Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

Тұрсынжан Шапайдың  прозасындағы  гротескілік    сипат.

Т.Шапайдың «Үйдің иесі» атты туындысы − гротескілік әңгіме. Бұл әңгіме ә дегенде ұсақ-түйек оқиғаға құрылғандай көрінеді. Кейіпкер өзі туралы айтқанда «орташа» деген ұғымға екпін түсіреді. Ол қаланың пәтерін қоныстанған, басқамен қарым-қатынасы шектеулі кеңістігі тар адам. Автор неге бұған екпін түсіреді? Әуелгіде ол қатардағы көптің бірі сияқты көрінеді. Орташа қызметі бар, орта дәулетті, ортаңқол адаммын деп қарапайым дүниетанымды уағыздағандай әсер етеді. Бұл ойдың астарында иллюзия бар.

 Т. Шапай прозасы қазақ әдебиетіндегі саяси гротескінің ерекше үлгісі.  Үйдің иесі – бұл қожайын емес, біздің қоғамның аллегориялық бейнесі. Ал біздің қоғам қандай?

Көркемдік деталь тұрмыстық, заттық, этнографиялық портреттік, пейзаждық деталь арқылы  кейіпкердің рухани әлеміне тереңдей үңіліп, адам психологиясын ашады.

«Детальдар арқылы кейіпкердің қоршаған ортасы, халық  тұрмысы шыншылдықпен бейнеленуі және сол дәуірдің мәдени- тарихи, тұрмыстық ерекшеліктері айқындалары хақ.» [1, 271 б].

«Бұл пәтер бүгінде – сайтанның сауық үйі. Өзгелер бұл үйді Сайтан – клуб дейтін көрінеді». Сол сәт сөрелер қайғыдан опырылып түсті. Бұл күшті деталь. Қоғамның дерті күшті, ішінен іріп жатыр. Ал бұл қоғамның рухани азғындап, іріп-шіруі қашан басталған?! «Сіз кітап оқуды қойғалы бері ( яғни не заманнан бері) – осы үйді жын иектеді...» дейді үй иесіне қарсы сотта кітап шкафы. Жазушы заттарға адами кескін береді. Сылаңдаған сұлу қасық, күлімкөз рюмкалар – сайтанша арбайтын сұлудың өзі. «Алтын қасық аузыма кіріп шыққан сайын мадақ айтады, күміс қасық құлағыма жағымды тәтті өсектермен сыңғырлайды» – бұл ер-азаматтың асыл қалыбына көлеңке түсіретін, қазақ қоғамын өрмекшінің торындай торлап алған жағымпаздықтың персонификациясы, яғни тұлғалануы. Өзі тұтынған заттар үй иесін жан-жағынан қаумалап, қарғыс айтады. Сол сәт тәубесіне түскендей болған ол «қайран алтын күндерім» деп көкірегі қарс айрылады. Бұл өкініштен Шәкерім қажының тура осылай зарлағаны, жастық шағын сағына, алаңсыз күндерін аңсап құса шеккені еске оралады. Абайда бұл өкініш ұлттың, этностың ащы өкініші: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», қазақтың көп игіліктен кенже қалуы.

Бұл әңгімеде заттар адамдардың мінез-құлқын қабылдап алған. Оқиға үй ішінде өтеді, пәтер мемлекеттің символы. Қазақтың қазіргі мінезі заттарға көшкен: «Мен қонақ шақырғанды, той-домалақты сүйетін адаммын». «Өзім жетелеп әкеп, кәделі мүлік қатарына қосқан орындықтарым опасыз болып шыққанда, қалғаны мені жұлып жер, сірә» – бұл да қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың аллегориясы. Енді пәтердегі зат атаулы бұрынғы құлдық, құлшылық мінездерінен жаңылып, қожайынды соттайды. Гротеск, сарказм әдісі Рабле прозасының ықпалы байқалады.

 «Сенің бар мәдениетің осылар –дейді кітап шкафы, яғни руханияттың тұлғалануы үй иесіне ыдыс-аяқтарды нұсқап. Жемір қоғамда қарын мен қарабастың қамы мемлекеттік, отаншылдық мүддеден биік тұрады. – Сенің аузыңа, құлағыңа, қарныңа қызмет ететіндер ғана бағалы, сыйлы, қоңды-күйлі. Сенің миың мен жаның ұйықтағалы, біз азып-тозып, бітіп барамыз! Сен көресің бе, осыны... Ұғасың ба... нағылет?!». Бұл енді памфлетке ұқсайды. Сатиралық проза осындай пафосты сүйеді. Ол, ол ма, осы үйдің еденін шаршылап бөліп, сатып жібере жаздаппын! Әлі де ол ойдан қайта қоймасам керек. Шешен шәйнек қанша дүние шашқанымды, қанша затты жалға бергенін қылға тізіп айтады. Бұл жердің сатылуы мен ұзақ мерзімге шетелдіктерге жалға берілгеніне тұспал. Үйдің төбесін өрмекшінің торы басқан. Біздің қоғамда сол сияқты. Былық пен шылық. Үйді ол қараусыз қалдырғандықтан қоғамнан аласталады – енді жаңа үй іздеуге мәжбүр. Қоғам тазару мен жаңаруды күтеді. Әңгімедегі гротеск ащы әжуадан туады. Аристотельдің катарсис идеясы айқын.

Әңгіме: «Бүгінгі күн – біздің күн! Қиянатқа, дандайсуға, дарақылыққа енді жол жоқ!

- Жол жоқ! – деп, піл сирақты, жайын жоталы алып қонақ үстелді жөңкеліре қозғалып, қойқалаң етіп басылды.

Мен не болғанымды білмей, салбырап есікке беттегенде, піл сирақты жуан үстел еңіретіп тұрып құйрықтан бір тепті.

Осы тепкі мені сопаң еткізіп жарық дүниеден, мына кең көшенің бойынан бір-ақ шығарды... Мен енді, өзіңіз білесіз, үй іздеп жүрмін...

Қайталап айтам: мен бүгін жаңа үй іздеп жүрмін...

«Бұл қалай болды?!» дейсіз... Әрине, таң қаларлық. Бірақ мен жетіскеннен үй таңдап жүрмін бе?..» [2, 196 б].  − деп аяқталады.   

Тегінде осы тектес гротеск басқа әдебиетте бар. Әлі де жетілдіре түсетін тұстары болса да көркемдік әдіс қазақ прозасы үшін тың қолданыс.  Автордың туындылары сонысымен бағалы.

Әдебиеттер:

1.     С.Нұғыман. «Қазақтың жаны» қандай кітап? // Жас қазақ. №4, 2 ақпан, 2007.

2.     Шапай Т. Қазақтың жаны. Астана. Елорда.2001. -284 бет.