Жанұзақова Құралай Темірбековна

ф.ғ.д.,  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті, Қазақстан, Алматы қ.

Утепбергенова Гауһар

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы

 

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК КОМПОЗИЦИЯСЫН ТАЛДАУ МӘСЕЛЕСІ

 

Көркемдік уақыт пен кеңістік - әдебиеттану ғылымындағы мәні терең өзекті мәселелердің  бірі. Болмыстағы құбылыстардың барлығын біз осы өлшемдер арқылы ғана бағамдай аламыз. Тылсым табиғатта мезгіл мен мекен заңдылығына бағынбайтын еш нәрсе болмас. Кеңес заманында таптық ұстанымға сүйенген зерттеушілер кеңістік пен уақытты тарихи уақыттың ғана ішінде қарастырды. Алайда соңғы жылдары көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік мәселесін зерттеген теориялық еңбектер жарық көруде. Орыс әдебиеттануында көркемдік кеңістік пен уақыт турасында алғаш сөз қозғаған ғалымның бірі - М.Бахтин. Ол көркем шығарманың бітіміне лайық өзара байланысқа түсіп, көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістіктің бірлігін «хронотоп» деп атайды. Көркем шығармадағы  «хронотоп»   немесе «мекеншақ» (Б.Майтанов) ұғымы әлемнің философиялық-логикалық  моделін  бейнелеу арқылы өтпелі дәуір әдеби процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. М.Бахтин:  «Әдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады» [1, 235] -  деп анықтама береді. 

Аталған уақыт пен кеңістік ұғымдары әдебиет пен өнерге қатысты үш салаға бөлініп қарастырылады: 1.Реалды (физикалық) уақыт пен кеңістік; 2.Концептуалдық уақыт пен кеңістік; 3.Перцептуалдық уақыт пен кеңістік [2, 11].

Уақыт пен кеңістік категорияларының мағынасы, функциялары, құрылымы  Б.М.Бахтин, Д.С.Лихачев, Н.К.Гей, Г.М.Фридлендер, А.Я.Гуревич т.б. ғалымдарың еңбектерінде қарастырылады. Осы мәселе З.Қабдолов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Т.Рахымжанов, А.Ж.Жақсылықов, Н.Джуанышбеков,  А.Темірболат еңбектерінде сөз болады.

Реалды уақыт пен кеңістік бізден тыс объективті түрде болып жатқан құбылыстарда, олардың алмасу, орын ауыстыру өзгешеліктеріне қатысты. Адамзаттың ұғымында олар туралы түсініктің болуы да, болмауы да мүмкін. Концептуалдық уақыт пен кеңістік – табиғат, аспан денелері, қоршаған орта туралы біздің заманымызда жинақталған ұғымдар. Бұл іс жүзінде реалды уақыт пен кеңістіктің санамыздағы үлгісі болып табылады. Бұған әр халықтың өзінше қолданатын ай, күн, календарлары, мүшел, жыл санау, жыл қайыру ерекшеліктерін жатқызуға болады. Перцептуалдық уақыт пен кеңістік ұғымы адамдардың сезім-түйсіктерінің, психологиялық суреттерінің өзгеріп отыруымен төркіндес. Мәселен, көркем шығарманың өз ішінде ғана жүріп отыратын уақыт пен кеңістікке қатысты адамдардың көңіл-күйінің өзгеріп отыруы осының айғағы.

Уақыт пен кеңістіктің біздің санамызда бейнеленген қандай үлгісі болса да, олардың өзгешеліктері, өлшем-пішіндері реалды уақыт пен кеңістікке қарап анықталады, барлығы да содан туындайды. Уақыт пен кеңістік жазушының дүниетанымын, дүниені қабылдауын, жазушы стилін қалыптастыруда үлкен роль атқарады, сол арқылы әлемнің жеке-авторлық суретін құру ерекшелігін, көркем шығарманың ішкі заңдылықтарын айқындайды,  шығарманың  композициялық тірегі болып, көркем образдардың ашылуының ішкі ұйымдастырушысы болады. Уақыт пен кеңістікті зерттеу көркем шығарманың тініне бойлап, оның құрылу спецификасын, жазушының дүние туралы концепциясын  айқындауға мүмкіндік береді.

