Шартты рай тұлғасының тарихи-этимологиялық негіздері

Ф.ғ.к., аға оқытушы Г.Ш. Бекмағанбетова

Қазақстан Республикасы

Шарт қатынасының тілдік бейнеленуінің негізгі тілдік амалы ретінде көрінетін шартты рай тұлғасының пайда болуы мен оның мағынасы, қызмет ету аясы туралы мәселе аса маңызды болмақ. Қазіргі ғылымда шартты рай тұлғасының пайда болуы туралы қалыптасқан бірқатар пікірлер бар.       Шартты рай тұлғалы етістік арқылы жасалған құрмалас сөйлемнің барлығы бірдей шарт қатынасындағы сөйлем бола алмайды. Сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауыштары бірдей -са, -се тұлғасы арқылы жасалса да, оның басыңқы сыңарымен мағыналық қатынасы әртүрлі болуы мүмкін. Соған сай құрмалас сөйлем бірде салыстырма мәнді сабақтас сөйлем, бірде қарсылық мәнді сабақтас, бірде мезгіл мәнді сабақтас сөйлем түрінде келеді. Олай болса, грамматикалық тұлға - біреу, ал мағыналық қатынас - әртүрлі деген пікірлер айтылады. Бірақ, шынымен де осы грамматикалық шартты рай тұлғасы деп жүргеніміз тек бір ғана тұлға ма?

Ғалым Т.Н. Ермекова: «Біздің ойымызша, қосымшалардың бір мезгілде бірнеше мән беруі, басқаша айтсақ, полисемиялы қолданыста болуы, бір жағынан, осы тұлға арқылы жасалған құрмаластардың бір негізден шыққандығын көрсетсе, екінші жағынан, сөйлемді контекстен бөліп қараудың салдарынан» [1, 234 б.],-дейді.   Шартты рай тұлғасын зерттеушілердің пікірінше, шартты рай формасының семантикалық даму жолын анықтаудың шешілмеген жайттары жоқ емес. Бұл тарихи тілдік фактілердің тапшылығынан көрінеді. Қазірде, -са, -се, -сар, -сер қосымшасының қалау мағынасы да, шақтық мағынасы да Орхон дәуірінде қалыптасқан деген пікір бар. Бірақ бұл да нақты дерек емес, болжам ғана. Орхонға дейін мұндай мағыналардың болған-болмағанын қайдан білеміз? Екіншіден, тіл білімінде әлі де болса жалпы грамматикалық мағыналардың даму заңдылықтары зерттелмеген, жолдары анықталмаған. Үшіншіден, грамматикалық категориялардың жеке формалары жеке дара өмір сүрмейді, бірімен бірі араласып, байланыста өмір сүреді. Сондықтан олардың қалыптасу жолдарын, даму заңдылықтарын, өз арасындағы шекараларын ажыратып тұрған межені, өлшемді белгілеу керек.

