Асан Айгүл
Мырзаханқызы
М.СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАҢАША КӨЗҚАРАС
ХХІ
ғасырдың жаһандық даму кезеңінде ҚР
ұлт болып қалыптасу, шекаралық көлем, тіл, дін, саясат
мәселелері төңірегінде тұралап қалмай,
халқының кемелділігінің арқасында сатылап
көтерілген мемлекетіміздің халықаралық имиджі
деңгейі әлемнің алдыңғы қатарлы
елдерінің алдында қазірдің өзінде биік бағасымен
мойындалып отыр. Мұндай дәрежеге жетуге экономиканы кедергісіз алға тартқан жер байлығы
аздық ететін еді. Мұндай дәрежеге жетуге - ғасырлардың
сүзгісінен өтіп, қасиетті топырақ, қаны таза
тектілікпен қалыптасқан ұлттық интеллект – рухани
байлығымыз себеп. Қазақ - ойшыл халық. Ойланып
сөйлегенді оймен тыңдайтын халық. Дауды да жауды да
сөзбен, ойшылдылығымен жеңген халық. Күлтегіндей
ханын Тоныкөктей данасымен бағалаған, Оғыздың
намасын Қорқыттың қобызымен қастерлеген,
Әл-Фарабидей кемеңгерімен әлемге ақыл айтқан,
«Махаббат намамен» сезімін сұлулап, Қожа Ахмет Йассауидің
білімін «Құтты білік» деп таныған,
Кетбұғаның желісімен Мөңке билерге билік
айтқызып, Марғасқаның қылыш тілі мен «Нарды
идірген» күйлерінің құдіретімен тегін сақтап,
қанын қастерлеген ел. Міне осындай рухани мектеп бүгінгі
жетістігіміздің негізі. Бұл негіз бүгінгі
өміріміздің дайындығы болды. Егер бүгінгі
өмірімізде кемшіліктер кездессе, оның ұшын кешегі рух
еркіндігіміз бен ойшылдығымызды тамырымен құртпақ
болған жендет дәуірден іздеуіміз керек. «Мәңгүрттің»
тері қалпағынан басымызды босатып, көміліп қалған
көмескілеріміздің қадіріне жетуісміз керек-ақ.
Мәдени
және рухани құндылықтарға жаңаша
көзқараспен тереңдеп үңілуді заман талабындай
танып, талай қақпақылдан қалған тарихымызды
тануда тың сүрлеумен жүруге тәуелсіздігімізді
алғалы талпынып келеміз. Қазақтың тарихын
әлімсаққа апарғанымызбен, ХҮ ғасырда
өмір сүрген Асан Қайғыдай жырауларымыздың
айтқандарымен ұлт тарихын сарапқа салуға маңыз
беріп жүргеніміз және бар. Бүгінге дейінгі жазылған
дүниелерімізде ХҮ ғасырдан ХХ ғасырдың басына
дейінгі әдебиетіміз кәсіби сөз өнері емес, сол кездегі саяси
қоғамның тарихынан хабар беруші құрал ретінде
ғана пайдаланылып және қолданылып келді. Жазылған
жәдігерлер «жойылып», айтылғанның бәрі ауыз
әдебиеті аталынып, ертедегінің бәрі ертегі деп есептелінді де
«төңкеріске дейін қазақ халқының бір-екі
пайызы ғана сауатты болған» деген пікірдің дәлеліндей,
ескі мектеп, дәстүрлі медреселік білімі бар әдебиет
өкілдері сауатсыздардың санатына жатқызылып, олардың әдебиеттің
асыл қызметі - имандылық тақырыбындағы
шығармалары қараңғылықтың, діншілдіктің
белгісі деп қана бағаланды және дінсіз Кеңес
дәуірінің саясатында жаппай жоюшылыққа
ұшырағаны тағы мәлім. Бұл әңгіме
бүгін ғана айтылып отырған жоқ, десек те
«қалағанымыз алдымызда, қаламағанымыз артымызда» дейтін
сөз бостандығына жеткенімізге де жиырма шақты жыл өтті,
ең соңғы жазылған қазақ
әдебиетінің тарихы: «ХІХ ғасырдың екінші
жартысындағы әдебиетке елеулі үлес қосқан
ақын, жыраулар мұрасын тәуелсіздік рухында зерттеудің
түйінді де күрделі мәселелері жетерлік. Оның ішінде
жарық көрген шығармалармен қатар, қолжазбалар
қорында сақталып жатқан бай әдеби мұраларды
жинақтау, жүйелеу, жарыққа шығару және
текстологиялық зерттеу жүргізу секілді теориялық та,
практикалық та мәні зор жұмыстардың
мән-маңызы айрықша екендігі түсінікті болса керек.
