п.ғ.к. Матаева С.Р.

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ САБАҚТАРЫНДА СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОЙЛАУДЫ ДАМЫТУ

ОҚО ПҚБАИ  «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, Шымкент қ. Қазақстан

       Сыни тұрғыдан ойлау өзіндік, жеке ойлау болып табылады, әркім өзінің ойы мен пікірін еркін құрады. Сыни тұрғыдан ойлау- бұл заманауи тұлғаның табысқа жетуіне мүмкіндік беретін ерекше қабілет. Сыни тұрғыдан ойлауда адамға ақпаратты қабылдап, өңдеп, терең ойлау үшін фактілер мен идеялар, мәтіндер мен теориялар, мәліметтер сияқты білім қоры керек. Тек сыни тұрғыдан ойлаудың арқасында дәстүрлі таным процесі даралық сипатқа ие болады, саналы, үздіксіз, әрі нәтижелі болады. Сыни тұрғыдан ойлау сауалдар қойып, шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтаудан басталады.

       Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету бұл мұғалімнің әрқилы жұмысының бір бөлігі ғана. Сабаққа дайындалу барысында мұғалім оқушыларға күнделікті кездесетін, танымал, оларды толғандыратын мәселелерді анықтап алу керек, осыдан соң, оқушыларға өз бетінше осы жағдаяттарды талдап, шешуге көмектеседі. Ақпараттар мен мәліметтерді жинап, мәтіндерді талқылау арқылы, пікір алмасу, өз ойын ортаға салу арқылы және топта талқылаудағы мүмкіндіктерді қолдану арқылы оқушылар өздерін мазалап жүрген сұрақтарға жауап табады. Сыни тұрғыдан ойлайтын адам мәселені шешудің жолын өзі іздеп табады да, сол шешімдерді дәлелдермен нақтылайды. Сонымен қатар ол сол мәселені шешудің басқа да жолдарының бар екендігін мойындайды. Сыни тұрғыдан ойлауды оқу-тәрбие үдерісінде қолданатын мұғалім шыдамдылық пен басқаны тыңдай білу және өз көзқарасына деген жауапкершілік сияқты ұтымды ой жеткізуге қажет болатын қасиеттерді дамытуға ерекше көңіл бөлуге тиіс. Осы арқылы мұғалім сабақ мазмұнын шынайы өмірге едәуір жақындата алады.

       Сыни тұрғыдан ойлау модулін енгізуде оқушылар төмендегі әрекеттерді меңгеріп, орындауға міндеттейді:

-         Ойлануды белсендендіру;

-         Талқылауға қатысу;

-         Туындаған идеялар мен ақпараттарды топтастыру;

-         Ойын жүйелеп, өз жауапкершілігіне алу;

     -   Ойлауға дағдылану;

-         Өз бойындағы оң өзгерістерді дамыту;

-         Сырттан айтылған пікірге толеранттылық танытып, сауатты жауап беру;

-         Өзінің ойын пайымдайтын дұрыс сұрақ қоя білу;

-         Өз ой-пікірлерін жүйелеп білдіру;

-         Сын тұрғысынан және икемді ойлау.

 

         Сабақ барысында интербелсенді әдістер қолданылды, олар: сыныпты кіші топтарға бөлу, жоба дайындап қорғау, пікір алмасу, диалогтық жұмыс жүргізу т.б. Бейнелеу өнерінен сабақ  аптасына бір рет өтетін пән. Әрине, бұл жағдай мұғалімдерді де, оқушыларды да қуантпайды. Себебі, бұл пән оқушылардың ұнататын пәндерінің бірі. Сондықтан тәжірибелік сабаққа дейін сыныпты бақылау жұмыстарын жүргіздім. Бақылау барысында сыныптағы ахуалды анықталды. Оқушылар басқа сабақтарды қалай оқитынын, олардың белсенділіктерін бақыланды. Сыныпта оқушылардың білім деңгейі де әртүрлі екендігі анықталды. Бақылаған сабақтар дәстүрлі түрде өткізілді. Бейнелеу өнері сабағының кезегі келгенде, сыныптағы отыз оқушыны шағын бес топқа бөлінді. Тәжірибелік сабақтар осы шағын топтармен жүргізілді. Сабақ беру, жұмыс жасау тәсілдері өзгерді. Сыныптағы оқушылардың парталары жылжытылып, бес топ отыратындай жайғастырылды. Бірақ, бұл өзгерістерді оқушылар қуана қабылдады, оларға топтық жұмыс жасау ұнады. Бақылау, байқау сыныпты сабақ барысында бейнетаспаға түсіріліп, қайта-қайта көру арқылы, сабақ барысында оқушылардың жауабын жазып алу, тыңдау арқылы жүзеге асырылды.

