Ныязбекова К.С., педагогика ғылымдарының кандидаты,                                                                                                   Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті                                                          Есенова  Қ.Ө., филология .ғылымдарының докторы,                                                                                                            Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті                                                  

МЕДИА-МӘТІНДІ ЗЕРДЕЛЕУДЕГІ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР

       В статье выделены и классифицированы специфические умения и навыки студентов при работе с публицистическим текстом, необходимые для формирования лингвокультурологической профессиональной компетентности.

 

       Article has emphasized and classified specific attainments and skills of students in the process of working with publicistic text

 

         Қазіргі қазақ баспасөзінде саясат тақырыбына қатысты жарық көрген материалдарды жүйелі түрде ұсынудың тиімділігі жоғары. Бұл, біріншіден, студенттердің тілдік білімін тереңдете түссе, екіншіден, тіл үйренушінің энциклопедиялық немесе аялық білімін кеңейте түседі. Оқылым әрекетіне жүктелетін негізгі міндет белгілі бір жанрда жазылған мәтінді дұрыс, толық зерделеу болып табылады. Біз жалғастырушы топқа қазіргі қазақ баспасөзінен іріктеліп алынған саясат тақырыбына арналған мәтіндерді ұсыну, оқыту барысында ол мәтіндердің студенттердің түсініліміне, зерделенуіне кедергі болатын бірқатар факторларды анықтадық.  Оларды былайша топтастыруға болады:

1.       Мәтінді түсінудегі лексика-семантикалық кедергілер. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы біртіндеп кеңеюімен байланысты шет және өзге тілдерден енген сөздердің басым бөлігі қазақшаға аударылуда я болмаса, сөздік қорымызда дәлме-дәл аудармасы болмаған жағдайда ұсынылатын баламалардың көбеюі. Жалпы, лингвоәдістемелік мақсатта оқытылатын тілдегі мәтіннің тілдік базасын лингвомәдениеттанымдық қырынан қарастыру қажет. Атап айтқанда, денотаты, коннотаты және лексикалық аясы бойынша ұлттық нақыштағы, ұлттық бедері айқын сөздер тобын бөліп көрсеткен жөн. Зерттеушілер Е.М.Верещагин мен В.Г.Костамаров бүкіл сөздерді семантика тұрғысынан үш топқа бөледі:

ØЭквивалентті сөздерге лексикалық ұғымы тіларалық сипатта болатын сөздер жатады. Олар оңай аударылады, оларды меңгеру барысында семантикалық ауыс-түйіске жол беріледі. Бұл арадағы тіларалық лексикалық ұғымдар дегеніміз бірнеше этомәдени қауымдастықта болатын ұғымдар түсініледі. Мұндай ұғымдардың өзге тілдерді абсолютті баламалары бар болғандықтан аудару барысында  ақпарат барынша толық күйінде жеткізіледі.

ØЭквивалентсіз сөздерге мазмұн межесін қандай да бір бөгде тілдік лексикалық ұғыммен салыстыру, қатар қою мүмкін емес сөздер жатады. Мұндай сөздерді өзге тілдергі аударуға әсте болмайды.

ØАялық сөздерге жекелеген семантикалық компоненттері өзара сәйкес келмейтін тілдкі бірліктер жатады. Ондай сәйкес емес элементтер ұғымдардың өзіне емес, қолданыс аясына қатысты болады. Осы тұста ұғымдық жағынан өзара балама болатын сөздердің қолданыс аясының кейбір тұстары ұқсас болса, кей жерлерінде айырмашылықтардың болатынын ескеру керек  [1,53].Аудиторияның саяси тақырыптағы публицистикалық мәтінді дұрыс әрі толық түсінуіне бірқатар көне, кірме сөздердің актуальдануы (өзектелуі) және пассивтенуі негіз болады. Қоғамда орын алатын кез келген өзгеріс тілде айшықталатыны белгілі. Сондай-ақ, жалпы халықтық сөздік қордағы жекелеген тілдік бірліктердің белгілі бір салада термин ретінде жұмсала бастауы және керісінше ғылым салаларындағы бұрын қолданыс аясы тарлау болған арнаулы лексиканың қоғамның түрлі салаларына таралып, жалпы халықтық сөздік қорға енуі, яғни, терминдік мәнге ие болуы (терминденуі).

