*120175*

Қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы

Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

Қазақ халқы рухани мәдениеттен кенде халық емес. Көшпелі қазақ жұртының да өткен тарихы бар, адамзат мәдениеті тарихына қосқан өзіндік үлесі бар, үлкен әдебиеті бар. Өмір де, өскелең өнер де бір қалыпта тұра бермейді.

Қазақ халқының біршама мол сақталған әдеби мұрасы – поэзиясы, әсіресе, жыраулар мен ақындар жыры, сан ғасыр бойы сыннан өтіп, халық көкірегінде жатталып, жыраудан жыршыға ұласып, біздің дәуірімізге жеткен сұңғыла сөз зергерлері – XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шәлгез, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар, Көпеш, Шал сияқты ақын, жыраулар, XV-XVIII ғасыр ақын, жырауларының өмірі мен шығармашылығы хақында бірқатар зерттеулер жарияланды. Атадан балаға, жыраудан жыршыға көшіп, ертелі-кеш қағаз бетіне түсіп, негізгілері ғана сақталған XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы – оны туғызған жыраулар мен ақындарды таланттарын әйгілеп, олар өмір сүрген алыс замандар жайлы сыр шертеді. Жырау – ақпа – төкпе, суырыпсалма өлең сөзді қару еткен өнер адамы, халықтың қамын ойлай білетін парасаты мол ел ағасы, қысылғанда жол табар ақылшысы, уақыт, оқиға сырын, замана бағыт-бағдарын ақыл таразысына салып сынай, салмақтай білетін, болжағаны болып, айтқаны келетін тапқыр да көреген дана абызы, қисық кеткенді қылышпен есемей, сөзбен сілейтіп, бұйрық берер әміршісі, бетің бар, жүзің бар демей тура айтар өткір де әділ биі, жөні келгенде жыр мен қаруды бірдей жұмсап жауға аттанар жауынгер қолбасы болған. Жырау ел тағдырын шешер ірі оқиғалар, аса мәнді көкейкесті мәселелер тұсында толғанған [1,5].Халық өзгелерден ғөрі қайғырғанда демеп, қуанғанда қанат бітіріп, ақыл қосатын асыл сөз иесі жырауларды қатты қадірлеген. Халқымыздың поэзиялық мұрасын анадан балаға ұластырып, айтып жеткізушілер – жыраулар мен ақындар, ол мұралар ішінде жыраулар мен ақындардың төл шығармалары да, оларға әріден жеткен бағзы жырлар да, сол дәуірде туған жастық туындылар да бар. Жыраулар желілі жырларды тудыруға атсалысып, өзі қадір тұтқан поэзиялық мұраларды жырлап, таратып отырған. Бұл дәстүр қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ноғай, т.б. халықтарда күні бүгінге дейін сақталып, дами түсуде. Олар заманының ойлы перзенті ретінде өмірдің сан алуан мәселелерін сарапқа салып, гуманистік тұрғыда философиялық – дидактикалық тұрғыда түйін – тұжырымдар жасап, жер-суды атамекенді қорғау, ел бірлігін сақтау мәселелерін жырлаған. Жыраулар мен ақындар мұрасы халық ауыз әдебиетімен тақырып, мазмұн жанрлық жағынан сабақтас, байланысты келеді. Ақын, нақыл сөздерді туғызуда ақын, жыраулардың халық ауыз әдебиетінен пайдаланғаны, ұстартқаны, жаңадан туғызғаны, сол сияқты ақын, жыраулар жасаған ақыл, нақылдың халықтық мұраға айналғаны да аз емес. Мұндай алмасу бағзы дәуірден күні бүгінге дейін желісі үзілмей келе жатқан халық әдебиетін де, ақын, жыраулар шығармашылығын байыта, құнарландыра түсетін аса қажетті процесс. «Мәдени» мұралардың жалғастығы – олардың ең маңызды қасиеті [2,125]. XV-XIX ғасырдағы жыраулар мен ақындар халық ауыз әдебиетінің көптеген жанрлық үлгілерін пайдаланып ұстартқан болса, сол дәуірдегі жыраулар мен ақындар мұрасынан олардың көркемдік тәсілдерінен кейінгі дәуір ақындарының талайы үлгі алғандығы аңғарылады. XV-XVIII ғасырдағы жыраулар мен ақындар қолданылған сөз тіркестері мен жыр жолдарының, бірқатар көркемдік әдістер мен кейбір ойлардың кейінгі ақындарда сол күйінде, не өзгерген, ұстарған жағдайда кездесуі олардың арасындағы дәстүрлі байланысты танытады.

