*119685*

Рапишева Жанат Дабыловна (канд.фил.наук, доцент),

Төленова Салтанат Ахметкалиевна

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ  РЕСМИ ІС ҚАҒАЗДАРЫНЫҢ

АЛҒАШҚЫ ҮЛГІЛЕРІ

 

Мақалада қазақ тіліндегі іс қағаздарының алғашқы үлгілері мен олардың тілдік ерекшеліктері  қарастырылады. Зерттеу ең­­бектеріне сүйене отырып, ресми іс қағаз­дарының  алғашқы түрлері көне дәуірлерден бастау алатыны сөз болып, тұңғыш қазақ  газеттерінде басылған  қатынас қағаздары мен құжаттардың тілі қазақ тілімен салыстырыла талданады.  Қазақ іс қағаздар тілінің қалыптасу кезеңдерін көрсететін түрлі тілдік фактілер келтіріледі.

 

Іс қағаздарының қоғамдағы қызметі тұрғысынан алғанда әр дәуірдегі үлгілерінің тілдік сипаты мен мазмұны әртүрлі болғандығы сөзсіз. Сондықтан қазақша іс жүргізу қағаздарының алғашқы үлгілері болып табылатын нұсқаларды ресми стильдің қалыптасу ерекшеліктерін көрсететін материал деп табамыз.

«Қазақ ресми-іс қағаздар тілі» деген докторлық диссертациясында Л.С.Дүйсембекова  көне түркі жазба ескерткіштері тілін негізге ала отырып, қазақ ресми-іс қағаздар стилі сонау ерте заманда қалыптасты деген тұжырымға келе алмаймыз, бірақ  көне түркі жазба ескерткіштері тілінде  ресми стильдің белгілері, ресми-іс қағаз тілінің элементтері кездеседі. Қазір қолданылып жүрген іс қағаздарының аттары аталмаса да, құрылымдық, мағыналық, прагматикалық аспектіден қарастырғанда қазіргі іс қағаздар үлгілерінің терең тамыры  VІ–VІІІ ғасырлардағы көне түркі және көне ұйғыр жазба ескерткіштерінде жатқандығы дәлелденеді. Оларды сол замандағы ресми құжат үлгісінің алғашқы нұсқасы ретінде қарастыруға болады деген пікір айтады.  [1, 11].  Ғалымның тұжырымдауынша, көне, орта түркілік дәуірден бізге жеткен құжат үлгілері сан жағынан өте аз болғанымен, жарлық мәтіндерінің тілі сол дәуірдегі ресми іс қағаздарының тілі мен стилінің қандай болғанын көрсете алады.

Зерттеуші А.Ибатов «ХІV ғасырдағы хан жарлықтарының тілі» аталатын еңбегінде Алтын Орда дәуірінде жазылған түркітілді жарлықтарды, әсіресе қазақ тілінің тарихы үшін құнды нұсқалар ретінде «Тоқтамыстың Яғалаға жарлығы», «Темір-Құтлұғтың жарлығы», «Тоқтамыстың екінші жарлығы» дегендерді атайды [2, 90]. Оларға толық тілдік талдау жасай отырып, қазақ іс қағаздарының тарихы ХІV ғасырдан басталатынын дәлелдейді.

Ж.Макешова тарихшылар мен зерттеушілер еңбектеріне сүйене отырып, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жазылған «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның есімімен байланысты «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның тұсындағы «жеті жарғы» заңдары іс қағаздарының негізгі бастауы және іс қағаздары тілінің қалыптасып жаңа арнаға түсуін дәлелдейтін маңызды құжаттар болып табылатынын айтады [3, 10].

Қазақ тілші ғалымдары қазақ әдеби тілі тарихын­да іс қағаздарының алғашқы үлгілері ертерек ке­зеңді –  ХҮІІІ ғасырдың ІІ жартысы мен ХІХ ғасырдың І жарты­сын, одан кейінгі үлгілері ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басын қамтиды дей келе, оларға қазақтың хан, сұлтан, старшындарының орыс империясының әкімшілік орын­дарына жазған құжаттары мен өзара жазысқан хаттарын жатқызады [4, 97].

Р.Сыздықова мен Б.Әбілқасымов  қазақша ресми іс қағаздар стиліне ХҮІІІ ғ. мен ХІХ ғ. бірінші жартысында жазылған әкімшілік, билік өкілдерінің, лауазымды адамдардың өзара жазысқан қағаздары мен хаттарын (орысша прошение, уведомление, донесение аталатын документтер мен ресми хаттар болғандығын), ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазылған бұйрық-жарлық, циркуляр, указ, үндеу сияқты құжаттардың үлгілерін жатқызады  [5, 187].  

Аталған құжаттардың тілі Р.Сыздықованың, Б.Әбілқасымовтың еңбектерінде жан-жақты талданған: тілі жағынан алғанда, қазақ феодалдары атынан жазылған бұл құжаттар арнаулы кеңсе тілінің үлгілеріне  жатады. Мұнда татар тілі элементтері басым, қазақ тіліне тән элементтер аз. Орта Азия тіліне тән архаизмдер мен арабизмдер араласқан татар тілі хандар канцеляриясы практикасында ұзақ уақыт берік сақталып, ресми хат-хабарлардың барлығында қолданылды. Бұл тіл қазақ хал­қы­ның көпшілік бұқарасына мүлде түсініксіз болды [4; 5].

