Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

Қазіргі қазақ әңгімесіндегі «Айна»  мотиві

 

Айна – философиялық-эстетикалық феномен. Сондай-ақ, қазіргі заманғы мәдениеттанудың, әдебиеттанудың категориясы болып табылады.

Мифологиялық таным бойынша айна екі әлем арасындағы шекара ретінде, өлімнің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылған. Ол оның сиқырына қол жеткізгендер үшін күштің қайнар көзі ретінде және кеңістіктің алдында биілк жүргізу әдісі ретінде саналады, нәтижесінде айна әдеби мәтіндерде өз көрінісін таба бастады.

М.М.Бахтиннің байқауынша, айна кейіпкердің өзін-өзі тануында ықпалын тигізеді. Бұл жерде кейіпкер автордың көмегінсіз айна арқылы өзінің ішкі әлемін және сыртқы сипатын тануға мүмкіндік алады. Бұл жағдайда М.М.Бахтиннің айнасы тұрмыс құралы ғана емес, сондай-ақ, адамның өзі сыртынан көру, өзін-өзі бағалау қызметін атқарады.

Бахтиннің пікірінше: «... функцию зеркала выполняет и постоянная мучительная рефлексия героев над своей наружностью, а для Голядкина – его двойник». [1, 39 б].

«Принцип зеркала – это выраженнный в зеркальном символе, образе, мотиве, композиции способ организации художественного мира, основанный на противопоставлении взаимоотражающихся миров, и способов восприятия их  героем, отражающем все в своем сознании». [2, 831 б].

Т.Шапайдың «Айна сарай» әңгімесінде де мистикалық қуат басым. Елес, қиял, аңсар шегіне жеткізіле әсіреленеді. Уақыт пен кеңістік сығымдалып, жинақталады. Қайдан келгенін, қашан келгенін, кім  екенін ұмыттым – осы шал  мені ертіп кеткелі қаншама ғасыр өттті... Асу-асу белдерді,  құс қанаты күйген шөлдерді бастық. Көк  теңіздер кештік, көп елдер  көрдік. Күндердің  күні белгісіз бір жазираның ортасында, күнге шағылған күміс мұнар  ішінде толқындап,  билеп  тұрған елес  бейнелі ғажайып қорған, әлде сарай – көзге шалынды» [3, 186 б].

Сана дағдарысы. Экзистенциальдық әдебиет еске түседі. Бұл айна сарай – адамның жады. Автордың классикалық проза дәстүрінен үйренгені айқын. Бальзактың «Шегірен былғары» атты романындағы шал сияқты кейіпкерді айна сарайға ертіп баратын шал да сайтан. Ес пен жад осылай таңбаланады.

«Амфитеатр толған менің бейнем» дейді кейіпкер. Ол адамның мың құбылған мінезін бедерлейді. Зенон, Шопенгауер аттары аталады. Ол сайтанмен дауласады. Бұл Гете, Фауст. Сайтан шал оған өзіңді тауып берем дейді. Сонда кейіпкер айнадан өлікті көрді.

«Қатарларды жағалап кетіп барам. Мен өзімді не түрлі ұсқында ғана көрмедім?! Мен – тоқмейіл, мен – тоңмойын, мен – тоғышар, мен – сараң, мен-қу, мен – кесірлі, мен – алаяқ, мен – алжыған, мен – кертартпа, мен – надан, мен - ...Адам сенгісіз, бірақ менің осы тұрпатты бейнелерім көп-ақ екен.» [3, 189 б].  Автор өз  танымын нанымды  жеткізу үшін, түрлі айна мотивін ұсынады. «Өлі, безбүйрек айна», «қара айналар» мен «аңғал айналар» деп  кейіпкерін өзін-өзі  тануға  ұмтылысын  бейнелейді.

Санасын құлазу меңдеген автордың танымында ақыл-ес ақыры салтанат құрады. Әңгімеде тылсым қабаттар мол. Трактат тәрізденеді. Кейіпкер атсыз, себебі ол сіз бен біз. Автор өмірдің мағынасы туралы толғанады да, мұның ұшына жетпей жаны қиналады. Қазақ прозасында мұндай сипаттағы әңгіме некен-саяқ.