2.       Коммуникативті-прагматикалық кедергі. Тәжірибемізден байқалғандай саяси публицистикалық мәтіндерді қабылдауда студенттердің барлығының да ынтасы жоғары. Алайда, саяси мәтінді толық түсінуге, яки зерделеуге үлкен кедергі келтіретін фактор – коммуникативті-прагматикалық ерекшеліктерден туындайды екен. Әсіресе, халық ауыз әдебиетінен танымал ақын-жазушылардың шығармашылығынан алынған, ел арасында қанатты сөзге айналып үлгерген айшықты бірліктер және солардың үлгісімен жасалған авторлық қолданыстарды, олардың мәтінде атқаратын лингвопрагматикалық қызметіне орай туындайтын комикалық, т.б. әсерлерді студенттер өз деңгейінде интерпретациялай алмауы жиі кездеседі. Мысалы, «Жас Алаш» газетінің 2012 жылғы 12 қаңтардағы санында М.Құсайынованың сайлауға қатысты мақаласы жарық көрген. Мақаланың тақырыпаты: «Мандаттан әркімнің-ақ бар дәмесі». Осындағы мәтінде ашық айтылған қоғам мүшелерінің қай-қайсысы да парламент депутаттығынан үміткер болудан бас тартпайтындығы баяндалған. Алайда, автордың мәтінге тақырыпат ретінде ұлы Абайдың «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп басталатын өлең жолын алуы назар аударарлық. Абай өз заманында қазақ қоғамын жайлаған керенаулық, тоғышарлық, бейғамдық, т.б. әлеуметтік дерттерді көре білген, замандастарына сын айта білген, елі мен жұртына шын жаны ашыған азамат еді. Алайда, жалпақ даланы жайлап кеткен жағымсыз ахуалды өзгертуге дәрмені жетпеген ақын жалғыз мұңайып, іштей күңіреніп өткені белгілі. Бүгінгі мақаланың авторы қоғамымызда орын алған қара бастың қамын ойлау, жеке бас мүддесін халық мүддесінен жоғары қою, ынсап, қанағат, обал,сауап сияқты ұғымдарды естен шығарып, ашкөздікті, тойымсыздықты, қанағатсыздықты, ту еткен кейбір мансапқорлардың  көкейіндегілерді көріп, олардың халыққа тигізетін пайдасынан зияны басым екендігін ашына жазған.

Сонымен, жалғастырушы топ студенттері қазіргі қазақ газеттерінен алынған саяси мәтіндердің мазмұнын, ондағы тақырыпты, көтірілген мәселені біршама жақсы түсінеді деуге негіз бар.  Алайда, автордың түпкі прагматикалық ұстанымын анықтап, осы мәтінге артылған астарлы мәнді түсіндіру үшін шағын тарихи-лингвомәдениеттанымдық мәлімет беріп отыру қажеттігі туындайды. Сол сияқты төмендегі мысалдар да толық зерделену үшін студенттердің қазақтың төл әдебиетінен хабардар болуы қажеттігін көрсетті. Мысалы: 408, 409 монография.Мысалдардың келесі бір тобы қазақтың салт-дәстүрін, жөн-жоралғыларын, кәде-сыйларын жақсы білуді қажет етеді. Мәселен, «Тағы да бір күйеу бала шетелге қашып кетті» деген сөйлемді естіген сәтте қазақы танымдағы «күйеу – дұшпан» деген тіркес ойға бірден оралады. Мұндағы автордың айтпақ болған түпкі ойын түсіну үшін әлбетте қазіргі қоғамымыздағы саяси ахуал жайындағы аялық білімнің болуы маңызды. Сондай-ақ, журналист шығармашылығының жемісі деп санауға болатын бірқатар қолданыстар оқырманға комикалық әсер етуді мақсат ететіні арнайы тоқталуды қажет етеді. Мысалы: «Депутат демекші, жақында ғана тараған мәжіліс депутаттары екі жылдың еңбекақысын талап етіп, зейнетақыларын биліктен өтіне бастаған кезде халық арасында жепутаттар деген сөз шықты» [Жас Алаш// 03.07.07. 1 б]; «Мә, оңтүстіктің күлшелі күйеу баласы Мәми мәледес екен, әлі сиясы кетпеген жолдауды насихаттап, әрі жуырда ғана облыстық мәслихаттың хатшылығына жаңадан сайланған туған бажасы Құдайберген Ержанды құттықтап осы өңірге арнайы келудің ебін тапты» [Жас Алаш// 02.02.12. 12 б]; «Облыстық филормониядағы жолдауды талқылаған жиында кілең ығай-сығайлардың жанында иық теңестіріп ең алдыңғы қатарда жадырап отырған су жаңа хатшының, бақытты бажаның жүзінен осыны аңғардық» [Жас Алаш// 02.02.12. 12 б]; «Дүмше молдалардың дінді бұзатыны рас, ал дүмше бастықтар ше?» [Жас Алаш// 05.03.05. 4 б]; «Екіншіден, мұндай ергежейлі партиялар науқан кезінде өкіметтің «қалқаны» қызметін атқарады» [Жас Алаш// 05.03.05. 1 б]; «Бұл осы сияқты ергежейлі партиялардың қоғамда бәрібір ешқандай серпіліс туғыза алмайтын саяси кеңістікте екенін айғақтайтындай» [Жас Алаш// 05.03.05. 1 б].

