УДК 81.25

Абилмажинова Л.Қ., ШҚАУ, аға оқытушы, филология магистрі (Қазақстан)

Ботабаева А.Д., ШҚАУ, аға оқытушы, филология магистрі (Қазақстан)

 

ТІЛДІК МАТЕРИАЛДЫ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕ МЕҢГЕРТУДІҢ БІР ЖОЛЫ – САТЫЛАЙ КОМПЛЕКСТІ ТАЛДАУ

(АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ НЕГІЗІНДЕ)

 

Тіл дыбыстарының ана тілімізде зерттелуі XX ғасырдың басында басталады. Зерттелудің алғашқы қадамы қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы Ахмет Байтұрсынұлы есімімен байланысты.

Қазақ халқының ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы аса көрнекті педогог, ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші тюрколог,  дарынды ақын-аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдениет және әдебиет өнеріне белсене қатысқан жазушы, қоғамда өзгерісті жасау жолында талмай күрескен, сөйтіп халық игілігі үшін жан аямай еңбек етудің үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынов, Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірдің өркендеу тарихында үлкен орын алады.

Байтұрсынов қазақ халқының мұң-мұқтажын,талап-тілегін мейлінше қолдап қуаттады, халық арасында жүргізілуге тиісті ағарту жұмыстарының түрлерін көрсетті, халық бұқарасының санасын оятуға ұмтылды. Қазақ даласындағы мектеп құрылысы, берілетін білімнің бағыт-бағдары мен мазмұны, қазақтың қол-тума жазуын жасау, кітап басып шығару жұмысын ұйымдастыру, мұғалімдер даярлау, ағартушылық жолдағы Қазақстандағы әлеуметтік-педагогикалық міндеттерді шешудің алғашқы қадамдарын жасады.

Мұсылмандық оқу жүйесінде, заман талабына сай, ескі қадыми оқудан жаңа мұсылманша оқу жәдиттікке көшу еді. Түрік тілдес халықтарының арасында бұл тұрғыдағы «жәдиттік» оқу жүйесін заман талабына сай қолдану оны жүзеге асыру кең қолданыстар тапты. Осы негізде, қазақтар арасында «жәдиттік» оқуды жүзеге асырушысы және оның көш басында –А.Байтұрсынов тұрды.  А.Байтұрсынов өз зерттеулерінің нәтижесіне сүйеніп әдістемелік нұсқау дайындайды. «Осы күнде оқуы тәртіпті жұрттар балаларға харіп көрсетпей тұрып, әуелі дыбыспен жаттықтырады. Дыбыспен жаттықтыруға көп уақыт кетпейді, одан келетін пайда көп: дыбыстарды тізіп үйренсе, харіптерді тізу қиын болмайды» - дейді.

Ғалым тілдің дыбыс үлгісіне жоғары мән берген, дыбыс пен жазу арасындағы принципті айырмашылықтың басын бір жақты ашып алғанын көреміз.

Дыбыс – тілдің бір жақты бірлігі, дыбысталады, бірақ мағынасы жоқ. Ал олардың белгілі бір тілде қалыптасқан тіркестері мағыналы сөздерді білдіреді.

Сөйлеудің табиғи дыбыстың материясы болып табылатын фонетикалық жағы  ерекше зерттеу әдістерін қажет етті. Себебі фонетика акустикалық (немесе физикалық) аспекті тұрғысынан акустикамен және физиологиямен (сондай-ақ, анатомиямен да) байланысты болып келеді.

Сонда әрбір дыбыс төмендегідей тізбек бойынша талданып шықты, дыбыс ауыз қуысында жасалады, сонан соң ауа кеңістігіне шығады, сөйтіп құлаққа келіп жетеді.

Қазақ тілінің дыбыс құрамы мен жүйесі әр тұрғыдан талданып шықты. Атап айтқанда:

-                     дыбыстың жасалымы (артикуляциясы), яғни дыбыс жасалу тұрғысынан талданып-сипатталды;

-                     дыбыстың айтылымы (акустикасы), яғни дыбыс айтылу тұрғысынан талданып-сипатталды;

-                     дыбыстың естілімі (перцепциясы), яғни дыбыс естілу тұрғысынан талданып-сипатталды.

