Секция. Психология труда. (Еңбек психологиясы)

 

Қалымбетова Э.К.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жалпы және этникалық психология кафедрасының доценті, психол.ғ.к.

 

КӘСІБИ ІС-ӘРЕКЕТТІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Кәсіби іс-әрекет адамның өмірлік іс-әрекетінің маңызды жағы болып табылады, себебі ол арқылы тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруы іске асып, өз мүмкіншіліктерінің толығымен жұмсалуы қамтамасыз етіледі. Тұлғаның ішкі позициясының дамуы көп жағдайда тұлғаның кәсіби маман ретінде дамуымен анықталады деуге болады. Адамның ішкі позициясы өзінің объективті бейнеленуінде тұлғаның кәсіби қалыптасуында көрінеді.

Студенттік шақтағы кәсіпке бейімделу кезінде үлкен нәтижелер көрінсе, соған орай студенттің мотивациясы жоғарылайды және кәсіп арқылы оның шығармашылық дамуы басталады, студенттің іс-әрекет мәнері, үлгісі, қарым-қатынасы, мінез-құлқы, қызығушылығы, құндылығы қалыптасады. Тұлғаның қалыптасуы мен кәсіпке бейімделу процесі үздіксіз болуы қажет. Сонымен қоса, кәсіпке бейімделу кезінде тұлғаның құндылықтар жүйесі, қызығушылықтары т.б. аялары бір-бірімен өте тығыз байланыста болады, сондықтан да оларды бөліп қарастыру мүмкін емес. Кәсіпке бейімделу кезінде студентте ең негізгісі “осы кәсіп маған керек” деген сана қалыптасуы керек. Ол студенттің қабілетіне, индивидуалды психологиялық ерекшеліктеріне тәуелді. Студенттік шақта студентте өте жоғары құндылық деңгейі қалыптасса, ол еңбек еткен кезде өте сәтті, тиімді жұмыс істей алатын болады. Бірақ, нақты жағдайда осылай болып отыр ма, жоқ әлде керісінше ме. Осы сұрақ бәрімізді де толғандырады. Кәсіпке бейімделу дегеніміз - бұл студенттің кәсіби өзін-өзі анықтау жүйесінің соңғы  буыны. Кәсіпке бейімделу студенттің болашақ өміріне де өте үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан кәсіпке бейімделу кезеңін зерттеудің теориялық та, практикалық та маңызы зор.

Жалпы алғанда, кәсіпке бейімделу ұжымға бейімделу, жұмыс режиміне, міндеттеріне, ерекшеліктеріне төселу болатын көлемді процесс ретінде, одан сол кезде талап, тілектер мен нормалардың табысты іс-әрекетін қамтамасыз ететін процес ретінде қарастырылады. Толық бейімделген адам сол орта ерекшеліктерін қабылдайтын адам болып табылады. Ғалымдардың кейбірі кәсіпке бейімделуді өзара байланыс және қатынастардың дамуы ретінде қарайды.

Кәсіби анықталу процесінде кәсіби маман ретінде ішкі позициясының қалыптасуының бірнеше кезеңдерін бөлуге болады:

1) Позицияның қалыптасуының алғашқы кезеңі маманның болашақ кәсіби іс-әрекетіне деген жалпы жағымды эмоциялық қатынасымен сипатталады. С.Л. Рубинштейннің “қалаймын”   “істей аламын” “жасау қажет” түсініктерінің арақатынасы туралы идеясына сүйене отырып айтатын болсақ, бұл кезеңде бірінші “қалаймын” компоненті өте айқын көрінеді, яғни мамандықты меңгеруге деген тілек жақсы дамыған, бірақ оның өзіндік қабілеттері мен қажеттіліктері енжар дамыған. Ал үшінші компонент соңғы кезеңге тән жастардың қоғамдық қажеттіліктерді кейінгі орынға қоюымен шарттасады.

2) Келесі кезеңде “істей аламын” кезінде ішкі позицияның дамуы өз мүмкіншіліктері мен қабілеттерін саналау, өз іс-әрекеттерінің мазмұнды моменттеріне деген бағдар қалыптасу кезінде көрінеді.

Бұл “жасау қажет” кезеңінде өз кәсіби іс-әрекеті, өз қабілеттері жайлы барабар көзқарастар қалыптасады.

Бұл айтылған кезеңдер кәсіп иесінің ішкі позиция типтерімен сәйкес келеді деп айтуға болады [1].

Осы негізде, Т.А. Кухарева тұлғаны негізгі анықтайтын сипат белсенді позиция келесі жүйелерден тұрады деп көрсетеді: бағдарлар - субъект іс-әрекетінде жүзеге асады, әлеуметтік-психологиялық бейімделу тиімділігін анықтайды, барлық іс-әрекетте болады және әлеуметтік статус, кәсіби анықталу, тұлғалық сапа категорияларын қамтиды [2].

