*119827*

Рапишева Жанат Дабыловна (канд.фил.наук, доцент),

Сидикова Замира Бегалиевна

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ӘДЕБИЕТТАНУ ТЕРМИНДЕРІНІҢ

ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

 

Мақалада қазақ тіліндегі әдебиеттану терминдерінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары қарастырылған. Қазіргі қазақ әдебиеттану терминдерінің құрамында кездесетін А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер талданады. Кірме терминдердің қабылдаушы тілдің заңдылықтарына бағынып, түрлі семантикалық өзгерістерге ұшырайтыны, құрылымы тарылып, немесе кеңейіп, фонетикалық жағынан да өзгеретіні нақты мысалдар негізінде дәлелденген.

 

Термин деген сөз әдебиеттану ғылымында кең мағынасында қолданылады. Терминдер белгілі бір ғылыми пәннің аясында қалыптасып, нақтылы мағына алған, сол пәннің өзіне тән ұғымдарды білдіретін сөздер (Ахмет Байтұрсынұлы оларды «пән сөздері» деп атаған). Сонымен қатар күрделі ғылыми ұғымдар мен жекелеген атау сөздер де терминдер қатарына жатқызылады.

Қазақ тіліндегі алғашқы газеттерде мәдениет, оқу, білім, әдебиет, тарих пен этнография, археология және тағы да басқа мәселелерге қатысты материалдар, ауыз әдебиеті үлгілері де жарияланып тұрды [1, 23].

Бұл кезеңде ұлттық ғылыми терминология қалыптаса қоймады. Тек алғы шарттар жасалып, терминология емес,  жекелеген терминдер туындай бастады. Әдебиеттану терминдерінің алғашқы қолданысын да осы кезеңдегі баспасөз беттерінен кездестіре бастаймыз.

ХХ ғасырдың басындағы мерзімді баспасөз, оның ішінде «Айқап» журналы  мен «Қазақ» газеті» қазақ әдеби тілі нормалары мен терминдерді қалыптастыруда, публицистика стилін одан әрі дамытуда үлкен рөл атқарды [2, 33].

Алғашқы мерзімді баспасөз тілін зерттеген еңбектер сол кездегі атаулардың, терминдердің пайда болуы, кейінгі даму жолдарын көрсетеді. Жаңа сөздер, ең алдымен, газет бетінде жарық көріп, сол арқылы мағынасы айқындалып, халық тіліне сіңеді. Термин жасау мен олардың қалыптасуында бұл басылымдардың  рөлі жоғары екендігін тілші ғалымдарымыз айтып жүр.

ХХ ғасырдың 10-жылдарынан бастап, ғылымның түрлі салалары бойынша қазақ тіліндегі жекелеген зерттеу еңбектері, түрлі оқулықтар мен оқу құралдары жазылып, қазақ баспасөзінің ел арасына ғылым-білімді кеңінен насихаттауы – қазақтың ғылым тілінің, ұлттық терминологиялық қорының қалыптасуына негіз қалады. ХХ ғасырдың 20-жылдары термин, терминология мәселелерімен айналысқан ұлт зиялыларының термин шығармашылығы мен олардың жазған еңбектері, мақалалары негізінде олардың көздеген мақсатын анықтауға болады. Зерттеушілер бұл тұрғыдан келгенде осы кезеңді зерттеу барысында өткен ғасыр басында ғылым-білім саласында еңбек еткен алаш оқығандары терминологиялық қорды қазақ тілі негізінде жасап, ұлттық ғылым тілін қалыптастыруды мақсат еткенін, олар қазақ балалары ана тілінде білім алып, ғылымды өз тілінде игеруі қажет деп санап, оған өте үлкен мән бергенін айтады. 

Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттануы саласының ғылыми терминологиясын жасаушы. Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – «Әдебиет танытқыш». Бұл еңбекте қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары қалыптастырылған.

1989 жылы ғылыми айналысқа қайта оралған «Әдебиет танытқыш» ұлттық әдебиеттану ғылымында өзінің лайықты бағасын алып үлгерді. Еңбектің теориялық салмағын саралай келе, академик З.Қабдолов «Әдебиет танытқыштың» ең бір құнды жері деп жекелеген әдеби-теориялық категориялардың этимологиясын, олардың мән-мағыналық жүгін төл әдебиетіміздің өз ішінен тапқандығын дөп баса айтады. Мәселен, «..әдебиеттің Аристотель белгілеген негізгі үш тегін, яки жанрын (эпос, лирика, драма) грек тілінен түп-түгел қазақ тіліне ауыстырып алады да (А.Байтұрсынов «Дарынды сөз» тарауында: эпосты – әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп атайды), әр жанрдың түрлерін өзіміздің төл әдебиетімізден іздейді. Мысалы, лириканың алғашқы үлгілерін қазақтың сонау тұрмыс-салт жырларынан іздеп табады. Сонда, ең жеңілі жоқтау – эпитафияға, мақтау – одаға, даттау – сатираға балама болып шыға келеді. Дәл осы ретпен әдебиеттің үшінші тегін Аристотельше «драма» деп емес, Ақаңша «айтыс-тартыс» деп алады да, осы жанрдың түрлерін, айталық, трагедияны – мерт, яки әлекті тартыс, драманы – сергелдең, яки азапты тартыс, комедияны – арамтер, яки әурешілік деп атайды» [3, 25-26]. Академик З.Ахметов болса, «Әдебиет танытқышта» қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындайтын өлең сөздің бунақ, тармақ, шумақ сынды категорияларының алғаш қалыптасқандығын атап айтады [4, 110].