Қаламгердің «Әулие» атты әңгімесін де қарастырып көрелік. Мұнда да автор өзі сүйетін айна мотивін көркемдік тәсіл етеді. Мұнда адамның өзіне, өз ішіне үңілуінің символы ретінде алынады. Кейіпкер өзін көріп былай мойындауға мәжбүр: «Кеспірі мына сықпытты кісіден өз басым аулағырақ жүрер едім». Әңгіменің өн бойында кейіпкер айнаға бірнеше мәрте қарайды. А.П.Чеховтың хамелеонындай құбылады. Әңгімеде кітапшылдық сарын белең алған, кейіпкер Абай мен Монтеньді айтады, цитата алады. Тіпті жасырын текстпен «Этнографиялық әңгіме» де (Ғ.Мүсірепов) тұр. Әріптесі, оқымысты, жаттанды апасы ғалым аталған. Ол өзінің оймақтай қол айнасына қарап, өзін солай тану арқылы дүниені таниды деп тұжырымдайды автор. «Содан бері мұның девизі – Апекем дұрыс айтады». «Этнографиялық әңгімеде» «Атекем  дұрыс айтады» деген фраза болатын. Бұл қас надандық пен ой мешеулігін бейнелейтін шығарма.

Автордың кейіпкері ішкі бір сескеніс, жеккөрініші мен  жеркенішін жеңіп, көзінен нұр, жүзінен мейірім  төгіліп, бар  ниетімен  көршісінің итінен бастап, дос-дұшпан, ағайын-туыс, таныс-жуықтың бәрінің  жүрегін иітіп, бәрінің  сүйіктісі  болып өзгереді.

«...бар ниетімен осы итті  жақсы көріп, жанынан жанап  өте берді... Өте беріп, басынан, жон арқасынан еркелете сипаған... Иттің  түсі  жылып, құйрығын бұлғап, Бұған әрі  таңырқай, әрі дос көзбен беріле қарап қалды.Қызмет істейтін мекемесіне келе сала, келесі бөлімдегі жігіттермен төс қағыстырып, бәріне бірдей құрмет, ілтипат білдіре амандасып шықты. Бірінің мақаласы шыққан – шын жүрегімен төгіле мақтап, көзін  шырадай жандырды... Екіншісінің келіншегі  босанған, үшіншісі жақында ғана көлік сатып алған – бар жанымен қуанып, егіле тұрып, елжірей тұрып құттықтады... Аналардың көңілі  босап, жыларман болды. Табысып үлгірмеген дұшпанының қызметі өскен екен – тілектестікпен небір тәтті сөздерді тамылжыта төгіп, телефон арқылы «құтты  болсын айтты...Және бір дұшпаны ауруханаға түсіп қалған екен –кешкісін арнайы барып көңілін сұрап  шықты... Анау қатты толқып, көзіне жас алды!.. Досың келсе, әрине, бұлай тебіренбейсің...» [3, 199 б].

 Әңгіме кейіпкері жұрттың бәріне жағу үшін өмір сүріп байқаса өзін жоғалтып алады. Айнада бейнесі жоқ. Бұл қоғамдағы салтанат құрған екіжүзділікті, өтірік пен дақпырт, жалған мақтауды бейнелегені. Осы әңгімедегі кейіпкер өмір сүретін әлем ғалымдар мен ақын-жазушылар, журналистер ортасы. Автор бұл ортадан тұлға іздейді. Таппайды. Тағы сана дағдарысы, тағы рухани тығырық. Әлеуметтік сарын бар. Автордың өз мезгілінде сынмен айналысып, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінен ең шоң халтурашы жазушы іздегені еріксіз еске оралады. Гротеск пен гипербола авторға сол үшін керек.

 

Әдебиеттер:

1.     Бахтин М.М. Проблемы творчества Достоевского. М., 1994. С. 39.

2.     Бахтин М. Творчество Франсуа Рабле и народная культура средневековья и Ренессанса. 2-е изд. – М., Худож. Лит., 1990. – 543 с.

3.     Шапай Т. Қазақтың жаны. Астана. Елорда.2001. -284 бет.