Н.А. Свиридов кез-келген жүйеде оның қызмет етуіне баса мән берілуі керектігін айтады. Әлеуметтік аспектілерде бейімделу қоғам дамуын қамтамасыз ететін тәсілдермен және құралдармен сипатталады. Әлеуметтік бейімделу заңды, қажетті қоғамдық құбылыс ретінде тұлға қалыптасуындағы жеке сипатқа ие феномен болып табылады [3].

Ғылыми әдебиеттерде кәсіпке бейімделудің экологиялық, биологиялық, физиологиялық, операционалдық, ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік және психологиялық аспектілері айтылады. Бұны, белгілі бір тәртіпке қою үшін Б.Г. Ананьев жұмысына назар аударамыз. Оның еңбегінде адам еңбек субьектісі ретінде тұлға мен индивидтің қасиеттерінің қорытпасы түрінде қарастырылады. Бұл кезде кәсіби бейімделу - индивидтің кәсіби ортадағы физикалық жағдайларға бейімделу бірлігі психофизиологиялық аспект деп аталынса, кәсіби міндеттерге, орындалатын операцияларға, кәсіби ақпараттарға бейімделу кәсіби деп аталатын екінші аспект ретінде, кәсіби ортаның әлеуметтік компоненттеріне бейімделу - әлеуметтік-психологиялық деп аталатын үшінші аспект ретінде түсініледі [4].

Әр студенттің дара ерекшелігі өмір бейнелерінің жаңа талаптарына әсер етпей қоймайды. Студенттің оқуға түсуі бейімделудің күрделі жүйесі басталғандығын білдіреді. Бұл жағдай кезінде біз студенттің бейімделуі деп тұлға мінездемелерінің негізгі параметрлері мен оқу процесінің жаңа жағдайлары арасындағы динамикалық тепе-теңдікті қарастырамыз. Сонымен қоса бейімделу бұл жерде нақты жағдайлар талаптарына белсенді икемделу және өз құндылықтары мен нормаларын ерікті іске асыру болып табылады.

Жоғары оқу орнындағы студенттің әлеуметтік бейімделуін келесі түрге бөлуге болады:

А) кәсіби бейімделу оқу процесінің мазмұнына,талаптарына, ұйымдасуына, сипатына бейімделу және ғылыми жұмыстардағы өз бетінше жұмыс істеу дағдыларының қалыптасуы;

Б) әлеуметтік-психологиялық бейімделу индивидтің топқа, олармен өзара қатынасқа бейімделуі, мінез-құлықтың өзіндік стилінің қалыптасуы.

М.И. Педаясаның көзқарасы бойынша, кәсіби бейімделу бір жағынан оқытушының субъективті қанағаттануымен байланысты  болса, екінші жағынан басқа оқытушылардың бағалауымен байланысты болады [5].

Студенттің кәсіби қабілеттерін дамыту мақсатын зерттеу нәтижесінде ғалымдар интегративті-матрицалық модель қалыптастырды. Оның негізгі кезеңдері мен элементтері: бейімделу-диагностикалық -  студенттердің жаңа оқу орнына бейімделушілігіне көмектесу, білімнің қалыптасқан деңгейін анықтау, дағды, білім, үйренуде жетіспеушіліктерді жетілдіру, білімге деген құндылықтар қатынасының профилін құру; жоспарлы-коррекциялық - студент іс-әрекет мақсатын анықтау, болашаққа деген дайындығын жобалау, жоғары оқу орнында оқу тапсырмалары мен мақсаттарын шешу іс-әрекет жоспарын жобалау, тұлғалық даму жоспарын құру; ақпаратты-іс-әрекеттік – студенттердің білімді меңгеру іс-әрекетімен тығыз байланысты, оқуға деген құндылықтардың құрылуы, оқу пәндерін меңгеруде керек құндылықтарды анықтау, белгілі меңгерілген пән бойынша іс-әрекет жасай алу, құнды білімдер мен дағдыларды түсіне алу; шығармашылық - өзін-өзі жетілдіру компоненті оқу барысында студенттердің өзін-өзі дамыту, көрсету, әр түрлі ғылыми мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндіктеріне көмектеседі, шығармашылық сипаттағы өзіндік еңбек, мәселені шешу кезіндегі шығармашылық құндылықтарды сезіну; нәтижелі-бағалау – студенттердің алған білімдерінің болашақ іс-әрекеттегі құндылығының жалпы қорытындысы, оқу іс-әрекетін бағалай алуы. Бұл моделді іске асыру нәтижесінде студенттердің білімге деген құндылықтарының құрылуына, нақты мамандыққа деген көзқарасын өзгертуге өзі кепіл болады [5].

