378.96:745/749(574)

 

БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕСІН ҚОЛӨНЕРДІ ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ЖЕТІЛДІРУ

 

Манабаева А.Ш.(Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы),

Мухаметжанов К.Е.(О.А.Байқоңыров атындағы ЖезУ, Жезқазған қ., Қазақстан Республикасы),

Магрупбекова А.К. (Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы)

 

Резюме

В статье рассматриваются теоретические вопросы и оказание практической помощи изучения казахского прикладного искусства в эстетическом воспитании будущих педагогов.

 

Summary

The contents of article include the theoretical questions, necessary studying in system of professional education aspects of studying of the Kazakh arts and crafts» will render the practical help, both on theoretical, and on a practical training.

 

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі, әл-ауқатының артуы және елдің денсаулығын жақсарту міндеттерімен бірге жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру мәселесі атап көрсетілген [1]. Осыған сәйкес, біздің тәуелсіз мемлекетімізде еңбекқор, кәсібін терең түсінетін, өзінің білімі мен іскерлігін жан-жақты қолдана білетін мамандар даярлау қажеттігі туындайды. Болашақ педагогтың өз мүмкіндіктерін көрсете алуына жағдай туғызу бұл кез келген мемлекеттің жоғарғы оқу орнының маңызды қызметі болып табылады. Осыған орай бұл мәселе бәсекеге қабілетті жоғары білімді мамандар даярлайтын оқу орындарының алдында тұрған негізгі алғы шарттар болып отыр.

ХХ ғасырда адамзат қоғамы ғылыми техниқалық жетістіктерді өз игілігіне пайдалануда бұрын – соңды болмаған биіктерге көтеріле бастады. Алайда, бұл осы жетістіктермен қоса, табиғат заңдылықтарының тепе-теңдігінің сақталуына нұқсан келтіріп, айналасындағы ортаға, адам өмірі мен тіршілігіне кері әсер ететін жағдайларды да туындатып отыр.

Сонымен бірге қоғамда болып жатқан әлеуметтік–экономикалық өзгерістер адамдардың санасына да әсер етіп, жаңа заманның менталитетін қалыптастыруда. Осыған орай, жастардың рухани-тұлғалық қасиеттерін жетілдіруге сәйкес, өз өмірінің құндылығын дұрыс түсіне алатын ерікті тұлға тәрбиелеу көзделуде. Қазіргі кезеңде рухани танымның тоқырауы, ізгілікпен адамгершіліктің төмендеуі тек материалдық құндылықтарға ие болу шырмауында қалуға ықпалын тигізуде.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды міндеттерінің бірі бәсекеге қабілетті білімді меңгерген, ойлау өрісі дамыған, сонымен қатар, жоғары азаматтық және адамгершілік ұстанымы, отансүйгіштік сезімі мен әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан интеллектуалды ұлтты қалыптастыру болып табылады» делінген [2]. Осыған орай болашақ маманға кәсіби білім беру барысында рухани дамуындағы рөлін терең зерттеуді қажет етеді. Осыған байланысты өзекті мәселелердің бірі болашақ мамандарға эстетикалық тәрбие беру мүмкіндіктері болып отыр.

Ұрпақтан-ұрпаққа дәстүрлі жалғасын тапқан бабалар мұрасы тек шеберлік пен іскерлікті игеру ғана емес, адамзаттың әлемді эстетикалық танымын жетілдірудің керінісі болып табылады. Халықтың рухани негізі – қазақтың ұлттық қолданбалы қолөнері құралдарында эстетикалық тәрбие жатқанына көз жеткіземіз.

Зерттеуші В.Н.Липский [3], жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастыру проблемасын зерттей отырып, «әлеуметтік-эстетикалық сезім» түсінігін жеке көрсетеді. Оның пікірінше, эстетикалық мәдениетті дамыту жеке тұлғаның «сыртқы» - физиологиялық сезімдерінің әлеуметтік-эстетикалық сезімдерге ауысуына ықпал етеді. Мұның өзінде неғұрлым өнерде табысты жүзеге асырылатын сезімталдылық адамгершілік қасиеті жағынан баии түседі.

Эстетикалық және көркемдік құндылық табиғатын қарастыра отырып, оқымысты Л.Н.Столович құндылықтарды эстетикалық, көркемдік, адамгершілік, қоғамдық-саяси, танымдық деп бөледі. Олардың өзара қиылысуы синтетикалық құндылықтар туғызады: эстетикалық - адамгершіліктік, эстетикалық - әлеуметтік, эстетикалық - танымдық. Эстетикалық-әлеуметтік құндылықтар «саяси бостандық жеңіп алынатын не сақтап қалынатын нақты оқиғалар мен іс-әрекеттер эстетикалық жағынан маңызды болады, халықтар арасындағы бауырлық-туыстық қатынастар бекиді, бейбітшілік нығаяды» деген мағынаны білдіреді [4].

