Мамандыққа байланысты терминдерді меңгертудің тиімді жолдары
Серғазина Қ.Ж.
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ
агротехникалық
университетінің аға оқытушы
Бүгінгі күні қазақ тілін кәсіби өз мамандықтары бойынша терминдерді меңгерту талап етілуде.
Ал терминдерді оқытудағы басты мақсат – болашақ
маманға мамандығына қатысты сөздерді үйретумен
қатар сөздік қорын байыту, яғни үйренген
терминдерді күнделікті өмірде,
келешекте қызмет барысында қолдануға
машықтандыру. Сондай-ақ
өзі таңдаған мамандығы бойынша меңгерген
терминдерді қазақ тілінде өзге адамға жеткізе білу
дағдысын қалыптастыру.
Терминдермен жұмыс жасауда термин сөздердің аударылу
және жасалу ерекшеліктеріне көңіл бөлу қажет.
Жаңа сөздерді өткен
грамматикамен байланыстырып түрлендіру, олармен сөз тіркестерін
жасау, сөйлемдер құрастыру сияқты жұмыс
түрлері жаңадан үйренген атауларды есте сақтауға
көп көмегін тигізеді. Тіл үйренушілерге терминдерін
меңгерту үшін ең алдымен сөздік жұмысын дұрыс ұйымдастыра білу керек.
Сөздіктермен жұмыс негізінен, белгілі бір мамандыққа
байланысты аударма және түсіндірме сөздіктер
көмегімен іске асатыны белгілі. Сондықтан әрбір
сабақта сөздік
жұмысын дұрыс пайдалануға тырысамыз. Таныс емес
сөздердің мағынасын
жан-жақты ашып, әр сөзге нақтылы талдау жасатып,
ол сөздің стилдік
мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырамыз.
Белгілі бір терминді
сөздік арқылы меңгерту үшін ең алдымен, тіл
үйренушінің өзіне берілген сөзді сөздіктен
іздетіп, таптыру қажет;
екіншіден,
оны тақтаға жаздыртып, дұрыс айтуға машықтандыру
қажет; үшіншіден, жаңа терминнің ұғымын
кең ашу үшін оларды қатыстыра отырып, сөз тіркесін
жасату, сөйлем
құрату, ол сөздердің контекстегі мағынасын ашу
қажет; төртіншіден,
жаңа сөздерді тірек сөз ретінде пайдаланып, мәтін, диалог,
әңгіме,
құрастыру қажет.
Тіл
үйретуде сөздік жұмысын
орнықты жүргізу тіл үйренушінің тілін ұстартып, ойлау, сөйлеу дәрежесін жетілдіре түседі.
Сөз мағынасын ашуда
төмендегідей әдіс-тәсілдер қолданамыз:
- терминдердің қазақша
баламасын ең адымен өздеріне аударту, кейін сөздіктегі
нұсқасымен салыстыру;
-
салыстыру арқылы ұқсас белгілерді тапқызу;
- сөзді контекске
енгізу;
- синоним сөздермен
ауыстыру;
- антонимдер
тапқызу;
- сөзге
құрлымдық талдау жасату;
- түсіндірме немесе
терминологиялық сөздіктерден қаратып, мағынасын ашу.
Осындай әдіс-тәсілдерді дұрыс қолданатын
болсақ, мамандыққа
қатысты терминдерді тиімді меңгерте аламыз. Әр терминді өз орнына дұрыс қолдана алатын, өз ойын дұрыс жеткізе алатын білімді маман даярлау үшін тіл дамыту
жұмыстары жүргіземіз. Тіл дамыту жұмыстарының
барлық түрі лексикалық материал негізінде тіл
үйренушілерге мәтіннің мазмұнын игеру барысында
жүзеге асады. Мәтін-негізгі құрал. Мәтінді толық және дәл
ұғыну оның ішіндегі
сөздердің мән-мағынасын түсініп, білуге
байланысты.
Мәтінмен жұмыс
түрлерін терминдерді меңгерту жолдарымен үйлестіре беру
үшін:
- лексикалық тақырыпқа құрылған
қазақша мәтіннен алынған жеке термин
сөздердің мағынасын ашу;
- мерзімді басылым беттерінен алынған материалдың орысша
мәтінін аударту, термин баламасына мән беруін
қадағалау;
- өзара мағыналас бірнеше тірек сөз-терминдерді
ұсынып, шағын мәтін құрастыру;
- мәтін ішіндегі түсінуге қиын сөздерден
сөздік жұмысын жүргізу;
- мәтін ішіндегі термин сөздер алып тастап, мазмұнына
сәйкес толықтыру талап етіледі.
