Жакубаева С. Б., Сакенова Л.Т.

№ 20 орта мектебі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, Қазақстан

 

Мұғалім, ата-ана және бала арасындағы қарым-қатынас

 

«Бірінші мәселе білім емес, тәрбие...

Тәрбиесізге берілген

Білім адамзатқа апат» алып келеді»

                                                                      

Әл-Фараби: «Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бір-бірінің алдындағы, ең бастысы балаларының алдындағы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз».

Н.Ә.Назарбаев: « Халықтың өсуі, адамзат ұрпағын әрі қарай жалғастыру - басты міндеттің бірі».

1990-2000 жж. Жалғыз балалы немесе баласыз отбасылардың саны күрт өскен. Мұның себебі неде? Қала тұрғындарының материалдық, әлеуметтік ауқаты мен мәдениетінің өсуі, әйелдердің ерлермен бірдей өнеркәсіпте, өндіріс орындарында, мекемелерде қызмет етуі, сонымен бірге олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі, бөбектер бақшасы мен бала бақшалардың әлі де жетіспеуі отбасыларда сапа және сан жағынан өсуіне әсер ететін себептердің бірі деп айтуға болады. Өйткені, бала туу, оны тәрбиелеу, өсіру ана мен әкенің халық шаруашылығының салаларында қажырлы еңбек етуі, оларға жағдай жасау тұрғын үймен қамтамасыз ету маңызды мәселенің бірі.

Бала саны және бала тәрбиесі туралы дарынды совет педагогы А.С Макаренконың ақыл-ойларының әлеуметтік және педагогикалық мәні өте зор. Ол өзінің «Ата-аналар үшін кітап» атты еңбегінде жалғыз немесе көп балалы отбасыларында кездесетін қиындықтар жайлы, жалғыз балаға деген көзсіз ата-ана махаббаты тым қорқынышты екенін айтқан болатын.

Ұлы Октябрь Социалистік революциясынан кейін Совет өкіметі неке және жанұя туралы ескі буржуазия заңдарын жойып, отбасында әйел мен еркек теңдігі жайлы жаңа социалистік заң шығарды. 1917 жылы 19 және 20  желтоқсанында некелік-жанұялық құқық туралы екі декрет жарияланды: «Некені бұзу туралы» және «Азаматтық неке, балалар және азаматтық жағдай актілерінің кітабын енгізу туралы». Осы декреттер советтік социалистік жанұялық құқығының негізін салды. Некенің жалғыз заңды формасы азаматтық неке болды. Совет азаматтары өзара құштарлық, сүйіспеншілік негізінде емін-еркін некелесуге толық мүмкіншілік алды. Совет жанұясының негізі дара неке (моногамия) болып танылды. Жанұя мүшелерінің бір-біріне сенімділігі, ата-аналар мен балалар арасындағы жылы қарым-қатынас, жұбайлардың сүйіспеншілігі мен өзара түсінушілігі жайлы айтуға болады.

Алайда, кейбір жанұя өмірінде алалық, қақтығысу, кертартпалық сияқты жағымсыз әдеттер де кездеседі. Осындай әдеттердің түп тамыры неде?

Белгілі совет психологы А.В.Петровский жанұядағы қатынастарды үстемдік, қамқоршылық, қақтығусылық, араласпаушылық, ынтымақтастық сияқты бес типке бөледі.

Үстемдік жағдайында балалардың өз бетімен іс-әрекет жасауына жол берілмейді, өзінің өміріне немесе жанұяға байланысты бірде-бір мәселені шешуде үй-іші кеңесіне қатыспайды.

Қамқоршылық жағдайы - ол балаларды желге-күнге тигізбей, мәпелеп өсіру. Бұндай өскен бала, түрлі қиыншылықтармен кездескенде, дұрыс шешім таба алмай, өмірдің шынжыр торына түстім деп үрейленіп, қайғыра бастайды.

Қақтығысулық жанұя мүшелерінің арасындағы қайшылықтан туады.

Араласпаушылық жағдайда үлкендер мен балалар әрқайсысы өз беттерінше, бір-бірімен ақылдаспай тұйық өмір сүреді.

Ынтымақтастық үлкендер мен балалар арасындағы сыйласушылық принципіне сүйенеді. Мұндай жанұяда балалардың пікірлері де тыңдалынып, барлық мәселе бірігіп үйде шешіледі.

А.С. Макаренко: «Сіздің балаңыз қалай өмір сүреді, неге қызығады, нені сүйеді, нені қажет етеді, нені қажет етпейді, ең алдымен сіз осыны білуіңіз керек. Ол кіммен достасады, кіммен ойнайды, не ойнайды, не оқиды, оқығандарын қалай қабылдайтынын сіз білуіңіз керек. Осының бәрін сіз әрқашан өз балаңыздың жастайынан білуіңіз керек»-деді.

Қазіргі заманда адам баласының бақытты болуы үшін: не керек деп ойлайсыздар? Кейбір ғалым адамдар негізгі бес нәрсе тікелей қатысты деген: ата-ананың жақсы болуы; ұстаздың жақсы болуы; мамандықты дұрыс таңдауы; сүйген жармен одақтасуы;өз балаларының болуы керек.

Осы факторлар тек отбасында ғана бақытты болуы емес, әрине бүкіл адамзаттың  өмірін жақсартуға арналған факторлар.

Отбасы адам тұрмысын ұйымдастырудың қайнар көзі. Ал, бала өмірінің қайнар көзі-ата-ана. Баламен психологиялық-педагогикалық жұмыстар жүргізу үшін біз ата-анамен жұмыс жүргізуіміз керек. Ата-бабаларымыз айтқандай: «кемеңгерге де кеңес керек», - дейді. Кейбір ата-аналар кеңес алудан қашады. Дұрыс ата-ана болса, өз баласы үшін, дұрыс тәрбие беру үшін бәріне баратын сияқты.

Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, қоғамдастықпен мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды. Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы отбасы. Тәрбие - алдын ала жасалған арнаулы жоспар бойынша мақсаты бағыттала және ұйымдастырыла жүргізіледі. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы - адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы - ата-анасы. Отбасы мен мектеп, ұстаз бен ата-ана, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселесі қашанда өзекті.

Отбасының әлеуметтік мәселесіне педагогикалық-психологиялық тұрғыда моральдық көмек беріп, ата-анамен жақсы қарым-қатынаста болу бұл біздің міндетіміз, өтеулі парызымыз.

 

Әдебиеттер

1.       Қоянбаев Ж.Б. Семья және балалар мен жеткіншектер тәрбиеі. - Алматы:, 1990 ж.