Қазақ мемлекеттік
қыздар педагогикалық
университеті
Филология ғылымдарының кандитаты, доцент м.а.
Б.С.Бегманова
Қазақ
қазақ поэзиясындағы философиялық ой-түйіндер
Мұқағали
Мақатаевтың кез-келген өлеңін алып
оқысаңыз, одан ақын өмірін көргендей әсерде
боласыз. Әр жыр жолдарында елін сүйген ақынның
сүйініші, қуанышы, мұң-шері, қайғысы,
көңіл-күй сезімі астасып жатады. «Шынымен еткен еңбек
еш кете ме, ұрланып есіл өмір босқа өте ме?» жолдарынан
ақын жанының күйінішін көрсеңіз, «Жамылып
сағыныштың зар шекпенін, сарғайып сенің үшін зар
шеккемін» тармақтары сарғайған сағынышын
көрсетеді. Сағынышты шекпенге теңейді, жай ғана шекпен
емес, «зар шекпен» деп үдемелете жырлайды. Бір ғана «зар»
сөзі өлең жолында сағыныштың мағынасын
тереңдете көрсетіп тұр. Өлең
тармақтарының соңын «зар шекпенін, зар шеккенін»
тіркестерімен ұйқас ырғағын әдемі
байланыстырған. Ал келесі «Кең дүние, төсіңді аш,
мен келемін, Алынбаған ақым бар сенде менің»
тармақтарынан ақынның кең даладай ерке мінезін байқайсыз. Әр адам
баласының дүниеге келгеннен кейін өмірден алатын өз
сыбағасы бар. Ақын сол тағдыр тартқан сыйды жырлап
отыр. Сол еншімнен кенде етпе, менде сенің «жас талыңдай
жауқазын бүршік едім» дейді. Өлең жолдарындағы
ақын теңеулері де сәтті. «Бұйрат құмдар –
бұйығып шөлдегенім, бура бұлттар – бусанып терлегенім».
Мұндай ерекшелік өмірге ғашық ақынға
ғана тән, ақынға
ғана бітетін мінез. Өмірдің бұйрат
құмдарына шөлдеп, бура бұлттарымен бусанып терлейді.
Терлегенде де ағыл-тегіл сел болып ағады, жаңбыр болып
жауады. Өмірге деген шөлін ақын осылай басады. Өлең
жолдарындағы ақын теңеулері де ерекше. Өмірге
үлкен үмітпен, асқақ арманмен қарайтын ақын
көзқарасы да ғажайып теңеулермен ерекшеленіп, жыр
мағынасын аша түседі. «Күміс жалды күн дейтін
көлікпенен, көріп келем өмірді, көріп келем».
Тіршілікте «Күміс жалды күн дейтін көлікпенен» өтуі де
ерекше. Ақын жай ғана күнделікті күйбең тіршіліктің
мағынасын әсерлеп жал сөзін күміске теңеп, мағынасын арттыра
түседі. Күннің күміс жалынан ұстаған ақын: «Кездеседі кей-кейде босаң
қайғы», «Кеспек болып алдымды шошаңдайды» деп өмірдің
бұралаң соқпақтарында кездесетін
қиыншылықтарды жырлап отыр. Өмірдің өзі бір
қуаныш, бір үміт, бір өкініштен құралмай ма?
Ақын жырлап отырған «босаң қайғы»
өмірдің «сыйға тартқан» бір өкініші. Сол
«әттең-ай» дейтін өкініш адамның осал мінезі. Алайда,
ақын ондай осалдыққа мойымастан «Жүгірмей, желмей,
жортпай, жорғаламай, өрмелеп шығып келем жонға
қарай» дейді. Бұл жолдардан да ақын мінезін байқайсыз.