Зерттеуші Б.Әбілқасымов әкімшілік орындарының бұйрық-жарлықтарына қатысты материалдарының алғашқылары болып саналатын «1852 жылғы Орынбор шекара комисиясының жергілікті қазақ әкімдеріне жолдаған қатынас қағазын»,  «1890 жылдың 29 майында 1071 нөмірлі Степной генерал-губернатордың қыр облыстарының бастықтарына жолдаған жарлығын»  алып, олардың тілдік ерекшеліктерін талдаған. Сонымен қатар бұл еңбегінде «Қазақша заң жинақтары мен ережелері» (1885 жылы шыққан) деген тақырыпшада ресми құжаттың лексикасын, грамматикалық ерекшеліктерін қарастырады [4, 111].

Р.Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» оқулығында ресми іс қағаздар стилі туралы әртүрлі пікірлер бар екендігін айта отырып, ресми іс қағаздары стилі қазақ тілінде ертеде қалыптаса бастаған, қазақ хан-сұлтандарының орыс әкімшілік орындарымен жазысқан көптеген хаттары, арыздары мен мәлімдемелері XVIII ғасырдан бастап архивтерде сақталған. Солардың бірі (1785-1828 жылдары аралығында жазылған қазақтың хан, сұлтан, старшиналарының хаттары) тарихшы   М.П.Вяткиннің  «Материалы по истории Казахской ССР» (М.; Л., 1940, IV том) деген кітабында жарияланған. Сонымен бірге мұрағаттар мен кітапханалардың сирек қорында біраз ресми құжаттар үлгілерін табуға болады дегенді айтады [5, 201].

Профессор Б.Әбілқасымовтың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» деген монографиясының «Ресми іс қағаздары үлгілері және олардың тілдік сипаттамасы» деген тарауында баспа бетінде жарияланып, көпшілікке тараған құжаттардың тіл ерекшеліктері жан-жақты қарастырылады [4, 224]. Б.Әбілқасымов  зерттеген құжаттар жоғарыдағы XVIII ғасырдағы қолжазба материалдардың заңды жалғасы, мазмұны жағынан да, түрі жағынан да соларға ұқсас құжаттар, тек айырмасы  олардың баспа бетінде жарық  көргендігі деп тұжырымдайды.

Ғалымның еңбегіндегі мәліметтерге қарағанда, ресми іс қағаздарының бірсыпыра үлгілері сол тұстағы қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз  «Түркістан уәлыятының газеті» мен «Дала уәлаяты газетінде», басқа да облыстық ведомостыларда жарияланған.

Заң-законға қатысы бар бұйрық, ереже, т.б. құжаттар үлгісіне зерттеушілер 1885 жылы Қарамола съезінде жасалған Заң ережесі мен «Дала уәлаяты газетінде» жарияланған құжаттарды жатқызады. 1886 жылы «Семипалат облысының беш диуанының барча халқының сайланмыш адамдарының 1885 йылында май айында чар бойында қарамола сиезінде  жасалмыш ережесідүр» деген атпен кітапша басылып шығады. Зерттеушілердің көрсетуінше, бұл ресми құжаттың ерекшелігі –  оның жазылуына Абай Құнанбаевтың қатысқандығы  және құжат алғаш орысша жазылып, кейіннен Қарамола съезінде оны Абай қазақшаға аударып, билерге түсіндіріп бергендігі [6, 102-103]. 

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби тілді зерттеген Б.Әбілқасымовтың есептеуінше,  «Ереже»  – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба әдеби тілдің, яғни оның ресми кеңсе стилінің үлгісі болып табылады. Бұл құжаттың аудармасының сапасы туралы айтқан зерттеушінің пікірі төмендегідей:  «... мақаланың орысшадан бірсыпыра жатық, түсінікті тілмен аударылғандығын, сөйлем жүйелерінің қазақ тілі синтаксисіне сай екендігін, лексикасына қазақ тілінің сөз байлығы кеңінен пайдаланғанын айтуымыз керек. Мақаланың грамматикалық құрылысы мен орфографиясы да барынша қазақ тілінің сол тұстағы жазба әдеби тілінің заңдылықтарына сәйкес екендігін көрсетуіміз абзал» [6, 103].

Қазақ тілінде іс жүргізу ұзақ даму тарихы бар күрделі үдеріс. Көне, орта және жаңа түркілік дәуірлерге қатысы бар жазба ескерткіштерде қатынас қағаздарының алғашқы белгілері көріне бастаған. Сондай-ақ ауыз әдебиеті үлгілерінен іс қағаздары стилінің қалыптаса бастағанын көруге болады. Демек, қазақ тіліндегі іс қағаздары жүйесінің қалыптасу және даму барысын саралап, қазіргі кезеңдегі жетілу үрдісін анықтау мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуді жүзеге асырудың бір шарты болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

   1. Дүйсембекова Л. Қазақ ресми-іс қағаздар тілі. Докторлық дисс.автореф. –Алматы, 2006. – 40 б.

2. Ибатов А. ХІV ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. – Алматы: Ғылым, 1990. – 151 б.  

3. Макешова Ж. Қазақ іс қағаздары тілінің мағыналық-құрылымдық сипаты. – Алматы, 2003. – 28 б.

   4. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі.                                          – Алматы, 1982.  – 224 б.

   5. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы, 1993.  – 319 б.

         6. Әбілқасымов Б. Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері. – Алматы, 1989.            – 256 б.