Ондай істерді ғылыми жолға қойып, байсалды зерттеу
жұмыстарын жүргізу бүгінгі таңда әдеби
мұраларды игерудің ең өзекті проблемасына айналып отыр»
[1, 500], - деп қана қояды. Қалай болғанда да
бүгінгі қазақ әдебиетін зерттеп жүрген
ғалымдардың алдындағы зор міндеттің бірі - ХХ
ғасырдың басындағы мәлім-беймәлім әдебиетті
кеулей бермей, ескі оқу үлгілерін меңгеріп, ойдағы мен қырдағы
шашылып жатқан жазбалар мен қолжазбаларды игеру. Тез қимылдап,
тың сүрлеумен арғы жағы белгісіз, бергі жағында
жалған сөзі көп әдеби мұраларымыздың
тарихын жаңаша зерттеудің әдістемелік жүйесіне
көшіру болып табылады.
ХІХ
ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген көрнекті
тұлғаларымыздың бірегейі Майлықожа
Сұлтанқожаұлының шығармашылық келбетіне
тоқталғанда аңғарарлық бір жайт - оның
рухани мәдениетіміздің тарихындағы орнының тек біржақты
қаралатындығы. Ашып айтсақ, өткен ғасырдың
орта тұсында өмір сүрсе де өмір деректеріндегі зерттеулердің
шалалығы бір мәселе, сауат, білімі туралы сөз
қозғалмайды да, өскен ортасы туралы дәйек мардымсыз,
шығарма мәтіндері ауыздан ауызға жеткен қолжазба
түрінде ғана, оның ішінде дінге қатысы бар туындылары әр
замандарда әртүрлі редакцияларға ұшыраған,
ұшырасқан айтыскермен тіл қағыстырып,
айтқанының қайсысы өзінікі, қайсысы біреудікі
екенін тек өзі білетін, оған қоса қожалығы
тағы бар, Түркістан аумағынан шыққан «оңтүстік
өлкесінің шайыры» екендігі тағы бір себеп, қоңыр
домбырасымен көлеңкеде термесін айтып уақытын өткізген,
қарапайым ауыл ақыны ғана секілді. Айтқанға ауыр
болғанымен, бүгінгі ұрпақ үшін шын
мәніндегі Майлықожаның әдебиетіміздегі келбеті осындай-лық.
«Майлықожа да ертедегі қазақ ақындарының
дәстүрін мықтап ұстаған, түр жағынан
енгізген тың жаңалықтары жоқ. Солай бола тұрса
да, ол шығыс әдебиетінің үлгілерімен жақсы таныс
болғандықтан өз шығармаларының өрісін кеңейтуге,
оларға жаңа өрнек, бояу беруге мүмкіншілігі мол екенін
аңғарамыз. Сонымен бірге Майлықожа кей сәтте жазба
әдебиет үлгілеріне, дәлірек айтқанда, шығыс
ақындарының шығармаларына еліктейді, солардан мол әсер
алады» [2, 25]. Бұл
М.Сұлтанқожаұлының қазақ әдебиеті
тарихындағы өткен ХХ ғасырда алған бағасы.
