С.ИМАНАСОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЗАМАНА КЕЛБЕТІ      

                                                                                              

                                                                                           Оралова Г.М.

             С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

Көркем туындыны, сол сияқты, кез келген өнер туындысын философия ғылымының заңдылықтарына, соның әдістемесіне сүйенбейінше танып-білу мүмкін емес. Ол әр ғылымның өсу өрісін, даму болашағын айқындайды. Табиғаттану, қоғамтану ғылымдары философиялық ой-тұжырымдарынсыз дәрменсіз, онсыз құлашын кең жайып, өмір ақиқатына терең бара алмайды.

Әдебиеттану ғылымы философиялық эстетика заңына сүйенеді, сол арқылы көркем туындының заңдылықтарын, идеялық-эстетикалық мән-мазмұнын ашады, оған дұрыс баға береді.

Көркем туынды – ақиқат өмірдің көрінісі. Онда нақтылы өмірдің ізі, сәулесі, шындығы барынша көрінбек. Сонымен қатар, әдеби туындыда жазушының, ақынның өз дүниетанымынан туған даралық сипат та болады. Өнер адамы өмір жайлы өз толғанысын, өз жүрек лүпілін, ой-сезім, түсінігін, көргені мен көңілге тоқығанын бейнелейді. Шығармада сөз шеберінің бүкіл жан-дүниесі ашылады, сүйініш-күйініші көрінеді. «Мені» жоқ суреткер сирек. Ал оның «мені» негізсіз емес, өмірден аулақ емес. Ол өзі өмір сүрген кезеңге селқос қарамайды, оған көз жібереді, тереңдей бойлайды. Өмір жайлы өз «менін» айтқанда, ол объективті дүниеден аулақтанбайды, қайта нақтылы өмір ақиқаттарынан, көрген-білгендерінен көркемдік түйін жасайды. Демек, көркем туындыдағы ақиқат тек қиял дүниесінің жемісі емес, оның туған топырағы бар, ол – шындық өмір, адам тіршілік еткен нақтылы дүние.

Әдебиет зерттеушісі, белгілі ғалым В.Новиков: «Суреткер өзінің ерекше әлемін жасайды. Ол әлем өз бойына шындықтың барлық қасиетін сыйғызған, ол жарылуға әзір буырқана қайнаған құштарлыққа, қайшылықтарға толы. Оларда қайталанбас бейнесімен сомдалған адамдар әрекет етеді. Оның үстіне, бұл әлем суреткердің жан жарығымен сәулеленген, жан сезімімен суарылған және де шындық туралы жай тарихи баяндаудан гөрі әлдеқайда жарқын әсер етеді»,- деген ғылыми тұжырым айтады (1, 12).

Суреткер – белгілі дәуір перзенті. Оның шығармашылығы – сол өмірдің сәулесі, көрінісі. Сондықтан ақын, жазушы шығармалары өз дәуірінің әлеуметтік тіршілігінен, арпалысынан оқшау болуы мүмкін емес. Бірде бір шынайы суреткер өз заманының саяси-әлеуметтік мәселелеріне үн қоспай, араласпай қалмақ емес.

Үлкен суреткер өз мұңын, арманын, адам тағдырын, қоғам, өзі өмір сүрген заман тағдырымен астарлас жырлайды. Соны шығарма өрнегімен түсіндіруде өз тәжірибесіне арқа сүйейді. Әрине, өнердегі субъективті фактордың мәні де ерекше. Өйткені әр суреткер – жан-сезім дүниесінің адамы. Ол шығарма жазу үстінде өзі қайғырып, өзі қуанады.

         Бұл мақала көлемінде замана келбеті, қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің поэзиядағы көрінісін С.Иманасов туындылары негізінде талдауды мақсат еттік.

         Ақын өзі өмір сүрген заман келбетін балалық шақ, бал дәуренінің суреттерімен қиыстыра жырлайды, сол арқылы балалық шақтағы замана келбетінің суретін ашады. Мысалы:

 

                                  Сәби едік...

