Қазақ тілін студенттердің  мамандығымен  ұштастыра  оқыту

 

                                                       А.М.Қажғалиева – магистр педагогики

 

          (С.Сейфуллин атындағы Казақ  агротехникалық  университеті)

 

    Қазақ тілін студенттердің  мамандығымен  ұштастыра  оқытуда кәсіби сөздік қор мен  мамандыққа байланысты  мәтіндердің  алатын орны ерекше. ЖОО-ның  орыс бөлімдерінде оқитын студенттерге  мамандық  мәтіндерімен қазақ тілін игертуге байланысты  жүргізілген  тәжірибелік сабақтардың нәтижесіне сүйене отырып, төмендегіше  пайымдаулар жасаймыз:

 -мамандыққа негізделген мәтіндердің  нәтижесі  мол;

 -мамандыққа байланысты қазақ тілінің мәтіндерін үйрету студенттердің  практикалық сабақтарында және СӨЖ  жұмыстарында қамтылуы керек;

 -мамандық мәтіндерінің мазмұнын  әңгімелету арқылы студенттердің қазақша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға болады;

 -мамандық мәтіндері арқылы студенттерге  мазмұндама, шығарма т.б.  жазғызып олардың жазбаша сауатын жетілдіруге болады.

Мәтіннің қазақ тілін үйретудегі маңызын арнайы зерттеген  Әбдікәрімова Т.М. «Бастауыш сыныпта  мәтін арқылы  тіл дамытудың ғылыми  негіздері мен оқыту  әдістемесі» атты еңбегінде: «Мәтіннің  мазмұнын айтудың да ойды  дамытуда қызметі күшті, бірақ  ол қызметті  жақсы атқару үшін, мәтіннің  мазмұнын түсініп, ойланып  саналы түрде  өз сөзімен  айтуға  жаттықтыру керек. Сонда  студенттің ойының дамуы  мәтіннің мазмұны  арқылы, соның негізінде жүзеге асады»-деп  мәтін арқылы  тіл үйретудің тиімділігін атап көрсетеді.

Ф.Ш. Оразбаева: «Мәтін - өзара байланыста болатын  сөйлемдердің  жиынтығы, адамдар арасындағы тілдесімдік қатынастың жемісі, қатысымдық тұлғалардың ішінде  тұтастығымен ерекшеленетін  тұлға»- деп  мәтінге сипаттама береді.

Мәтіннің   жоғарыда айтылған ерекшеліктерін ескере отырып және өз тәжірибеміздегі мәтіннің қызметін анықтай келе, студенттердің   өз мамандығы бойынша  қазақ тілінде қарым-қатынас құзырын қалыптастырудағы тұтас тілдік материал деп тұжырымдаймыз.

Яғни, мамандыққа байланысты  мәтінмен жұмыстар, дәрісханалық және СӨЖ  жұмыстарын ұйымдастыру барысында әртүрлі  тіл дамыту  тапсырмалары қазақша оқып, жазып, сөйлеу дағдыларын қалыптастырады, мамандық бойынша білім сапасын көтереді;  студенттердің болашақ мамандығына бағдар береді.

ЖОО-ның  орыс бөлімдеріндегі студенттеріне қазақ тілін үйретуде    мамандыққа байланысты мәтіндерден  басқа да мәселелер  қамтылуы керек. Мәтінмен жұмыс жасаудан басқа тілдің  грамматикасын  меңгерудің алатын  орны  ерекше.

Сөйлеу дегеніміз – қатысымдық әрекет. Сөйлеу тілдік бірліктер арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ сөйлеу грамматикалық ережелерге, тілдік нормаларға бағынады. Сөйлеу тілмен бірлікте жүреді. Сондықтан үйренетін тілдің ерекшеліктері мен грамматикалық заңдылықтарын  үйренбей, ол тілді ешкім меңгере алмайды.

