Бірманова Қымбат Исланбекқызы

Рудный қаласының №7 орта мектептің директоры

Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Рудный қ.

 

ШОҚАН ЖӘНЕ ӨНЕР

 

Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың кіндік қаны  тамған жер Қостанай өңіріндегі  Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Шоқан туған жылы Аманқарағай дуанының (округінің) осында ауысуына орай, жаңа дуан да Құсмұрын болып аталып кеткен. Шоқанның әкесі майор дәрежесіндегі Құсмұрын дуанының аға сұлтаны болған, сол кездері «Қара шаңырақ» иесі саналған. Мұхамедқанафия, яки Шоқан аға сұлтан үшін салынған ағаш үйде 1835 жылы қараша айында өмірге келген. Шоқанның анасы Зейнеп- қазақша хат таныған, өз заманының көзіқарақты қыз-келіншектерінің бірі. Оның әкесі яғни Шоқанның нағашысы- шешендік өнерімен елге мәлім болған, кейіннен Сібір қазақтары арасында алғаш рет аға сұлтандық әкімдікке қолы жеткен, атақты Шорман би.

Ғалымның туған жерінің Құсмұрын аталуы: «Бекіністің сырт желкесіндегі қырқаның тұмсығы сағымды күндері алыстан қараған адамға… қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығына ұқсауына қарай берілген делінген.» Шоқанның бала кезден бірге өскен ең жақын достарының бірі, түркі-монғол халықтары мәдениетін зерттеуші көрнекті орыс ғалымы – Г.Н.Потаниннің Ресей оқырмандарының қазақ жерінен мүлдем хабарсыз екенін айта келе: «Қырғыз даласы! … Буырқанған бұрқанған өзендері мен сансыз тұщы көлі бар, асқақ тауларының төскейінде қайысқан қайыңды тоғайы мен шүйгінді көкорай шалғыны бар елді мекен, қорытып айтқанда, көз жауын алар құт-берекелі жерлерге бай өлке» ,-деп орынды бағасы еріксіз еске оралады.

Шоқанның нәмі атасы Уәли- Орта жүз ханы Абылайдың тұңғыш баласы. Шоқанның энциклопедиялық сөздікке жарияланған «Абылай» атты мақаласында Абылай есімінің қазақ өнеріне қатыстылығы айтылады.Уәлиханның екі қыстауы болған: біріншісі – Хан көлі, Көкшетаудың шығысындағы елді мекендер. Екіншісі - Уәлидің кіші әйелі Айғанымнан тараған ұрпақтың еншісіне тиген Сырымбет төңірегі. Айғаным-алты ұл, Рақия, Нұрила атты екі қыз көтерген. Шоқанның әжесі Айғаным -  үш жүзге  бірдей аты тараған, көркіне ойы сай, білімді, парасатты әйел болған. Әрі жасөспірім Шоқанның өз құралпыластарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі - Айғаным.

         Ә.Марғұланның Айғаным Шоқан үшін: «….халық даналығының сарқылмас бұлағы болған»,-деуі сондықтан. Яки, болашақ ғалымның сан салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген Жан-жақты тәлім-тәрбие мен туып өскен ортасының да игі әсері тиген. Шоқан замандастары арасында Айғанымның Сырымбеттегі мекен-жайын ғана суреттеп жазумен шектеліп қалмай, Шоқан өскен Шыңғыс киіз үйінің сипатын жазып қалдырған. Дегенмен, Шоқан өскен ортаның мәдени өмірінен аз да болса елес тудыратын отызға жуық жиһаздық мүліктер мен сәндік бұйымдардың одақтық және шетел мұражайларында барлығы мәлім. Шоқан кезеңінен қалған ол асыл мұралар әліге дейін өз зерттеушісін күтуде.

