Г.Ж.Пірәлиева, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,ф.ғ.д.,профессор

 

 

Өз тарихын өзіне бер халықтың!..

 

       «...Болдық әбден шындықты да жырмалап,

Ойдағыны бойдағыға жүр балап,

Есімімді қате жазсаң жаза ғой,

Тарихымды жазба бірақ бұрмалап!

Қанша жүрдік артын күтіп әліптің,

Сырын неге жасырамыз алыптың?!

Жаман болса жаман болсын қиналмай

Өз тарихын өзіне бер халықтың! »,-деп қазақтың Қадыры атанған Мырзалиевтің жазғанындай шыны керек күні кешеге дейін тарихымыздың бәрі бұрмаланып ,кеңестік дәуірдің саяси талабына сай сөйлеп келді емес пе?.Талай ғасырлар қойнауына кететін тамыры терең тарихымыз бола тұра «иә,кеше кеңестік кезеңде ғана көзіміз ашылып, өркениетке ие болдық» деп құлдық психологияға бас ұрдық. Ақынның жоғарыдағы өлең жолдары сол кезеңнің саяси қитұрқы әрекеттерінің сырын ашады.Тәуелсіздікке жетпеген,ой мен сөз еркіндігіне ие болмаған сол советтік кезеңде өзіміздің  төл тарихымыздың тамыры тереңде екендігін, түркі халықтарына ортақ рухани жәдігерлеріміздің, жазба мұраларымыздың көршілес елдердің мұрағаттарында жатқандығын екінің бірі біле бермейтін. Қазақ әдебиеті тарихында бірнеше ғасырды қамтитын көне әдеби мұраның зерттелуіне бағыт сілтеген алғашқы ғалымдардың бірі- көрнекті ұстаз  Бейсенбай Кенжебаев  болатын. «Әрбір ұлт өзінің халқы үшін Ұлы» (Ш.Айтматов) екендігін ескерген ұлтжанды ғалым  қазақ әдебиеттану ғылымына  «Ежелгі әдебиет»деген әдеби ұғым енгізіп,осы атпен арнаулы курс ашып, дәріс жүргізеді. Өз айналасына білімге деген ерекше құлшынысы бар , өз ойларын еркін айта білетін,өзіндік ғылыми ұстанымдары бар  шәкірттерді жинап, ежелгі дәуір әдебиетін зерттеуге баулиды. Сол кездері  ежелгі әдебиет ескерткіштерінің бастапқы кезеңдерін,яғни ҮІІ ғасырдағы әдеби мұраларды арнайы зерттеп,ғылымға енгізген Мырзатай Жолдасбеков болатын.

Белгілі ғалым,филология ғылымдарының докторы,профессор Мырзатай Жолдасбековтің  1990 жылы Алматы,»Жазушы» баспасынан 347 беттік көлемде жарық көрген «Асыл арналар» атты ғылыми,әдеби мақалалар жинағының алғашқы тарауы «Ежелгі әдебиет» деп аталады.Мұнда «Қазақ әдебиетінің түп-төркіні жайында»,»Орхон ескерткіштері (ҮІІ-ҮШ ғ.ғ), «Орхон ескерткіштері туған дәуір,ондағы тарихи шындық»,»Орхон ескерткіштерінің тексті», »Орхон ескерткіштерінің жанрлық сипаты» және «Қорқыт (ҮШ ғ)», »Оғыз нама (ІХғ)» туралы жеке мақалалар топтастырылған.

        Ежелгі әдеби жазбаларды бүгінгі қазақ тіліне аударып,ғылыми айналымға ендірген ғалым оның эпикалық жыр-дастандарға ұқсастығын,өлең сөзбен қара сөздің араласып келіп,белгілі бір тақырып,оқиға айналасына құрылған көркемдік тұтастыққа ие шығарма екендігін дәлелдейді.Тасқа қашалып жазылғанмен онда да ой ,образ,бейнелі тіл,нақышты сурет бар екендігіне көңіл бөледі.Әсіресе батырлар жырындағы  ұлттық сезімдер,отанды қорғау,халық үшін құрбан болу т.б сияқты ұлы сезімдердің ежелгі әдебиет нұсқаларында тіпті құнарлы екендігіне зерттеуші көркем мәтіндер  арқылы көз жеткізе түседі.