Қ. Есенов  шартты бағыныңқының -са/се тұлғалы түрі тілімізден ерте кездің өзінде орын алғанын алға тарта отырып: «Ол кездерде бұл тұлғалы баяндауыш мағыналық жақтан сараланбай, шарт, мезгіл мәндерінде жұмсалып отырған»,-дейді де, қырғыз тілі маманы К. Сартбаев еңбегіне сілтеме жасайды. Одан әрі: «Осы шарт, мезгіл мағыналарының -са/се тұлғасы арқылы берілуі қазіргі кезеңде де кездесіп қалып отырады. Бұл заңдылықты тіліміздің көне заманынан қалған құбылыс па деп ойлаймыз» [2, 72 б.] - деген жорамал айтады. Шартты рай тұлғасының тарихи қалыптасуы туралы       М.Т. Томанов былай дейді: «Шартты рай түркі тілдерінде үш түрлі тұлға арқылы жасалады: -сар, -са, -сан. Бұлардың ішіндегі ең көнесі, байырғысы -сар тұлғасы» - дей келіп, Орхон-Енесей жазбалары тілінде осы тұлғаның қолданылғанына мысалдар келтіреді. Ғалым көне түркі жазбаларындағы шартты райдың –сар тұлғасының жіктік жалғауын қабылдамайтындығына назар аударады. Мыс: Ол йергеру барсар түрк бодун өлтечісен – Ол жерге барсаң – түрік жұрты, өлесің. Зерттеушілер –сар тұлғасын құранды тұлға деп қарайды: -са және -р; -са бөлігін «санау, есептеу, солай болса деп ойлау» етістігімен бірдей деп қарайды да, есімше тұлғасы, яғни алғашқы етістіктен есімше жасаған тұлға деп қарайды. Шындығында да -сар сол жазбалар тілінде есімше қызметінде қолданылған. Махмуд Қашқари эчсе, урса, алса, қачырса, сатса, келічсе, көрсе, барығса тәрізді етістіктердің құрамындағы –са қосымшасын са етістігімен бірыңғай деп қарайды. Ғалым М. Томанов осы жайларды айта келіп: «Аталған қосымша мен көне түркілік са (қазіргі тілде «сана») етістігі бір негізді, яғни қосымша дербес етістіктің өзгеше функциялық қолданысынан қалыптасқан» - деген пікір түйеді [3, 158 б.]. Г.А. Абдурахмановтың айтуынша, -са//-сар түріндегі шартты рай тұлғасы Орхон ескерткіштерінде жеке сөйлемнің баяндауыш тұлғасы қызметінде келген. Бірақ, олар әлі жіктелмеген. Ал олардың жіктік жалғауларын қабылдауы, автордың айтуынша, ХҮІІ ғасырдан басталады. Ол өзбек тіліндегі шартты рай тұлғасының жасалуы туралы: «Форма -са//-сар образовалась от основы глагола сади – желает» [4, 33 б.], - дейді. Жалпы, түркі тілдері аумағында қарастырсақ, шартты рай тұлғасының варианттары, негізінен, бірыңғай болып келетінін көреміз. Кей авторлар түркімен тілінде етістіктің шарт формасы және шартты-қалау формасы деп ажыратылатындығын, ал морфологиялық формалары туыстас тілдерде көбіне бірізді болып келетінін айтады. Осы тұлғаның якут тіліндегі нұсқалары назар аударады. Якут тілінде шартты рай екі түрлі формада беріледі: алғашқысы – жалпытүркілік тар формасы болса, екіншісі – жеке бір тілге, якут тіліне ғана тән тах формасы. Екі форма да түрлі фонетикалық варианттармен үш жақта жіктеліп жұмсалады. Біздіңше, аталған тар / сар   тұлғаларының құрамынан т > с дыбыстық өзгерісін көруге болады және бұл екеуі де іс-әрекеттің орындалуы ұғымын бере алатын сөздер.

Көрнекті түрколог ғалым Н.А. Баскаков -са/-се қосымшаларының шығу тарихына байланысты былай дейді: «Етістіктің шарттылық тұлғасының аффиксі реальды мағына беретін «тілек-қалау» деген дербес сөздің мағынасын береді. Ол тұлға әуелі зат есіммен, кейін қимыл есіммен тіркесіп, модальдық мағына алған. Бұдан кейін тіркес бірте-бірте қалау тұлғасына, тіпті кейінірек етістіктің шарттылық тұлғасына айналған» [5, 62 б.].        Н.А. Баскаковтың бұл пікірінде де аталмыш тұлғаның (са/се тұлғасы) тілек-қалау мағынасынан бірте-бірте шарт мағынасына өтуінің нақты себептері көрсетілмей, болжалды түрде жалпылама ғана айтылады.