Сөз түйіні : Көкше, Сырымбет, онан қала берді, Есіл, Ертіс атырабы ықылымнан, із, жосық қалған дәстүрлі өнері бар өлке. Шоқан соның телегей-теңізінен емін-еркін мейір қандыра сусындай алған. Дарын-талантты, пайымды-парасатты жасөспірім Шоқанның ақыл алыбы, өнер қайраткері, сүлей суреткер болып қалыптаса бастауына әжесі Айғаным, әкесі Шыңғыс, нағашысы Мұса, көкесі Ханқожа, сондай-ақ келімді-кетімді орыс интеллигенттері мен ел ішіндегі ақын-жыршы, әнші-күйші, аңызшы-ертегіші, қобызшы- сыбызғышы боп келетін  өнер тарландарының әсері болды.

Кадет корпусының оқу мерзімі - даярлық сыныбы екі жыл, негізгі сыныптары бес жыл, арнаулы сыныбы бір жыл, барлығы сегіз жылға созылған. Шоқан оқыған тұста сәулет өнерінің кең көлемде жүргізілгендігі бізге мәлім. Екінші бір дәлел, Шоқан «татар тілін білемін» деп сабаққа қатысқан жоқ. Християн дінінің сабағы мұсылмандар үшін міндетті емес еді. Шоқан «білгім келеді » деп ол сабаққа да қатысты. Бірінші сыныпта неміс тілін жазбаша да, ауызша да ұғынарлық дәрежеде игерген ол екінші сыныпта француз тілін сөздіксіз оқи алатын халге жеткен. Корпустағы оқу жылдарында профессионал суретшінің ұстаздық ықпалы арқылы өзінің суретшілік қолтаңбасын түбегейлі айқындап алған Шоқан қарындашпен орындалатын бейнелеу өнерінің портреттік жанрын кейіннен келе классикалық деңгейге көтерген. Шоқанның карта түсіру, схема жасау әдіс-тәсілдерін меңгеруіне географ Я.И.Старков пен геодезист ғалым Бородин де көмегін тигізген.Шоқан сол кездегі Омбының озық көзқарастағы зиялылары К.К.Гутковский, Капустиндер жанұясы секілді демократияшыл озат топтармен етене араласып үлгірді. Шәкірті, Досы, әріптесі Шоқанды Қашқария сапарына жасақтаушы Гутковский еді. Корпустың оқытушылары Шоқанды болашақ зерттеуші,  тіпті ғалым болуы да ықтимал деп жүрген кезде Шоқан не бары  он төрт-он бес жаста ғана болатын еді.

1854-1858 жылдар аралығындағы сапарлары мен Қашқария экспедициясында жинақтаған аса құнды қыруар материялдардың негізінде бұл еңбегін 1860 жылы Петербургте жазған. Шоқанның «Жоңғария очерктері» Петербург Ғылым академиясының құриетті мүшесі, жаратылыс зерттеушісі А.Н.Бекетовтың редакциясы бойынша алғаш реет 1861 жылы «Орыс География қоғамы жазбаларында» жарық көрген. Сурет өнері саласындағы таңдаулы еңбектерінің бірінен саналатын «Сартай би-Сарыбағыш руынан», «Бұғы руының бас манабы-Боранбай» атты туындыларының литографиялық көшірмесі айтылмыш басылымда қосымша дерек ретінде берілген.

Суретшілік өнер Шоқанның сегіз қырының бірі ғана. Олай дейтініміз, замандастары шығыстану іліміндегі қайталанбас тұлға деп таныған Шоқанның ғылыми мұрасы сан салалы, сан сипатты….

«Шоқан кім болған, ғылымның қай тармағының қайраткері?» деген сауалға-ол ориенталист, тарихшы, этнограф, фольклорист, публицист, ағартушы, саяхатшы деп дараланған ілімдерді айтамыз. Алатау қырғыздарының «Манас» атты жырынан 1856 жылдың жазында жазып алған. Шоқан қырғыз елінде  1857 жылы, Қашқария сапарының алдында тағы да болып,  1856-1857 жылдар аралығындағы сапарларының негізінде бір үзінді келтірген   «Қырғыздар жайындағы жазбалардан», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Ыстықкөлге бару сапары» атты ел назарын өзіне бірден аударған әйгілі еңбектерін жазған. Шоқанның бізге тікелей қолжазба ретінде жеткен шығармаларында сия, тұш, қарындашпен салған тартымды суреттері де бар. Төл топырағымыздан, қорымдардан жинақталып табылған алтын бұйымдар Эрмитажда сақтаулы тұр. Әрі осы Эрмитаж қорына Семенов Тянь-Шанский  Шоқанның 3 мың коллекциясын, 719 картинасын тапсырған. 