«Әншейінде
көргенде,
Көп
қазақтың бірі едім.
Сөйлер
сөзге келгенде,
Ақындардың дүрі едім» [3, 5],- депті
Майлы-екеңнің өзі. Оның көп
қазақтың бірі екендігі рас. Бірақ оның жалпы
адамзаттық деңгейде ой қозғай алған ойшыл екендігін
айтатын кез енді келді.
Жарты
ғасырға жуық үзіліссіз шығармашылық жолында
Майлы ақынның қозғамаған тақырыбы
жоқ.
«Аңғарып көрсем
пайымдап,
Қара қандай, ақ
қандай?
Белгісі жоқ көп
сөзден,
Қандай да
болса хат қандай?
Шын жүректен
шыққан сөз,
Тасқа таңба
басқандай» [4, 25],- деп ақ пен
қараны, түбінде, хатқа
түскен таңбаға телген ақынның көзі тірісінде
басылған жеке кітабы жоқ. Оның сауат деңгейінің
қаншалықты болғаны, қандай тілдерді білгені де бізге белгісіз.
Тек өзінен тараған ұрпақтарынан қалған:
«Ал, келді! Ойбай, келіп қалды!» - деп репрессия жендеттерінен
қорқып, дарияға (Сырдария) бір сандық кітапты
ағызып жіберіпті» деген сөзі бар. Көзі көргендерден
құлақ естігендердің естігені, Майлы-екең
оқтын-оқтын өлеңдері мен жырларын арнайы Тәшкен
барып хатқа түсіртіп отырған екен. Дәлелді қажет
ететін бейресми деректерді былай қойғанда, арнайы дәлелдеп
жатпай-ақ, «Артық қой халыққа қылған
бір әділ іс», «Дүниеге көңілім сүйінесің»,
«Алал дінің – иман дүр», «Он сегіз мың әлем
халық», «Алал, арам деген бар» атты туындылары қанындағы
қасиетпен қатар М.Сұлтанқожаұлының
дәстүрлі медреселік білімді игергенін, оның ішінде,
«Құранды оқу мен аудармаға байланысты бірқатар
усул ілімдерін (ілім негіздері)», оның ішінде қираат ілімі, таухид
ілімдерін алғандығының көрінісі. Дін тарихын саралап
таныған ақынның «Қиссасул Әнбия»
(А.Йүгінеки), «Диуани хикмет» (Қожа Ақмет Йассауи) секілді
біршама кітаптарға сауатының жеткені анық. Қырғыздың
Асыл деген болысының тойындағы болыс сөзін сөйлеген
Жаныс ақынның:
«Еліңнен келіп қапсың, елге
қоңырат,
Сандалған елден-елге делбе қоңырат.
Үлкенді
үлкен, кішіні кіші білмей,
Бұл қандай мастығың ед(і), сөйле,
қоңырат»,- дегеніне Майлықожаның: «Болды ғой
кемсітпекке сенің әптің,
Кем бе еді болыстықтан
менің бақ(ы)тым.
Қырғыздың бір анасын «ит» деуші
еді,
Алдымнан келмей жатып иттей
қаптың» [4, 201],- деп сол жиында үлкен
дау тудырып, атақты қырғыздың манабы Шабданның
шамырқанғанына мысын бермей, «Қиссасул Әнбияның»
бет-парағын айтып тұрып, сөзін жергілікті хат білетін
молдалар арқылы дәлелдетіп, одан айтылған сөздің
парқын күллі қауым мойындап, аяғында ақынға
айып төлеп, ақын ретінде ауылына әспеттеп алып қала
жаздағаныны да белгілі. Бұдан өзге: «Сарттан өткен Науаи
Тілдің гәусар
гүлі еді,
Парсыда өткен Фирдауси
Заманында дүр
еді» [5, 200],- деп өнеріне ұстаз іздеген Майлықожаның
әлем әдебиетінің классиктері әйгілі шығыс
жұлдыздарының шығармаларымен етене таныс
болғандығы, ғазал, мәснәуи, хамса т.б.