Белгілі түркологтар А. Серебренников пен Н.З. Гаджиевалар: «Бұл тұлғаны көне қалау рай немесе оптатив көрсеткіштерімен байланыстыру ерекше назар аударуды қажет етеді. Шын мәнінде, түркі тілдерінде -са тұлғасының оптативтік, яғни қалау мәнін беруі жиі кездеседі. Демек шартты райдың –са көрсеткіші оптативтің көне көріністерінің бірі ретінде қолданылып, кейінірек шарттылық мәнін беру үшін қолданыла бастаған» [6, 44 б], - дейді. Бұл автор да шартты рай тұлғасының қалау мәнін білдіретінін айта келіп, оның шарт мәніне ауысуының себептерін көрсетпеген. 

Кез-келген грамматикалық тұлға алғашында толық мағыналы сөз болғаны қазірде күман тудырмайды. Дегенмен, бүгінгі күн тұрғысынан, олардың сол әуелгі сөздік мағыналарын түсіндіру үнемі мүмкін бола бермейтіні, дәлірек айтсақ, аса қиындық келтіретіні белгілі. Са/се тұлғасының ежелде жеке-дара сөз болғандығы және сол кездің өзінде оның бірнеше мағынасы бар болғаны, жоғарыда айтып өткеніміздей, ғылыми зерттеулерде айтылып жүр. Біз жалпы алғанда, ғалымның пікірімен келісе отырып, ежелгі тілдегі са сөзінің тек бір ғана мағынада – санау мағынасында ғана емес, сонымен қатар басқа да мағыналарда – етістік, есім сөз мағыналарында қолданылғанына назар аударғымыз келеді. Бұл тұлғаның  ежелгі тілдік мына тәрізді мағыналары болған деген пікірлер бар: 1) шақ, уақыт, күн, мезгіл мағынасы; 2) ойлау, ес-ой мағынасы; 3) іс-әрекет, жұмыс мағынасы;

Белгілі түрколог ғалым Ә. Құрышжанұлы тіліміздегі қашан сөзінің этимологиясы туралы айта келіп: «1245 жылы жазылған көне қыпшақ тілінің материалы «Түрікше – арабша сөздікте» шан – уақыт, шақ деген мағынада жұмсалған: Бу шан тіркесінің араб тіліндегі аудармасы – бу шақ. Шан сөзінің осы ұғымда қолданылуы қазақ тілінің кейбір говорларында да сақталып қалған» - дей келіп, «уақыт» мағынасындағы шан сөзінің «с» дыбысымен келетін нұсқалары (санда, сандах т.б.) бар екеніне назар аударады [7, 170 б.]. Сондай-ақ, ғалым Б. Сағындықұлы: «Шан тұлғасының «күн» мағынасын бергендігін бүкіл дүниежүзі тілдері фактілері қуаттайды» - деп, араб тіліндегі шансун (күн), парсы тіліндегі шанба (сенбі), санскрит тіліндегі шамаш  (күн құдайы) сөздерін келтіреді [8, 116 б.]. Қытай тілінде «жи» сөзінің күн деген мағынасының бар екенін К. Аханов та айтқан. Біздіңше, күн (уақыт, мезгіл) мағынасы осы сөздердің ша // са// жи түбір морфемалары арқылы берілген. Бұл қазақ тіліндегі сәуле сөзінің құрамында да көрінеді. Сонымен, біз қазірде тіл білімінде шартты рай тұлғасы ретінде танылып жүрген са тұлғасының  ең ежелгі тілдік толық мағыналы лексикалық бірлік болғандығын және оның негізгі мағыналарының бірі күн ұғымын білдіргендігін байқаймыз. СА (УС) түбірлі сөздердің «ес-ой», «іс-әрекет», «уақыт» мағыналарын білдіретіндігі Ш. Бекмағамбетовтің еңбегінде де көрсетілген [9, 177 б.].