Ерте ме, кеш пе, егер Шоқанның «Сібір алтыны» ескілікті қорған обалар жайлы Петербург кезеңінде жазып қалдырған пікірі табылса, халқымыздың мәдени өмір тарихындағы бағасыз мол мұрасы болар еді. Қапшағай Таңбалытасының алғаш рет суретін салып алып, эпиграфиялық жазбаларын қағазға түсірген де Шоқан. Сол Таңбалытасы сол кезде Тамғалыжар деп аталса керек. Шоқан өмірден өткеннен кейін шамамен 1868-1869 жылдары зиратының басына ағайындары күмбез тұрғызған. Шоқан зиратының басына 1881 жылы шілде-тамыз айларының ішінде қойылған сандықтас-құлпы. Қазір бұл құлпытас 1958 жылы жаңадан тұрғызылған ескерткіш-обелискінің құрамды бір бөлігі ретінде өз үйлесімін тапқан.

 «Шығыстану әлемінің аспанынан құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан, ғылым мен ілімнің өзге салаларына қосқан жойқын еңбектерімен қатар мәдениет пен өнердің барлық салаларына өнер тарихшысы, өнер зерттеушісі ретінде өшпес із қалдырып, Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1865 жылы 10 сәуірде Алтынемел тауының етегінде отырған Тезек Нұралин ауылында қайтыс болып, сүйегі Көшентоған қыратына қойылады. Қазіргі Талдықорған     облысы, Кербұлақ ауданы, Шоқан атындағы ауыл.

Шоқан мұрасының ішінде архитектуралық сызбалар, сәулетті құрылыстардың жобалары мен жоспарлары немесе күмбездер бейнеленген суреттемелер өте көп. Біз оларға кезеңдік дүниелер деп салғырт қарамай, еліміздің мәдени тарихынан баға жетпес мәлімет беретін тұтас бір дәуірлердің тыныс-тіршілігі деп тануымыз керек . Себебі, суретші Шоқанның шығармасының күш-қуаты ішкі астарында, яки тарихи-деректемелік тұрғыдағы мәнділігі мен маңыздылығында.          

Ұлттық профессионал бейнелеу өнерімізге бірден-бір көш басы болған Шоқан сәулет өнері мен музыка саласында өнер зерттеушісі, өнер тарихшысы ретінде бой көрсетсе, мүсінде өнер түрлерінің сабақтастығы мен тоғыстығын біртұтас қарастырушы озық ойлы ғалым тұрғысында көрінеді.

Төл топырығымызда мүсін өнерінің ежелден етек алғандығы тұрғысында Шоқан еңбектерінің түрткі болғандығы даусыз.

Шоқан бас аяғы 29 жыл өмір сүрген. Өте қысқа ғұмырында мол мұра қалдырған. Сол қалдырған рухани мол қазынадан әлі күнге дейін пайдалы да сырлы ой қазынасын алудамыз. Бабалар тарихындағы алып тұлғаның еңбектерінен сусындап отырмыз. Сондықтан да арманда кеткен азаматтың рухы бүгінгі ұрпағына, біздерге бақыл болар деп ойлаймын. Ұлы ғалымның жыр қойнауынан ала білсең таусылмас қазына, мол байлық бар. Бұл асыл мұралар бұлақтың ағып жатқан көзіндей.

Ұлы ғалым өміріне, шығармашылығына байланысты көп-көп ізденіс жасамайынша, Шоқанды толық танып білу мүмкін емес.Әлемге қанат қаққан ғибраты мол данышпан – Шоқан өміріне, еңбегіне қатысты осы мағлұматтарым  әсіресе тарихшыларға, жас әдебиеттанушыларға көп көмек деп ойлаймын..