Оның өзіне ғана тән ұғымдар мен атаулары бар.

Дыбыстың жасалымы (артикуляциясы) – дыбысты жасауға қатысатын сөйлеу мүшелерінің аты аталып (ерін, тіл ұшы, тіл ортасы, тіл арты, тілшік), орны көрсетіліп, сол сөйлем мүшелерінің өзара қиысу жолдары (тоғысыңқы, жуысыңқы, діріл, жанама) сипатталады.

Дыбыстың айтылымы (акустикасы) ауыз қуысындағы резонаторлар жүйесінің қалпы аталып (ауыз қуысты, көмей қуысты, жанама қуысты), сөйлем мүшелерінің өзара қиысу күші (лепті тоғысыңқы, босаң тоғысыңқы, бос тоғысыңқы) аталады.

Дыбыстың естілімі (перцепциясы) ауыз қуысынан сыртқа шыққан дыбыстың құлаққа жеткен нәтижесі (жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, ашық таза дыбыс, қою дыбыс) сипатталады. /1.12б/

Алайда, академик Л.В. Щербаның айтқанындай «жалпы фонетиканы акустикадан да, физиологиядан да басқаша лингвистикалық айрықша пән ретінде бөліп қарау және оны тіл дыбыстарының адамдардың тілдік қатынас жасау процесінде атқаратын қызметіне орай әлеуметтік ғылымдардың қатарында қарау керек».

Тіл дыбыстарын және олардың артикуляциялық жақтарын түсіну үшін дыбыстар мүшелер мен олардың әрқайсысының қызметін жеке білу қажет. Дыбыстау мүшелері мыналар: өкпе, тамақ, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл, таңдай, тіс, ерін, т.б.

Тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сырқа шығуынан жасалады.  Бірақ олар өкпедегі ауаның жай ғана шыға салуынан жасалмайды,  ол үшін сөйлеу аппаратының  қатысуы шарт.  Дыбыстау мүшелері  ауа жүретін  каналдың  (дыхательный)  бойына орналасқан өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің  өкпеге қосылатын  тарамдарынан  тамаққа, одан  көмейден жұтқыншақ  қуысына келеді.  Одан әрі ауа  не мұрын қуысына, не ауыз қуысы арқылы өтеді.

Дыбыстарды айтуда, әсіресе, дауыс шымылдығы мен тіл айрықша қызмет атқарады.  Дыбыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да, үн шығады. Ал, дауыс шымылдығы  жиырылып тұрса, онда діріл пайда болмайды, сондықтан да  үн де шыға алмайды. Дауысты дыбыстар осы аталған дауыс шымылдығының   дірілінен пайда болады.

Қазақ тілі- түрік тілінің бір тарауы. Дүниедегі  жұрттың  тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршік тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл.

Түбіршік тіл  түпкі қалпынан өзгерілмей жұмсалады,  мәселен, һәм жапон тілдері. Жалғамалы тіл  - сөздің аяғына жалғау қосылып өзгерілетін тіл.  Мәселен, түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл- сөз түбірі мен қопарылып, өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түркі тілдің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы.  Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей  аяғына жалғау қосылып өзгеріледі. Түрік жұртының  90 пайызы  баяғыдан бері  араб әрпін пайдаланып келеді, -дейді  лингвист ғалым А.Байтұрсынов өз баяндамасында.

А.Байтұрсынов: «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, ал жетісі дауыссыз, ал екеуі  жарты дауысты» -  дейді.  Дауысты дыбыстар: а,о,ұ,ы,и,е. Дауыссыз дыбыстар мынау: б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, ң, к, г, қ, л, м, н. Жарты дауысты дыбыстар: шолақ у, һәм шолақ й.

