Қуаңшылық аймақ

Ақжол

-

19,4

16,8

18,1

Жан

-

-

23,2

23,2

Одесский 100

23,2

21,2

20,5

21,6

Арна

22,0

20,8

20,0

20,9

Скарлет

-

-

22,5

22,5

Сусын

-

-

20,9

20,9

 

Атап айтқанда, зерттеу жылдары (2000-2007жж.) өте қуаңшылық аймақта арпаның 12 сорты сұрыпталып, олардың жоғары өнім түзетін бесеуі гектарына 9,5 центнерден 13,5 центнерге дейін дән құрастырды. Бұл көрсетілген өнімнің мөлшері өте жоғары болмағанымен де басқа дәнді масақты дақылдардан алынған өніммен салыстырғанда толық қанағаттандырарлық деңгейде қалыптасқан.

Жартылай қуаңшылық аймақта егілген 13 сорттың жетеуі 16,1-23,6 ц/га дән құраса, ал қуаңшылық аймақта енгізілген 15 сорттың алтауы гектарына 18,1 центнерден 23,2 центнерге дейін дән өнімін қамтамасыз етті.

Біздің пайымдауымызға қарағанда, осы келтірілген арпа дақылының тәлімі жердегі түсімі басқа дақылдарға қарағанда біршама жоғары, солай болғандықтан оның тиімділігі де дұрыс деген қорытынды жасауға болады.

Тәлімі аймақтарға бейімделген арпаның жаңа сорттарының салыстырмалы өнімділігін талдай келсек, республикамыздың оңтүстік-шығысындағы сұр топырақта ең жоғары өнім түзетін Бәйшешек, Ақжол, Арна, Север 1, Туран 2, Сусын, Жан, Одесский 100, Скарлет сорттарын өндіріске ұсынуға толық негіз бар.

Бір ескертетіні, аталған сорттардың соңғы екеуінен басқалары жергілікті селекциядан туындаған және әр жылдары сынақтан сәтті өтіп, нәтижесінде Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің ресми мемлекеттік тізбесіне енгізілген.