Басқа тілді оқыту үдерісінде, студенттердің сөйлеу тілін қалыптастыру үшін грамматика маңызды рөль атқарады. Алайда, сөйлеу сөздерді, сөз тіркесін түсініп алмай, сөйлемді дұрыс меңгермей іске аспайды. Сол себепті студенттерді қазақша  қатысымға түсіруге үйретуге негіз етіп сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді, мәтінді нысан етеміз.  Біз қатысымдық тұлғаларға сипаттама  бергенді жөн санадық .

А. А. Маргарян, Е. Ю. Юрьева, А. Д. Швейцар тілдік тұлғалардың қатысым тұлғалар дәрежесіне көтерілуі жайын зерттесе,  қазақ тілінің әдістемесінде бұл мәселені ғалым Ф.Ш.Оразбаева  өз еңбектерінде қарастырып: «Тілдік түлғалар - адамзат тілінің жасауы, мен өмір сүруіне қызмет ететін, сөйлеу аппаратына (дыбыстау мүшелеріне) тікелей тәуелді, фонетикалық, лексикалық жөне грамматикалық қасиеттерге ие болатын, таңбалық сипаты бар, тілдің (қүрамды) құрылымдық бірліктері», - дейді [2]. «Ал қатысымдық тұлғалар - тіл арқылы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, белгілі бір орта мен араласу жағдайында жүзеге асатын,   тиянақты   ойды  хабарлау  және   қабылдау  қасиеті   бар, ерекше деңгейге көтерілген тілдік түлғалардың қатысынан түратын, қарым-қатынастық мәні бар бірліктер» [2] - деп  анықтама береді.

Қатысымдық түлғалар арқылы  тілдік қарым-қатынас орнайды. Тіл үйренуші қазақша сөйлегенде, қазақ тіліндегі  сөздерді дыбысталуын  қате дыбыстайтын болса, оның сөздерін ешкім  ұқпайды.  Қазақ тілін толыққанды  игеру  барысында сөздерді фонетикалық    жағынан  дұрыс  айтудың  мәні зор. Сол себепті  студенттің сөздерді  дұрыс айтуына үнемі  назар аударып отыру қажет.

Студенттерге  сөздерді  үйретуде  қандайда бір жағдаятқа орай  естерінде  қалдыруға жағдай жасалуы керек. Бұл мәселені оңтайлы  болуы  сабақтарға алынған тақырыптардың  тілдік қатысым қажеттілігін өтеуіне  лайық таңдалуына байланысты болады.

Мәтіндегі  сөздер студенттердің  қазақ тіліндегі сөздік қорын молайтып,  олардың өзара қазақша қатысым жасауына мүмкіндік жасайды.

Қазіргі ғылым мен техниканың  дамыған заманында  қазақ тілінің  лексикасы жаңа сөздермен толығып отырады. Әсіресе,  біз нысан етіп отырған  техника саласына қатысты терминдер  жаңадан  жасалып, күнделікті қолданыс  аясында  жұмсалады.  Біз  сол  сөздерді  меңгерту арқылы  студенттердің сөздік қорын үнемі  толықтыруға тырысамыз.

Қазақ тілін  оқыту  барысында сөз тіркесін  үйретудің маңызы зор. Өйткені сөздердің жеке  тұрғандағы  мағынасы мен тіркес сыңарында тұрып беретін мағынасы  бірдей бола бермейді. Мысалы:

Желі- электр желісі

Қуат- электр қуаты

Сан -сандық байланыс

Өріс – магниттік өріс

Көз- қуат көзі (энергия көзі).

