*119771*

Рахымберлина Сагила Абдигалиевна (канд.фил.наук, доцент),

Ибраимова Женызгуль Жалгасбаевна (канд.фил.наук, доцент)

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҰЖЫМДЫҚ БЕЙРЕСМИ ЕСІМДЕР

Мақалада қазақ тіліндегі бейресми есімдердің ұжымдық түрлерінің шығу тарихы, түрлері және қолданысы сөз болады. Ұжымдық есімдердің пайда болуына әсер еткен факторлар талданып, шежіре деректері мен тарихи мәліметтерден алынған нақты мысалдар негізінде жан-жақты баяндалады.

Ономастика ғылымындағы негізгі ұғымның бірі - ономастикалық кеңістік. Ғалымдар ономастикалық кеңістіктің өз бойында өткен дәуірлердің белгісін сақтай отырып, халықтың қазіргі  кезеңдегі ұғым-түсінігі арқылы көрінетін әлем бейнесі ретінде анықталатынына зор мән береді [1]. Ономастикалық кеңістіктің негізін құрайтын ядросы антропонимдер болып табылады. Кісі есімдерін атқаратын қызметі мен қолданылу ерекшеліктеріне қарай ресми және ресми емес (бейресми) топтарға бөліп қарастыруға болады. Ресми есімдерге құжаттарда жазылған, мемлекеттік тіркеуде заңмен бекітілген кісінің төл есімі, әкесінің аты, тегі жатса, бейресми есімдерге белгілі бір ортада ғана, көпшілік жағдайда уақытша қолданылатын, таралу ауқымы шектеулі лақап ат, бүркеншік есім және кісінің өз есімінен жасалған не туыстық қатынасты білдіретін құрметтеу, еркелету, жақсы көру мәніндегі қосалқы есімдері жатады.

Есімдердің бейресми түрлері - бүркеншік есім де, лақап есім де  қолданылу сипатына қарай индивидуалдық (жеке) және топтық болып  бөлінеді. Жеке қолданыстағы есімдер екі түрінде де өте жиі қолданылса, топтық түрі лақап есімдерде кездескенімен, бүркеншік есімдерде аз кездеседі.

Полионим (грек.poly-көп) деп аталатын бүркеншік есімдер бірнеше авторға ортақтықты білдіреді. Қазақ әдебиетінде Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің «Екеу»; С.Ерубаев пен Р.Жаманқұловтың «Екі оқушы» атты бүркеншік аттарды пайдаланғаны белгілі.

Ұжымдық лақап есімдер туралы айта келіп, П.Т.Поротников оларды рулық-отбасылық, ұжымдық-аймақтық және жеке-дара есімдер деп үш топқа бөліп, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтарын қарастырады. [2,150-154]. Мұндай құбылыстың қазақ тіліндегі көрінісі туралы Т.Жанұзақов: «Ертеде тек жекелеген адамның ғана емес, рулардың да, яғни, ұжымдық  лақап аттардың болғаны байқалады. Бұл құбылыс түркі халықтары арасында көбірек кездеседі.  Руға байланысты лақаптар қазақ арасында әлі де кездеседі: Сары Үйсін, Қара Қаңлы, Қызыл Қаңлы, Сарыбас т.б.» деп атап көрсетеді [3,77-82].

Шынында да, шежіре деректерінде ру атауларынан бастап, сол рудан шыққан атақты тұлғаларының аттары көпшілік жағдайда қосалқы есімдерімен не лақап аттарымен берілген. Адамдарды бірінен-бірін айырып, әрқайсысын айқындау мақсатымен кісі есімдерінің алдына анықтауыштың қойылуы ру атауларына қатысты да көрініс табатынын байқауға болады: «...наймандар біртін-біртін жергілікті халыққа сіңісіп, өзбек, қарақалпақ қауымдастығының бір тармағы болып кетті. Өзбектерде қазақ-найман, қарақалпақта бағаналы, терістаңбалы, қырғызда бүйе найман, күн найман, мырза найман, жуанбұт найман руларының кездесуі сол араласудың бір нышаны ...Қазақ құрамына енген қыпшақтар шежіре бойынша негізінен Қарақыпшақтың ірі-ірі бес атасынан Ұзын, Бұлтың, Көлденең, Қарабалық, Торы болып бөлінеді. Алайда, бір шежірелерде онымен қатар Мүйізді-Сарыабыздан Қытайқыпшақ, Құланқыпшақ, Сарықыпшақ та таралады [4,46]. 

Шыңғыс хан жөнінде шежірелерде: «... бергі тегі барша моңғолдың ханы болған бабасы Қабылдан бастап қиат аталады. Шыңғыстар дүниеге келгеннен бастап, оларға «боржыған қиат» деп ат тағылған. Рәши-әд-диннің айтуынша, мұндағы «боржиған» - көзі көк адамға айтылатын түрікше ұғым.  (Есүкей батырдың алты баласы негізінен көк көзді болғанға ұқсайды). Бұл деректі Қадырғали Қосымұлының «Шежірелерінен» де кездестіреміз. «Исуге –Баһадурдың ақсары оғландары ... кірпігі көкшіл секпіл еді, яғни сары бетті, қара көзді еді. Оны моғол буржиқин деп айтады. Және бұл мағынадан ол заманда Алан-Қуа жүкті болған кезінде айтты, «нұр секілді адам менің көзіме көрініп кетіп еді, сары жүзді, қара көзді» [5,42].