Осы орайда ғалым қазақ халқының басынан кешкен қоғамдық формацияларға зер салып,  әрбір дәуірдің өзі тудырған мәдениет,әдебиет үлгілеріне үңіледі. Әлемдік ғылым өркениет шарттарына төл жазуы мен қала салу өнерін жатқызатынын ескерсек, зерттеуші ҮІІ ғасырда дүниеге келген Түркі қағанаты кезеңінен бергі тарихты қысқаша шолып , ежелгі жазбаларда, әдеби ескерткіштерде бұл дәуірдің ірі мәдениет ошағы,ғылым ордасы ретінде Қазақстанның Отырар (Фараб), Тараз Исфиджаб (Сайрам), Сүткент, Сығанақ, Сауран, Баршынкент, Янкигент, Алмалық, Қойлық, Екіөгіз, Ілебалық, Ясы, Баласағұн, Меркі, Құлан тағы басқа қалаларының аталуын мақтанышпен мәлімдейді.ХІ ғасырда әлемнің белді тіліне айналған түрік тілінің төл грамматикасын негіздеген Махмуд Қашқаридың «Түрік сөздігі»(«Диуани лұғат ат-турк»), Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» («Құдадғұ білік») т.б  еңбектерінің болғанына және ҮІІ-ІХ ғасырларда шеберлік,сәулет өнерлері кең өріс алғанын дәлелдейтін ғаламат ескерткіштердің ішінен Айша-бибі, Қожа Ахмет Яссауи мазар-мавзолейінің архитектуралық шешімімен, әсем ою-өрнектерімен тамсандырып,таңғалдыратынына тоқталады.Өзге жұртта кездеспейтін ,түрік әлеміне ғана тән бұл төлтума өнер-біздің бабаларымыздың тіршілігінен түсінік беретін көркем шежіренің бірі. Ежелгі дәуір жазбалары мен жер қойнауынан табылған небір     археологиялық қазба жұмыстары арқылы табылған көне жәдігерлердің дені осы түркі жұртына қатысты екендігін, соны біле отыра орталықтағы ғалымдардың бұра тартып,бұратана халыққа қиғысы келмегенін біліп,тек тарихи мәліметтерді мәдениетті түрде   нақты ғылыми деректермен береді. Алайда, зерттеуші Византия елшісі Земархтың жазып қалдырған құнды деректеріне сүйене отырып, әлемге мойындалған «Түрік өркениеті» болғанын,сол кездің өзінде-ақ кәсіби шеберлердің, зергерлердің тас оюшылардың болғандығын,олардың өнерлерінің    тым биікте,қазіргі  жан-жақты білімді архитекторлардың ойына кіріп шықпайтын шеберлікпен соғылған сәулетті ғимараттардың құпиясын әлі таба алмай жүргендігін сөз етеді. Мыңдаған ғасырлар бойы не табиғаттың құбылысына,не бір қоғамдағы түрлі алапат соғыстар кезінде де өзінің негізгі құрылысын сақтап қалған  тарихи мұралар көшпенділер өркениетінің биік болғандығын дәлелдесе керек.Ал,олардың бәрінің өзегінде ел шежіресіндегі аңыз-әңгімелердің, көмескі тартқан кешегінің жақсы жәдігерлерінің жатқандығы мәлім.

Осындай аңыз-әңгімелердің негізінде дамыған ҮІІ-ІХ ғасырлардағы халық ауыз әдебиетінің - өлеңдер, ертегілер, аңыз мен әңгімелер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар т.б сынды жанрларында көрінген көркем дүниелер түркі халықтарына ортақ рухани дүниелердің даму үрдісінен хабар береді.