Сөздердің тура және ауыспалы мағынасын, көп мағыналы сөздерді, синоним, антоним, омоним сөздерді меңгерту студенттердің  қазақша дұрыс сөйлеуін қалыптастыруға игі ықпал етеді

Қазақша  сауатты сөйлеу үшін, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін білу қажет. Сонымен қоса,  сөздерге  жалғанатын қосымшаларды  дұрыс қолдану сөйлеушінің  ойының анық етеді. Сондықтан  студенттерге  қазақ тілінің үндестік заңын және  сөйлем мүшелерінің  сөйлемдегі орнын меңгертуге  көңіл бөлген жөн.  Адамның ойын жеткізу үшін сөйлем  басты орын алады. Бұл  жөнінде Ф.Ш. Оразбаева: «Сөйлем-  тілдік қатынастың орындалуына  тікелей себепкер  болатын ең қажетті тұлға. Сөйлем баяншының айтайын деген ойын, хабарын қабылдаушыға  түсінікті етіп қана қоймай, сонымен бірге қабылдаушының  қайыра жауап беруінің көзі, көрсеткіші де  болып табылады»- дейді. Автор сөйлемнің тілдесім әрекеті үшін жүзеге асырылуға тиіс тілдік қатынастың басты  шарты екенін түсіндіреді .

Әр сабақ барысында студенттің  қазақ тілінің грамматикасынан алған теориялық білімін практикада  дұрыс  қолдануына  жағдай жасап,   меңгерген тілдік материалдарды  қатысым  кезінде қолдануына  бағыт беріп отыру қажет.

«Айтайын деген ой ұғынықсыз болса, оны екінші адам түсінбесе, тілдік коммуникация жүзеге аспайды» деп Ф.Ш. Оразбаева атап айтқандай,  студенттің  сөйлемдерді  қатесіз құрап ойын дұрыс айтуына дағдыландырудың маңызы өте зор. Мысалы: «Сөйлесу –қатынас құралдары» мәтінін өткеннен кейін:

 -  Бұл күндері қандай байланыс түрлері пайда болды?

-  …….

- Күн сайын адамдар бір-бірімен не арқылы  байланыс жасайды?

-  ……

- Бұрын адамдар хат-хабарларды қалай жеткізді?

-  .......

- Республикамыздың ең  ірі байланыс жүйесі қайда орналасты?

деген сияқты сұрақтарды қою арқылы студенттерді осы сауалдарға  дұрыс әрі түсінікті сөйлемдермен  жауапты беруге  машықтандыру  олардың сөйлеу тілін дамытуға ықпал етеді.   

Мамандыққа қатысты мәтіндерді беру арқылы студентті қазақ тілін оқуға ынталандырып, олардың тілді оқуға деген қызығушылығын арттыруға болады. Мұндай мәтін студентке болашақ мамандығы бойынша өте қажетті, пайдалы мағлұмат береді. Ол студент білімін, білігін, танымын толықтырады. Сондықтан  студент ондай мәтінді қызыға оқиды.

Сонымен  орыс бөлімдерінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру  үшін  қазақ тілінің фонетика, лексика, морфология, синтаксис деңгейіндегі  қолданыс  ерекшеліктерін  анықтау маңызды болмақ. Мұнда сөздердің дұрыс айтылуын қамтамасыз етуде фонетикаға, сөз мағыналарын  ажырата білу үшін лексикаға, сөздерді  дұрыс    қолданып  ойды жеткізу  мақсатында синтаксис салаларына ерекше көңіл бөлген жөн.

Қазақ тілінің айтылым нормасын  меңгертуде  студенттер қазақ  тіліне тән  белгілерді ескергені дұрыс. Лексикалық және грамматикалық мағына негізінде сөздің беріп тұрған мағынасы анықталады. Сондықтан сөздің  мағынасын түсінбей оны   қолданудың нәтижесі болмайды. Біз қарастырып отырған сала лексикасында   кірме сөздер  жиі кездеседі. Олардың  кейбіреулері қазақ тілінің дыбыстық нормасына  икемделіп,  қолданысқа түсетінін байқауға болады.