Кәсіби іс-әрекеттің бейімделу функцияларына тоқталып кететін болсақ, оларды төмендегіше қарастырамыз:

диагностикалық - бейімделу процесін басқаратын субъектілердің студенттің тұлғасын диагностикалық зерттеу;

болжаушы – студенттің кәсіби оқу орнына бейімделуіне алғашқы және кешенді болжау жасауды іске асыру, бейімделу кезеңіндегі проблемаларды саналай алу;

оқыту – болашақ кәсіби іс-әрекетіне және жоғары оқу орнындағы жағдайларға табысты көндіге алу және бұл процестің басқаратын оқытушы жұмысының әдіс-тәсілдерімен қамтамасыз етілуі;

дамытушы – бейімделу процесін жүйелі басқаруды жүзеге асыратын педагогикалық ортаның және бейімделуші субъектінің шығармашылық дамуы. Бұл жердегі негізгі критерий - студент пен оқытушының дамуы;

бағамдау – оқытушылардың жоғары оқу орнындағы іс-әрекеттің жалпы заңдылықтарын саналай алуы, студенттердің бейімделе алу мүмкіншіліктерін, әдіс-тәсілдерін, бейімделудің индивидуалды ерекшеліктерін саналауы;

түзетуші – алғашқы және кешенді болжауларға сәйкес студенттердің жеке жақтарын түзету. Бейімделуші субъектілер бұл жұмысқа өздері белсенді, саналы қатысулары тиіс;

теңгерушілік – студенттердің жоғары кәсіби оқу орнына табысты бейімделуін анықтайтын дамыған жеке қасиеттерін көрсету, бейімделу кезеңіндегі дағдарыстарды жеңілдететін әдіс-тәсілдерді пайдалану.

ғылыми-әдістемелік - ғылыми-әдістемелік құрылым құру, осы сипатқа ие іс-шаралар өткізу.

Ю.А. Александровский адамның бойындағы әлеуметтік, психофизиологиялық мүмкіншіліктердің сәйкес келмеуі жаңа ақпараттарды өңдеу кезіндегі бейім жағдайларда жүйкелі-психологиялық шиеленіске апарып соғуы мүмкін, ол адам іс-әрекетін жүйесіздікке алып келеді. Автордың айтуынша, бұл іс-әрекеттің тиімсіздігі қанағаттандырылмаған эмоция туғызып, ол тұлғаның бейімделмеушілігін көрсетеді [6].

Бейімделмеушіліктің салдары адамның әлеуметтік және тұлғалық байланыстарын бұзады, өз қылықтарының қорытындысын болжау мүмкіншіліктерін төмендетеді, өзін-өзі және жағдайды барабар бағалай алмайды. Сонымен, бейімделу кезінде бейімделмеушілік процесінің де орны бар. 

Кәсіпке бейімделу мамандығы бойынша еңбек талаптары мен ерекшеліктерін меңгеру болып саналады. Ол мамандықты меңгеру кезіндегі тұлғаның кәсіби қасиеттерінің қалыптасуынан, еңбек дағдыларынан көрінеді. Кәсіпке бейімделу адамның ұжымға сіңуіне әсер етеді. Ол жаңа ұжымға, еңбек талаптарына, кәсіби іс-әрекетке қатысу процесінің, кәсіби қызығушылықтардың,  жеке сапалардың осы іс-әрекет талаптарымен арақатынасын көрсетеді.

Жоғары оқу орындарындағы бейімделу себептері мен қиындықтарын зерттеуде М.И. Дьяченко және П.А. Кандыбович жұмыстары мәнді орын алады. Авторлар жоғары оқу орнындағы негізгі қиындықтар қатарына: оқу материалдарының мазмұны, көлемі, сипаты және оқу процесі әдістерінің өзгеруі, жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың біліктілік деңгейі, студенттердің өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру дағдыларының қалыптасуы, жоғары оқу орнын таңдау дұрыстығына деген сенімсіздік, оқытушылармен конфликт, ұжымдағы қарым-қатынас қиындығы және т.б. жатқызды. Олардың айтуынша, студенттердің жоғары оқу орнына бейімделуі арнайы зерттеуді қажет етеді [7].

Сонымен, кәсіби іс-әрекетке бейімделу процесінің табысты болуының негізгі жағдайларын көрсетейік.

Біріншіден, кәсіби іс-әрекетке бейімделу жоғары оқу орындарындағы жас маманды дайындау сапасымен, олардың тәжірбиелік дағдыларды жинақтауларымен байланысты. Кәсіпке оқыту және тәрбиелеу кезеңінде кәсіпке бейімделу басталады. Бұл жерде кәсіби іскерліктер мен дағдылар қалыптасады, кәсіпке керек деген білімдермен қамтамасыз етіледі, еңбекке деген шығармашылық қатынас пайда болады, ұжымдық жұмыс дағдылары мен кәсіпке деген қызығушылық дамиды, яғни кәсіби іс-әрекеттің жағымды мотивациясы шыңдалады. Оқыту кезінде өндірістік және педагогикалық  практикаларға үлкен көңіл бөлінеді.

