Э.С.Сейсенбиева

Старший преподаватель

кафедры казахской литературы

КазГосЖенПУ                    

 

Ғ.Қараш шығармасындағы дін-шариғат мәселесі

 

Ғұмар Қараш – ақын, ойшыл-философ, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген. Ерте жетім қалған Құмар Қараш туысқандарының қолында өсіп, ауыл молдасынан хат таныған. Ақын мұсылманша хат танып, кітаби ақын Шәңгерей Бөкеев арқылы орыс тілін үйренген.

Ақын «Өрнек» деген кітабында адамның әрбір істеген немесе істеуге ниет етіп жүрген ісінің негізі «ығдиқат» деген иман нәрсе болатындығын айтады. "Бұл бір ресуә ғамал болмаса едң? - деп күмәнға қалушылар бар. Билік иесі адамдардан мұның жарап-жарамауы хақында сұрап біліп, егер шариғатта дұрыс болса, біздер неге солай істемейміз деп ойға қалып, сізді соған дұрыс дәлеліменен фәтуасын беруге рақым етер деп бұл өтініш сәлемімді жолдадым". Иманның негізінде ізгі ғамал (іс) болып табылады ізгі іс дегеніміз жақсы істі жақсы болуы үшін  істеу керек. Атақ үшін, мақтан үшін, істелген іс немесе екі рахат намаз үшін мәңгілік сауап күту – ғибадаттың рухын жолтын бір әдепсіздік деп таныды. Алланың көрсеткен жолымен жүрмесе халық ұлт ретінде жойылатындығын баяндады.

Сол қоғам тұрғысынан қазақ даласында патша үкіметі сайлаған молдалар тарапынан сопылар саудагерлер қаптап келе бастады. Бірі халыққа ислам дінінің қағидаларын түсіндірсе, екіншілері халықтың діннен хабарының аз екенін пайдаланып, жалған діни- ғұрыптарды орындау арқылы, өздерінің тұрмыс – жағдайын  түзеп отыруға тырысқан алаяқтар көптеп кездесті. Осындай келеңсіздіктердің бой көрсетіп тұрғанын ақын қинала да қынжыла айтады.

Ғұмар Қараштың дүниетанымынан сопылықтың алатын орнына келетін болсақ, оның негізгі арнасын қамтитын сопылық бағыттың екі жолын бөліп қарастырғанын атап өтуге болады. Шын сопының, халыққа берер пайдасының мол екеніне ақын еш күмән келтірмейді. Ақын дүниетанымында шын сопылар үшін дүние, ғұмыр мәнсіз емес ақиқат болып келетіндігін баяндайды. Оған ақынның мына өлең жолдары дәлел болады:

"Ождан" деген көңілдің

Төресіне айтады.

Ождан түбі Алланың

Бұйрығына қайтады.

Ғамал етсе кім де кім

Шыны ождан бойынша

Ешбір уақыт ол адам

Бұйрығынан Алланың

Адаспаса керек-ті.

Осы ғана адамның

Ақылы тауып жеткені,

Ақылдылар халыққа

Ашып баян еткені.

Мұнан ары озуға

Адамның тайы келмес-ті

Тайы келмес нәрсеге

Хәлін біліп адамзат

Қатыспауы керек-ті.

Ойшыл Ғұмар ислам дінін дұрыс түсіндіре алмай жүрген, әрі ескіліктің шырмауында електенген оқу, ғылым білімінен және дүниелік ғылымдардың хабары жоқ сопылардың, шейхтардың халықты дұрыс емес жолға салып отырғанына «еттен бұрын тұз шіріп», "бастан ауған халық біз» деп ызаланады. Шын сопылық халыққа берер пайдасы мол екенін «өзін таныған жаратушыны да таныр» деген қағидасы сопылық пен үйлесетіндігін, байқауға болады, бірақ басы бүтін сопылық бағытпен келісе бермейді. «Бұл дүние себеп, талап дүниесі, тек жүрген себеп ептей болар харап» деуіне қарағанда ойшыл әр нәрсенің себебін ізденуші әрә бағыт сілтеуші екенін аңғарамыз. Сондықтанда ол бұл дүниеде харекет ету, тырбану керек екенін алдыға таратады.

 Ғұмар Алланы ғылым арқылы тануға ұмтылған ойшыл, яғни исламдағы ғылыми ғақли бағытын ұстанған. Алланы тану ислам діні бойынша пайғамбар арқылы тану болмақ екені белгілі. Ол Алла мен адам арасын жалғастырушы күш махаббат деп білген. Оны "Махаббат" өлеңінен байқауға болады:

Махаббаттың ұрығы,

Болса көңілің ішінде,

Адамшылық жемісі

Өсер көктеп ісіңде.

 

Махаббатсыз есіліп,

Жүрегіңе қонбайды.

Жолдас етіп шешіліп,

Не жарисың мұндайды.  (27, 147 б)

Ақын бұл өлең жолдарында Алланың ақ жолына түскен адам адамшылықтан шықпайтындығына меғзейді. Ғұмар Қараш махаббатты адам басындағы нашар қылықтардан арылатын күш екеніне сенген. Алла шындық деп ұққан, ал осы шындықты халыққа жеткізуші пайғамбардың тұлғалық болмысындағы даралықты, даналықты жоққа шығармайды.     

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.     Қараш Ғ. Замана. А., Ғылым, 1994ж., 240 бет

2.     Тәжімұратов М. Ғұмар Қараштың ақындығы. Диссер.фил.ғ.к., А.,1993, 148 бет.

3.     Таирова Б.Л. Ғұмар Қараштың философиялық көзқарасы. Философ. ғыл.канд. А.,2007ж., 125 бет.

4.     Кенжалиев И. Ғұмар Қарашұлы туралы кейбір тың мәліметтер. Ақиқат, 1995ж., №4, 7 бет