                                  Ісі жоқ жер-көкпенен,

                                  Ес кіріп бірімізге енді ептеген,

                                  Біріміз жаңа ғана қаз басқанбыз,

                                  Біріміз жаңа-жаңа еңбектеген...

                                  Тажалға қарсы атылып ер кететін,

                                  Көз жасын кәрі әжелер көлдететін,

                                  Анамыздың қолы емес,

                                  Азынаған

                                  Ажал желі біздерді тербететін

                                                                     (С.Иманасов).

 

Өлең жолдарының соңғы тармағы ақын өмір сүрген заманның ауыр қайғысын жанға әсер етер оралымдар арқылы қиюластыра жеткізген. Контекстегі антитезалық салыстырулар (ананың аялы алақаны – азынаған ажал желі) ақын өмір сүрген ортаның мұңлы, ауыр келбетін образды жеткізген.

         Суреткер қайратты, өмір сүруге деген құштар, қайсар мінезді суреттей отырып, үміт, сенім, тілегі арқылы  өз заманындағы адамдардың болашаққа ұмтылысын, жігерлілігін паш етеді.

 

                                   Үшбұрыш хат...

                                   Қалықтап көкте кілең,

                                   «Жеңеміз!» - деп жететін шеттерінен,

                                   «Жеңеміз!» - деп кететін қырға аналар,

                                   Жігер оты шашырап кекті өңінен.

                                   Кәрі шалдар қандай бір іс қылмасын,

                                   «Жеңеміз!» - деп бастайтын бісмілләсін,

                                   «Жеңеміз!» - деп балалар шырылдаса,

                                   «Жеңеміз!» - деп бәрінен түстім басым

                                                                               (С.Иманасов).

 

Мұндағы поэтикалық қайталаулар мақсат-мүддені дөп баса көрсетіп, айтылыстың интонациялық жігін реттеп, суреткер шеберлігін бекіте түскен. Өлең жолдарын оқудағы көтеріңкі дауыс ырғағы, өткен күнгі өмірдің ауыр белестерін жеңуге тірек болған үміт пен сенімді мінездің астарынан сыр шертеді. Ақын поэзиясындағы бұл мінездер төмендегі шумақтарымен беки түседі. Мысалы:

                                    Қаршадайдан қайғыны бірге өткердік,

                                    Қарашада қаншама дірдектедік,

                                    Сөйте жүре әйтеуір

                                    Елге деген,

                                    Жерге деген сенімді кірлетпедік...

                                                                               (С.Иманасов).

 

Өз заманындағы патриоттық сезім, туған жерге деген сүйіспеншілікті жырлаған жолдарынан көптің бейнесін, жүректегі сезімдерін, туған жерді аялаған тебіреністі ойларын естиміз, шынайы суретін елестетеміз. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат береді, гуманистік, адамгершілік идеяларды толғайды.

 

                        Армысың!

                        Ата мекен – ақ самайым,

                        Қолаң шаш қарағайлар, патша – қайың,

                        Қалайша тебіренбейін, тербелмейін,

                        «О, Сәкен келіпті!» деп

                        Жатса ағайын...

                                                                 (С.Иманасов).

 

Образдылықты шеберліктің биік қырымен қиюластыра білген ақын қолтаңбасынан жан дүниесінің тазалығын, асыл мұраларына құрметпен қарау сияқты ізгі мінездерді үйренеміз. Өз бойындағы, ағайын, замандас бойындағы барлық асыл қасиеттер ақын түсінігінде туған жердің топырағынан нәр ала өскен, туған еліндегі тамырын жайған тәрбиеден бастау алады.

Ақын өз ұстанымы арқылы өз ортасын, сол кездегі замандастарының түрлі көзқарасын да суреттейді.             

         

                         Өмір ғой... кейде жаңсақ та басып,

                         Қалсақ та жасып,

                         Не етерміз.