Мысалы: номер-нөмір, ток-тоқ, станция – стансы, почта –пошта т.б. Ал  фонетикалық өзгеріске түспей,  сол  күйінде қолданатын терминдер саны көптеп саналады: радио, телефон, факс, телефонограмма,  электротехника, электромагнит, телеграф, компьютер, студия, акустика, телекомпания т.б. Сонымен қатар,  өзге тілдегі атаумен қазақ сөздерінің  бірігуі арқылы  қолданысқа енген сөздер де бар: радиохабар,  теледидар, радиобайланыс. Мұндай сөздерді  меңгерту барысында олардың жасалуы жолдарын түсіндіндіріп  отырған жөн.  Мысалы «Радиотехника», «Радиобайланыс  негізін  қалаған  ғалым», «Ұлттық телерадиохабар тарататын спутниктік жүйе» тағы басқа тақырыптарды  өткенде  ескеру қажет.

Сонымен қатар,  қатысымға тусуге қажет  бірнеше  дайын  формадағы  тілдік  құралдарының үлгілерін  қолданамыз:

У+ керек / байланысты пайдалану керек;

У+ҒА болады  /  ұялы байланысты пайдалануға  болады;

У+ҒА болмайды/ жылдамдықты арттыруға болмайды;

У+ үшін орнату/ байланыс орнату үшін;

 ҒЫ+М келеді/ бағдарламаны пайдаланғым келеді;

 ҒЫ +Ң келеді /жаңа  ақпарат бергің келеді;

 ҒЫ+СЫ келеді/байланысшы болғысы  келеді;

Осы  үлгінің жіңішке   дауыстылардағы   нұсқалары бар  және  оны  оңай сұраулы сөйлемге айналдыруңа болатынын  да қамтимыз:

У+ГЕ болады/ Кіруге болады ма?

У+ГЕ болмайды/ Сөйлесуге болмайды ма?

ГІ+М  келеді/ Сөйлегім келеді ме?

ГІ+Ң  келеді/ Сөйлегің келеді ме?

ГІ+СІ келеді / Сөйлегісі  келеді ?

 

Өзге тілді  дәрісханаларда  қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру үшін оның мазмұнын саралауда грамматикалық тұлғалардың мәні келесі негізде анықталады:

- қазақ тілінің жалғанбалы тілдер қатарына жататын ерекшелігіне байланысты;

- қазақ тілінің студенттердің өз ана тілімен жақындығы және алшақтық дәрежесі;

- орыс тілді студенттерге қазақ тілін оқытуда тілдік тұлғаны енгізудің әдістемелік тұрғыда мақсатқа сәйкестілігі. Агглютинативтік құрылымды тілдерге тән қасиет түбір негізге аффикстер біртіндеп жалғанады. Бұл жағдайда морфемаға сөздің барлық мәнді бөлігі жатады. Сондықтан түбірлік морфемалар, аффикстік сөзжасамдық мағына және аффикстік сөзтүрлендіруші мағынаға бөлінеді. Аффикстер суффикстерге (түбірден кейін тұратын аффикстер) және префикстерге немесе приставкаларға (түбірдің алдында тұратын аффикстер) бөлінеді.

Қазақ тілінде аффикстерге сөздің соңында тұратын және сол сөздің сөйлемдегі басқа сөздерге қатысын білдіретін морфемалар жатады.

Қазақ тілінің морфологиялық категориялар жүйесінің өзгешелігі онда меншік категориясының  болуы. Бұл категорияның арнайы аффикстері арқылы заттың белгілі бір адамға, тұлғаға меншіктілігі көрінеді. Мәселен, үй-ім,  оқу-ым,  жұмыс-ым.

Қазақ тілінде тәуелділік мынадай түрде көрінеді:

- синтетикалық тәсілмен, белгілі жаққа тәуелді аффикстердің көмегімен:  телефон-ым; Бұл жерде үндестік заңына  орай қосымша ең соңғы дыбысқа  байланысты жалғанатынытын ескертіп отырамыз.

- аналитикалық тәсілмен есімдік пен ілік септіктегі зат есім тіркесімен: телефон менікі. Тағы бір назар аударуды қажет ететін келесі категория -– септік категориясы. Бұл категория сөйлемдегі сөздерге атаудың қатысын көрсетеді.     