Бұл дыбыстардың ішінде «қ» һәм «ғ» ылғи жуан айтылады. «к», «г» һәм «е»  ылғи жіңішке айтылады. Егерде жуан айтылу үшін бір белгі, жіңішке айтылу үшін  бір белгі керек десек, онда 19 дыбысқа  38 белгі  керек болар еді.  Бұған жуан айтылатын «қ» мен «ғ»-ны қосқанда, дайын жіңішке айтылатын «к»,»г», «е»-лерді қосқанда,  бәріне 43 белгі  (һәріп) керек. /2.169б./ 

Араб әліппесінде 43 жететін һәріп жоқ, өзге әліппелерді қазақ қабыл алмайды. Араб әліппесі қазақ арасына дінмен бірге жайылған.  Дінмен байланысқан әліппені  тастап, қазаққа басқа әліппе алдыру  қиын жұмыс.  Дауысты дыбыстар сөздің  жаны есебінде, дауыссыз дыбыстар һәм жарты дауысты дыбыстар  сөздің тәні есебінде. Тәнді жан қалай билесе, дауысты дыбыстар басқа  дыбыстарды сондай билейді: яғни дауысты дыбыстар  жуан айтылса,  дауыссыз,я жарты дауысты дыбыстар да  жуан айтылады. Дауысты дыбыстар жіңішке айтылса,  басқа дыбыстар да жіңішке айтылады.

Дауысты фонемаларды таңдағанда, әрбір жеке дауыстыны жасап тұрған үннің ішкі сапасын түсініп ажырата алу  - шарт. Тіл ғылымында үнге айналған ауаның ішкі сапасына қарай, дауысты фонемалар әдетте үш түрде қарастырылады: монофтонг, дифтонг, трифтонг.

а) Монофтонг – арасында ешбір артық қосындысы жоқ таза үннен ғана жасалған дауыстылар. Бұл топқа ауаның сыртқа шығар жолы мейлінше ашық немесе орташа ашық дауыстылар жатады. Қазіргі қазақ тіліндегі а, ә, ы, і, ұ, ү, о, ө, е фонемалары – жалаң дауыстылар, яғни монофтонгтар болып есептеледі.

ә) Егер дауыстылардың айтылуында ауаның сыртқа шығар жолы неғұрлым тар болса, ондайда дыбыстар осы тар жолдан қысылып сыртқа шығарда негізгі үнге аздаған қосынды үн үстеп алады. Басқаша айтқанда, ауа тар жолдан сүзіліп, жан-жағын қоршаған сөйлеу мүшелелерінен сығылысып шығарда оған үстеме, жанама үн қосылады. Осыдан дифтонг дыбыстар пайда болады. Демек, дифтонг дыбыстарға үннің сапасы біркелкі таза емес, бөліп жаруға келмейтін екі үннің қосындысынан бірігіп жинақталған тұтас бір фонема пайда болады. Дифтонг дыбыстарды жиынды екі дыбыстың негізгі үні артық: көтеріңкі айтылады да жанама қосынды үні оған қарағанда, едәуір көмескі, бәсең, солғын айтылады.

Қазақ тіліндегі байырғы сөздердің құрамында қолданылатын дауыстылардың екеуі дифтонг болып есептеледі: бірі – «у»; екіншісі – «й».

«У» тұйық дифтонг. Бұл фонеманың жасалуында ауаның өкпеден ауыз қуысына келе жатқандағы жолы ашық, кедергісіз, сондықтан айтудың алғашқы кезінде ауа мол, «у», «ы» немесе «у», «і» таза үн естіледі. Бірақ ауаның сыртқа шығар жолы екі еріннің мейлінше сүйірленіп тарылуына байланысты болғандықтан, ол өзіне аздаған ысқырық тәріздес үн қосып алады да, ауа жолының ең соңында мейлінше қысаң естіледі, яғни негізгі дыбыс жасайтын үн екі элементтің араласқан  қосындысына (у, ыу, уу, іу) айналады. /3.17б./

Дауысты дыбыстарды  жуан дауыстылар «гуттураль»  және жіңішке дауыстылар «палаталь» деп екі топқа бөліп қараудың түркі тілдерінде  сингорманизм заңдылығын (дауыстылардың үндесу заңдылығын) танып білуде үлкен мәні бар.