Әдебиет пен өнердің әлеуметтік-эстетикалық функциясы көптеген зерттеушілер тарапынан танылғанын атап өткен жөн. Мысалы, педагогикалық энциклопедияда (1993) жастарды музыкалық өнерге енгізудің сатыларының бірі ретінде оның әлеуметтік-эстетикалық функциясын танып білу көрсетіледі. Бұл жағдайда әлеуметтік-эстетикалық сөз тіркесі рухани-түрлендіруші әлеуеті бар өнердің адамгершіліктік-эстетикалық, эмоциялық әсері деген мағынаны иеленіп тұр.

«Кеңес сәулет өнерінің әлеуметтік-эстетикалық проблемалары» курсы бойынша әдістемелік әзірлемелерде екіжақты біріккен табиғатын қарастырады. Оның маңызды әлеуметтік-эстетикалық қағидасы сәулет өнеріндегі материалдық (кеңістіктік орта) пен рухани дүниелердің үйлесімі болып табылады, яғни сәулет өнері әлеуметтік және эстетикалық бастауларды біріктіреді.

Жоғарыда айтылғандардың бәрінен «эстетикалық» түсінігі қоғамдық, материалдық, рухани-адамгершілік және эмоциялық-эстетикалық дүниелердің өзара байланысын көрсетеді деген қорытынды шығады. Ғылыми әдебиетте «эстетикалық даму», «эстетикалық белсенділік», «эстетикалық мінез-құлық», «эстетикалық сезімдер», «эстетикалық құндылықтар», «өнердің эстетикалық функциясы» және т.б. сияқты түсініктерді пайдалану бізге «эстетикалық тәрбие» түсінігін ұсынып, негіздеуге мүмкіндік береді және біз оны өнер құралдарын жоғары оқу орындары студенттерінің эстетикалық тәрбиелілігін дамыту үшін пайдалануға байланысты қарастыратын боламыз.

Эстетикалық тәрбие анықтамасын беру үшін алдын ала педагогика ғылымында эстетикалық тәрбие деп нені түсінетінін қарастыру қажет.

Ғылыми әдебиетте бүгінгі күнге жастарды эстетикалық тәрбиелеу проблемасы бойынша елеулі тәжірибе жинақталған. Ғылыми еңбек көздерін зерттеу мен талдау бізге бұл проблемаларға деген теориялық деңгейдегі, сондай-ақ іс тәжірибелік деңгейдегі әртүрлі көзқарастарды анықтауға мүмкіндік берді. Бүгіннің өзінде қазіргі өркениеттік өзгерістерге сай теорияларға белсенді ізденіс жүріп жатқанын ескере кеткен жөн.

В.И.Загвязинский және [5], Н.Ф.Масловамен [6] келісе отырып, біз жеке тұлғаның эстетикалық ой-өрісін байыту, оның дүниетанымын және өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, қоғамның мәдени құндылықтарына тарту, өзіндік жеке азаматтық көзқарасты иелену қажеттігін атап көрсетеміз. Оған негіз мыналар болып табылады:

- «субъективті - басты көзқарас не адамға ізгі қызмет етудің адамгершіліктік империативі», әлеуметтік бағыттағы: адамға қойылатын әлеуметтік, қоғамдық пайдалы талаптардың басымдылығы; мазмұндық бағыттағы: ғылымның, білімнің, мәдениеттің шешуші ролін мойындау; процестік бағыттағы: дамытушы іс-қызмет процесіне қолдау көрсету; жеке адамға бағытталған: әр адамның өзіндік ерекшелігін және бірегейлігін танып, бекіту көзқарастардың үйлесімді байланысы;

- жеке тұлғаның табиғи-шығармашылық, жеке, табиғи және адамгершілік-психологиялық орта өзгерісінің динамикасына сәйкестігі, субъектінің өмірлік маңызды міндеттерді шешудегі, өзінің биологиялық мәнін түсінудегі мүмкіндіктерді, нақты ой-мақсаттарды жүзеге асырудағы» белсенділігі, мінез – құлықтың жеке тәжірибесін өз өміріне және өзі өмір сүретін ортаның құндылықтарына көзқарастардағы жеке тәжірибеге» айналдыру;

