Г.Ж.Пірәлиева,М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты,ф.ғ.д,профессор.Қазақстан Республикасы

          

Ұлт тағдыры-зар заман поэзиясында

 

Ұлы жазушы,әдебиетші,ғалым Мұхтар Әуезовтің ұлттық әдебиеттану ғылымына ендірген «зар заман »тақырыбы кешегі кеңестік кезеңде де,бүгінгі тәуелсіздік тұсында да әр түрлі мазмұнда,түрлі қисынды ғылыми деңгейде зерттеліп келеді.Әдебиет тарихының ақтаңдақ беттерін зерттеуге  бүгінгі тәуелсіздік талаптарына сай жаңаша көзқарастағы тың ізденіспен талпыныс жасаған филология ғылымдарының докторы,профессор Бауыржан Омарұлының “Зар заман поэзиясы. Генезис, типология, поэтика”[1] атты зерттеуінде  зар заман ақындарының шығармашылықтары сол кезеңдегі әлеуметтік-қоғамдық құбылыстарымен, ұлттың мақсат-мұратымен байланыстырыла талданады. Қазақ әдебиетіндегі «зар заман» ағымының бастау көздері, даму арналары мен олардың өзге халықтар поэзиясынан ұқсастық табуы, әр ұлт ақындарының отаршылдыққа қарсы көзқарас бірлігі жөнінде жаңаша байыптамалар жасалған зерттеуде  ұлт азаттық идея мәселесі алдыңғы орынға қойылған. Елдің мұңын, халықтың қайғысын ойлап, ұлтын ұлықтап, жұртының жоғын жоқтаған арыстардың жәдігерлік дүниелері бүгінгі тәуелсіз сана сүзгісінен қайта сүзіліп, тәуелсіздік тақырыбы тарқатыла талданады. Атынан заты танылып тұрғандай зар заман ақындарының шығармаларында құлашты кеңге жаздырмаған құрсаулы жүйенің жөнсіздігі, отарлау дәуірінің ойраны мен ащы ақиқаттары сөз өнері өрісінде өзіндік өрнегін салып,тарихи шындықтың шынайы бет-пердесі  ашылады . Бұл жөнінде М.Әуезов: “Бұл дәуірдің әдебиеті сол кездегі жұмбақ күнге жеткен елдің алдында тұрған құздан, алдында тұрған қайғылы күнінен қорқып, қобалжып тұрып, ыңыранып, күрсінген күйін білдіреді. Не болса да артқа қайтар күн жоқ, Өлімге кетсе де алға кететін болған соң артқы бостандық, бірлік күніне қоштасқан мезгілі” – деп  уақытша болса да сары уайымға салдырып,елдің ертеңге деген үмітін үзе жаздаған тоқырау сарынының жүйкеге түскен салмағын сипаттайды.

Қазақ әдебиетіндегі ұлттық идея, тәуелсіз сана ұғымын дәл айшықтамаса да азаттықты аңсап,  ел мүддесін ойлаған отты жырлары арқылы ұлттық ойлау жүйемізге енген “Зар заман ақындары” деген атауды (  М.Әуезов)  кезінде алаш ардақтыларынң бірі  Халел Досмұхамедовте  қуаттаған.Бұл атаудың әдеби ұғымға айналуына  ақындар шығармашылығы себепкер болғаны да ақиқат. Ал олардан бұрын Ы.Алтынсарин өзінің досы, әріптесі Мелиоранскийдің кейбір шовинистік көзқарастары мен біздің ұлт туралы оғаш ойларына келіспеген мақалаларында осы зар заман ақындарының табиғатын ашып берерлік ғылыми-танымдық тұспалдар жасағаны мәлім. Міне осы жайлардың тарихи тағлымдарына тереңдеп барып,тыңғылықты ізденген Бауыржан Омаров өз тақырыбы төңірегіндегі шығармашылық мәліметтер мен ғылыми-теориялық қисындарды жоғары зерттеушілік талғаммен таразылай отырып,  байыптап, жүйелеген. Бұл жұмыста зар заман поэзиясындағы басты тақырып - ұлттық мүдде, ұлттық идея мәселесі өзектілік танытады. Зар заман ақындарының шығармаларына ортақ желі болған ұлттық идея ,ел тәуелсіздігін аңсау т.б сияқты тақырыптар орыс империясының кіші ұлттарға жасап отырған отаршылдық саясатына қарсылықтан туған-ды. Қазақ санасына  жарықшақ түсе бастағанын ең алдымен сезінетін, оларға атойлап қарсы шығатын  ақындардың отаршылдыққа қарсылықтары заман зарына айналды.