шығыс әдебиеті дәстүрлерін таза түсінгендігі сол
- «Зарқұм», «Әбділлә бала», «Ысламнама», «Әмір
Әмзе», «Зәйіт ұры» секілді бірнеше дастандары өз
уақытындағы, тіпті, қазіргі әдебиетіміздің
қорын молықтырып отыр. «Ақын еңбектері тіпті Ұлы
Октябрь революциясынан бұрын-ақ қазақ халқына дос
ниеттегі орыс зиялыларының қамқорлығы арқасында
баспа бетін көргені соңғы кезде мәлім болып отыр.
Бұған Түркістан мұғалімдік семинариясының
оқытушысы Я.Я.Лютш құрастырып, О.В.Базилевский дегеннің
жалға алып тұрған баспаханасында 1888 жылы бастырып
шығарған «Қырғыз хрестоматиясы» деп аталатын кітабы
айқын дәлел. Түркістан өлкесін мекендеген
қазақтардың халық әдебиеті
нұсқаларының жинағы болып табылатын бұл кітапта
ақынның бес өлеңі бар» [4, 3],- дейді
Ә.Оспанұлы. Көзі ашық, көкірегі ояу әдебиет
өкілі – М.Сұлтанқожа шығармашылығындағы
шығыс әдебиетінде кездесе бермейтін жанрлар - сатиралық
өлеңдері («Бадам кедей», «Тұрлыбекке», «Әруақ
айтса – жын болар» т.б.), қара сөзбен айтылып, жазылған
хикаяттары, ертегі, аңыз әңгімелері («Екі патша», «Ала
қарға мен түлкі», «Үш ауыз сөз», «Жиренше»,
«Шық бермес Шығайбай» т.б.), «Шора батыр» романы, мысал жазу
(«Бұлбұл», «Қасқыр», «Аңқау мен қу» т.б.)
әдісі оның
заманындағы жазушы-зерттеушілермен тығыз байланыста болып, орыс,
батыс әдебиеті жанрларымен де хабардар болғандығының
белгісі деп білеміз. «Ә.Диваев қиссаларды және халық
поэзиясын жатқа білетін, өз ойынан да шығаратын сегіз
қырлы талант иесі Сұлтанқожаұлы Майлықожадан
лирикалық өлеңдер мен ғашықтық жырларды,
ертегілер мен мысқыл өлеңдерді, соның ішінде
қазақ арасына кең тараған «Алдар көсе» мен
«Шық бермес Шығайбай», «Жиренше» жайындағы
әңгімелерді жазып алады» [6, 350],- деген
сөздерге дәлел Мәскеу қаласында шығарылып
тұрған «Этнографические обозрение» журналының 1907
жылғы сандары. Демек бойына қонған өнерді «өнер»
деп қастерлеп, оны шешенсөз ілімі бойынша мағыналық
сала (маани), көркемдік сала (бәди), шешенсөз ілімінің
сөзді жеткізе білу өнері (баян) секілді дәстүрлі
медреселік ілім жолдарымен дамыта білген Майлықожаны заманынан
артық туған терең сауатты ойшылдарының қатарына
жатқыза аламыз.
«ХІХ
ғасырда ұлан-байтақ қазақ даласының
әр қиыр, әр бұрышынан дербес өзгешеліктері бар
авторлардың ақындық мектебі қалыптасты. Мәселен
олар мыналар: Батыс Қазақстанда – Махамбет, Мұрат, Шернияз
есімдері, Орталық Қазақстанда – Шортанбай, Дулат, Шөже,
Оңтүстік Қазақстанда – Майлықожа, Нұралы
және Молда Мұса секілді жазба ақындар; Жетісуда –
Сүйінбай мен Жамбыл т.б. болып табылады» [7, 50],- дейді
әдебиеттанушы ғалым М.Қаратаев. Сыпыра жыраудан басталатын жауынгерлік
жыраулық дәстүрден «жазба ақындардың» жаңа
кезеңге түрлік, мағыналық жағынан табиғи
ауысуы әдебиет тарихының заңдылықтарына сай келеді.