Аласұрып, аптығып, асығып, бермегенді тартып алу ақын
мінезінде жоқ. Жай ғана күнделікті тіршілікте кездесетін
қарапайым қимыл-әрекетті күрделі өмірдің
көрінісіне айналдырып жырлап отыр. Ақын келесі жырында:
Аулақ,
аулақ,
Аулақ
менің жанымнан!
Қара уайым
қара шәлі жамылған.
Жазбын әлі
гүлім жаңа жарылған,
Бұлбұлымды ұшырағам жоқ
бағымнан
деп жырлайды.
Бұл
шумақтағы теңеулер де ақын ойымен астасып, кірігіп,
өлең мағынасын аша түскен. «Қара уайым қара
шәлі жамылған» тармағында тағдырдың ауыр
белестері бейнеленеді. Ақын бұл көріністі «қара»
сөзімен сабақтастыра бейнелейді. Қазақ
ұғымында «қара» сөзі қасіреттің,
қайғының белгісі. Ақын өлең жолдарында
«Қара шәлі жамылған» деп қара қайғыны
суреттейді. «Жазбын әлі гүлім жаңа жарылған» жолдарынан
жастық шақтың бейнесін көреміз. Адам баласының
жастық шағындағы өмірі, жасыл желекке бөленген,
алуан түсті гүлдерге толы жадыраған жаздың әсем
күндеріндей болмай ма? Ақын осы көріністі жыр жолдарына
арқау еткен. «Бұлбұлымды ұшырғам жоқ
бағымнан» тармағында да терең ой жатыр. Жалын атқан
жастық шақтағы атқарар ісің, алар
қамалың, алдыңа қойған мақсатың,
қиялдаған арманың
бағыңнан бұлбұл құсындай ұшып,
қиядан көрініп жатса – мақсатыңның
орындалғаны. Ақын мақсаты осы. «Қара шәлі жамылған»
қара уайымды жанынан қуып, қиялындағы арманына жету
үшін бағындағы бұлбұлын әлі баптау
үстінде. Сондықтан да «Бұлбұлымды ұшырғам
жоқ бағымнан» дейді. Ақынның бұлбұлы –
көкірегіндегі арманы, жайқалған бағы – жастық
шағы. Ақын теңеулері өте сәтті шыққан
теңеулер. Сөздерді қарапайым қалыптан гөрі
өзгеше ораммен үйлестіре білген. Бұл өлең
жолдарына өзгеше леп, жаңа ұғым беріп тұр.
Жалпы
қазақ халқында қара түс жаман ұғыммен
қалыптасқан. Осы ұғымды жанына түйіп өскен
ақын, адам жанының
қайғы-шерін ашып көрсетуде жырларына қара
түсті қолданған.
Алайда,
қара бояудың да өзіндік бейнесін ақын:
Қап-қара
ғажап сиқырлы
Қашпаңдар қара бояудан!
деп көрсетеді.
М.
Мақатаевтың поэзиядағы алдына қойған
мақсаты – шындық, адалдық, сезім, ой, сенім. Осы
қасиеттерді ақын бүкіл шығармаларына өзек етті.
Қай жырын оқысаңыз да, өлеңдерінің өн
бойынан осы қасиеттердің исі аңқып тұрады.
Адалдықпен арын таза ұстап, шындықты пір тұтып,
өлеңге терең ой мен ыстық ықыласты дарытып,
сезіммен көріктендіре жырлайды. Оқырман ақынның
бұл қасиеттерін бағалады. Себебі ақын, адам
бойындағы әрбір қасиетті өз бойындағы
қасиеттей көріп, оны жыр жолдарына айналдыра біледі.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1.
Дәуітов
С. Көңіл сазы. – Алматы: Жазушы, 1989. – 176 б.
2. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977. – 300 б.
3.
Мақатаев М. Жырлайды жүрек. – Алматы: Жазушы, 1989. – 493 б.
4. Мақатаев М. Қарасаздан ұшқан қарлығаш. – Алматы: Жалын, 1999. – 220 б.