Бокаева Алина Тлеубековна
Каспий
Қоғамдық университетінің ассоцпрофессоры, филология
ғылымдарының кандидаты
«Жүрегіне өмір
оғы көп тиген...»
(Мағжан
өлеңіндегі айналы симметрия)
«Өмір, өлім – мәңгі
аңдысқан екі жау», – деп Мағжан ақын
өмір-өлім тақырыбына жиі барған. Көптеген
өлеңдерде өмір-өлім бірінсіз-бірі болмайтын бірде
параллель, бірде оппозициялық дүниелер ретінде қарастырылады.
Ақын екеуіне де екі жақты қырынан қарайды. Екі
жақтылығымен қабылдайды. Тастемірова Жамалға
арналған тағы бір «Ж...ға» өлеңінде ақын
философиялық ойларға кенеледі. Мұнда қарындасына
өмірдің сырын ұқтырғысы келгендей.
Өлең мазмұны терең, айтар ойы биік. Он екі
шумақты өлеңнің композициясы мазмұнына сай
салмақты. Ұйқасы ааба, он бір буынды шумақтары
бастапқыда көпір-өмірді, зәндем-өмірді баян
етеді. Сол өмірден көрініс береді:
Өмір – көпір, от үстінде
салынған.
Діңгектері зәндем отқа малынған.
Қорқу білме, аяқтарың таймасын,
Ойнап қана өт, шарпу көрме жалыннан!
Алғашқы
алты шумақ ауыр ойларға, үрейлі сәттерге толы болса,
кейінгі шумақтарда біршама жеңілдік байқалады:
Өмір – өзен, сылқ-сылқ
күлер, сылдырар,
Қайда ағады, оның жөнін кім
сұрар?
Аққан сумен біз де ағармыз, кетерміз,
Ағынға ермей, жағасында кім
тұрар?
Өлең
бойынан ақынның да қиын өмірін көруге болады:
«Аз өмірінде көп уланған, көп
сүйген,
Көп алданған, көп жылаған,
көп күйген.
Ақын ағам болып еді, – дегейсің, –
Жүрегіне өмір оғы көп тиген!»
Композициясы
айналы симметриялы, мазмұнды
да көлемді өлең өмірдің бірде қиын
жағын көрсетсе, бірде жүрекке үміт ұялатады.
Өмірдің ауыспалы кезектерден тұратынын білдіреді.
Өлеңде көбіне өмір жайлы айтылса да, оның
қарсыласы өлім туралы біршама ойларды байқауға болады.
Өмір болғанда арғы жағында өлім тұратыны
белгілі жәйт. Өмір бар жерде өлім де болады. Біріне
қарап, екіншісін көресің. Бірінен бірі туып, бірінсіз бірі
болмайды. Сондықтан олар бір-бірін айна іспетті көрсете алады.
Өмірден соң өлім келер, ал өлім – бұл жаңа
өмірдің бастауы іспетті. Олай болса, бұл
тақырыпқа үңіле түссек ішінара бірін-бірі
танытатын бірнеше айнаны табуға болады.
Мағжан ақынның
«Көбелек» атты өлеңі шағын болса да, оның
композициялық құрылымында да айналы симметрияны тануға болады. Шартты түрде
бөлсек, өлеңнің екінші бөлігі біріншісінің
көрінісі іспетті.
Отқа
ұшар көбелек, Құрбылар, іске бет
алсақ,
Қарамай
сорлы алды-артын. ↔ Ойламай қанат
қақпалық.
Ұмтылған
оты сорлыны
Алам деп алтын барғанда,
Күйдірер
де, тез тынар.
↔ Күлден кебін киерміз.
Мұнда
ақын көбелек образы арқылы төрт шумақпен
үлкен ой білдіруде. Жылтыраған, жарықтың бәрі
алтын емес. Не істесең де, ойланып істеу қажет.
Ойланбағандық, көрсеқызарлық
жақсылыққа апармайтыны белгілі. Кейде тіпті алданыш сезімге
беріліп, күйіп кетуге де болады. Өлең образдық
жағынан үйлесімді, жалпы өте ұтымды шыққан.
Күні
кеше толған ай жүзің еді,
Сиқырлы қара нәркес көзің
еді.
Мап-майда мамық қардай мінсіз денең,
Бейне бір бақшадағы үзім еді.
деп
ақын «Алданған сұлу» өлеңінің
алғашқы екі шумағында сұлудың кешегі жүзін,
күйін суреттесе, қалған үш шумағында
бүгінгі күнін сипаттайды. Кешегі сұлудың жүзі
«толған айдай», көзі «қара нәркес», денесі «мамық
қардай», сөзі «жақсы дәру», басқан ізі
«қадірлі» – жалпы «кірсіз тұрған кезі».
Жел тимей, кірсіз тұрған
кезің еді,
Жандыға жақсы дәру сөзің
еді.
Басып кеткен пайғамбар іздеріндей,
Қадірлі аяқ басқан ізің еді.
Ал
бүгін бәрі керісінше:
Ал бүгін ол көріктің бәрі де
жоқ,
Ақмарал аяғыңа дәл тиген
оқ.
Өкіндік, жастық, мастық ісің
өтті,
Аһ ұрдың, сыртың – жалын, ішінде
– оқ.
Сұлу алданды: көркем көркінен, таза
атынан айырылды, іші «шоққа» толды. Бес шумақты
өлеңді шартты түрде екі бөлікке бөлуге болады.
Біріншісінде сұлудың кірсіз шағы берілсе, екі шумақ
көлемінде, екінші бөлік үш шумақпен алданған
сұлуды суреттейді. Бір сұлу – екі түрлі, «дейін және
кейін». Бұл – алданған сұлу, ішкі тыныштығынан, сыртқы
көркінен айырылған сұлу. Өлең композициясы айналы симметриялы болып келетіні
айқын. Алғашқы екі шумаққа соңғы
үш шумақ «қарсы қойылған». Бірінші
бөлімнің шумағы «Күні кеше...» деп басталса, екінші бөлігі «Ал,
бүгін...» деп бастау алады. Өлеңде бинарлық жұп
(немесе оппозиция) деген жоқ. Дегенмен, графикалық түрде де
симметриясы анық көрінетін өлеңнің
құрылымдық жағынан да, семантикалық жағынан
да айналы болып құрылғаны мәлім.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жумабаев М. Шығармалар. 3-томдық, 1-т. А., Білім, 1995.