20-30 жылдары жасалған  терминдердің кейбір ғылым саласында тұрақтап, күні бүгінге дейін өзгеріссіз қолданылып келе жатыр. Бұған мысал ретінде А.Байтұрсынов тарапынан тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы әбден қалыптасып кеткен көптеген терминдерді келтіруге болады. Тіл білімінде қолданылатын орыс және халықаралық терминдерді басқа ғылымдар саласындағыдай  қалай болса солай ала салмай, оқырман көпшілікке түсінікті болу үшін оларды жүйелі түрде қазақ тілінің өзіне тән байырғы сөздер негізінде тыңнан жасауға ғалым көп күш салған. Қазақ тілімен туыстас түркі тілдерінде терминалогия мәселесі белгілі бір жүйеге түспей, үйлесім таппай жатқан кездерде А.Байтұрсыновтың жаңашыл әрекеті түркологияда ерекше көзге түскен еді. Мәселен, дыбыс, дауыссыз дыбыс, жарты дауысты дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, ымыралы дыбыс, буын, сөз, жалғау, жұрнақ, қосымша, септік – атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, шылау, демеу, одағай, сөйлем, жай сөйлем, жалаң сөйлем, жаңылма сөйлем, сұраулы сөйлем, болымды сөйлем, болымсыз сөйлем, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш т.б. жүздеген лингвистикалық терминдер қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынов есімімен байланысты айтылады.

Қазіргі кезде тілдік материалды оқушыларға ғылыми негізде меңгертудің бір жолы – сатылай комплексті талдау. Бұл талдаудың өзіндік ерекшелігі сол оқушыларға қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығы мен әдеби тіл нормасын үйретіп, сауатты сөйлеу, жазу дағдысын қалыптастыру, тілден алған білімдерін басқа ғылым салаларын меңгеруге құрал етіп, білім беру үстінде пән мен пәнді байланыстыра меңгертіп өз беттерінше іздене біліп, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу.

Өтілген тілдік материалдар оқушыларға  түсінікті болып, одан сапалы және көлемі дәл көрсетілген білім алу үшін және өтілген материалды тиянақты меңгеріп, оның ғылыми-практикалық негізін дұрыс түсіну үшін де сатылай комплексті талдаудың маңызы зор.

Сатылай комплексті талдауды жүргізуде басшылыққа тілдік материалды белгілі бір жүйесімен  орналастырған сызба басшылыққа алынған. Оқулықта берілген материал оңайдан қиынға, жеңілден ауырға деген оқыту принципіне негізделсе, сызба да осы принципті басшылыққа алады.

Сондықтан жалпы тіл білімі салаларын, тілдің әр саласын қамтитын, сөз таптарының әрқайсысын жеке-жеке көрсететін сызбалары бар. Тілдік талдауды жүргізу барысында қажетіне қарай сол сызбалар басшылыққа алынып отырады. Алғашқы және басты сызбаның бірі – төменгі сызба.

Тіл білімі салаларын сатылай комплексті талдаудың жүйесі

 

                                              

1 . Синтаксистік талдау: объектісі – сөйлем, сөз тіркесі.

а. айтылу мақсаты

ә. құрылысы

б. сөйлем мүшелері

в. сөз тіркестері

г. сөздердің байланысу тәсілдері

 

II. Сөз жасамдық (сөздердің жасалу жолдары) талдау: объектісі – сөз.

а. сөз құрамы

ә. сөздердің лексика-грамматикалық мағынасы.

III. Морфологиялық талдау: объектісі – сөз.

а. сөз таптары

ә. қосымшалар, олардың грамматикалық мағынасы.