                         Аз күнгі алдамшы мансаптан қашып,

                         Алшаңдап басып өтерміз

                                                                     (С.Иманасов).

 

Ақын замана келбетін адам мінезін жинақтап көрсеткен төмендегі өлең жолдарымен ашады. Сол арқылы адам мінезінің түрлі қырын, қоғамда қалыптасқан реңсіз тіршілік, пенделікке өкпе-назын жеткізіп, қарсылық білдіреді. 

                         Жігіттің көріп жүрміз не түрлісін,

                         Серісін, селтеңін де, өтімдісін.

                         Итін де, кісісін де

                         Талай-талай

                         Аю да, арыстан да секілдісін

                         Жымын да білдірмейтін жұрт ішінде,

                         Көрдік қой кірпісін де, түлкісін де,

                         Жалтаңы, жағымпазы жүр қаншама

                         Жасырып күлкісін де, түр-түсін де...

                                                                       (С.Иманасов).

 

Автор әдеби тілдің байлығы, көркемдеудің сарқылмас көзі іспетті синонимдерді антитезалық шендестірумен қолданған. Бұл өлең жолдарында жақсылық пен жамандықтың, адамдық пен пасықтықтың қатар жүретін шағын бейнелі де, жанды суреттеген. Адам мінезін заманымен үндестіре отырып, жас ұрпақты жиренер әдеттерден алшақтатады. Ол бүкіл ой-сезім қуатын, толғанысын сол шығармасына төгеді. Егер суреткер өзі толғанбаса, онда сезім ақиқаты, шынайлылығы болмаса, өнердің эмоциялық әсері шамалы болар еді.

         Адам мінезінің сан қырымен астарластыра ақын өз заманындағы ортаның күншілдік, пендешілік мінезін антонимдер арқылы жүйеленген  төмендегі өлең жолдарымен өрбіткен.

                                             

                                    Адал бар да,

                                    Арам бар,

                                    Арғымақ бар,

                                    Жабы бар.

                          Мені саған жамандар

                          Адамдар да табылар...

                                              (С.Иманасов).

 

Замана келбетін ақын жастық шақтағы жалынды мінездерін суреттеген шумақтарында жырлайды. Сол арқылы кешегі мен бүгінін салыстырады, жанына от берген кешегі күндері мен бүгінгі заманын теңестіре алмай налиды.

                          Жүретін бет қаратпай,

                          Жерде мығым,

                          Қайда сол орда бұзар кеуделі күн.

                          Қиындап бара жатыр керек десең,

                          Иттерге

                          Ит екенсің деу де бүгін...

                                                 (С.Иманасов).

 

Бірақ арының құлы, адалдықтың жаршысы, таза жүректі ақын болашаққа үмітпен қарап, алдағы күндерден жақсылық күтіп, сеніммен қарайды. Бұл ойларын ақынның төмендегі сырлы шумақтары ашады.

                           

                           Аямай салса да дақ бірі арыңа,

                           Сенемін ақыры кеп ұғарына,

                           Сенемін жабы жасық жігіттен де,

                           Түбінде бір кісілік шығарына...

                                                 (С.Иманасов).

 

Қорыта келгенде, ақын шығармашылығында орын алған замана келбеті үш кезеңді (балалық шақ, жастық, орта кезең) салыстыра баяндаумен астарласқан. Балалық шақтағы ауыр тағдыр, жастық шақтағы қайрат, сенім және орта жастағы пендешілік мінездер оқырманын ақын өмір сүрген  ортадағы әлеуметтік өмірден хабардар етеді. Бұл салыстырулардың барлығы ақын өлеңдеріне кешенді талдау жасағанда анық байқалады.   

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.                               Ақшолақов Т. Көркем шығарманың эстетикалық табиғаты. Алматы, 2001. -338б.

2.                               Иманасов С. Екі томдық таңдамалы шығармалар. І том. Алматы: Жазушы, 1993. -320б.