Оған: «Жыраулар дәстүрі мен жаңа әдебиеттің
аралығында күрделі ақындық-эстетикалық процесс
өтті... Бұл әдеби-көркемдік
түлеп-жаңғыру заңдылығы ХІХ ғасырдың
алғашқы жартысында барынша айқын көрінді. (Махамбет,
Дулат, Майлықожа т.б.). Тарихи жыраулық мектептерінің
тынысына жаңа ағымның, жаңа дәуір
әдебиетінің айшықтары кірігіп, жалпы әдебиеттің
табиғаты түлеп-түрлене бастады» [8, 61],- деген пікір
дәлел. Ел тәуелсіздігімен бірге тәуелсіз зерттелініп, кітап
баспасынан тәуелсіз шыққан Майлықожа
ақынның шығармаларының бүгінге дейінгі жинақталған
дүниелерінің толық нұсқасын (Майлықожа.
Шығармалар. Жинап, зерттеп, жариялай жүріп
құрастырған Ә.Оспанұлы.- Алматы. 2005ж.) аңдап
қарағанға, ауыз әдебиетінің ертегі, аңыз,
хикаят жанрларының үлгілері, тарихи, діни дастандардың
түр-түрі, арнау, жоқтау, айтыс, прозалық
шығармалар, сан-салалы өлең-толғаулар және терме
мақамдары кәсіби әдебиет зерттемелеріміздің бастауы - «Әдебиет
танытқыштарға» (А.Байтұрсынұлы) мысал болып енбей
қалғанымен, қазақ әдебиетінің әдемі
үлгісін «танытатын» нағыз нұсқа боларлық
дүниелер екендігіне әділ-уақыт өз төрелігімен
өз заманына алып келген секілді. Қалай болғанда да ақын
шығармаларының бүгінгі ғылыми айналымға
түсуі, өлең-сөздерінің терең зерттелінуі,
сан-салалы шығармаларының оқулықтар, әсіресе
мектеп оқулықтарына жүйелі түрде енуіне жаңа
ғасырдағы майлықожатанушылардың жасар жұмысы
көп. Жұмыстың бірінші бастамасы - әдебиет
әлемімізді жоғарыда айтып өткен біржақты
көзқарастан арылту. Ол үшін әлі де болса табан тер,
көз майын тауысар ақын шығармаларын жинау жұмыстарын
жалғастыра отырып, табылған дүниелерді ақпарат
құралдары мен баспалар арқылы бүгінгі
ұрпақ, жалпы оқырмандарға аманаттай жеткізу қажет.
Әрине, «ХІХ ғасырдан бастап орыс ғалымдары мен
қазақ оқығандары ел аралап, жыршы-жыраулардың
орындауларынан естіп, жазып алған кейбір ақындар шығармаларын
Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Орынбор, Омбы, Томск,
Астрахань және тағы басқа қалалардағы
мұрағаттар мен мұражайларға, қолжазбалар
қорына өткізген... Өткен ғасырдың
алғашқы жылдарынан бастап ел ішіне ғылыми экспедициялар
сапарға шығып, әдебиет сүйер қауым
өкілдерінен, жыршылардан, құймақұлақ
көнекөз қариялардан түрлі мұралар мен
сөздерді, ақын-жыраулардың шығармаларын жазып алып,
сонымен бірге, зиялы адамдардың жинақтаған
қолжазбаларын алып келіп мұрағаттарға өткізіп
отырған» [8, 376],- деп білсек, М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты және ҚР
Ұлттық ғылым академиясының Ғылыми
кітапханасының қолжазба қорынан басқа Тәшкент
кітапханалары, сондай-ақ жоғарыда аталған Ресей
қалалары кітапхана қорларындағы дүниелердің басын
толық жинау оңай жұмыс емес. Бірақ, «Білсең
таңның атарын,
Көрерсің
күннің батарын,
Кейінгі жұртқа
меймансың
Кеткен соң
құрбы-қатарың,
Керуен
көшіп барады
Нар менен тізіп атанын,
Жарық дүние аман бол
Тең құрбы
өскен қатарым
Майлықожа
ақынның
Мүбәрәк
қылғай сапарын» [4, 516],- деп өмірмен
өлеңмен қоштасқан Майлықожаның елді -
бірлік пен ынтымаққа, жасты - білім мен еңбекке, адамды -
ақыл мен парасатқа, имандылыққа шақырған
сөздері бүгінгі қоғамның сұранымы.