Тіл үйренушілердің тілді білу деңгейіне қарай
қазақ тілін оқыту екі топқа (бастауыш және
жалғастырушы) бөлінеді. Бастауыш топта кәсіби
сөздермен, сөз тіркестерімен, оңтайландырылып алынған
мамандыққа қатысты мәтіндермен жұмыс
жүргізілсе, ал жалғастырушы топта орыс мектебін бітіргендері болмаса,
өз ана тілін біршама меңгерген, сөйлеу тілі
қалыптасқан қазақ балалары оқиды. Сондықтан
оларға көбінесе мамандықтарына байланысты тақырыптармен
сабақтастыра, күрделенген кәсіби мәтіндермен
жұмыс жүргізіледі. Кәсіби мәтіндер студенттерді
мамандық тілін меңгертуде ерекше қызмет атқарады.
Сабақ барысында кәсіби мәтінмен жұмыс істеу тіл
үйренушінің кәсіби сөйлеу дағдысын
қалыптастыруға, тілге деген қызығушылығының
артуына, кәсіби лексиканы меңгеруіне игі әсерін тигізеді.
Кәсіби мәтіндер негізінде студенттің мамандығы туралы
білімін жетілдіреді, өзінің келешекте атқаратын
жұмыстары туралы пайдалы, өте қажетті ақпараттар алады,
кәсіби танымдары кеңейеді, сонымен қатар кәсібіне сай
сабақта алған білімдерін болашақ қызметінде пайдалана
алады.
Кәсіби мәтіндер – мамандыққа
қатысты лексикалық минимумдарды қамтитын, белгілі бір
мамандықты игеру үшін қажет кәсіби білім беретін
күрделі қатысымдық бірлік. Әр сала бойынша білім алатын
студенттер өздерінің таңдаған мамандықтарына
қатысты мәтіндермен жұмыс істеу кезеңінде терминдерді
өте жақсы қабылдайды және олармен қызыға
жұмыс істейді. Осыған орай қазақ тілі сабағында
көбінесе мамандығына қатысты кәсіби мәтіндермен
жұмыс жүргізіледі. Кәсіби мәтінмен жұмыс
жүргізудің мақсаты – студенттің мәтінді практика
жүзінде игеруін жүзеге асырып, байланыстырып сөйлеу
дағдысын қалыптастыруға икемдеу. Кәсіби
мәтіндер–мазмұндық, тақырыптық
тартымдылығымен ерекшеленіп, пәрменді лексика нормасына құрылған,
мамандыққа қажетті ақпаратқа толы, кәсіби
терминдері мол, студенттердің білім деңгейіне сай болуы шарт.
Қазақ тілі сабағын студенттің мамандықтарына
қатыстыра, тығыз байланыстыра оқыту студенттердің
өз мамандығы жайлы мағлұматын кеңейтіп,
кәсіптік ынтасын арттырады, әрі пәнге
қызығушылығын күшейтеді.
Сондықтан да осы
бағытта әр
мамандыққа байланысты оқу құралдарын дайындап, оны сабақ
үдерісінде пайдалану көзделеді.
Бұл күрделі жұмыс ғылыми ұғымдарсыз,
сол ғылыми ұғымдарды білдіретін арнайы
терминдерсіз
меңгерілмейтіндігі белгілі.
Осындай қиын да міндетті,
әрі жауапкершілікті
оқытушылар атқарады.
Қазақ тілін
мамандықтарына орай
оқыту – ғылым тілімен,
оның терминдерімен
тығыз байланысты.
Сондықтан да тіл үйренушілердің мамандықтарына қатысты арнаулы мәтіндер арқылы кәсіби лексиканы өз саласының
терминдері мен мамандар тілінде жиі қолданылатын оралымдарды білу керектігі көзделеді.
Мәтінмен жұмыс жасау барысында лексика-грамматикалық
тапсырмалар жүйелі болу керек.
Мамандықтарына байланысты
мәтіндерді іріктеп алған
соң, сол мәтінді меңгертуде тек жалаң сөздер тізбегін беріп, оларды көшірумен я болмаса жаттаумен
шектелуге болмайды. Сондықтан қай мамандықтың болмасын
мамандығына байланысты
терминді түсіндіруде сол
саланың маманымен ақылдаса
отырып, ой бөлісіп, оның
глоссариін жасау қажет.