          Оқушылар жаңаша сабақтарды қалай қабылдады?  Оқушылардан байқалған өзгерістер:

-         Оқушылар сабақ барысында белсенділік танытты;

-         Сыныпта орнаған ыңғайлы жағымды орта психологиялық тұрғыдан оқушыларға ұнамды болды;

-         Оқушылардың жаңа білімді игеруде жауапкершілігі арта түсті;

-         Оқушылар топпен жұмыс істеуді үйренді;

-         Шығармашылықпен жұмыс істеу қабілеті артты;

-         Ой-пікірін еркін білдірді;

-         Өзгенің пікірін тыңдауға, сыйлауға үйренді;

-         Оқушылар жаңа сабақты жоспарлау, дайындау үдерісіне қызығушылықпен қатысты;

-         Топтық жұмыстардағы пікір-таласқа барлық оқушы теңдей қатысты;

-         Белсенділіктері төмен, әдетте үндемейтін оқушылар жобаны қорғауға шықпаса да, өз тобының мүддесі үшін жауапкершілікті түсініп, талдау жұмыстарына еркін қатысқаны байқалды;

-         Оқушылар талдау барысында қабылдаған пікірлерін түрлі-түсті бояулармен белгілеуді қолданды. Бұл олардың өз пікірлерінің ой елегінен өткізе отырып, шешім қабылдағандарын айқындайды;

-         Оқушылар сабақ барысында өздері тапқан жаңалыққа деген көңілдерін жасырмады, яғни қуана білді;

-         Оқушылар өзін-өзі бағалаудағы дағдыларын дамытты.

 

Мұғалім өз тарапынан болған өзгерістерге төмендегідей анықтама берді:

-         Сыныпта оқушылар үшін жағымды психологиялық ахуал жасады;

-         Сабақ жоспарын жасауға көп уақыт бөлді;

-         Сабақ мазмұнында негізгі зерттеу сұрағын анықтау өзектілігіне көңіл бөлу қажеттілігін түсінді;

-         Сабақта бағыттаушы, бағдарлаушы сұрақтардың маңыздылығын анықтады;

-         Оқушылардың жауабын  және білім беру үдерісін бағалауды үйренді;

-         Өзінің және оқушылардың іс-әрекетін бақылауды, бағалауды түсінді;

-         Топтық жұмыстың артықшылығын анықтады;

-         Оқушыларына кіші топтарда көбірек жұмыс істеуге мүмкіндік берді;

-         Оқушылар өз бетінше білім алу үшін, қосымша материалдарды іздестіруге тапсырма берді;

-         Оқушының ойын айтуға мүмкіндік беру үшін ұзағырақ күтетін болды;

-         Оқушыларды басқарудағы қатаңдылықтан, демократиялық ұстанымдардың өзектілігін түсінді;

-         Оқыту үдерісіне сыни тұрғысынан қарауды түсініп,  оқыту үдерісін бағалауды үйренді;

-         Сыни тұрғысынан ойлауды оқу-тәрбие үдерісінде қолдану үшін көп материалдар мен дайындық қажеттігін түсінді;

-         Сыни тұрғысынан ойлауды оқу-тәрбие үдерісінде ендіру үшін сыныптағы оқушыларды жетік танып, білу керектігін анықтады;

-         Үйретуші, баяндаушы рөлінен - кеңес беруші,бағдарлаушы рөліне көшті.

 

Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша оқушылардан төмендегідей сұрақтарға жауаптар алынды:

-         Дәстүрлі сабақтар мен жаңаша сабақтардың айырмашылығы болды ма?

-         Жаңаша сабақтардың қай жағы ұнады/ұнамады?

-         Оқушылардың өзін-өзі бағалауы ұнады/ұнамады?

-         Мұғалім мен оқушылар арасындағы қарым-қатынаста өзгеріс болды ма?

     Оқушылардың  осы сұрақтарға жауаптарының 90%   оң мазмұнда болды. Олар жаңаша сабақтардың дәстүрлі сабақтармен салыстырғанда өте қызықты болғанын айтты. Топтық жұмыстың, диалогтық тәсілдің ұнағанын білдірді. Оқушылардың өздері бағалауды жүзеге асыруы, сабақты жоспарлауға қатысуы, олардың жауапкершілігінің арта түскенін түсінді.     Мұғалім оларға көп еркіндік бергені ұнады. Сабақ барысында фотосуреттер мен бейнефильм, бейнероликті талдау, коллаж жасау, оны қорғау жұмыстарын жүргізу олардың шығармашылық белсенділіктерін, қызығушылығын арттырғанын атап өтті.

Зерттеу сабақтары оқушылардың өздеріне деген сенімділігін арттыруға көмектесті.

 Оқушылар ауызша және жазба түрінде талдау жұмыстарын жүргізе білді, яғни өз ойларын қағаз бетіне түсіруді үйренді. Оқушылар оқуды баға үшін емес, жаңа сапалы функционалды білім алу үшін қажет екенін сыни тұрғыдан ойлау арқылы түсіне білді. Оқушылар осы зертеу жұмысының мазмұны мен нәтижелерін басқа пәндерде қолданса деген пікір-тілек білдірді.