Студент жоғары білімді маман болатындықтан мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгеруі тиіс. Яғни, күнделікті ауызша қатысымнан бөлек медиа кеңістіктегі жаңалықтар мен өзгерістерді, БАҚ-ғы ақпаратты адекватты түрде түсінуі үшін онда елдегі саяси ахуал жөнінде білім қоры болуы тиіс. Ал, сөз бостандығын жақсы, тиімді пайдаланатын бүгінгі қазақ газетіндегі саяси мәтіндерде кодталып ұсынылатын түрлі ақпаратты дұрыс ашып, түсініп, саралау үшін онда коммуникативтік прагматикалық  аялық білімнің болуы шарт.

Публицистикалық мәтіннің келесі бір үлкен ерекшелігі – БАҚ-тың қоғамдағы айрықша қызметі қоғамдық санаға әсер етуімен туындайды. Яғни, БАҚ арқылы көпшіліктің көңілін аударуды қажет ететін мәселелер, әсіресе, саяси дискурста  биліктің немесе басқа да саяси бағыттағы партиялардың мүддесіне сай, қоғамдық пікірді қалыптастыруда публицистикалық мәтіннің экспрессивтілік әлеуетінің неғұрлым жоғары болуына байланысты. Бұл категория тікелей оқырманның эмоционалды саласында ықпал етуге бағытталады.

Публицистикалық мәтіннің экспрессивтілігі лексикалық, грамматикалық, фонетикалық және прагматикалық құрылымдарды қолдану арқылы қалыптасады. Бұл арада астарлы мәтін, яғни, мақалада немесе хабарламада ашық айтылмайтын көзі қарақты, көңілі ояу оқырман сара санасы арқылы аңғаратын астарлы мән үлкен маңызға ие. Бір қарағанда өзекті бір тақырыпқа арналған материалда берілген ақпарат мәтін өзегі болса автордың түпкі прагматикалық ниеті сол өзектің маңынан немесе тіпті, шеткері аймағынан орын алады. Яғни, адресант өзі көтеріп отырған мәселеге қатысты пікірін тікелей емес, жанама түрде жеткізеді. Ол үшін түрлі стилистикалық құрылымдар, интонация, т.б. бейвербалды құрылымдар қолданылады. Әсіресе, сөздердің метафоралық семантикасы прагматикалық тұрғыдан ұтымды болып табылады.

Зерттеушілер қазіргі БАҚ тілінде метафоралылықтың айрықша жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Мұндағы метафоралардың көркем шығармадағы авторлық индивидуалдық метафорадан айырмашылығы үлкен. Медиа мәтіндегі метафоралардың мазмұны екі жақты мәнде болатындығымен ерекшеленеді. Мәселен, көркем метафоралардың екі жақтылығы сөздердің негізгі және ассоциотивтік мағыналарының өзара әрекеттестігі негізінде жасалса, қазіргі БАҚ тіліндегі метафора әлеуметтік сипатымен айрықшаланады. Оны ақиқат, болмысты бейнелеу тәсілі деуге болмайды. Кеңірек мағынада алсақ,  ол ойлаудың дүниені түйсінудің айрықша амалы болып табылады. Мұндай метафора қоғамдағы қоғамдық-саяси және идеологиялық өзгерістерді байқатып қана қоймайды, сонымен қатар,  олардың тіліміздің сөздік қорындағы, лексикасындағы үрдістерге әсерін де анықтай алады.  Мұндай метафораларды  жасауда көбінесе жаңа қолданыстар пайдаланылады. Осымен байланысты, газет мәтінімен жұмыс жүргізуде студенттер жаңа қолданыстардың узуалды және окказионалды мағыналарын ажырата білуді, сондай-ақ, окказионалды қолданыстардың мәнін аша білуге үйренуі тиіс. Осы тұста газет мәтінін дұрыс зерделеуде маңызы зор болатын қолданыстардың узуалды және окказионалды мағыналарына тоқталғанымыз жөн.