IV. Лексикалық талдау: объектісі – сөз.

а. сөздердің әр алуан мағыналары

V. Фонетикалық талдау: объектісі – сөз.

 

 

Фонетикалық талдауды сатылай комплексті түрде жүргізу үшін төмендегі сызба басшылыққа алынады.

 Сөз

 

                                               1. Жуан, жіңішке, аралас буынды сөз

                                               2. Буын, оның түрлері 

                                               а) ашық буын (а, б)

                                               ә) тұйық буын (т, б)

                                               б) бітеу буын (б, б)      

 

                                               3. Тасымал

                                               4. Екпін

                                               5. Буын үндестігі

                                               6. Дыбыс үндестігі

                                               а) ілгерінді ықпал (            )

 

                                               ә) кейінді ықпал (             )

 


                                               б) тоғыспан ықпал  (                   )

 

Осы сызбаны негізге ала отырып, мұғалім оқушыларға өтілген материалдарды рет-ретімен сатылап талдатып отырады.

Енді төменде фонетикалық талдаудың толық түрі, ықшамдалған түрі, дыбыстарға математикалық тәсілмен дыбыстық мінездеме берудің үлгілерін рет-ретімен береміз.

Ана

1. Айтылу, жасалу, жазылу жолдарына қарай жуан буынды  сөз. Сөздің құрамындағы дауысты дыбыстар – (а, а = а2) жуан дауыстылар.

2. Бұл сөз а – на болып екі буынға бөлінеді. Сөздің құрамында екі дауысты дыбыс бар.

А буыны да, -на буыны да ашық буындар (а, б). себебі а буыны жалғыз дауысты дыбыстан тұр, -на буыны дауыссыз дыбыстан басталып, дауысты дыбысқа аяқталып тұр.

3. Сөз екі буыннан тұрғанымен тасымал- данбайды, өйткені жалғыз дауысты дыбысты жолдың екінші жағына қалдырып кетуге болмайды.

4. Сөзде екпін на буынындағы а дыбысына түседі.

 

5. Сөзде буын үндестігі жоқ, себебі түбір сөз.

 

6. Сөзде дыбыс үндестігі де жоқ, өйткені қосымшасыз түбір сөз.

 

Тіл дыбыстары туралы түсініктен білім бергенде, тамақ қуысының, оның атқаратын қызметі жайы да мәлімет беріледі. /4.9б/

40 дыбыс екі топқа дауыстылар және дауыссыздар болып бөлінетіндігін, 12 дауысты, 25 дауыссыз дыбыс барына назар аудартамыз, екеуінің саны 37, бірақ 3 дауысты дыбыстың бұған қосылмай бөлек тұрғанын көрсетпейміз, олар я, ю, ё орыс алфавитінен енген, бұл әріптер қазақ тіліндегі и+а, и+у, и+о тәрізді дыбыстар қосындысы екенін түсіндіріп, осы үш дыбыстың қосылуымен қазақ тіліндегі дыбыстардың 40 екеніне көз жеткіземіз, яғни, 3 қосынды дауысты дыбыстармен тілде 15 дауысты дыбыс бар дейміз.

42 саны қазақ тіліндегі әріп саны, ъ, ь тек таңба екендігі, құлаққа дыбысы естілетін 40 әріптің бары бағыттауыш арқылы көрсетіледі.

Дауысты және дауыссыздар туралы түсінік беруде, дыбыстардың өзара айырмашылықтары көрсетіледі. Мысалы, еріннің қатысына қарай бөлінетін дыбыстардың жіктелуін және олардың жасалу қалпын білдіру теориялық материалдар негізінде баяндалады. Еріннің алға қарай сүйірленуінен және оның кейін тартылып, езудің жиырылуынан жасалған еріндік пен езуліктердің әрқайсысы белгілі көлемде меңгертіледі. Иектің жоғары не төмен түсіп, жақтың кең ашылуынан, қысаң дыбыстардың иектің сәл жоғары көтеріліп, жақтың тар ашылуынан жасалатындығы негізге алынады. Тілдің таңдайға қарай жиырылып, сәл бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дыбыстардың және тілдің, таңдайдың алдыңғы жағына жуықтап айтылуынан жіңішке дауыстылардың жасалатындығы меңгертіледі. Дауыс шымылдығы мен ауыз қуысы дауыстыларды айтқанда түрліше құбылып, бірде кеңірек, бірде тарырақ ашылады. Сөйтіп, дауысты дыбыстардың артикуляциялық және акустикалық қасиеттерін өзгертіп отырады.