Тәуелсіздікке дейін зар заман ақындарының шығармашылықтары бір жақты интернационалистік қағидаларға негізделген көп ұлтты мемлекеттің саяси бағыт-бағдарына сәйкес келмегендіктен “зарлауық”, “сары уайымға салушылық”, “өткенді аңсаушылық” т.б. сынды сыңаржақ ұғымдарға телініп, жете зерттелінбей келді. Ұлттық мүддені қозғаған асыл мұраларымыз әдебиеттің ақтаңдақтар беттеріне айналып,санадан сызыла да жаздаған. Алайда,халқының рухани мұрасын келешекке мұртын бұзбай сол мән-мағынасымен жеткізуге тырысқан ұлт зиялылары,әсіресе әдебиетшілер сол кезеңнің саясатына сай сынау тәсілін де тиімді пайдаланып,қалайда біржола жоғалтып жібермеудің амалдарын істеп баққаны да белгілі.Қазақтың небір жыр жауһарлары мен сөз маржандары сол сынаудың, арқасында аман қалып,тәуелсіздік алғалы бері өз жұртымен қайта сол қалпында қауышып жатыр.Бұған да тәубешілік деген дұрыс шығар?!.

 Көркем шығарма өзін туындатқан заманмен тікелей байланысты екендігін ескерсек, зар заман өкілдерінің жырлары да сол кезеңнің көркем шежіресін жасады. Отаршылдыққа наразылық сарыны кейін ұлт қамын ойлаған ақындар шығармашылығына айналып, ұлттық рухты оятып, күрескерлік сананың қалыптасуына жол ашты. Бұл жөнінде зерттеуші: “Өз дәуірінің мәдени құндылықтарын жаңа дәуірге жеткізген “зар заманшылар” ұлттың бір сападан екінші сапаға өтуі, ауыз әдебиетінің жазбаға көшуі аралығындағы дәнекерлік ролін атқарды”, – дейді.

       Ұлт болған жерде оның ұлттық мүддесі,ұлттық идеологиясы басты мұрат тұтылатыны,ал олардың бәрі де ұлттық рухани құндылықтар негізінде жасалатыны да белгілі. Әрбір әдеби мұра сол ұлттық мүдде мақсатында дүниеге келетіні де табиғи заңдылық. Олай болса, зар заман ақындарының  осы ұлт мүддесі, еркіндікті аңсаған ел мұраты, сол заманда көрініс тапқан қоғамдық қайшылықтар, өмірге, санаға сыналап еніп жатқан бөгде өмір сөз жоқ ақындардың жүрегіне салмақ салып,сөз өнеріне жүгінуге, іштегі шерді шығаруға себеп болған. Шортанбайдың: “...Заманақыр болғанда, алуан-алуан жан шықты, Қайыры жоқ бай шықты, самауыр мен шай шықты. Сауып ішер сүті жоқ, ақша деген мал шықты” деген зары оған дейін де Дулаттың өлеңдеріне де өзек болғаны белгілі. Мәселен, 1880 жылы Қазанда “Өсиетнама” деген атпен басылған шығармалар жинағында қазақ тұрмысына жат құбылыстарға, көшпенді өмірдің салт-дәстүрінің отаршылдық дәуірде бүлініп жатқанына қарсылық білдіру т.б. сарындары анық аңғарылады. М.Мағауин бұл турасында тура сөзін айтады: “Зар заман” – әрі ғылыми, әрі дәл мағыналы анықтама, десе де, жетіспей тұрған жері – бұл тұрғыдағы ақындар заманның зарын ғана емес, халықтың қарсылығын да әйгілеген, егер ХІХ ғасыр шегінен шығып, 1917 жылғы Орыс төңкерісіне дейін созылсақ, қарсылық сарын күшейе түседі, ұлттық сана ұлттық бағдарға ойысады... “Зар заман” бар, жөн, бірақ ол қарсылық поэзиясының бір кезеңі ғана. Шортанбай, Мұраттарға қатысты анықтама”(М.Мағауин.Мен.//Жұлдыз.1994.№10-12).