Жазушы өз шығармасында оқиға өтетін белгілі бір кеңістікті жасайды. Ол кеңістіктің ауқымы кеңейіп, оқиғадан да тыс көп дүниелерді қамтуы мүмкін. Авантюралық, саяхаттық немесе фантастикалық, модернистік романдарда оқиға жерден тыс басқа әлемдерде өтуі мүмкін. Сонымен қатар оқиға бір бөлменің ішінде ғана немесе бір күн, бір сағат ішінде өтуі де мүмкін. Кеңістіктің «географиялық орта»  ретінде нақты, реалды түрі болады. Мысалы тарихи романдардағы кеңістік. Ол ойдан шығарылған, фантастикалық сипатта болуы мүмкін. Сонымен қатар кеңістік пен уақыттың  мифтік түрі де бар.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы  қазақ прозасында уақыт пен кеңістік өлшемдері күрделенді. Реалдылық ертегімен, мифпен жымдаса өрілді. Нәтижесінде  хронотоп  шартты сипатқа ие  болды. Мысалы, Дулат Исабеков шығармаларындағы болып жататын оқиғалар кеңістік жағынан әдейі тиянақталмаған. Оқиғаның қандай жерде, қай уақытта болып жатқанын тек адамдар қатынасынан, анда-санда бір көрініп қалып жататын тұрмыстық суреттерден, кейіпкерлердің сөз саптау ерекшеліктерінен ғана жобалай аламыз. Автор үшін ол негізгі максат та емес. Қаламгердің біз зерттеп отырған повестеріндегі трагизм жазушының нақты бір қоғамдағы әлеуметтік шындыққа келіспеу идеясынан, наразылығынан емес, жалпыға ортақ категориялардан туындайды. Сол мақсатты суреткер жеке адамдардың ғұмыры мен тағдырына үңілу арқылы жүзеге асыруға тырысады.

Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт сол шығармадағы оқиға, іс-әрекеттерге қатысты өзгереді. Ал олардың алмасуына, бір-біріне қатысты жүйеге түсуіне әлеуметтік жағдай себепші, іс-әрекеттің мән-мағынасына бағындырылған. Шығармада қаһарманның дүниеге келген сәтінен кемеліне келген шағына дейінгі кезеңді тездетіп баяндау, уақытты сығымдау немесе оны созу, оқиғаны тек соның айналасына жинақтап, дамыту  т.б. уақыт пен кеңістік категорияларына  да әсер етеді. Реалды уақыт үздіксіз өтіп жатады және үнемі алға біркелкі жылжиды. Бізді қабылдауымызда уақыт кейде ақырын, кейде жылдам ауысқандай болады. Ал көркем шығармадағы уақыт оқиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу жүріп, кейде үзіліп те отыруы мүмкін. Қайсыбір шығармаларда оқиға аяғынан басталып, суреткер уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі мүмкін. Мәселен, О.Бөкеевтің «Үркер», «Бәрі де майдан» шығармаларында уақыт кейін жылжытылып, негізгі оқиғалар, тартыс лирикалық шегініс арқылы беріліп отырады.