Арғын руына қатысты қазақ шежіресінде Ергүл бәйбішеден өсіп-өнді делінетін «Бес Мейрам» (Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек) Момын анадан өрбіген «Жеті Момын» (Қанжығалы, Тобықты, Әйти, Бәйімбет, Жанай, Қарауыл, Атығай)  деп айту дәстүрі бар.  Керей еліндегі «Он екі ата Абақ» деп жүрген бірлестік әу баста сол Абақ (Аппақ) бәйбішенің өзі тәрбиелеген он екі немересінен өрбіген делінеді [4,2]. 

         Тарихи мәліметтерден топтық тұлға есімдеріне  қатысты мынадай деректерді кездестіреміз: «Сан-Таштағы ұрыс (1537 жылы 27 шілде) Қазақ Ордасының әскери тарихындағы ең қаралы  оқиғалардың бірі. ...Қанды ұрыста қазақ халқының Керей хан мен Әз-Жәнібек хан әулетінен тараған барлық жауынгер басшылары – Тоғым хан бастаған отыз жеті сұлтан қаза табады. Бұлардың ішінде Тоғым ханның Тоғыз сары деген атқа жеткен ержүрек тоғыз ұлы түгелімен кетіпті» [6].  

Қаз дауысты Қазыбек Арғынның Қаракесек (Болатқожа) руынан. Сол Қаракесектің бір атасынан Бұлбұл, одан Шаншар туады. Шаншардың екінші әйелі Айбикеден Келдібек, Тыныбек, Жәнібек, Есіркеп (оларды ел «төрт бегі» деп те атаған) тарайды. Келдібектің әйелі Тоқмейіл ақсақ болып, одан туған Қазыбек, Сәдімбек, Асан, Балапан, Үсен, Бөдене деген алты ұлды ел «Ақсақтың алтауы» деп атап кетеді. Ал Есей би Алдамұратұлының (1693-1740) қырғыздан алған әйелінің әкесі сегіз ағайынды болса керек. Қырғыздар оларды «сегіз сері» ауылы деп атайды екен [7]. Әлібекұлы Төле би (1663-1756) – қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, Ұлы жүздің төбе биі. «Тоғыз ұлды Құдайберді» әулетінен. Ал Кіші жүздің биі Байбекұлы Әйтекенің (шын аты Айтық) арғы атасы Сейітқұлдың сегіз ұлы «Сегіз Сейітқұл» атанады. Бірі - Ақша, бірі – Жалаңтөс баһадүр [7].    

Қожағұлұлы Қабанбайдың (1703-1781) Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атайды. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» деп атайды [8]. Ал «Мәмбеттің бесқасқасы» атанған батырлардың Досай, Ақпан, Атан, Бура, Тайлақ  екенін екінің бірі біле бермейді.

Ұжымдық лақап аттардың отбасылық көрінісі  туралы ұйғыр лақап есімдерін зерттеуші А.Г.Бахамова мұндай есімдердің ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатқан көне есім түрі екенін айта келіп, «Қариғожа» (Қараторғай); «Ейиқ»(аю); «Тошқан»(қоян); «Ғораз» лақап есімді кісілердің әйелдерінің «Тауық», балаларының «Көжек», «Балапан» атануларына мысалдар келтіреді [9,58]. Тілімізде аз болса да кездесіп қалатын мұндай есімдерге Ерғали атты кісінің «Шпион» лақап есімінің балаларында «Шпиончик»; «Қасқыр» /Түгелбай/ есімді кісінің баласының «Бөлтірік»; «Чүкі»(ешкі) /Жеңіс/ баласының «Чүкінай» (лақ) лақап есіміне ие болуын келтіруге болады.

         Қорыта келе,  ұжымдық есімдердің адамдардың белгілі бір тобына ортақ қасиеттердің болуына қатысты берілетінін көруге болады. Қазақ тілінде бүркеншік есімдердің ұжымдық түрінің бірді-екілі көрінісі байқалса, лақап есімдерге қатысты мәліметтер жиі кездеседі. Аталған есімдер топтарының көпшілік жағдайда, туыстық қатынасты:  бір атадан, бір рудан тараған ортақтықты білдіретінін байқауға болады. Сол сияқты ортақ іспен айналысуға байланысты және мекен-жай ортақтығы мен түр-түс ортақтығына байланысты қойылатынын көреміз.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.              Суперанская А.В., Сталтмане В.Э., Подольская Н.В., Султанов А.Х. Теория и методика ономастических исследований. –М.: Наука, 1986. -256с.

2.              Поротников П.Т. Групповые и индивидуальные прозвища в говорах Талицкого района Свердловской области //Антропонимика. –М.: Наука, 1970. -360с.

3.              Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы /лингвистикалық және тарихи-этнографиялық талдау/. –Алматы: Ғылым, 1971. -216 б.

4.     Қазақ шежіресі. Дайындаған Ж.Бейсенбайұлы. – Алматы: Атамұра, 1994.  – 160 бет.

5.              Жалайыр Қ. Шежірелер жинағы.-Алматы: Қазақстан, 1997. -128 б.

6.     Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. -Алматы: Қазақстан, 1995. -208 бет.

7.     Нысанбек Төреқұлұлы. Қазақтың 100 би-шешені. Алматы, 1995. - 382б.

8.     Жолдасбекұлы М., Салғараұлы Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. –Астана: Kul Tegin, 2001. -357 бет.

9.              Бахамова А.Г. Уйгурские прозвища и их этнолингвистическая характеристика. Дисс.на соиск.уч.степ. к.ф.н. –Алматы, 2004. -162 с.