Ал, бұл ойды ары қарай ғылыми тұрғыда жалғастырған М.Мырзахметов ол ақындарға ортақ мақсат – ұлт мүддесі, соның жарқын келешегі деген ойларды алға тартады: “Қазақ елінің рухани құлдық қамытын киіп, отаршылдық қысымға ұшыраудан құтылуға ұмтылуы - осы кезеңдегі қазақ поэзиясының өзекті сарынын тудырмай тұра алмады. Өткен замандағы Асан Қайғы, Бұқар, Махамбет, Дулат, Шортанбай, Мұрат, бергіде Абай бастаған жаңа әулет өкілдері, кітаби ақындар туындыларындағы отаршылдыққа іштей қарсылықтан туған ортақ сарынды сезінеміз”. (Мырзахметов М.Отаршылдық дәуірдегі әдебиет.//Жұлдыз,1993,№7).

Бауыржан Омарұлы “Зар заман ағымының туу, қалыптасу кезеңдері, даму арналары (генезис)” деген екінші тарауында зар заман ақындары жырлаған ел тәуелсіздігінің тамырын ежелгі түрік заманындағы әдеби мұралардан іздейді. Орхон ескерткіштері мен М.Қашқаридың “Диуани лұғат ат-түрік” жинағындағы:

                    «...Өзгерді заман күймелі,

Парасатты ой сиреді.

Естіні есікке сүйреді,

Білімсіз зұлым басшы боп”..», –/Қашқари Махмуд .Түбі бір түркі тілі.Алматы.Ана тілі.1993.-192б.74 б/

деген өлең жолдарындағы зар заман жырларына ұқсас үлгілерді кездестіруге болатынын басқа бірнеше үлгілер келтіре отырып,нақтылайды. Бәйіттерде айтылатын заманды бұзатын, сорақылыққа бастайтын нәрсе адам қолынан жасалатын жамандықтар жайлы сөз қозғалады. Сондай-ақ ежелгі дәуір әдебиетінің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауидің шығармаларында ақырзаман сарындары кездесетінін көркем мәтіндегі мысалдармен көрсетеді,ғалым. Мәселен:             “...Достарым, ақыр заман жуық келді.

Тарса, жөт, дінсіз кәпір елге толды.

Білдім енді бұл дүниенің ақыры болды.

Келіңдер, достар, аллаға құлшылық етіп көріңдер”, –/Ежелгі дәуір әдебиеті.Хрестоматиялық оқу құралы.Алматы.Ана тілі.1991.-280б.168 б/ деп құлшылық ету арқылы құлдықтан арылудың жолын іздейтінін көрсетеді. Сол арқылы ақырзаманның , яғни жер бетінде бүкіл тіршіліктің тоқтауы - эсхатологияның (аяқталу, құрып біту туралы ілім) алдын алу үшін рухани азаттық алып, келешегімізді көксеуіміз, заманымызды түзеуіміз керек деген идеяны ұстанады.Және әр елдің ғасырлар бойы жасалған бай салт-дәстүрі,өзінің төл тарихы мен танымын танытатын әдебиеті мен мәдениеті рухани  тәуелсіз болуы тиіс. Өйткені, ұлттық сипатсыз, дәстүрсіз әдебиеттің болуы мүмкін емес. Осыны ескерген зерттеуші зар заман поэзиясын ұлт мүддесімен байланыстыра қарастырады: “Отаршылдық дәуірдегі ұлттың қам-қарекеті, мінез-құлқы зар заман өлеңдерінде трагедиялық ахуал ыңғайында көрінді. Бұл шығармаларда қасірет шеккен, қайғы жамылған, кеудесін ыза кернеген, кек қысқан қазақтың алуан түрлі образы жасалды. Осы сәтте бүкіл “зар заманды” тығырыққа тіреген “қазақ енді не істеу керек?” – деген сауал ұлт келешегіне сеніммен қараған ақындар поэзиясының қозғаушы күші болды”. /129 б/.