Көрнекті ғалым,ұлтжанды азамат  Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен жүйелі түрде жүргізілген ежелгі әдебиеттің зерттелуі  біздің руханиятымызға қосылған құнды еңбектер ғана емес,солар арқылы арғы тарихымыздағы төрткүл дүниені билеген ұлы түркі халықтарының ұлттық құндылықтарына мақтанар ұрпақ қалыптастыруға да өз үлесін қосты. Және түгелдей бір дәуір әдебиет әлеміне енді. Атап айтсақ, Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны», Алма Қыраубаеваның «Ғасырлар мұрасы» , Немат Келімбетовтің «Ежелгі әдебиеті», Мырзатай Жолдасбековтің «Асыл арналары» және бірнеше тілші ғалымдардың көне жазбалар мен ескі қыпшақ,түркі жазулары жөніндегі іргелі зерттеулері өмірге келіп,  түркі өркениеті деген ғылыми түсінік қалыптастырып, біздің төл тарихымыз,рухани құндылықтарымыз жайлы ғылыми ақпаратты таратып,әлемді мойындатты. Бұл әрине, біздің халқымыз үшін , әсіресе ұлттық ғылымның ғылыми дәрежесін көрсететін үлкен жетістік болды.

Ал,мұндай ғылыми мәлімдемелерді кезінде шет елдің саяхатшылары мен ғалымдары да жасап , « Орта Азия халықтары әдебиетінің тарихын солардың бәріне ортақ ертедегі жазу-сызулардан бастау керек», деген тұжырымдар ұсынған-ды. Осы орайдағы ғылыми ізденістерін жүйелей келе зерттеуші тым ерте кездерде шыққан таңбалар,әдепкі жазу-сызулар,өлеңді тіркестер,мақалды-мәтелді жолдар,толып жатқан өлеңдер,аңыз-ертегілердің бәрі – халқымызды бейнелі ойға, шешендік өнерге жетелегені, олардың  көркем ойдың көрінісі - әдебиетті  қалыптастырғаны  жөнінде теориялық түйін жасайды.

«Орхон ескерткіштері (ҮІІ-ҮШ ғ.ғ.)» ,  және «Орхон ескерткіштері туған дәуір,ондағы тарихи шындық» деген тарауларда көне дәуір кезеңі, ондағы кейіпкерлердің өмірбаяндары мен шығарма оқиғалары баяндалады.Мәселен, «Орхон ескерткіштеріне тән қасиеттер»- деген тарауда көбінде толғауға тән белгілі бір мақаммен әрленіп, батырлардың бүкіл ерлік істері , кейіпкерлердің кескін-кейіптері мен сөз қолданыстары, өзара сұхбаттасулары, өткен мен келешекті салыстыра суреттеулері, оларға берген бағалары т.б- бәрі де баяндаушының, яғни Күлтегін мен Тоныкөктің өз аттарынан айтылады. Бұлардағы өлең сөзбен қара сөздердің араласып келуі, бір-бірі мазмұн жағынан байытып,көркемдік тұтастыққа ие болуы , олардағы қолданылған әрбір бейнелеу құралдарының, көркемдік детальдардың, әрбір әдеби әдістердің қолданылу шеберліктері теориялық тұрғыдан талданылады.

«Орхон ескерткіштерінің көркемдігі» түркі халықтарының поэзиясына тән төрт тармақты өлең ұстанымдарына құрылып, ой мен сөздің жүйелілігі мен бірлігі көбінде 7-8 буынды жыр өлшемдеріне негізделіп, ырғақ мәселесі қозғалған.Көркем мәтінде кездесетін қос сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, теңеулер мен кестелі сөздер, бейнелі ойлар, эпикалық жырдың жанрлық шартына сай ой ұқсастығына, тегеурінді тебіреністің ой толқынына ерік беретін көркемдік қуатқа ие.

