*119761*

Педагогические науки/Современные методы преподавания

 

математика пәні мұғалімі Қоржынбаева Ж.Ж.

Қазақстан Республикася, Қарағанды қаласы,

№87 жалпы білім беретін  мектебі

 

МАТЕМАТИКА  САБАҒЫНДА КӨРНЕКІЛІК  ҚАҒИДАЛАРЫН  ЖҮЗЕГЕ   АСЫРУДЫҢ  ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазіргі заманғы ғылыми-технологиялық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына үлкен міндет қойып отыр. Оқушыларды жан-жақты тұлға ретінде дамыту, олардың танымдық, шеберлік белсенділіктерін арттыруда мұғалімнің жұмысының ғылыми негізде ұйымдастыруылуы маңызды рөл атқарады.

Жаңа ғасыр қоғамды қайта құру жағдайында Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы басты міндеттердің бірі – ұлттық ерекшеліктерді еске алып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін дамыту және жетілдіруді басты мақсат етіп отыр. Білім мен тәрбие берудің негізі жалпы білім беретін мектептердің педагогикалық процесін жақсарту кезек күттірмейтін мәселе десек, бастауыш мектеп – соның бастауы.

Мұғалімнің оқыту процесін жетілдіре түсудегі жұмысының бір түрісабақтың формалары мен оның құрылымын дамыту, оқытудың жаңа әдістерін талмай іздестіру. Олай болса, мұғалім сабақта қандай мақсат көздейтінін, оған жету үшін қандай әдіс тәсілдер мен көрнекілік, техникалық құралдар қолданатынын нақты, алдынала жоспарлап алуы керек.

Көрнекілік оқушыларға заттардың өзін немесе олардың бейнесін тікелей көріп байқауға мүмкіндік береді.

Оқытуда нақты білім алу – көрнекілікке, сезінуге, бақылау әрекетіне негізделеді.

Бұл қағидаларының негізгі талаптары: көрнекілікті белгілі мақсатқа байланысты қолдану; көрнекілікті қолдану – оқушылардың бақылау әрекетін ұйымдастыруды керек етеді; көрнекілікті қолданудың маңызды бір шарты – мұғалімнің образбен өзінің сөзін дұрыс байланыстыра алуында;

Көрнекілікті артық қолдануға болмайды, ол оқушылардың теориялық ойлау процесінің дамуына кедергі болмау керек.

Көрнекілік  құралдардың түрлерін оқу пәндердің және оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай қолдану.

Математика сабақтарында білім берудің барлық негізгі қағидалары бір – бірімен байланысты жүзеге асырылады: саналық, көрнекілік, жүйелік, беріктік, жас ерекшеліктерінің ескерілуі, жекеше қарым – қатынас т.б. Математиканы оқытуда көрнекілік қағидаларының ролі ерекше. Көрнекілік алғаш зерттеп, оған мәнді үлес қосқан Ян Амос Каменский, К.Д.Ушинский т.б.

Көрнекі құралдардың түрлерін білу мұғалімнің, оларды дұрыс таңдап алуына және оқытуда тиімді түрде пайдалануға, сондай-ақ өзінің немесе балалармен бірге көрнекі құралдарды дайындап алуына мүмкіндік береді. Көрнекі оқу құралдарды табиғи және суретті құралдар деп бөлу қабылданған. Математика сабағында пайдаланылған табиғи көрнекі құралдарға айналадағы өмірден алынған нәрселер: дәптерлер, қарандаштар, шыбықтар, кубиктер т.с.с. жатады. Суретті көрнекі құралдар ішіне бейнелік көрнекі құралдар жеке бөлініп көрсетіледі: заттар, суреттер, фигуралардың, қағаз бен картоннан жасалған кескіндері, заттардың немесе фигуралардың кескіндері салынған кестелер. Суретті көрнекі құралдың екінші бір түрі шартты (символдық) құралдар болып табылады: математикалық символдардың, схемалар, суреттер, сызбалар. Суреттік көрнекі құралдар да жатады. Олар: оқу фильмдері, диофильмдер, диопозитивтер, интербелсенді тақта. Көрнекі құралдарды пайдалану тұрғысан алғанда жалпы сыныптық және жекелік деп бөлінеді. Жалпы сыныптық көрнекі құралдарды бүкіл сынып болып пайдаланылады (кейде оларды демонстрациялық деп атайды). Жекелік көрнекі құралмен әрбір оқушы жеке пайдаланады. Көбінесе жалпы сыныптық, және жекелік құралдар мазмұны жөнінен бірдей және айырмашылығы тек үлкен – кішілігінде ғана болады: геометриялық фигуралардың модельдері, кеспе цифрлар, сызба құралдары т.с.с. Дайындау тұрғысынан алғанда көрнекі құралдар баспахана тәсілімен немесе фабрикада дайындалған және мұғалімнің немесе балалардың өздері қолдан жасаған көрнекі құралдар деп бөлінеді. Қолдан жасалған құралдар дайын көрнекі құралдарды толықтырады: бұлар – есептер құрастыру үшін әр түрлі суреттер мен сызбалар, құрастырмалы геометриялық фигуралар, цифрлар мен жеке сөздерді алмастыруға болатын кестелер, көбейту мен қосудың электрлендірілген кестелері т.б. көрнекі құралдарды жасауға балаларды қатыстырып отырған пайдалы. Мұның білімдік және тәрбиелік маңызы зор, білім мен біліктерді саналы түрде және берік меңгеруге, белгілі бір еңбек дағдыларына төселдіруге көмектеседі. Мысалы, қағаздан тік бұрыштың моделін жасағанда және жылжымалы бұрыштың ермексазбен бекітілген екі шыбықтан моделін жасағанда, оқушылар бұрыштар жөнінде түсінік алады; сызықтық және квадрат сантиметрдің, дициметрдің, метрдің модельдерін дайындағанда, оқушылар ұзындық бірліктері және аудан жөнінде көрнекі түсінік алады. Өздері қолдан жасалған құралдармен жұмыс істегенде (мысалы, екі таңбалы сандарды иллюстрациялауға арналған құрал) бала еңбекті құрметтей білуге үйренеді.