Жалпы мәтіндегі кілт сөздердің, бірінші, тілдік жүйедегі мағынасына, екінші, оның   сөзжұмсамдағы қызметіне, жүзеге асырылуына назар аударған жөн. Сөздердің жүйелік мағынасы деп бүкіл тілдік ұжымға белгілі, етене таныс семалар жиынтығын атауға болады. Ал сөз мағынасының белгілі бір салаға және жеке тұлғаларға қатысты тар көлемдегі бөлшектері мағына шеңберінен тыс қалады. Лексикалық бірліктің жүйелік мағынасы өзара әрекеттестікте болатын, өткірлігі мен мәнділігі әр алуан дәрежедегі семантикалық бөлшектердің күрделі кешені болып табылады. Осы жүйелік мағынада тілдік ұжымға етене таныс өзектік семалар да, шеткері семалар да қамтылады. Өзектік семалар белгілі бір тілге тән семантикалық оппозициялар арқылы анықталады. Яғни, олар жіктеу, аражігін ажырату қызметін атқарады. Өзектік семалар кешені сөздердің денотатын анықтауға жол ашады. Көп жағдайда өзек семалар компоненттік талдау арқылы бөлініп көрсетіліп, түсіндірме сөздіктерде беріледі. Шеткері семалар тілдік жүйеде дифференционалдық қызмет атқармайтындықтан компоненттік талдаудан тыс қалады және сөздіктерде де қамтылмайды. Алайда, олар мағынаның психологиялық тұрғыдан маңызды бөлшектері болып қала береді.   Қалай десек те, газет мәтінінде сөздің өзекті, актуалды мәні осындай бірнеше семалардың бірігуі арқылы көрініс табады. Сөзжұмсамда сөздердің жүйелік мағынасы екі түрлі жолмен жүзеге асырылады: біріншісі, сөздердің тура мағынасы арқылы. Мұның өзі іштей дәстүрлі (негізгі өзек семалардың актуалдануы) ; дәстүрлі емес (шеткері семалардың актуалдануы) деп бөлінеді. Екіншісі, атаулардың ауыспалы мәнде қолданылуы. Жаңа референттердің аталымы. Осы екінші формаға мысал ретінде метафораларды атауға болады. Яғни, газет мәтініндегі кез келген метафоралардың мәнін түсіну үшін  студенттерде сол метафораға негіз болған ұғымдар жөнінде және нақты мәтінде көтерілген мәселеге байланысты аялық білім болуы тиіс. Аялық білім дегеніміз – тіл ұстанушының немесе тұтас тілдік ұжымның санасында бар бұрыннан болатын ықтимал білімдер қоры. Қатысымның барнша тиімді болуы саяси дискурстағы тараптардың аялық білімдерінің өзара сәйкес келуі немесе ортақтығы. Лингвистикада осындай тіл ұстанушыға бұрыннан белгілі ақпараттар, білімдер қоры – пресуппозиция деп аталады. Прагматикалық қырынан алғанда аталмыш терминдердің арақатынасы тек түр формасында болады. Дәлірек айтқанда, пресуппозицияның шеңбері аялық біліммен салыстырғанда анағұрлым кең [2,57]. Яғни, пресуппозиция тілдік ұжымның бұрынғы тәжірибелеріне негізделетін экстралингвистикалық білімдерін тұтастай қымтыса, аялық білім оның бір үзігін ғана көрсетеді. Сонымен, тіл үйренушінің газет мәтінін дұрыс зерделей білуі үшін онда кездесетін кедергілерді жою бағытында жұмыс жүргізу керек. Түрлендіріліп берілген тапсырмалар әртүрлі әдістер аталмыш кедергілерді жоюға ммкіндік береді. Сонымен студенттердің лингвомәдениеттанымдық, саяси-қатысымдық білігін қалыптастыру тілді оқыту үдерісінің кешенді маңызды бір бөлігі болып табылады. Себебі онда бірнеше салааралық білімдер қоры пайдаланылады. Осы мақсатта ұсынылатын кешенді жаттығулар жүйесі және оған қажетті материалдарды пайдалану арқылы 1-ден, тіл үйренушілерді өз бетімен жұмыс істеуге дағдыландырса, 2-ден, олардың болашақ мамандығына қатысты кәсіби біліктілігін қалыптастыруға жол ашады. Сөйтіп, қазақ тілін оқыту арқылы болашақ маманның кәсіби даярлығын күшейтуге үлес қосуға болады деп ойлаймыз.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Костомаров В.Г. Лингвистический статус массовой коммуникации и проблемы “газетного языка”// Психолингвистические проблемы массовой коммуникации. - М.: Наука, 1974. - С. 53

2.      Падучева Е.В. Высказывание и его соотнесенность с действительностью. М., 2002.

3. Ныязбекова К.С. Роль средства массовой информации в республике Казахстан. –   Болгарияда (София) «Образование и наука XXI века» атты  Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарында.