ҚАЗАҚ  ТІЛІНДЕГІ ӨЛІ ЖҰРНАҚТАР

К. Аханов "Тіл біліміне кіріспе" еңбегінде: "Сөздердің құрылымдық элементтерінің мағыналары күңгірттенбей және олардың жігі көмескіленбей тұрғанда, сөздердің морфемалық құрамы оңай ажыратылады, бірақ, бұл барлық уақытта осылай бола бермейді. Кейбір сөздердің құрамындағы морфемалардың мағыналары мүлдем көмескіленіп, олардың бір-бірімен жігі ажырамайды да, соның нәтижесінде морфемаларға мүшеленбейтін қалыпқа жетеді. Бұлай болудың сыры мынада: тілдің замандар бойындағы дамуы барысында сөздердің де құрылымында өзгеріс болады. Сөздердің құрамындағы морфемалардың шегі ауысып, олардың морфологиялық құрылымының өзгеруі қалай болса солай емес, белгілі бір грамматикалық процестердің әсерінен болады". Ал В.А. Богородицкий сөздердің морфологиялық құрылымының өзгеруіне себептер болатын грамматикалық процестерінің қатарына сіңісу (опрощение) құбылысы мен жылысу (переразложение) құбылысын жатқызады. Сіңісу процесі арқылы сөз құрамындағы морфемалардың мағыналары жойылып, олар бір-біріне кірігіп кетеді де нәтижесінде сөз жігі әбден күңгірттеніп, морфемаларға мүшеленбейтін болады. Ондай сөздің қандай морфемалардан құралғаны бірден аңғарылмайды. Міне осындай лингвистикалық анализ арқылы айқындалатын жұрнақтар өлі жұрнақтар болып есептелінеді.

Өлі аффикс қазақ тіліне ғана емес орыс өзге де тілдерге тән. Мысалы, проф. В.А. Богородицкий орыс тіліндегі забыть деген етістіктің құрамындағы за-ның тілде префикс ретінде сөзден бөліне алмайтындығын айтады. Ал профессор Р.А.Будаков етістік мүшеленбейтін бір бүтін сөз ретінде танылып қажет болған жағдайда сол сөзге басқа бір префикс жалғана алады (мысалы: забыть- перезабыть) дейді. А.Айғабылұлы “Қазақ тілінің морфонологиясы мен лексикологиясы” атты еңбегінде субморф терминіне тоқталады. Субморф терминін орыс тілінің морфонологиясы жөнінде алғаш монография жазған В.Г.Чурганова енгізген болатын. Ол «Морфонема - морфонологияның ең кіші еденицасы. Субморф -морфонологияның жоғары еденицасы» деп есептеді. Сонда “субморф” термині тілдегі қандай құбылысты не элементті аңғартады. Чурганованың түсіндіруінше сырттай қарағанда морфологиялық құрылымы бірдей болып келген сөздердің морфологиялық жіктеуге келмейтіні болады. Мысалы гор-ец, молод-ец дегенде түбір мен қосымшаға жіктеліп тұрса, кон-ец, чеп-ец огур-ец деген сөздерді олай жіктеу мүмкін емес. Бірінші топтағы сөздер морфологиялық сөзжасам жолымен айтылып тұрса, екінші топта морфология жоқ, морфологиялық ашылыс (выражение) ғана бар. Огурец, чепец, конец сөздеріндегі түбір, не жұрнақ мағынасы жойылған содан барып субморфқа айналған.

Қазақ тіліндегі өлі жұрнақтарға жеке дара тоқталар болсақ бүгінде актив лексика ретінде қолданылып жүрген “Ат қойып, айдар таққан” тіркесіндегі “айдар” сөзінің құрамындағы ескіден келе жатқан  –дар жұрнағы. Бұл сөз яғни айдар сөзі рубрика мағынасында да қолданылады. Бұл жұрнақпен  қазақ тілінде есім атаулар да жасалған: Айдар, Қайдар, Жандар. Бұдан өзге аудар, дудар, жандар, дидар, кендір, сөзінің құрамындағы –дір тұлғасы –дар жұрнағының жіңішке варианты болса керек. Қалай дегенде де қазақ тілінде бұл жұрнақтың этимологиясы толығымен зерттелген жоқ, және қазақ тілінің морфологиясында бұрын соңды бұл жұрнақ қарастырылмаған секілді.