Көне түбірдің осы мағыналары бүгінгі тіліміздегі -са//-се грамматикалық тұлғасының қызметінде де сақталған, бірақ әбден көнеленіп, ежелгі лексикалық мағынасы ұмытылғандықтан, бұл омонимдік сипаттағы мағыналар бүгінде ұмытылып, бұлар шарттылықты, т.б. білдіретін грамматикалық мәндегі тұлға ретінде қалыптасқан. Айталық, Сағат бес болса (болған шақта), біз жүреміз,- дегендегі –са морфемасы шақ, уақыт ұғымын білдірсе, «Ол тезірек келсе, біз де барамыз»,- дегендегі –се тұлғасы іс-әрекет ұғымын білдіреді. Ал астамсы, (үстеммін деп ойлау), кісімсі (кісімін деп ойлау) сөздерінің құрамындағы -сы/-сі тұлғалары ойлау ұғымын білдіріп тұр.

Мысалы, Асқар мал бақса, Асан егінмен айналысады деген сөйлемдегі сыңарлар арасында ешқандай  шарттастық қатынас жоқ. Біздіңше, осы сөйлемдегі -са тұлғасы мен шарт мағынасын білдіретін сөйлемдегі -са тұлғасын генеологиялық тұрғыдан бір ғана қосымша деп қарауға болмайтын тәрізді. Өйткені, бұл мысалдағы -са қосымшасында мезгіл мәні де, ойлау мәні де көрінбейді. Яғни, сырттай дыбыстық жақтан бұл екеуі бірдей болып тұрғанымен, мағыналық жақтан олардың түп негізі басқа-басқа сөздер деп білеміз. Мұндай құбылыс тіл табиғатына жат емес. Біз бұл сөйлемдегі -са қосымшасын іс, жұмыс мағынасындағы ежелгі сөз болар деп ойлаймыз. Ол сөйлемдегі оқиғаның, іс-әрекеттің жүзеге асқанын, орындалғанын білдірген тәрізді. Осы сөйлемдегі -са тұлғасының тек формалық жағынан ғана болмаса, мағыналық жақтан бағыныңқылық сипаты да көрінбейді. Сондықтан мұны Асқар мал бағады, Асан егінмен айналысады - деп беруге де болар еді. 

Бүгінде шартты рай тұлғасы ретінде танылып жүрген  -са, -се тұлғасы ежелде бірнеше мағынаны білдірген жеке сөздер болған. Біздіңше, ол мағыналар мыналар:

1) шақ, уақыт, күн, мезгіл мағынасы;

2) ойлау, ес-ой мағынасы;

3) іс, жұмыс мағынасы ;

Қазіргі шарт қатынасындағы сөйлемдердің пайда болуында «са» тұлғасының аталған ежелгі мағыналарының қайсысы тұруы мүмкін деген мәселені де ойластыруымыз керек екені көрінеді. Мұның екі түрлі жолы болуы мүмкін: біріншісі – мезгіл мағынасындағы са сөзі арқылы шарт ұғымының берілуі. Мәселеге осылайша келгенде, біздіңше, мезгіл (уақыт) ұғымының шарт ұғымына ауысуын былайша түсінуге болар еді: шарт ұғымы әуелде мезгіл ұғымына қарағанда жеке сөз арқылы берілуге икемсіз ұғым болды. Мұның бұлай болатын себебі – мезгіл ұғымы өзінің адамзат өміріндегі қызметі жағынан әуелгі кезекте қажет ұғым болып есептеледі, ал шарт ұғымы адамзат баласының дүние-ғаламдағы құбылыстардың бірімен бірінің шарттастық заңдылығын таныған кезінде ғана пайда болады да, оның тілде аталуы үшін тілде бұрыннан бар мезгіл ұғымы қолданылады. Яғни шарт дегеніміз – екі іс-әрекеттің бірінің, яки алғашқысының, белгілі бір сипатта орындалуына (немесе орындалмауына) орай, уақыт есебімен алғанда, сонан кейін, ал екі оқиғаның сабақтастығы  тұрғысынан алғанда, сол алғашқы оқиғаның нәтижесі түрінде келетін екінші оқиғаның жүзеге асуы (не жүзеге аспауы). Сонда әуелде шарт мағынасы шарт түрінде емес, уақыт ұғымы арқылы (жаңбыр жауса (жауған шақта), жер балшық болады) беріліп, кейіннен шарт ұғымы түрінде қалыптасқан, - деуге негіз бар.

