Омарова Гүлшат Амангельдиновна

Қарағанды қаласы №18 жалпы білім беретін орта мектеп

І-санатты тарих пәні мұғалімі

 

Жас ұрпақты Қазақстандық патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу басты парызымыз.

      «Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген ха­лық нақылы тегіннен-тегін айтыла салмаған. Өйткені, Отан деген киелі ұғымды түсіну әр адамның туған же­рі­нен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Отан­сүй­гіштік пен патриотизм бір-бірімен егіз ұғымдар. Ұрпақ тәрбиесі қашаннан өз мәнін биік ұстайды. Сондықтан қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу- білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Толық жетіліп қалыптасқан ұлттың сана- қабілетінде, түсінік- талғамында, мінез- құлқында, өзіне тән ерекшелік менталитеті болатынын ғылым дәлелдеген. Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру- қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі. Мектеп жеке тұлғаның рухани жан дүниесі мен адамгершілік қасиетінің қалыптасуына жүйелі жолға қойылған тәрбие беру негізінде қол жеткізеді. «Отан- от басынан басталады» дейді халық даналығы. Демек, бала тәрбиесі- Отан мен ел мүддесі. Бүгінгі өскелең ұрпаққа ғаламдастыру дәуірінде өз халқының төл мәдениеті, тілі мен салт- дәстүрін әр оқушының бойына сіңіре отырып, отансүйгіштікке баулу қазіргі тәрбие жүйесінің өзекті мәселесі. Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақты шыңдап өсіру, білікті азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ету- бүгінгі таңда ең басты мақсат болып табылады. Өйткені еліміздің болашағы жас ұрпақ - ұлттық сана- сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары дамыған, мәдениетті, парасатты, ар- ожданы мол, салауатты, бойында жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азамат етіп тәрбиеленуі тиіс. Осы мақсатты іске асыруда «Қазақстан Республикасындағы білім беру мекемелерінің 2006 –2011жылдарға арналған тәрбие жұмысының кешенді бағдарламасы», «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламасын» басшылыққа аламыз. Бұл бағдарламаларда саналы таңдау жасайтын және Отан, қоғам, өз отбасы игілігіне, жеке басына бағытталған дербес шешім қабылдай алу қабілетінен көрінетін азаматты тәрбиелеуді, берік адамгершілік негізге ие, солай бола тұра өзгермелі жағдайларға бейімделуге қабілетті және жаңа идеяларға зерек, үнемі жетіліп отыратын тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Мектептегі өскелең ұрпақтар- болашақ Қазақстан азаматы. Олар ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып ХХІ ғасыр есігінен еркін еніп жүре алатын дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті болуы шарт. Сонымен қатар, тәуелсіздігіміздің тірегі- білімді әрі саналы, парасатты, жан-жақты мәдениетті, еліміздің еңсесін өркениетке жетелейтін патриот азаматтарымыздың көп болуы әбден керек- ақ... Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан- 2030» Жолдауынның «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «... біздің балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» деп үміт артып отыр /5. 176 б/.

 «Патриотизм»- ғасырлар бойы жинақталған ең терең сезімдердің бірі. Отанға деген сезім болмаса, патриот болу мүмкін емес. Біздің ата- бабаларымыз Отанын сондай сүйіп, оны барлық жаулардан қорғап, бүгінгі ұрпаққа сый ретінде ұсынды десек болардай. Отанның гүлденуіне және оны қорғауға деген патриоттық сезім адам жүрегінде өмір сүрген, өмір сүре бермек. Бірақ патриоттық сезім адамда өзінен өзі не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы. Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі қоғамдық ой- пікірлердің әсер етуімен қалыптасады. Патриоттық тәрбие берудің басты бағыты - Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен еліміздің мемлекеттік нышандарын: Әнұранын, Туын, Елтаңбасын оқушыларға үйрету және орындату мәселелері. Еліміздің Конституциясын бұлжытпай орындау, мемлекеттік нышандарға құрметпен қарап орындау, құқықтық- саяси және этикалық әдет- ғұрып мәдениетін тәрбие беруде оқушы бойына сіңіруді қалыптастырады.

Мектепте оқушыларға патриоттық тәрбие берудің негізгі міндеттері төмендегілер болуы тиіс:

-         Қазақстан Республикасының Коституциясын, мемлекеттік рәміздерін (Елтаңба, Әнұран, Туы) құрметтеуге тәрбиелеу;

-         Жас  ұрпақты қазақстандық патриотизм мен интернационализм рухында тәрбиелеу;

-         Адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиелеу, туған  жерге, Отанға деген сүйіспеншілік пен халықтар достығын құрметтеуге тәрбиелеу;

-         Оқушылар бойында мінез- құлықтың белгілі бір сипаттарын қалыптастыру және олардың өздерінің де бір-біріне, отбасына, басқа адамдарға, мемлекетке, Отанға деген қатынасын анықтайтын мінез нормалары мен ережелерін дарыту;

-         Мемлекетіміздің ұлттық тілін, мәдениетін, салт- дәстүрін білу;

-         Өз өлкесінің мәдени құндылықтарын, тарихын, оның дамуына үлес қосқан адамдардың өмірі мен қызметін білу;