Қазақ тілінде септіктер грамматикалық форма мен мазмұнның бірлігін білдіреді. Біріншіден морфологиялық категория, сөйлемдегі сөздер арасындағы әр түрлі синтаксистік қатынасты айқындайды. Қазақ тілінде 7 септік бар екені белгілі: атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес.

Қазақ тіліндегі септіктер қатынасының мағынасы, қолданысы орыс тіліндегі  септіктермен ұқсастығы және айырмашылығы  бар. Орыс тілінде алты септік  қазақ тілінде жеті септік бар.

Қазақ тілінде зат есім атау септік тұлғасында тұрып сөйлемнің бастауышы, баяндауыш да болады  сонымен қатар, қаратпа сөз қызметін де  атқарады. Маржан оқытушы. Ернар, денсаулығың қалай? Ал орыс тілінде атау септіктегі сөз сөйлемнің бастауышы және баяндауышы да болады. Маржан – преподаватель. Асия,  приходи завтра  в библотеку.

Ілік септігінде сөз заттың немесе тұлғаның тәуелділігін көрсетеді. Мысалы:  электротехниканың негізі.

Барыс септігі бағыт- бағдарды береді (жұмысқа бару) іс-әрекеттік (байланысқа  шығу) т.б.

Табыс септік қазақ тілінде  объектіні білдіреді. Мысалы  (ғаламторды пайдалану хат-хабарларды  қабылдау) т.б.

Жатыс септігі мекенді,  орынды білдіреді (Байланыс жүйесінде).

Қазақ тілінің шығыс септігі оқиғаның, істің басталу, шығу орнын көрсетеді: (құрылғылардан жасау), объектіні ( шет елден хат алу), уақытты – (байланыстан шыққалы бері, істен шыққаннан бастап) т.б.

Көмектес септігінде зат есімдер келесі мағынада қолданылады: істің құралын (өткізгіш сымдармен, телефонмен сөйлесу, бірлестігін - басқа абонентпен ) т.б.

Орыс тілді студенттер зат есімді септеуде қате айтады Оның себебі. Үндестік  заңын білмеуіне байланысты. Сондықтан  әр тақырып барысында кездесетін жаңа сөздерге жалғанған қосымшалар жайлы  түсініктеме берілген  жөн.  Ондағы септік жалғауларын,  жұрнақтарды  үндестік қаңына қарай жалғау  заңдылығы  ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Ал  кірме сөздерге   қосымшаларды  жалғауға қатысты   ақпараттар да қамтылып отырғаны абзал. – мен; -бен, -пен көмектес  септігінің  үндестік заңына  бағынбайтын қосымшалар қатарына жататынын да ескеріп отырамыз. Мысалы,   мәтінде кездесетін жаңа  сөздерге жалғанған қосымшалардың  үндесуіне  талдау  жасай кету артық болмайды.

Телефон аппаратымен,   шақыру  сигналдары,   нөмірді  теру, фазалы тоқ,  синхронды генераторлар, турбиналы, электромагниттік индукциялар,  айнымалы  тоқ, синхронды генератор. 

 Корыта айтсақ, өзге тілді  дәрісханаларда  қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру үшін грамматикалық тұлғалардың мәнін  түсіндіру  қажет. Сонымен қатар,  орыс тілді студенттердің ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және сабаққа деген қызығушылығын арттыруда мамандыққа негізделген  мәтіндердің  мәні  зор.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Материалы ІХ  Конгресса. МАПРЯЛ. Доклады и сообщения  российских ученых- М., 1999.- 520 с.

2. Козлов П.Г. Коммуникативные основы обучения иностранным/неродным языкам. Алматы, 1994, с. 6-19.

3. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас  негіздері. А., 2005

4. Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі «Мұрагер»  Алматы , 2005

 

РЕЗЮМЕ

      В статье рассматриваются проблемы  использования коммуникативного  метода  в  обучении казахскому языку студентов неязыковой  аудитории.