Жаратылыстық-болмыстық ақиқатқа келсек, «бірінен соң екіншісі келетін құбылыстардың бәрін бірдей шарт немесе себеп-салдарлық байланыстар деуге болмайды. Күн артынан түн келеді. Бірақ күн түннің себебі емес. Олардың өзара ауысуының себебі Жердің өз кіндігінен, сондай-ақ күнді айналуынан». Бірақ та тілде осы табиғи-жаратылыстық құбылысты бейнелеудің формалары мен мағыналық ерекшеліктері әр алуан көрінетінін аңғаруға болады. Мысалы: 1) Күн батты, түн келді. Тілде ыңғайлас салалас деп аталатын бұл құрылымда жаратылыстық жалғасты құбылыстардың болмысы сол күйінде беріліп тұр. Әдетте мұны ыңғайлас (мезгілдес) салалас деп атайтыны белгілі. Бірақ сөйлеуші субъектінің ішкі ойының астарында ыңғайластық емес, себептік мағына да жатуы әбден мүмкін жағдай. Өйткені сөйлеуші үшін түннің келуі күннің батуымен себептік байланыста көрінуі де әбден мүмкін. Мұның өзі болмыстық құбылыстың тілдік бейнеленуінің өзіндік ерекшелігі ретінде, тілдегі адам факторының көрінісі ретінде танылуы тиіс деп білеміз.  Ал сабақтастық құрылымында бұл мағына Күн батып, түн келді – түрінде беріледі. Мұндағы синтаксистік мағынаны да тек қана ыңғайластық мағына деу  орынды болмас еді. Табиғи-жаратылыстық тұрғыдан, жоғарыда акад. Д. Кішібеков айтып отырғандай, түн мен күн алмасуында ешқандай ішкі заңдылық негізіндегі сабақтастық байланыс жоқ болса да, яки ол екеуінің алмасып келуі олардың біріне бірінің әсерінен емес, басқа сыртқы күштердің – ғаламдық заңдылықтардың әсерінен болса да, адам көзімен қараған кезде, олардың қимылдарының арасында белгілі бір заңдылық бар тәрізді көрінеді. Бұл адамзат танымының әлсіздігінен, оның жаратылыс-болмыстық заңдылықтарды танып-түсіне алмағандығынан емес, оның күнделікті қарым-қатынаста табиғи-болмыстық құбылыстардың объектілерін өздерінің мақсаттарына ыңғайлап пайдалану талабынан, осыған байланысты қалыптасқан машығынан туады. Қарым-қатынастағы адам үшін күн мен түн алмасуының жаратылыстық-болмыстық заңдылығы маңызды емес, аталмыш объектілердің қатысым қызметіндегі танымдық мағынасы, мысал ретіндегі қолданысы маңызды болмақ. Міне, тіл осы адам санасы мен сезімі арқылы өткен адамның практикалық қажеттілігіне пайдаланылатын танымдық түсініктерді бейнелейді. Сондықтан да біз Күн батса, түн келеді – деген сөйлемнен белгілі бір жаратылыстық заңдылық көреміз, осылайша онан белгілі бір синтаксистік мағына іздеуіміз де заңды. Ал ол нақты қандай мағына екендігі контекстке, коммуникативтік мақсаттарға, т.б. байланысты болады да, солар арқылы айқындалады. Мұны шарт мағынасы ретінде де, себептік мағына ретінде де, т.б. түрде қолдану коммуниканттардың ішкі ойымен, мақсатымен байланысты. Мысалы, келтірілген Күн батса, түн келеді деген сөйлемді тек қана мезгілдік қатынастағы сөйлем деп қарауға болмас еді, өйткені мұның астарында Күн батпаса, түн келмейді деген альтернативтік ой (көлеңкелі контекст) тұрғанын да ескермеуге болмайды. Сонда ол шарт мағынасы болар еді. Жоғарыдағы сөйлемнің бағыныңқы сыңарына шарт және мезгілдік мағыналарға қатысты қашан? қайтсе?- деген сұрақтардың қайсысын да қоюға негіз жоқ емес, бірақ олардың нақты қайсысы қойылуы контекстке, сөйлеушінің коммуникативтік мақсатына байланысты айқындалады. Демек, көріп отырғанымыздай, жаратылыс-болмыстық құбылыстарды тілдік бейнелеудің өзіндік заңдылықтары бар екен, сондықтан да тіл табиғатын тануда осы заңдылықтарды ескерген жөн болмақ.