О.Бөкеев шығармаларында уақыт пен кеңістік композициясы үлкен орын алады. Жазушының өзі де «Қар қызы» повесі жөнінде: «Ол повесте менің айтайын дегенім тракторшылар өмірі емес, кеңістік пен жалғыздық мәселесі, адамның кеңістікті түсінуі, қабылдауы, кеңістіктің жалғыздыққа жасайтын ықпалы» - дейді. О.Бөкеев шығармаларында жыл мезгілдері: қыс, көктем, жаз, күз өз кезеңдеріне сай айшықты бедерленіп отыруымен қатар уақыттың да өлшемі болып суреттеледі. Шығармаларда суреттелетін оқиғалардың уақтысы, мезгілі нақтылы көрініс табады. Таңның қылаң беруі, күннің шығуы, сәуле шашуы, талма түс, бесін, өліара бітіп айдың жаңалануы, айдың толысуы, бәрі де мезгілдік қызмет атқарып тұр. Сонымен бірге жазушы шығармаларындағы оқиғалар, іс-әрекеттер нақты сюжеттік уақыт жағынан алғанда екі-үш тәуліктік мерзімді ғана қамтып көрсетеді. Қалғандары кейіпкердің жан-дүниесіне сыналай кіру, ой дүниесін ақтару арқылы лирикалық шегініс, кейіпкер монологтары арқылы беріліп отырады. Жазушының «Мұзтау» повесінде негізгі кейіпкер Ақтанның нақтылы уақыт,  үш күнгі елден жырақ тіршілігі суреттеледі. Ақтанның ойы, естеліктері кейін шегіну арқылы ғасырлар тереңінен сыр тартып көркемдік уақыттың танымдық сипатын, әсерлігін арттыра түседі. Автор кейіпкердің дүниеге көзқарасының қалыптасуына ерекше әсер еткен жағдайларды, мәнді кезеңдерді таңдай отырып, шығармадағы тарихи уақыт сыйымдылығын арттыра түседі. Өмірі Аршалының тарихымен сабақтас жазушы өзі «ақ көңіл адам еді» деп сипаттайтын өтірікші Асан шалдың ертегілері арқылы көркемдік уақыттың қаншалықты маңызды, мағыналы болатындығына көз жеткізеді. Осы Асан шалдың өтірігі арқылы шығармада фольклорлық уақыт пен кеңістік те бейнеленеді.

Тәуелсіздік жылдарындағы әдеби процесте мениппеяның кейбір белгілерін бойына жинаған, көркемдік ізденісі, тақырыбы, әдісі тұрғысынан  елді елең еткізген, көзге «алабөтен» көрінген шығарманың бірі – М. Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаясы. Шығармадағы фантастикалық, философиялық мотив, жұмбақ жайттар, уақыт пен кеңістіктегі еркіндік бірден зерттеушілердің қызығушылығын тудырды, қызу талқылаудың нысанына айналды. М. Мағауиннің «Қыпщақ аруы» романындағы басты кейіпкер – сұлулық. Айсұлу бегім уақыт пен кеңістікке тәуелсіз сұлулықтың символына айналған. Сюжеттік  шырғалаң, шығарманың мазмұндық астарының қалыңдығы, уақыт пен кеңістік аясындағы еркіндік, өткен мен бүгін арасындағы контраст, өткен тарих сілемдеріне назар салу, ретроспективтік ыңғайдың  молдығы   жазушы  шеберлігінің табиғи қуатын танытады.

Қазіргі қазақ прозасында мифтік бастаудың әсері күшті. Қаламгерлер өз шығармаларында аңыз-әңгімелерді, діни  көне сюжеттерді  кеңінен қолдану үстінде, бұл өз кезегінде олардың шығармаларындағы кеңістіктік-мезгілдік  өлшемдердің  күрделенуіне әкелді.  Бұл ретте қаһармандардың ішкі әлемінің ұңғыл-шұңғылын, олардың жан дүниесінің, санасының, жадының, қиялының кеңістіктерін зерттеуге назар аудара бастады. Бұл бір жағынан адаммен байланысты философиялық  мәселенің түп негізіне  бойлауға, екінші жағынан жеке уақыт пен кеңістіктің шекарасын жылжытуға мүмкіндік берді.

