Бегманова Б.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы                                                                 

60-70 жылдар поэзиясындағы  халықтық сипат 

  60-70 жылдары поэзияда халықтық сипат, ұлттық нақыш, ұлттық қасиетті өзіндік ерекшелігімен жырлай білген ақындардың бірі – Ж.Нәжімеденов. Қазақ халқының біртуар ұл-қыздары – Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Динаның көңіл толқытар,  жаныңды әсем сазға бөлейтін күйлері ақынның жыр жолдарында  суретті  сөзге  айналды.  Әуезді  үнді сөз өнеріне айналдыруы Ж. Нәжімеденовтің ақындық шеберлігі. Халық арасына кеңінен танымал күйшілердің жан тебірентер күйін ақын талдап, таразылап барып, өлең жолдарына айналдырған. Құрманғазының «Қайран шешем» күйіндегі  сезім айна-қатесіз күйшінің көңіліндегі ойындай сөз маржанымен суреттеледі. Ақын күйшінің көңіліндегі құпия қалтарысын  дәл басып, сезім пернесін жыр жолына айналдыруда шеберлік танытады.                     

                          Не көрсеттім мен саған?

                          Азапты ойдан өзге не?

                          Көріп едің, анажан,

                          Мен секілді «кезбеден»

                          Әр күн сайын басыңа бір уайым тосылды,

                          Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды   

деп сөз өрнегімен төгеді.

Жыр жолдарына айналған күйдің мазмұны қайғы-мұңға толы болғанымен, ақын кейіпкер тілімен анасына дем бере, «Қайғырма, ана, серттемін – бал берсе де айныман» деп жігер бере сөйлетеді. Бұл тек күйші қайғысы ғана емес, сол замандағы барша халықтың мұңы, барша ананың зары. Ақын сол мұң-зарды өлең жолдарына айналдыра жырлауда шеберлік танытады.

Ақын Ж. Нәжімеденов күйшінің басқа да күйлерінен қазақтың кең пейілді дархандығын, ұлттық қадір-қасиетін, ұлттық сипатын танып, оны өлең жолдарында шеберлікпен суреттей білген. Халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық аспаптарымыздың бірі – домбыра.

Ақын М. Мақатаев:

                       Домбырам, жүрегіммен үндес едің,

                       Сенімен сырласымдай тілдесемін.

                       Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,

                       Өнердің не екенін де білмес едім

 деп жырлайды.

Домбыра – қазақтың киелі күй аспаптарының бірі. Домбыра көмейінен төгілген күй адам жанының нәзік қылдарын шертіп, жан-дүниесін қозғайды. Ақынның «мазасыз жүрегімнің өзімісің» деп жырлауы сондықтан. Домбыраның үні ақын жүрегімен үндес болуы да қазақы дара мінезге тән қасиет. 

Домбыраның көмейінен төгілген күйді ақын Қ. Мырзалиев былай суреттейді:

                          О, құдірет, о, ғажап!

                          Отырмын мен қасында:

                          Бүкіл өнер бармақтың ілулі тұр басында! 

Күйшінің өнер тамған саусағы мен көңіл шуағы бірігіп, одан көңіл толқытар күй төгілуде. Осы қасиетті дәл таныған ақын «О, құдірет, о, ғажап» сөздерімен өлеңнің өн бойын аша түскен. Өлең жолдарына гипербола тәсілін қолдана отырып  оның әсерін арттыра түседі. «Үннен шілтер тоқыған» саусақтың құдіреттілігі сол домбыраның шанағынан әуен емес, тыңдаушысына сұлу да, сырбаз аққу ұшқандай әсер береді. Көңіліңнің кірі ашылып, жан-дүниең жасарып, басқаша бір сезімде боласың. Күмбірлеген күймен бірге көкірегіңе әсем бір нұр құйылғандай.

                          Мүмкін емес тыңдауың елжіремей, балқымай,

                          Сөзбен жазбай тарихын,

                                                       күймен жазған халқым-ай!

Халқының тарихын күйден таныған ақынның өлең өрнегімен өрілген жырлары да күймен бірдей әсер берері анық.

60-70 жылдардағы халықтық сипаттың бір түрін ақын Қ.Мырзалиев поэзиясынан да кездестіруге болады. Қ. Мырзалиевтің ақындық ерекшелігінің бірі – аз сөзбен көп мағына бере алатындығында. Өлең жолдарында кездесетін орынды теңеулері, бейнелеуі, кейіптеуі ақын ойының ұшқырлығын, өзіндік өрнегі мен тапқырлығын танытады.

Атадан балаға жалғасып келе жатқан шопандық кәсіп те ақындар жырында өте шебер суреттеледі. Мінсе көлігі, кисе киімі болған малды «қазақтың малы – ырысы, малы – бағы» деп өскен халық атадан қалған ала таяғын қасиет тұтып, ата-баба жолымен кәсібін жалғастырған. Малдың жағдайымен қыс қыстауға, жаз жайлауға көшу бұрынғыдан  жалғасып келе жатқан салт. Қ. Мырзалиев осы салт-дәстүрдің жақсы мен жаман қасиеттерін зерделей келіп:

                          Бір жаманы – тынымсыз көше берген,

                          Бір жақсысы – қимаған даланы кең   

деп жырлайды.

Сахарадай кең пейілді халықтың кең даланы қимауы да жарасымды. Табиғаттағы бар әсемдік, сұлулық қазақтың бойынан табылғандай. Ақынның «көшіп-қонуды құмнан алған секілді» деп жырлауы сондықтан.

   Қорыта айтқанда,  60-70 жылдар  поэзиясында қалам тербеген  ақын жырларында салт-дәстүрді, қазақы тұрмыс-тіршілікті суреттейтін, сол  ұлттық бейнені сомдау арқылы халықтық сипатты танытатын көріністер поэзияда айқын бейнеленген.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Егеубаев А. Сөз жүйесі. – Алматы: Жазушы, 1985. – 272 б.

2. Мақатаев М. Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1982. – 318 б.

3.Ахметов З. Поэзия шыңы – даналық. – Астана. Фолиант, 2002. – 408 б. 

4. Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. – Алматы: Жазушы, 1983. – 245 б.