- қоғамның өзінің ұлттық, тарихи-мәдениеттік, рухани мұраларына, жалпы адамгершілік құндылықтардың басымдылығына, азаматтық қоғамды жаңғыртуға, әлемдік өркениетке кіріктенуге ұмтылысы. Жеке тұлғаның жауапкершілік сезімдерге, пайдалы іс-әрекетке дайын болуға негізделген азаматтық көзқарасқа, экономикалық, құқықтық, адамгершілік, ұлттық абыройға ие болуы «жеке тұлғаның азаматтық өз-өзін анықтау мәдениетінің» қалыптасуына, азаматтық абырой, эстетикалық мәдениетін игеруге, жеке тұлғаның азаматтық санасын, мінез-құлығын, эмоциялық саласын қалыптастыруға бағытталған азаматтық тәрбие және азаматтық білім алу процесінде жүзеге асырылады. Жеке тұлғаның өзіндік сана-сезімінің ең жоғары даму деңгейі болып табылады және қоғамдық жағдайларға, моральды-этикалық нормаларға, жеке қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге сәйкес адамның жеке маңызы бар мақсаттарының, мүдделерінің үйлесімін, жеке қасиеттерінің теңгерімділігін көрсетеді.

Эстетикалық тәрбиені қарастыру кезінде біз психологиялық, педагогикалық және моральды-этикалық аспектілерді бөліп көрсете аламыз. Психологиялық аспектіде эстетикалық тәрбие адамдар мен әлеуметтік топтардың психологиялық мінездемелеріне, мінез – құлық заңдылықтарына, іс-қызметіне, жеке тұлға дамуының жастық факторларына, психика ерекшеліктеріне, оның динамикасына сүйенеді, тәрбие субъектілері өзара тиімді байланыс, жан-жалдық жағдайларды жеңу және алдын алу шарттарын әзірлейді.

Педагогикалық аспектіде эстетикалық тәрбиенің факторларын анықтап, басқаруға, әлеуметтік ортада тәрбиелеуге ықпал жасауға, сонымен қатар жеке тұлғаның басты бағытын, белсенділігін анықтайтын кіріктендірілген қасиеттер кешенін жетілдіруге бағытталады. Эстетикалық тәрбиені жүзеге асыруда жеке тұлғалық бағытта тұлғаның тіршіліктік көзқарасын анықтайтын үш құрауышты есепке алу қажет. Жеке тұлғалық бағытты қалыптастыра отырып, эстетикалық тәрбие адамның өзін танытуына, өз-өзін дамытуы және өзін көрсетуіне, жеке өмірлік мақсаттар, талпыныстар, құндылықтар үшін жағдай жасайды.

Қоғамдық бағыт дүниетанымдық және адамгершіліктік ұстанымдарды таңдауды, қоғам алдындағы жауапкершілік, парыз, азаматтық, патриотизм және интернационализм сезімдерін дамытуды, адамдарға ізгілкпен қарауды, әлеуметтік нормаларды игеруді талап етеді. Эстетикалық іс-әрекетке бағыттау жеке тұлғаның эстетикалық функцияларын орындауға дайын болуға, өз мүдделерін, сондай-ақ әлеуметтік ортаның басқа мүшелерінің мүдделерін де құрметтеуге, тек жеке ғана емес, қоғамдық маңызды идеяларға қол жеткізуге дайын болуға тәрбиелеу арқылы жүзеге асырылады.

Болашақ мұғалімдерді қолданбалы қолөнер құралдары арқылы эстетикалық тәрбиелеуді көркем өнерге тарту, оны жүзеге асыру тәсілдерін жан-жақты меңгеріп, жетілдіруі тиіс. Өйткені студенттердің қолданбалы қолөнерге деген қызығушылығының, қабілетінің дамуы, оның шығармашылықпен ұштасуы, тәрбиенің сол түрлерімен айналыстыруға және жеке-дара ерекшеліктерін ескеріп, тәрбиені белгілі мақсатқа бағыттап жүргізуге байланысты.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.    Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан–2030» стратегиялық бағдарламасы. http://kk.wikipedia.org/ wiki/Казахстан-2030

2.    Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана: 2010.

3. Липский В.Н.Эстетическая культура и личность. – М.: Знание, 1987. - 128 с.

4.    Столович Л.Н. Эстетическая и художественная ценность: сущность, специфика, соотношение. - М.: Знание, 1983. - 64 с.

5.    Загвязинский В.И. Проектирование региональных образовательных систем // Педагогика. - 1999. -№ 5. - с. 10.

6.    Маслова Н.Ф. Социальное воспитание личности: цели и региональное проектирование защиты детства от дегуманизации среды // Развитие и социализация ребенка в различных культурно-образовательных средах. Материалы гор. науч. конф. - Орел: ГСОЦ, 1994. - с. 3-7.