-пар, -мар. Сөзжасамдық  бұл –пар, -мар иран тілінен енген бұл форманты арқылы пайда болған туынды түбір зат атаулары тілімізде жалпы ара-тұралап қана ұшырасады. Олар мысалы шоқпар, тұлпар, қатпар сияқтылар. Шоқпар туылымын тіліміздегі шоғыр, шоқтық, шоқ терек, гүл шоқпары дегендердегі шоқ лексемасымен гомогендік негізде алып қарауға болады. Тілімізде сондай-ақ қатпар дериватындағы қат негізі де өзінің қолданымдық жеке дербестігін сақтаған. Жеті қат жердің асты, қат-қат, үш қат дегендердегі қат пен қатпар туылымындағы қат екеуі-бір сөз. Бірақ тұлпар туынды түбір зат атауындағы тұл түбірінен қазақ тілінде мұндай дербестік байқалмайды. Ал ол бұрынырақта кейбір тілде жеке сөз ретінде қолданылған. Мысалы тұл түбірі шағатай тілінде “конь, снаряженный для боя” деген мағанада дара қолданған.

Түркі тілдерінде осы –пар жұрнағының –мар//-мер вариантымен де біраз жаңа сөз жасалған. Бұл ретте азербайжан тіліндегі “катмер-складка, слой”, құмық, қарайым тілдеріндегі “чокъмар//чокмар “дубинка” туылымдарын атауға болады. Сөзжасамдық осы  -мар//-мер  форманты арқылы есім негізден пайда болған мұндай жаңа жасамдар қазақ тілінде де бар. Мысалы тіл+мар// діл+мәр, іс+мер. Бірақ бұлар туынды сын атаулары. Тілімізде туа түбір зат атауынан осы –пар форманты арқылы термин ретінде кейін қалыптасқан бірді-екілі тіпті жаңа туылым да кездеседі. Күлте жапырақшалары көп осындай гүлдер гүлпар деп аталады.

-з (-ыз, -із) А.Ысқақов көрсеткен қазақ тіліндегі көптік ұғымды білдіру үшін жалғанатын үш түрлі мофологиялық форманың бірі; -з(-ыз, -із) формасы қазіргі тілімізде көне заманнан сақталған сарқыншақ ретінде бірен-сарандаған сөздер ғана ұшырасады, оның мағынасы да, атқаратын қызметі де жоғарыдағыдан өзгеше. Мысалы жіктеу есімдігінің бірінші жағы мен және біз, екінші жағы сен және сіз екені аян. Осы біз, сіз дегендердегі –з,(-ыз, -із) формасы қазіргі кезде өз алдына қолданылмайтын өлі форма ретінде сақталып, тек біз көз, егіз, семіз, мүйіз, сіз, деген сияқтанған бірен-саран сөздерде ғана кездесіп, олардың бөлінбейтін бөлшегіне айналған. Бұл –з,(-ыз, -із) формасы әуелде көптік формасы емес, жұп, егіз, екеу болып келетін заттардың (дене мүшелерінің) аттарына жалғанатын қосымша болған. Ал, онымен төркіні бір болса да, қазақ тілінде  одан мағынасы да қызметі де басқа  -з (-ыз, -із) формасы бар. Бұл форма оңаша тәуелдеудегі екінші жақтың сыпайы түріне: ат-ың-ыз, іс-ің-із қосылатын тірі форма ретінде қалыптасқан. Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің; Орамды тілді ауыздым; Мұндағы ауыз сөзінің түбірі ау- жұрнақ -ыз екенін байқау қиын емес. Яғни ауыз сөзі аузы болып дыбыстардың орны ауысып қолданған жағдайда да мағанасы өзгермей қала береді. Алайда түбір құрамынан –ыз жұрнағын алып тастасақ ау болып жеке дербес қолданылмайды және өз мағанасын жоғалтады. Демек –ыз жұрнағы түбірге кірігіп кеткен.