Екіншіден, «іс, жұмыс» мағынасындағы ежелгі «са» түбірі арқылы да шарт мағынасы беріле алар еді. Мұнда іс-әрекеттің орындалуы мен оның нәтижесі арасындағы байланыс көрінеді. Сонда біз Күн батса, түн келеді – деген сөйлемді Күннің батуы (осы істің орындалуы) нәтижесінде түн келеді деп те түсіне алар едік.

Қорыта келгенде, біріншіден тілде шарт қатынасының берілуінің негізгі грамматикалық формасы болып табылатын -са,-се тұлғасы қазіргі түсініктегідей тек бір ғана тұлға емес. Ол өзінің тарихи этимологиялық негізі жағынан әр басқа ұғымдарды білдіретін бірнеше жеке сөздердің (1. шақ, уақыт; 2. іс-әрекет; 3. ойлау;) бүгінгі тілімізде грамматикалық тұлғаға айналған көрінісі болып табылады. 

Екіншіден, тілде шарт қатынасы берілуінің тарихи қалыптасуының бірнеше жолдары бар: а) шарт қатынасы бағыныңқы сыңардағы мезгіл мағынасын білдіретін -са,-се тұлғасының негізінде жасалады. Яғни, әуелде са тұлғасы арқылы бейнеленген мезгіл мағынасы (шақ, уақыт) уақыт өте келе трансформацияланып, шарт мағынасына ауысқан; ә) шарт қатынасы бағыныңқы сыңардағы іс-әрекетті білдіретін -са,-се тұлғасының мағынасы арқылы жасалған; б) шарт қатынасы «ойлау» ұғымын білдірген ежелгі са/се сөздері арқылы да жасалуы мүмкін.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Ермекова Т.Н. Себеп-салдар мәнді құрмалас сөйлемдер // Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары: конференция материалдары. –  Алматы, 2006. –  25-29 бб.

2.     Есенов Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер. – Алматы, 1969. – 191 б.

3.     Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы: Мектеп, 1988. – 263 б.

4.      Абдурахманов Г.А. Основы синтаксиса сложного предложения современного узбекского литературного языка. – Ташкент, 1960. – 122 с.

5.     Баскаков Н.А. К вопросу о происхождении условной формы на -са/-се в тюркских языках. Сб: Академику У.А.Гордлевскому к его семидесятилетию. – М., 1953. – 200 с

6.     Серебренников  Б.А. Принципы составления описательных грамматик. Сб: Вопросы писательных грамматик языков Северного Кавказа и Дагестана, Нальчик, 1963., Н.З.Гаджиева Типология придаточных предложений в современном азербайджансом языке. Сб: Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков, ІІІ, Синтаксис; М., 1961.

7.     Құрышжанұлы Ә. Тіл тарихы жайында ойлар. – Алматы, 2006. – 185 б.

8.     Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының  этимологиялық негіздері. – Алматы, 1994. – 166 б.

9.     Бекмағанбетов Ш. Тілдік таным негіздері және тілдік символдар. – Алматы: Ғылым, 1999. – 218 б.