Өйткені белгілі бір
ғылымды зерттеуші сол ғылымдағы ғылыми ұғымдарды
ғылыми терминдер арқылы жүйелеп, түсіндіріп
береді. Оның қыр-сырын айқындайды. Терминдерді
қазақша түсіндіруде
оның этимологиясына
үңіліп, граматикалық құрылысына
тоқталады. Себебі қазақ
тілінде кейбір сөздер бірнеше мағына беруі мүмкін. Мұндай жағдайлар
мәтінмен жұмыс істеу барысында көптеп кездеседі.
Қандай мәтін болса да,
алдымен оның мазмұнын
түсіну қажет.
Сөздің нақтылы мағынасын сөйлем контекстінде ғана байқауға болады. Себебі жеке тұрғанда бір
мағына беретін сөз, сөйлем ішінде кейде басқа мағына береді. Қазақ тілінде
мұндай жағдайлар жиі
кездеседі. Бұл ана тіліміздің синтаксистік құрылысындағы ерекшелікке
байланысты.
Мысалға экономика саласы
бойынша жазылған З.Күзекованың «Қазақ тілі» атты
оқулығындағы мәтіндерді, терминдерді
түсіндіру кезінде біздер ең алдымен ана тіліміздің өз мүмкіндігін, төл
байлығын, жалпы халықтық
сөздерді, кәсіби сөздерді, әдеби тілді пайдаланамыз. Мәселен, «Баға
деген не?» мәтінін өткен кезде тақырыптың жүйелілік, логикалық байланыс
жағы да ескереміз, сондай-ақ студенттердің есінде жатталып, сақталып қалу
үшін лексикалық
қайталаулар жүргіземіз. Яғни экономикалық терминдердің лексикалық
мағынасын қазақша
түсіндіру жағы
қарастырамыз. Ол
үшін тақырыптың мазмұнына сәйкес тиісінше
сұрақтар, сұхбаттар, тапсырмалар береміз.
Жаңа
сөздерді меңгертуде -
сөздер жалаң
күйде ғана жазылмай,
өзі тіркесетін, меңгеретін, анықтайтын сөздермен қоса берілуін көздейміз. Сонымен, «Баға деген не?» атты сабақты өткен кезде мен
алдымен:
1. «Ой қозғау» стратегиясын
қолданып, студенттерді
ойлануға шақырамын. Бағаны қалай реттеуге болады?
2. Баға сөзіне
анықтама беремін.
Баға - тауарды шығаруға немесе сатып
алуға жұмсалатын қаражат, құн.
Ал сөйлеу тілі әлі қалыптаспаған, бастауыш
топтың студентіне баға сөзі 1) стоимость,
цена; 2) отметка, оценка; 3) цена; достоинство; авторитет; болып аударылатынын
түсіндіремін.
3. Содан кейін осы
баға
сөзіне жұрнақ
жалғау арқылы жаңа сөз тудыруға болатындығы
түсіндіремін:
бағалану – быть оцененным
бағалату понуд. от
бағалау – 1. определять стоимость; назначать цену; оценивать что-л. 2) шк. ставить
отметку (оценку) 3) перен. ценить кого-что-л. по достоинству; оценивать что-л.; давать оценку чему-л.
бағалаушы – оценивающий; умеющий
ценить
бағалаушылық –умение ценить
бағалы – 1) ценный, дорогой 2) перен. ценный
бағалылық – ценность; значимость чего-л
бағасыз – бесценный, дорогой
4. Екі бағанды сәйкестендіріңіз деген
тапсырманы орындату арқылы
жаңа сөздердің мағынасын ашамыз.
1.бағалы 2.бағалы 3.баға 4.бағаңды білмейсің 5.бағала |
а) заттың құны, парқы б) қадір-қасиет в) табыскер болушылық с) бағасы жоғары, қымбат д) баға қою, қадірлеу, құрметтеу |
5. Баға сөзін етістікке тіркейміз. (белгілеу, кеміту, көтерілу, жіберу)
6. Берілген сөйлемдерден «баға»
сөзінің
мағынасын ашамыз.
1.
Мұндай заттың бағасы
кем дегенде 150-200 теңге
2.
Арманның көңілді болатын да реті бар, ол бүгін қазақ тілінен «бес» деген баға алды.
3. Бағаңды білмейді
екенсің ғой. Кейбіреулер сен дегенде ішкен асын жерге қояды
деп естідім.