Жыраулар мұрасында әр дәуірдегі талай тайпалар басынан өткен тарихи іздер сайрап жатыр. Әр дәуірдің ірі, іргелі оқиғалары, көрнекті адамдары тарихи тұрғыда нақты, дәлдікпен көрінбесе де жыраулар мен ақындардың өз басы жағдайлары, жыр жолдарында кездесетін адамдармен қарым-қатынасы, олардың сыртқы һәм ішкі бейнесі, сол замандағы бірқатар оқиғалар анық байқалады. Мысалы, Асан жырламаса – Жәнібек, Шәлгез жырламаса – Темір, Әзике, Мансұр, Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара жырламаса – Абылай, Байтоқ, Жанұзақ, Махамбет жырламаса – Жәңгір хан поэзия жолдарында қалмас еді.

Әдебиеттегі дәстүр жайындағы сөз бүкіл көркем әдебиеттің тарихы туралы сөз. Дәстүрге соқпай жаңашылдық жайында әңгіме қозғау қиын. Дәстүр дегенде өнердің бастау бұлағының кейінгі толқынға шығармашылық жүйелі әсерін, қалыптасқан жалғасын, үндестігін, өрісін, өміршеңдігін айтамыз. Бірақ бұл жалаң елеңдеу, өзінен бұрынғылардың айтып кеткенін қайталап, сол ізбен жүру емес, жаңа жол салу, барды дамыту, жоқты табу.

«Дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблема кең мағынасында – философиялық проблема. Себебі, бұл дүние жүзіндегі барлық даму атаулының тетігі. Мұнсыз өсу, өрбу, өзгеру жоқ. Онсыз өмір жоқ. Неге десеңіз, ештеңеден ештеңе шықпайтыны яғни «нөлден» ештеңе өнбейтіні, екінші сөзбен айтқанда, жоқтан бар болмайтыны белгілі. Оның үстіне дүниеде не бар, соның бәрі дамып, өзгеріп отырады, жаңғырып, жаңарып отырады. Мұның да өзінің тиісті заңдылығы бар. Ол бұрынғы мен бүгінгінің, көне мен жаңаның аралығындағы табиғи жалғастық құбылыстарының заңдылығы, философия тілімен айтсақ, дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблеманың қарастыратын заңдылығы. Халықтың ежелден өмір жолында, тырбанған тіршілгінде, шытырман тағдыр талқысында тірнектеп жиған рухани қазынасы – арман-мұраты, салт-саласы, сенім-сезігі, түсінік-түйсігі қазақтың бай фольклоры мен поэзиясының терең мазмұнын қалады»[3,4]. Сол ғасырлар бойы қалыптасқан әдеби қазына жайын арнайы сөз еткен М.Әуезов: «Қазақтың әдеби тілін Абайдан басталады дейтін тілшілерге дау айтамыз, Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан  кем жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы, шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Бұхар, Махамбеттерде қазақ әдеби тілінің үлгі-өрнектері жоқ деуге бола ма» - дейді[4,60]. Дәстүр мен жаңашылдық – даму заңдылығы. Сонау Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі дастандардан бастап, хандық дәуірдегі Бұқар жырау, Асан қайғы, Ақтамберді, Доспамбеттермен ұласып, олардан кейінгі жазба ағартушылық әдебиетінің негізін қалаушылар Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтардан да әрі асып, олардан  кейінгі талай ақындарға, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан жол бары анық. Алмас қылыш шарқайраққа қайралмай өтпейтіні тәрізді, ұлы ақындар туындыларынан нәр алмаған қалам иесінің де шығармасы да өткір болмасы хақ. Оқу, үйрену, жалғау-жыраулық, ақындық дәстүр. Кейінгі буын алдыңғы буынды жалғастырмаса, жалғастыра отырып өзінше талғап, өзінше ізденіп, жаңалыққа ұмтылмаса, бастау-бұлағы, көзі бітелген өзендей үзіліп қалмай ма?! Ақынды алға жетелеп, мақсатқа жеткізер дәстүр жалғастығы.

                Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Сыдиықов Қ. Көркемдік өрнектер Алматы: «Рауан» 1992 ж.76 б
  2. Лихачев С.Д. Поэтика древнерусской литературы.
  3. Қаратаев М.Дәстүр және жаңашылдық,І кітап,Алматы.1980.366 б. Ғылым.
  4. Әуезов М.Қазақтың әдеби тілі туралы.\\Әдебиет және искусство.1951,№4.60-61 б