Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

М.Мағауин шығармаларындағы Ағаш тотемі

Қазіргі  қазақ  әңгімесіндегі – Ағаштың фольклорлық сипатын сан түрлі тұрғыдан көруге болады. Мәселен, М.Мағауиннің  «Қисық  ағаш»,  «Қос ағаш», Р.Отарбаевтың «Бәйтерек», Н.Ораз «Теріс ағаш» әңгімелері бір қарағанда экологиялық тақырыпқа арналған сияқты. Ал шығарманың түпкі идеясына терең үңілсек, ежелден келе жатқан «ағаш – дүине тірегі» дейтін ұғым жаңғырған. “Халықтың  құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді”,-деп  көрсетеді Х.Досмұхамедұлы [1, 86 б]. Әдебиетті өз дәуірінің тарихи  дамуының  айнасы ретінде көрсету барлық кезең, ел қаламгерлерінің дәстүр  жалғастырғандай болып кеткен. Ал М.Мағауин  «Қос ағаш» әңгімесінде ұлттық, ұлттық  рух тұрғысынан  киелі ағаш  культын ұсынады. Суреткер бала көңілімен, бала қабылдауымен танылған алтын мен күміске малынған Қос  Ағаш  бейнесі – қазақтың құт-берекесінің  символын берген  тәрізді.  Ары қарай  жазушы осы бала танымындағы Қос Ағаш бейнесінің жомарттығы мен паңдығын, бірегей қасиетті  Қос Ағаштың  енді құлдырау үрдісін  градациямен бала көзімен беріледі. Уақыт  өте келе, заман  ағымына  қарай қазақтың  рухына  түскен жарықшақ, санасына түскен дақ Қос Ағашқа да әсерін тигізбей  қоймады. Бірақ қаншама мың жыл бойына небір аласапыранға мізбақпай  тұрған  Қос  Ағашқа  қазіргі болып  жатқан қоғамдағы өзгерістер  бұйым  емес  еді. Нешеме жылдар бойына  ешнәрсені  көзіне ілмеген Қос  Ағашқа  айдың  күні  аманында қурай бастайтындай  не болды?- деп  авторлық  таныммен  сауал  қоя отырып,  суреткердің өзі жауап  береді. Бір кездегі  дәл түбінен  мол  сулы қасқа бұлақтың көзі бітеліп, батпаққа айналған шұқанақ орынға  айналғандығын және бұтақтарына байланған оңған, тозған сұрықсыз  шүберектерді, төңірегіндегі көк шалғын  шөптің орнына, сортаң қу  тақыр, сиыр  ізінен басқа түк  көрінбейтін тіпті  алабота  мен қурайдың  өзі  де  жоқ  көріністі  бейнелеу  арқылы  Қос Ағаштың  Тәңірінің  емес өзінің  ұрпақтары  деп  жүрген адамдардың назарынан тыс қалуын  көрсетеді. «Көзі  бітелген бұлақ» пен «оңған, тозған шүберектер, ақтықтар» –  кішкентай  ғана елеусіздеу  детальдарды келтіре отырып, айтар ойын ишаратпен түсіндіреді. Бұл  детальдар көптен  адам  аяғы баспаған Қос  Ағаштың киесі мен  қасиетін  ұмытқан адам оның көзін ашып, оған табынып әулие тұтып не қылсын! Қос Ағаш адамдардың өзіне деген құрметтің азайғандығын сезгендіктен осындай  халге  түсіп,  қурай  бастаған  екен. Оған  керегі  тек елдің  сүйіспеншілігі мен  ұмытпай  тағзым  етіп  еске алып  тұрғандары қажет  екен. Зәулім бәйтерек өткен мен бүгінді және ертеңді жалғастырып тұрған көркемдік образ түрінде де алынған. Қазақ халқындағы жалғыз өсіп тұрған ағашты қадірлеу салтының кең жайылғандығы жайлы Ш.Уәлиханов «Жапанда өсіп тұрған жалғыз ағаш, немесе бұта қадірленіп, оның басына түнейді. Оның қасынан өтіп бара жатып, адамдар ағаштың бұтақтарына шүберек байлайды, ыдыс тастайды, тіпті құрбандыққа мал шалады, я болмаса аттың жалын түйіп тастайды» - дейді. [2, 113 б.]

Жазушы    әңгіменің сюжеттік  құрылымын   шиленістіру  арқылы ауыл маңындағы  алдыңнан   асқар  таудай   менмұндалап  тұратын   Қос Ағаштың жоқтығы кейіпкеріне қаншалықты  ауыр тигендігін психологиялық  көңіл-күймен  суреттеген. Шегініс жасау  арқылы, әңгіменің ішіндегі  әңгіме  кетіп, Қос Ағаш қазасының  себебі кейіпкер  ойымен  қорытылып, түйінделіп  отырады. Желегі қайтқан, бірақ көгі  таусылмаған бірақ  жалаңаш  дің, арбақ-сарбақ қу  бұтақтары Ағаштың  қартайғанын анық  аңғартатын еді.  Жазушының ең басты айтпағы –  қажыр-қайратың кеміп, қартайған  шағында да қолыңнан келер  қайраның, тигізер еш  пайдаң  болмаса да сыйлысың, егер құрметтейтін елің, түсініп-бағалар жұртың болса... Автор Қос Ағашқа жұрттың бұрынғыдай  таңырқамайтынын, сый-құрмет  азайып, ақтық байлау  тоқталған сайын қос  жетім  құсап  жабырқап  қалған  қос  қарияның бейнесіндей әдемі  берген.

Әдебиеттер:

1.     Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы:  Ана тілі, 1991.-176б.

2.     Уәлиханов Ш. Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары // Алтын шаһарға сапар. –Алматы: Атамұра, 2006. -302-б