 

     Мұғалім мен оқушылар арасындағы қарым-қатынастарында мынадай өзгерістер болды:

   -  Мұғалімнің бағыт бағдар беруі арқылы оқушылардың ой – пікірлерін айтып немесе жазып бере алуы;

   - Мұғалім оқушылардың ой – пікірін тыңдап, нәтижесі бойынша қорытындылау арқылы жаңа сабақты түсіндіруінде;

 -  Сабақты жоспарлауда, материалдар дайындауда оқушылардың ізденіс жұмыстарына көп тартылуында;

 -  Мұғалімнің барлық оқушыларға бірдей көзқараста болуында;

 -  Мұғалімнің оқушылардың жеке көзқарасын қалыптастыруында.

 

        Оқу жоспарына сәйкес қазақтың ұлттық өнеріне байланысты «Сәндік қолөнер», «Қазіргі заманғы сәндік өнері» және «Киіз үй» тақырыптарында өткізілген сабақтарда сыни тұрғыдан ойлау модулі қарастырылды. Бірінші және екінші сабақтарда топтық жұмыс ұйымдастырылды. Бірінші  «Сәндік қолөнер» тақырыбында өткен сабақта оқушыларға суреттер мен репродукциялар ұсынылды. Осы материалдарды талдап, оқушылар өз ойларын жүйелеп, нәтижесін плакатқа кесте ретінде түсірді. Әрине, мұнда олар бұған дейінгі білімдерін негізге ала отырып, қосымша энциклопедиялық білімдерін қолданды.  Оқушылар суреттерге олардың мазмұнына әртүрлі қырынан қарап талдады. Әр топ өз жобаларын қорғағанда, ойларын еркін білдірді. Осы бірінші сабақтың барысында-ақ топ белсенділері байқалды. Айта кететін жағдай, әдетте сабақта енжар болып отыратын оқушылардың өздері де қызығушылық танытып, сабаққа белсене қатысты. Екінші «Қазіргі заманғы сәндік өнері» тақырыбындағы сабақта оқушылардың өздері сабаққа қажетті материалдарды жинақтап алып келді. Демек, оқушылар сабақты өздері жоспарлап өткізді, мұғалім тек бағыттаушы сұрақтар беріп отырды. Мұнда оқушылар суреттерді талдап, соңында сол суреттердің көмегімен тақырыптық композиция құрастырды. Ал, үшінші «Киіз үй» тақырыбындағы сабақта оқушылар топпен жауап бергенмен, жеке жұмыс орындады. Бұл сабақта АКТ пайдаланылды. Мұғалім және оқушылар дайындаған слайдтар мен бейнероликтер, көркемфильмдерден үзінділер көрсетілді. Сабақ соңында оқушылар білгендерін А4 форматқа әркім өз композицияларын суреттеді.  Оқушылар төмендегідей дағдыларды игерді:

-  өзінің сыныптастарымен бірлесіп топта жұмыс істеу;

- топқа берілген тапсырманы талқылауда көру және ауызша деректерді қолдану арқылы өз пікірін еркін жеткізу;

-  сыныптастарының пікіріне толеранттылық танытып, тыңдай білу;

-  алынған ақпаратты ой елегінен өткізу, сол ақпараттың шынайылылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу;

-  алған білімдерін қажеттіліке байланысты қолдана білу.

         Бейнелеу өнері сабақтарында қолданылған әдіс-тәсілдер, ұйымдастырылған жұптық, топтық жұмыс оқушыларға ұнады. Олар бұл әдістеме басқа пәндерді оқытуда қолданылса деген ниет білдірді. Дегенмен, бір-екі оқушыға оқыту тәсілдері ұнағанмен, топтық жұмысты қаламағандары да болды. Әрине бұл пікір пәннің ерекшелігіне байланысты болуы мүмкін. Себебі, оқушы бұл сабақта жеке жұмыс жасауды қалауы түсінікті.

         Мұғалімнің өз оқушыларының физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік жағдайларын жетік білуі оқыту үдерісіне дұрыс стратегия қолдануға мүмкіндік берді. Оқу-тәрбие үдерісінде сыни тұрғысынан ойлауды қолдануда мұғалімнің бұл білімдері мен қабілеттері  өте қажетті болып табылады.  Мұғалімнің түсініктерінің аясы неғұрлым кең болуы, жүйе салыстыруға және ерекше бір нәрсені ой елегінен өткізуден неғұрлым ортақ түсініктерге ауысуларына мүмкіндік алады. Сонымен қатар үйлескен бейне мен іс-әрекетті талдау демократиялық білім жүйесіндегі кәсіби дамумен жақсы ұштасады.

Демократиялық қоғамдағы жастардың белсенді өмір сүрулеріне сын тұрғысынан ойлау дағдысы, белгілі бір мақсатқа жетуде қажеттіні таба білу қабілетінің керек болатындығы анық.

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1.     С.Мирсеитова, Ә.Іргебаева. Кәсіби даму мектебі. Алматы, 2006

2.     Б.А.Тұрғынбаева. Ұстаздық шығармашылық. Алматы, 2007

3.     Қ.Ж.Бұзаубақова. Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыру. Алматы, «Жазушы» 2006