Сөзге кенде емеспіз, дегенмен, бүгінгі өмірдің ой
тәрбиесіне, оймен өмір сүру формуласына
Майлықожаның айтқандарын, оның сөз жеткізу
әдісін пайдалану ұтымды тәсіл болар еді. Ал
майлықожатанушыларға заманынан асып туған әдебиет
өкілінің шығармашылығын оған қонған
дарын, ол білген білім, оның өнер шеберлігі, оның
ақындық жүрегі деңгейінде үңіліп
қазақ қана емес, азия, жалпы ислам әлемі, тіпті,
әлем данагөйлері деңгейінде зерттеуді уақыт талап етіп
отыр. Тек қолға алған іс «мүбәрәк» болсын.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі
1.
Қазақ
әдебиетінің тарихы. Он томдық. 5-том. Алматы.
ҚазАқпарат. 2006,
500-бет
2. Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық.
Құрастырған М.Байділдаев, М.Мағауин. –
Алматы:
Жазушы, 1989. Т.2. 25-бет.
3. Нақыл. Кіріспе. Алматы. «Жазушы». 1972,
5-бет
4. Майлықожа. Шығармалар. Жинап,
зерттеп, жариялай жүріп құрастырған
Ә.Оспанұлы.- Алматы. 2005, 25-бет
5. Үш ғасыр жырлайды. А., 1965,
200-бет
6. «Қазақ
фольклористикасының тарихы».- Алматы. 1988, 349-350-беттер.
7. Ұлы жыршы туралы
ұлағат. Алматы. 1996, 50-бет
8. Қазақ әдебиетінің
тарихы. Он томдық. 4-том. Алматы. ҚазАқпарат. 2006,
61-бет
Резюме
Исследовать творчество Майлыкожа Султанкожаулы только
с помощью казахской литературы и фольклористики недостаточно. Его культурное наследие требует глубокого
анализа и со стороны казахской философии, национальной педагогики, психологии и юриспруденции, а
также и политологии. Мы найдем новый
подход в воспитании нашего подрастающего поколения, внедрив в учебные программы
школ и высших учебных заведений произведения поэта, которые охватывают один из
периодов национального духовного развития XIX века.
Resume
This article recommended for the International Conference «Innovation Development and essence of science in modern
Kazakhstan», proposes analysis of some unexamined problems in the sphere of
literature studies, at
the same time covering sphere of spiritual wants in the process on innovation
development of our society, namely this is analysis in the context of original “term”
traditions.
Comparative analysis of examples of the mentioned traditions in the art of
Mailykozha Sultankozhauly – a poet assimilated peaks of new art of second half
of ХІХ century, - together with ancient orient springs, gives an opportunity to find
new ways for literature methods, which can have a direct influence upon spiritual, cultural learning
of modern Kazakh. New investigational notion is proposed to the art of poet Mailykozha
which was born ahead of his time and trying his pen in all genres of literature wrote such world
literary works as «Zarkum» («Зарқұм»),
«Islamnama», «Amir Amze» («Әмір
Әмзе») and other. Solutions for resolution of actual in our society language, religious
problems, including search for answers to psycologic-educational problems is
proposed through the prism of poet art.