Математикалық қатынастар мен операцияларды оқып үйрену үшін көбінесе арнаулы көмекші құралдар пайдаланылады. Мұндай құралдар кейде, нәрселердің өзіне немесе айналадағы өмірден алынған жағдайларға қарағанда, анағұрлым көрнекі болып шығады.
Математика сабақтарында көрнекілікті дұрыс пайдалану айқын кеңістікті және санды түсініктердің, мазмұнды ұғымдардың қалыптасуына көмектеседі, оқушылардың логикалық ойлау және сөйлеу қабілетін дамытады. Нақтылы құбылыстарды қарастыру және талдау негізінде, кейін практикада қолданылатын, тұжырымдарға келулеріне көмектеседі.

Сонымен қатар оқу процесіне көрнекілікті пайдаланғанда бірқатар әдістемелік талаптарды орындаған жөн екенін ескертеді: көрнекі құралдар сабақтың мақсатына сәйкес іріктелуі тиіс көрнекі құралдарды пайдаланғанда оқушылардың оларды дұрыс қабылдауын қамтамасыз ету үшін, құралдың неғұрлым маңызды жақтарына назар аударған жөн; сабақта көрнекі құралдар шамадан тыс көп болмағаны яғни мақсатқа жетуге қажеттілерін ғана пайдаланған   маңызды. Егер сабақ кезінде бірнеше көрнекі құрал көрсетілуі керек болса, олардың бәрін бір уақытта емес, әрқайсысын қажетінше кезегімен пайдаланған орынды.

Сабақ кезінде мұғалімнің өзінің баяндауы мен көрнекілікті үйлестіруі елеулі роль атқарады. Дидактикада үйлестірудің екі тәсілі белгілі. Біріншісінде көрнекі құрал мұғалімнің түсіндіруінен   бұрын көрсетіледі. Бұл жағдайда мұғалім оқушылардың іс-әрекетін, байқағыштығын бақылай отырып, керегінше мағлұмат алуына жетекшілік етеді. Екіншісінде көрнекі құралды көрсетуден бұрын мұғалім оқу материалын түсіндіреді.

Бұл екі тәсілдің біріншісі тиімдірек, себебі ол қажетті білімді меңгеруді қамтамасыз етумен бірге, оқушылардың байқағыштық қабілеттерінің өрістеуіне көмектеседі. Бірақ, көрнекі құралдарды шамадан тыс қолдану оқушылардың ойлау қабілетіне кері әсер ететінін ескерген жөн.

Математиканы  оқыту  практикасы   бұл  қағиданы  жүзеге   асыруға  бағытталған  арнайы   құрал-жабдықтар  жасауды   қажет  етеді  (геометриялық  фигуралардың   модельдері,  кестелер,   оқу  диафильмдері,  кинофильмдер,  теледидар,  микрокалькуляторлар   т. б.).  Ескеретін   бір   нәрсе,  көрнекілікті   қалай   болса   солай   қолдана   бермей, тек  қажеттілігіне,  тиімділігіне   қарай   пайдалана  білудің   маңызы  зор.  Мысалы,  стереометрияның   алғашқы  сабақтарында   фигуралардың   әр  түрлі  моделін   көрсету   оқушылар   үшін   пайдалы   болады  да,   кейінірек   олардың   кеңістік   қиялын   дамытуға    кері    әсер   етуі  мүмкін,   яғни   стереометрияны   үйретуде   нақты   көрнекілік   біртіндеп   «абстрактылық  көрнекілікке»  ( жазық   сызбаларды   қарастыру)   орын   беруге   тиіс.

Сонымен, педагогикалық технологияның келесі белгілер тобы бұл оқытушы мен оқушы қызметтерінің өзара қарым-қатынасын реттейтін, бір жүйеге келтіретін заңдылықтар. Көп жағдайда, мұғалім түрлі талаптарды, әдістемелік нұсқауларды есепке алады да, оқушылардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын назардан тыс қалдырады. Мұндай жағдайда мұғалімге өз мақсатына жетуге ешқандай технология көмектесе алмайды.

Мұғалімнің қызметі (оның мақсаты, қажеттіліктері мен мотиві, іс-қимылдары, олардың құралдары мен іске асу шарттары т.б.) оқушының қызметі мен іс-әрекетіне (оның мақсаттарына, мүмкіндіктеріне, қажеттіліктері мен қызығушылықтарына т.б.) сәйкес келуі шарт. Тек осы негізде ғана мұғалім педагогикалық ықпал құралдарын таңдап, оларды іске асыра алады.

 

Әдебиеттер:

 

1 Әбілқасымова А. Е.,   Көбесов А..К.,   Рахымбек Д.,   Кенеш Ә.С. Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі. Алматы, 2005. –Б.89-90.

2. http://www.bsh.kz/news/1317964063.html

3. Аширбаев Н.К., Рахымбек Д., Бүркіт Ә.Қ. 5, 6  сынып  математика  сабағында көрнекілік  принципті   жүзеге    асырудың теориялық, психологиялық-педагогикалық  негіздемесі // ҚарМУ хабаршысы, 2009. - №4