А.Байтұрсынұлының қаламынан туындаған әдебиеттану терминдері сөзжасамның түрлі тәсілдерін пайдалану арқылы жасалған.

Терминдердің терминдену тәсілімен  туындауына терминденуші ұғым мен терминденуші сөз атау болған тілде бұрыннан бар ұғымның қандай да бір ұқсастығы негіз болды. Мысалы, жалпы қолданыста шумақ деп «бір нәрсенің жиынтығын, тізбегін, будағын» айтса, әдебиеттануда шумақ деп   төрт тармақты өлең өлшемін айтады. Осы мысалдардан-ақ сөздің бастапқы мағынасын метафоралау арқылы да А.Байтұрсынұлының ғылыми терминдерді (пән сөздерін) өте сәтті жасай білгені көрінеді.

Қазақ әдебиеттануы ғылымындағы шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас сияқты толып жатқан сөздердің терминдік сапаға көшуін біз осы мәністік (семантикалық) тәсілге жатқызамыз.

Академик Р.Нұрғалидің пайымдауынша, «Әдебиет танытқыштағы» өнерді сәулет, сымбат, кескін, әуез, сөз өнері деп бөлуі мен оларға берілген анықтамалар Байтұрсынұлының Лессингтің әйгілі «Лаокоон» трактатымен терең таныс болғанын білдіреді. Әңгіме әдеби жанрлардың баяны жайлы болғанда, ішкі ғалам (субъективный мир) және тиіс ғалам (объективный мир) ұғымдарының қолданылуы ғалымның Аристотель, Гегель, Белинский мен Веселовский пайымдарымен де таныстығынан хабар береді [5, 51].

Еңбектің құндылығына жан-жақты тоқтала келе, әдебиет сыншысы Т.Кәкішев: «Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейін де қайталанған жоқ. Ол – әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының міндет-парызын қатар атқарып, біздің алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелі оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердің өзі күні бүгінге шейін біздің ғылыми арсеналымыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар. Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған өміршең қондырғы-фундамент» деп жазады [6, 210-211].

А.Байтұрсынұлының қазақ терминологиясын қалыптастыру­дағы рөлін ахметтануға ерекше ат салысып жүрген ғалым-терминолог Ө.Айтбаев өзінің мақалалары мен «Қазақ сөзі» деген еңбегінде жан-жақты көрсетеді: «А.Байтұрсынов жасаған тіл білімі терминологиялық лексикасы мен әдебиеттану ғылымы­ның терминдері күні бүгінге дейін рухани мұхтаждығымызды өтеп отыр. Бүгінгі үздіксіз өрістеп отырған терминологиялық процесте бұл әлі күнге теңдесі жоқ үлгі болып есеп­теледі». «Біздің ендігі мақсатымыз – дейді ғалым – А.Байтұрсыновтың көрсетіп кеткен үлгісін жаңа заман тала­бын ескере отырып, саналы түрде тиімді пайдалану» [7, 40].

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеттануында қазір қол­данылып жүрген  ғылыми  термин­де­рінің қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосты. Оның термин жасауда ұстанған принциптерінің дұрыстығына ол жасаған  терминдердің әлі күнге дейін тілімізде қолданыс тауып жүргендігі дәлел. А.Байтұрсынұлының жасаған қазақ әдебиеттануы терминдерін арнайы қарастырған Ж.Қ.Смағұлов пен Ш.Ш.Жалмахановтың тұжы­рым­дауынша, ғалым «Әдебиет танытқыштағы» (1926, 1989, 1991, 2003 жж.) әдебиеттану терминдерінің біразы қазіргі әдебиеттану ғылымында сол күйінде жұмсалып жүр  екен [8, 3].

Ғылымның дамуына орай   терминологияның да дамып отыруы табиғи құбылыс. Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған терминдер жүйесі де қазақ әдебиеттану ғылымы дамыған сайын жаңа элементтермен толыға түсуде. Ғалымның осындай тұтас терминдер жүйесін қалыптастыруы – оның қазақ әдебиеттануы  терминологиясын жасаушы, негіздеуші екендігін көрсетеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. – Алматы: Ғылым, 1971. – 220 б.

2.     Сыздықова Р. Тіл тағылымы. – Алматы, 1990.

3.     Қабдолов З. Көзқарас. – Алматы: Рауан, 1996. – 256 б.

4.     Ахметов З. Бүкіл қазақ «Ахаң» деген // Ұлттың ұлы ұстазы. – Алматы: ОҒК, 2001. – Б. 106-112.    

5.     Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. – Астана: Күлтегін, 2002. – 528 б.

6.     Кәкішев Т. Санадағы жаралар. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 264 б.

7.     Айтбаев Ө. Қазақ сөзі (Қазақ терминологиясының негіздері). – Алматы: Рауан, 1997. – 240 б.

8. Жалмаханов Ш.Ш., Смағұлов Ж.Қ. Байтұрсынұлы – қазақ әдебиеттану  терминдерiнiң негiзiн салушы. – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 1997.