-         Мектепте өз өлкесінің (облыс, аудан, ауыл , мектеп) тарихын насихаттау мақсатында мұражай жұмыстарын жандандыру;

-         Оқушылар арасында мемлекет пен заңдарға зор құрметпен қарау сезімдерін қалыптастыру;

-         Мемлекет пен құқық жайлы білімдерді меңгерту;

-         Құқық білімінің алғашқы негіздеріне сай мектеп Жарғысына, оқушылардың мінез –құлық ережелерін  енгізу;

-         Құқықтық жаппай оқуды оқу – тәрбие үрдісіне енгізу;

-         Оқушылардың мінез- құлықтарымен жүріс – тұрыстарын заң талабына сай қалыптастырып, адамгершілікті әдет – ғұрыпқа тәрбиелеу;

-         Азаматтық белсенділігін қалыптастырып, заңды және тәртіпті бұзушылыққа қарсы күресу;

-         Оқушылардың өзін- өзі тәрбилеуіне басшылық жасау.

 

      Қазақстандық отаншылдықтың тарихи негізі бар: бірқатар түркі тілдес халықтар қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр т.б ежелден Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендесе, славян тілдес халықтар түрлі тарихи себептерге байланысты жерімізді мекендейді. Осындай ой түйіндей отырып, жердің де, елдің де түп негізі  - қазақ халқы екендігіне оқушылардың көзін жеткізу ата-аналар мен әрбір шығармашыл ұстаздың міндеті. Қазақ халқы ұлттар арасындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отыруы тиіс, сонда ғана елімізде тыныштық, береке бірлік сақталады.

     Көпұлтты Қазақстан халқы үшін отансүйгіштік сезімнің рухани саладағы тату-тәтті тірлік, азаматтық келісімге ғана емес, мемлекеттің әлемдік өркениетті елдер көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтың негізін нығайтуға да тікелей ықпалы бар.

      Қазақ тарихын зерттеуші ғалым Ш.Уәлиханов отансүйгіштік сезімнің қалыптасуы туралы «менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай, мен ең алдымен, өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел жұртымды, руластарымды, одан соң халқымды қадірлеймін», - деген еді.

«Патриотизм, - дейді ұлтымыздың батыры Б.Момышұлы, - Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күні және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді». Мектеп оқушыларын қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ұстаздар алдына үлкен міндеттер жүктейді. Тарих сабағында халықтық педагогика қағидаларын ұстана отырып, оқушыларды өз елі мен жерін сүюге баулу жүзеге асады. Бүгінгі таңда халықтық педагогика негізінде оқушыларды тәрбиелеу мүмкіндіктеріне жол ашылуда, этнопедагогиканың қағидаларын оқу-тәрбие үрдісіне тиімді пайдаланудың жолдары ғылыми-әдістемелік тұрғыдан ашып көрсетілуде.

Тарих сабағында Қазақстандық патриоттық сезімді оқушы бойында қалыптастырудың жолдары төмендегідей:

-         халықтардың алдыңғы қатарлы дәстүрлерін нақты мысалдармен ашып көрсету;

-         халықтар тағдырының ортақтығына, әдет-ғұрыптарының, салт-дәстүрлерінің орталығына назар аудару;

-         көрнекті қайраткерлердің, қарапайым халық өкілдерінің тарихтағы және қоғам алдындағы еңбегін көрсету;

-         ұлттық мәдени-тарихи құндылықтарымызды оқушылар бойына сіңіру;

-         туған өлке материалдарын тиімді пайдалану;

-         Қобыланды батыр жырындағы өлкемізге байланысты жер-су деректерін пайдалану;

-         туған ауыл тарихын қоса оқыту.

Қазақ халқының өткені мен бүгінін таразыға сала отырып, келешегіне отаншылдық туын арқау еткен асқақ, жандары таза жас ұрпақты тәрбиелеу мен қасиетті отанның қадірін ұғындыру, ар, намыс, ождан сөздерін ұлт, атамекен, халық сияқты киелі түсініктермен байланыстыру арқылы болашаққа бағыт сілтеу әрбір ұстаздың міндеті. Қорыта айтқанда тарих сабағында оқушылардың елін, отанын сүю сезімін қалыптастыру, ерлік рухын ояту – тарих пәні мұғалімінің басты борышы.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақстан Республикасындағы білім беру мекемелерінің 2006- 2011 жылдарға арналған тәрбие жұмысының кешенді бағдарламасы. Астана, 2006.

2.     Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2006.

3.     Н.Ә. Назарбаев. «Қазақстан- 2030». Алматы. «Білім», 1997, 176- бет.

4.     Т.Р.Шаймерденов. Тәрбие тағылымы. Павлодар, 2002.

5.     Қазақстан мектебі- ғылыми- педагогикалық журнал, № 9, 2003. № 5-6, № 9-10, № 11-12, 2005.

6.     Б.Аяғанов. Қазақстан тарихын қалай оқыту керек. Қазақ тарихы, 1994.

7.     Б.Әбдіқұлова. Отантану-өміртану. Қазақ тарихы, 1996.