Екіншіден, кәсіпке бейімделу кезінде кәсіпті таңдау мотиві де үлкен орын алады. Адамдардың нақты мінез-құлықтары мен әрекеттерінен нақты мотивті көруге болады, ол іс-әрекет процесі кезіндегі  мақсатты көрсетеді. Мамандықты өз қызығушылығымен, құндылығына байланысты таңдаған кездегі кәсіпке бейімделу де табысты болады.

Үшіншіден, кәсіпке бейімделудің табысты болуы кәсіби іс-әрекеттің ұнамдылығымен, ұжымның психологиялық климатымен, қоғамдық белсенділік және индивидуалды ерекшеліктермен байланысты.

Төртіншіден, кәсіпке бейімделу кезінде еңбек іс-әрекетінің еңбек мазмұны, ұжымдағы өзара қатынас, жақсы жағдайлар және еңбекті ұйымдастыру секілді параметрлері әсер етеді.

Сондықтан да айта кететін жайт, студенттердің оқу іс-әрекетінің табыстылығы, оған бейімделу көптеген факторларға байланысты. Оған танымдық іс-әрекетін реттеу функциясы, өмірлік жоспары мен қызығушылықтары, мотивтердің, құндылық бағдарлаудың басым болатын түрі, ұмтылыс деңгейі, өзіндік бағалауы, мінез-құлықтарын саналы басқара алуы т.б. көптеген факторлар үлкен ықпалын тигізеді.

Студенттердің кәсіби бейімделуіне келесі факторлар да үлкен ықпалын тигізеді: олардың дайындық деңгейі, құндылықтар жүйесі, оқуға деген қатынасы, жоғары оқу орны туралы ақпарат алуы, кәсіптің болашағы туралы ойлары. Бейімделу кезінде студенттің ортаға тез бейімделе алуы, оқу іс-әрекетінің жаңа құралдары мен әдістерін меңгеруге, нормалар мен ережелер жүйесін түйсінуге, оқуға, болашақ кәсіпке  деген құндылық жүйесінің қатынасы болуы керек. Бұл бірінші деңгейдегі факторлар қатарына жатады.

Кәсіби іс-әрекетке бейімделу факторлары объективті, субъективті және субъективті-объективті сипатта болуы мүмкін. Субъективті факторлар психологиялық сипаттың ішкі бейімделу нәтижесімен түсіндіріледі. Объективті факторлар әсерімен бейімделу нәтижесі сыртқы жағдаймен анықталады. Субъективті-объективті факторлардың  бейімделу мағынасы бойынша детерминациялау нәтижесінде басты рөл бейімделушінің ішкі қасиеттерімен сыртқы ортаға беріледі.

Бейімделу факторларының әсерлілігі бейімделу процесінің әр кезеңінде көрініс табады. Осыған байланысты университеттік оқуда және кәсіптендірілу кезеңдерінде әсер ететін бейімделу әрекеттерінің факторларын түрлі бөлімдерге бөлу қажеттілігі туындайды.

Студенттердің бейімделу жүйесіне нәтижелі енуі үшін қажетті шарттар жасау қажет, ал олар өз алдына кәсіби іс-әрекеттің дамуына алып келетін психологиялық бейімделудің құрылуына кепілдік береді.

 

_________________________

1. Фонарев А.Р. Развитие личности в процессе профессиона-лизации // Вопросы психологии. – 2004 г. - 6. – С. 18-21.

2. Кухарева Т.А. Адаптация молодых специалистов-инженеров. Автореф. дис. канд. психол. наук. - Ленинград, 1980.- 16 с.

3. Свиридов Н.А. Социальная адаптация личности в коллективе // Социологические исследования. - 1980. - 3. - С. 44-51.

4. Ананьев Б.Г. О проблемах современного человеказнания. - М.: Наука, 1977. – 344 с.

5. Организация учебного процесса / Под. ред. М.И. Педаяс. Тарту.: Тарт. гос. ун-т ЭССР, 1975. – 125 с.

6. Александровский Ю.А. Состояния психической дезадаптации и их компенсация. – М.: Изд-во Наука, 1976. – 271 с.

7. Дьяченко М.И., Кандыбович П.А. Психология высшей школы. -Минск.: Изд-во Белорусск. Ун-та, 1972. –320 с.

 

***

В статье рассматривается психологические особенности профессиональной деятельности, а также виды социально-психологической адаптации в высшем учебном заведений. 

 

***

In article psychological differences of professional performance was observed. Also types of social – psychological adaptation in high school was investigated.