-жі, -жы  және –жыра, -жіре аффикстері. Дара –жі, -жы, мен күрделі –жыра, -жіре аффиксті болып тұрғанның өзінде етістік мәнінде бірыңғай топ жасайтын туынды түбір етістіктер бар. Мұны күмілжі, уыл-жы, қобал-жы, тағы тағымен қоса ел-жіре, қал-жыра, мау-жыра, был-жыр тәрізділерді салыстырып байқауға болады. Осылардың қай-қайсысында болса да динамикалық қалыптан статикалық қалыпқа айналу, ауысу яғни пассивтену процесі беріледі. Сондықтан да соңғы –жыра, -жіре аффиксін дара немесе сол тұтас қалпы өзге (бұл жерде монғол) тілден ауысты демей –жы мен -ра, -жі мен –ре аффикстерінің қосындысы, күрделі аффикс деп қарайық. Жүн-жі, абыр-жы, уыл-жы, (аузы уылжыды), мау-жыры сияқтылар да ілкі түбірлері ап-айқын. Салыстырыңыз: мау бас, мау-ық, мау-қы, мау-ығу; қобал-жы, күміл-жі т.т ондай емес. Қал-жыр мен ел-жіре де алдыңғысы айқын соңғысы күңгірт. Солай болған күннің өзінде жаңа босанған анаға сойылып дайындалатын тағам қал-жаны алсақ, ал а,е дыбыстарыныңқысаңдануы қазақ тілінде де қолданылатын заңдылық. Ал күмілжі, қобалжы сөздерінің түбірлерін салыстырмалы тарихи фактілер арқылы архетиптерін табуға да, тиянақтауға да болады.

-жы аффекстілерін етістік негізді –жы,-жі уылжы сондай-ақ әрі қарай етістіктің: тап-жыл-ма, бұл-жы-т-па, құйқыл-жы-т тағы түрлі грамматикалық тұлғаланумен қолданылатын етістіктеріне келсек бұлар пассивтену процесі емес, қайта оның керісіше, динамикалық құбылу етістіктерін білдіретінін байқалады. “Кебеже қарын жуандар” дегенде келетін “кебеже” сөзін де түбір мен жұрнаққа бөліп талдауға болады. Осы сөздің құрамындағы –же аталған –жы жұрнағының варианты.

Өлі жұрнақтар ығысу, сіңісу, жылысу құбылыстары арқылы қалыптасады дедік. Яғни түбір сөздің құрамына жұрнақтардың ығысып, сіңіуінің нәтижесінде түбірге жымдасып негіз морфемаға айналған жұрнақтар бар. Осы жұрнақтар түбірге сіресе жымдасып ажырамас бөлігіне айналады, ал кей жағдайда бөліп жаруға келеді. Оның себебі мынада: егер түбір өлі болса оған жалғанған жұрнақты ажыратып грамматикалық бөлшек деп қарауға болмайды, өйткені өлі түбір жеке дара тұрып ешқандай мағына бере алмайды. Ол деген сөз мүлдем мағынасыз болды деген сөз емес әрине, тарихтың белгілі бір дәуірлерінде белгілі бір мағына беріп уақыт өте келе мағынасы күңгірттеніп тіркескен жұрнақпен қосылып бір негіз құрайтын болған.

Тілдің даму барысында кейбір қосымшалардың мәні мен қызметі тарылып, көнеленіп, қолданыстан шығып қалады. Бірақ олардың барлығы бірдей қосымшалар тіл жүйесінен із-түссіз жоғалып кетпей, кейбір сөздердің құрамында көнеленген тұлға ретінде сақталады.

 

Филология ғылымдарының магистрі Гулбану Қалтөре