Дауыстылардың акустика жағынан әр түрлі естілуі олардың артикуляциялық жағынан әр түрлі жасалуында. Ауыз қуысы бір түрлі қалыпқа еніп, дауыстыларға бір түрлі ырғақ береді, сөйтіп дауысты құлпыртып отырады. Дауыс шымылдығы біркелкі дірілдеп, дауыстыларды айтқанда бірқалыпты тұратындығы сезіледі. Дыбыстардың қай-қайсысы болсын сөйлеу мүшелерінің  кинестетикалық түйсігі арқылы жасалады. Үнділерді айтқанда әсіресе дауыс шымылдығының рөлі күшті. Дауыс шымылдығы ауаға тосқауыл жасап, бірде керіліп, бірде жиырылып тұрады. Үн оның керіліп тұрғандығынан пайда болады. Жиыру кезінде діріл болмайды да, үн шықпайды.

А.Байтұрсынов, біріншіден, қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарының авторы, жаңашыл ағартушы, екіншіден, араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы. Бұл жазу үстіміздегі ғасырдың 10 жылдарынан бастап, 20 жылдардың соңына дейін қазақ мәдениетіне, оқу ағартуына жақсы қызмет етті. Байтұрсынов алфавиті күні бүгінге дейін қолданыс тауып келеді. Үшіншіден, А. Байтұрсынов – қазақ әдебиеті мен тілін, мәдениет тарихын зерттеуші тұңғыш филолог, тарихшы ғалым және Қазақстан ғылымын ұйымдастырушылардың бірі. Төртіншіден, ол қазақ халқына, жас совет үкіметіне адал қызмет еткен ірі қоғам қайраткері.

Міне, қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, 20 ғасырдың бас кезіндегі үркердей шағын топ – демократтық бағыттағы қазақ интеллигенциясының ең ірі, ең беделді өкілі, бір емес, екі рет заңсыз жазғырылып, сталиндік режимнің құрбаны болған А.Байтұрсыновты осылай танимыз.

Қазақ тілінің дыбыс құрылысын зерттеуде А.Байтұрсыновтың ілімдерін одан әрі жетілдіріп, жалғастырған және қазақ тілі фонетикасының ғылым дәрежесіне көтерілуіне бірден-бір үлес қосқан ғалымдар болды. Ілгері зерттеулердің нәтижесінде ғылым жетекшілігіне сай еңбектер жазды. Соңғы кездерде қазақ тілінің дыбыс жүйесін тәжірибе жүзінде зерттеуге көп көңіл бөлініп келеді. Осыған сәйкес, қазақ тілі дыбыстарының жекелеген мәселелері туралы Ж.Аралбаев, Ә.Жүнісбеков сияқты ғалымдар құнды зерттеулер жариялады. Осы жетістіктердің барлығы да ғалым А.Байтұрсынов пен профессор Қ.Жұбанов негізін салған іргелі зерттеулердің жалғасы еді. Ендеше, фонетика саласындағы қазіргі жетістіктеріміздің бастау бұлағы ретінде А.Байтұрсыновтың еңбектері бүгінгі күнмен ғылыми жалғастығын үзбеуі тиіс.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.       Қазақ грамматикасы (фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис). – Астана, 2002

2.         Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы. – 1992

3.       Дәрменқұлова Р. У керек тұлғалы баяндауышқа қатысты норма. - Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2001. - №6. – Б. 17

4.       Оразахынов Н. Фонетикалық талдауды сатылай комплексті түрде жүргізу. - Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2000. - №10. – Б. 9