 Өлеңдерінен зар заман рухы сезілетін, бірақ алдыңғы ақындардай шарасыздыққа берілмей, қазақ ұлтын заманның зауалынан құтқаруға үндеген, қайғы-мұңға толы өлеңдерге күрескерлік сана дарытқан, тығырықтан шығудың жолын көрсеткен ақындардың шығармашылығы зерттеушінің негізгі нысанын құрайды. Осы мақсатты көздеген ғалым Ш.Бөкеевтің, М.Мөңкеұлының, Ғ.Қараштың, А.Асанның т.б. бірнеше ақын шығармаларын талдап, олардағы ұлт мүддеге қатысты өлең жолдарына ғылыми-теориялық талдау жасайды. Шортанбай жырларындағы «шарасыздық» ұғымы кейінгі ақындарда жаңаша сипат алып, қоғамның дертін енді қалай жоюға болады деген күрделі сауал төңірегіне топтастырылады. Мысалы, Ғ.Қараштың зар заман зарын ағартушылыққа ұластырғанын мына өлең жолдары арқылы айқындайды:

                             “Ұйқы қанды, тұралық,

Тұрып кеңес құралық....

...Заманның бұ бір кезінде,

Өнер, ғылым құралы

Тиіс еді емес пе,

Қара қазақ ұлына.» /Қараш Ғұмар.Замана.Алматы.Ғылым, 1994.-240 б.85 б/. Осы сарында жазыла бастаған ақындар өлеңдері өмір мен бірге заманның жақсысы мен жаңалығын алуды алға тартады. Жаңалыққа ұмтылыс, рухани ояну үрдіс алады.

Зерттеуші осы орайдағы ойын былай қорытады: “Зар заман ағымы жоғалды, бірақ зар заман поэзиясы баға жетпес асыл қазынамызға айналды. Бұл өлең-толғаулар біздің заманымызға құнын түсірмеген, бағасы төмендемеген күйінде жетті. Зар заман поэзиясы бүгінгі күнгі құбылыстардың қыр-сырын ашып көрсеткендігімен де ерекшеленеді” /137 б/.

Дәуірлік маңызы бар дүрбелең, атышулы оқиғалар өнерден көрініс таппай тұра алмасы хақ. Бұл ойды ұлы Абай былай нақтылап береді:

                            «...Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек,

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек...» /А.Құнанбаев.Екі томдық шығармалар жинағы.Алматы.Жазушы,1986.-304.1-том/.,

    Абай айтқандай, әр заманның өз зары, өз тақырыбы бар, алайда оларды ортақтастыратын бір-ақ мұрат бар, ол-ұлттық мүдде, ұлттық идеология мәселелері.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Бауыржан Омарұлының “Зар заман поэзиясы. Генезис, типология, поэтика” Алматы, Білім, 2000. – 368 б.

2.М.Мағауин.Мен.//Жұлдыз.1994.№10-12

3.Мырзахметов М.Отаршылдық дәуірдегі әдебиет.//Жұлдыз,1993,№7

4.Қашқари Махмуд .Түбі бір түркі тілі.Алматы.Ана тілі.1993.-192б.74 б

5.Ежелгі дәуір әдебиеті.Хрестоматиялық оқу құралы.Алматы.Ана тілі.1991.-280б.168

6.Қараш Ғұмар.Замана.Алматы.Ғылым, 1994.-240 б.85 б

7.А.Құнанбаев.Екі томдық шығармалар жинағы.Алматы.Жазушы,1986.-304.1-том



[1] Бауыржан Омарұлының “Зар заман поэзиясы. Генезис, типология, поэтика” Алматы, Білім, 2000. – 368 б.