Әдеби шығарманың композициясы – бейнеленген заттық бірліктердің және тілдік-көркемдік тәсілдердің ретпен орналасуы мен сабақтастығы, шығарма элементтерінің, белгілердің байланысу жүйесі» [3, 150]. Теорияға иек артсақ, сюжет те, композиция да әдеби шығарманың  мазмұнын көркем жинақтайтын формаға жатады.  Бұлардың бірлігімен қатар өзгешеліктері де бар. Композиция барлық шығармада болады, өйткені композициясыз шығарма көркемдік қасиетінен айрылады. Композиция сюжеттен тыс нәрселерді де қиюластырады, яғни ол - сюжеттен кең ұғым. Әр суреткер шығармасының сюжетін өз қалауынша құрады, белгілі бір қалыпқа бағынбайды. Әр шығарманың архитектоникасы әр түрлі. Сюжет кез келген көркем шығармада бола бермейді (көбіне лирикалық өлеңдерде). Бұл турасында О.И.Федотов: «Толық мағынасында эпос пен драма ғана сюжетті; оқиғалық желісі әлсіз немесе тіпті жоқ лирикалық шығармаларда сюжет болмауы да мүмкін. «Нүктелік» сюжет  (В.В.Кожинов) ұғымы да бұл жағдайда жеміссіз» [4, 85]  - дейді.

Мысалы М.Жұмабаевтың «Жаралы жан» өлеңін алайық:

Соқпа сорлы жүрегім,

Шірі енді, ақ білегім!

Мынау қара құзғынның

Бердің-ау  тәңірім, тілегін!

Сауықшыл есіл елім-ау,

Сарыарқа сайран жерім-ау!

Күмістей таза суы бар,

Айдын шалқар көлім-ай.

Сол жерде ойнап жүре алмай,

сауық-сайран құра алмай,

қарғаға құзғын жем болып,

қалғаным ба, бір алла-ай?!

Бұл өлеңде оқиғалық  желі мүлдем жоқ. Шын мәнінде, мұнда еш нәрсе болып жатқан жоқ, тек ақынның жаны мен тәнінің күйзелісі, «қара құзғынға жем болған» трагедиялық ахуалы  ғана бар. Лирикалық қаһарман қимыл жасамайды, әрекетке бармайды, тек  өзін билеген сезімдердің тылсым құшағында, өміріне налиды, шарасыздықтан мұңаяды, қайғырады. Мұңы ұлы трагедияға ұласады. Дей тұрғанмен, лирикалық өлеңнің көркемдік әлемі  жалпы әдеби заңдылықтарға бағынады, ол жанды әрекетке, қозғалысқа, ішкі динамикаға толы. Бірақ ол қозғалыс  мазмұндық желімен ғана емес, бейнелеу желісімен байланысты.  Қақтығыстың ширығуы сюжет арқылы шешілмейді, лирикалық тақырыптың дамуы арқылы  көрініс табады. Түйіндей айтсақ, композиция сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін тәртіпке салып, реттеп, қиыстырып қана қоймай,  көркем туынды компоненттерінің бірлігі мен тұтастық жүйесін қамтамасыз етеді. Композиция шығармаға ішкі ырғақ дарытып, оны өз-өзінен (романдар мен повестерді) бөлімдер мен бөліктерге, (драманы) акт, перде, көріністерге, (лириканы) тармақтарға бөледі. Ал, композициялық шеберлік -  шығармадағы барлық бөлшекті бір ғана бүтінге тұтастыру, бәрін бір ғана нәрсеге,  негізгі идеяға бағындыру болмақ.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.       Бахтин М. Вопросы литературы и эстетики. –М., 1975. – С. 235

2.       Зобов А., Мостепаненко А. О типологии пространственно-временных отношений в сфере искусства  // Ритм, пространство и  время в литературе и искусстве. - Л.:Наука, 1974. - С.11

3.       Нирё Л. О значении и композиции произведения // Семиотика и художественное творчество. -М., 1977. - С. 150.

4.       Федотов О.И. Основы теории литературы: Учебное пособие: В 2 ч. – Ч.1: Литературное творчество и литературное произведение.  М.: Владос, 2003.  – С. 85.