4.
Ол өзінің еңбегімен халыққа баға жетпес қызмет көрсетті.
5.
Қадірің кеткен соң, бағаң
да кетеді.
6.
Ар-намыс, адамдығыңды сатпа, бағаңды
кетірме.
7.
Ел ішінде оның бағасы
көтерілді.
7. Баға туралы
ақпаратқа көңіл бөлгіземін.
Баға деген не?
Баға - өнімнің өзіндік құны. Баға
үнемі мемлекет тарапынан бақылауда болуы керек. Бағаның
өсуі, төмендеуі қозғалмалы болады. Өйткені ол экономиканың
дамуымен тікелей байланысты. Екінші жағынан бағаны белгілеу -
тауардың сапасына байланысты. Нарықтық заманда әлді
фирмалар өз тауарына жоғары баға қояды. Өйткені
олар бәсекелесуге сенімді. Кеткен шығын, тауар сапасының
жоғарылығына сай еркін бағаны белгілейді. Бағаның
белгіленуі әр мемлекетте әр түрлі. Бұл –
мемлекеттің экономикасы, тауар айналысы, кіріс, шығыс сұраныс
заңдарына тәуелді.
8. Кестені
пайдаланып, әңгіме құрастырыңыз.
Мынау
қанша тұрады?
Қолшатыр ? |
Мұздатқыш ? |
Алма ? |
Жиhаз ? |
Кітап ? |
Ұялы телефон ? |
9. З.Күзекова Қазақ тілі
оқулығындағы «Баға
деген не?» /40-41беттер/ мәтінін оқып, мәтін бойынша
сұрақ құрастырамыз.
Міне, осындай тапсырмаларды орындау барысында тіл үйренуші терминдік
қорды игере отырып, меңгерген терминдердің мағынасын, аудармасын, қолданыс аясын айыра
білуге дағдыланады.
Терминдер негізінде тіл дамыту мәтіндерімен жұмыс істеуге арналған тапсырмаларда аударма сөздік, синонимдер сөздігі, түсіндірме
сөздіктер қолданылып, әрбір терминнің мағыналарына түсініктеме міндетті түрде беріліп отырады. Тақырыпты қорытындылау кезінде
тіл үйренуші мәтіннің
мазмұнын қалай
түсінгенін, материалды
қаншалықты меңгергенін тест тапсырмалары арқылы да тексеруге болады.
Сондай-ақ оқу құралын мамандыққа негіздеп құрастырғанда
да болашақ маман иелерінің сөздік қорын
мамандыққа байланысты кәсіби лексикамен молайтып,
кәсіби тілдік қатынасты жүзеге асыру мақсат
етіледі. Ондағы
мәтіндердің көркемдік-танымдық
құндылықтарын, ғылыми
маңыздылығын тіл
үйренушінің сөйлеу әрекеттерін жетілдіру негізінде
меңгерткен абзал.
Жоғары оқу орнында оқитын студенттердің
қазақ тілінде мамандығына қатысты ақпараттарды
баяндауын жетілдіру, кәсіптік
қарым-қатынас тілін дамыту үшін қазақ тілін
кәсіби бағытта оқытудың әдістемесін
жетілдіріп, тіл үйретудің
тәсілдерін бірлікте, тығыз байланыста ұштастыра жүргізу қажет.
Пайданылынған әдебиеттер:
1.
Әлісжанов С. Қазақ терминологиясы: теория және
тәжірибе - Астана, 2005-112 б.
2.
Ақаев С.Т. Терминнің тілдік және танымдық сипаты.
ДД. Алматы, 2002.
3.
К.Жақсылықова Мәтінмен жұмысты ұйымдастыру.
Қазақ тілі мен әдебиеті. №5-1999.
4.
Қайдар Ә. Ғылым тілі және әдеби тіл статусы
// Терминдер мен олардың аудармалары. -Алматы, 1990.- 216 б.
5.
Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша
көзқарас -Алматы, 1993-43б.
6.
З.Күзекова» Қазақ тілі» оқулығындағы «Баға деген не?»/40-41беттер/
Мақалада
орыс тілді дәрісханаларда қазақ тілін мамандыққа
байланысты терминдер негізінде меңгерту мәселесі қарастырылады.
В статье рассматриваются вопросы обучения студентов
профессиональной терминологии на уроках
казахского языка
в русскоязычной аудитории
The problems of
teaching of professional terminology at Kazakh lessons is examined in this
article.