«Бейнелеу тәсілдерінде» - автор көбіне эпитеттерге, теңеулердің сол кезеңге, соғыс жағдайындағы сөз қолданыстарға тән түзілістерге, троп түрлерінің, оның ішінде көбірек кездесетін аллегория мен метонимия, метафораның, үздік үлгілеріне толығырақ тоқталған. Өлеңге өң, сөзге сән беретін өсиет-нақылдар мен мақал-мәтелдер т.б ғасырлар бойғы халық жинаған сөз маржандарының , сөйлеу мәдениетінің дамуын дәлелдейтін құнды дүниелер.

«Ата-бабадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің  үлкен мектебі бар. Бірі-өмір жайында терең толғанатын шежіре-шешендік, философиялық, данышпандық мектеп....Екіншісі - өле-өлгенше көмейі күмбірлеп, жағы сембеген дария-даңғыл жыраулар мектебі» ,-деген зерттеуші ежелгі дәуір әдебиетінің бүкіл бейнелеу құралдарының бәрі осы екі үлкен әдеби мектеп өкілдерінің өнерлерінен бері өріс алып, кеңінен дамып келе жатқандығын айтады. Әсіресе,сол дастандардың әрбірінде халықтың ұлттық рухы бар екендігі байқалады.Орхон заманындағы дастандардағы ерлік жорықтары мен қару қақтығыстары, халықтың мұң-шері мен әр дәуірдің өз демі, ырғағы, өрнегі, сөз саптауы, бейнелеу мәнері,ой-арманы дәстүр жалғастығы бойынша байытылып, дамып келе жатқанының куәсі боламыз.

«Қорқыт (ҮШ ғ.)» « Қорқыт жайындағы аңыздар және Қорқыт жырлары»-«Бұқаш жыры», «Салор қазан ордасының шабылуы туралы жыр», «Бамсы-Бейрек»жыры және «Оғыз-нама» (ІХғ.) жырлары ,олардың мазмұны, идеясы, көркемдік ерекшеліктері, тілі, т.б көркемдік қасиеттерінің бәрі бұл монографиялық еңбекте тарихи таным тұрғысынан талданады. Эпос батырларының ұлттық сезімдері мен отан сүйгіштік қасиеттерін, ел тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық махаббаттарының мәнін де автор жан-жақты баяндайды.

Түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ образ  Қорқыт жыраудың ұлылығын, оның күйшілік өнерін, батагөйлік қасиетін, кәсіби шеберлігін және  Оғыз-нама дастанындағы халықтық дәстүрді ұлттық қазақи дәстүрмен сабақтастыра , дәлелді сипаттаған автор әдеп-ғұрыптық, тәрбиелік, салт-дәстүрлік жоралар мен әдебиетіміздегі қалыптасқан көркемдік ерекшеліктерді екшеп, егжей-тегжейлі баяндайды.

Бір сөзбен айтқанда, Орхон-Енисей жазбаларының қыр-сырына терең үңілген зерттеуші осынау көне жәдігердің мұрагер иесі – қазақ екендігін дастанда кездесер ұлттық ұғымдар мен қазақ сөз өнеріне тән көркемдік, бейнелік, түрлік, тілдік, танымдық-философиялық ойлардың қалыптасу, даму деңгейлері арқылы дәлелдейді.   

Қалай болғанда да әр халықтың өз тарихы өзінде болғанда ғана үлкен өркениетке ие болып, қазақ мәдениеті мен руханиятына қатысты ежелгі жәдігерлер жүйеленіп, әлем халықтарын ғылыми ақпараттармен жақындастырса, соның өзі Алаш жұрты үшін үлкен жетістік екендігі сөзсіз.

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1 Мырзалиев Қ. Таңдамалы шығармалар жинағы. 3 томдық. Алматы: Жазушы,1989.

2 Жолдасбеков М. Асыл арналар. Алматы:Жазушы,1990.  – 374 б.