ӘОЖ:    37.035.6:372.8:574

 

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

 

Шажанбаева С.Е.

(Қорқыт Ата атындағы ҚМУ магистранты)

 

Табиғат – адам тәрбиешісі. Оның құрамдас бөлігі болып саналатын өсімдіктер мен жануарлар әлемі биік таулар мен сарқыраған өзендер, кең дала барлығы да адам баласына ой салып, денесіне қуат, бойына күш, көңіліне шабыт беретін. Жастарды экологиялық білім мен қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу, жалпы тұлғаның ой өрісін дамытудағы педагогикалық бағыттардың бірі болып саналады [1].

Адамзат баласына экологиялық білім мен тәрбие берудің маңыздылығы IX-XV ғ.ғ Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи, М.Қашқари, С.Бақырғани  тағы басқа шығыс  ғұламаларының тіл, этика, психология, метафизика, тағы басқада ғылымдары жайлы жазбаларында көрініс тапқан. Сонымен қатар халқымыздың ұлы ағартушы ғалымдары, ақын, жазушылары Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, М.Дулатов, Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев еңбектерінде де табиғатқа деген сүйіспеншілік көшпенді елдің өмірімен ұлттық әдет-ғұрыптарымен тығыз байланыстырылып берілген. Біздің тәрбиеміз сол салт-дәстүрден, ананың ақ сүтінен, әлдилеген, ұлылардың  ұлағатты сөздерінен бастау алады:

Әл-Фараби: «Тиянақты білім аламын десең, табиғаттың ұлы кітабын оқы», - деген табиғаттың құдіреттілігін білдіретін сөзі бүгінгі күнге дейін мәнін сақтап келеді.

М.Жұмабаев: «Табиғат – адам баласын дүниеге келтіріп, бойындағы бар махаббат мейірі мен шұғылалы шуағын жүрегімізге ұялатқан ана» деп табиғат – ана жайлы  өзінің терең толғанысын білдіреді.

А.Байтұрсынов: «Біздің көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі-не табиғат ісінен шыққан  жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе».. дей келе, өзімізді қоршаған ортадағы тіршілікті сақтау адам баласының қолында екендігін ескереді.

Ш.Уәлиханов: «О, Табиғат! Өзіңіз айтыңызшы, тіршілікте одан  ғажап, одан құпия не бар?» деген сөздері табиғат сұлулығына, кереметтілігіне және оның түсінікті – түсініксіз жұмбақ құбылыстарына таңданысын байқатады.

А.Құнанбаев: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз» деп өскелең ұрпаққа өзін қоршаған айналасындағы әрбір жақсы игілікті әрекетке жауапкершілікпен қарап, оның қарымын қайтаруды ұмытпауды, онымен үнемі санасудың қажеттілігін міндеттейді [2].

Жас ұрпақта өмір тәжірибесі, мейірбандық, жауапкершілік, табандылық осы  табиғаттың сұлулығы, пәктігі арқылы қалыптасуы шарт. Сондықтан да ата-бабаларымыз өз ұрпақтарына халқымыздың салт-дәстүрін, өмірге қажетті біліктер мен дағдыларын мұра етіп қалдырғанда, олардың бойында туған жерге, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік сезімді тәрбиелеу  мұратын көздеген. Демек, табиғатқа жанашыр болу адамзаттың өз келешегіне, болашағына жанашырлық жасауы. 

Халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі және оның көзінің қарашығындай сақтап келуі жайында ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық дана ұғымдар, мақал-мәтелдер, нақыл сөз, аңыз, әңгімелер арқылы жетіп отырған. Сондықтан әрбір ұстаз, әрбір тәрбиеші өзінің күнделікті жұмысында халықтық педагогиканың асыл маржанына үнемі көңіл бөліп, оны тиімді пайдалана білуі тиіс.

Бүгінгі жер тағдыры – ел тағдыры болып отырған кезде, табиғатта болып жатқан дағдарыстан туған зардаптар әбден асқынған уақытта, біз өзіміз қаласақ та, қаламасақ та ата-бабаларымыздың атамекен, туған жер топырағы туралы түсініктеріне, таным-талғамдарына ой жүгіртеріміз сөзсіз. Халқымыз қасиетті, қастерлі жер-суларды «Әулие бұлақ, әулие ағаш», дегендей құрметтеп, қорғап, көздің қарашығындай сақтай білген, әсіресе, «Бұлақ көрсең көзін аш», «Сусын ішкен құдыққа түкірме» сияқты ұлағатты сөздер немесе «Қаратауларың бұзылмасын, саялы ағашың сынбасын, қанаттарың қайырылмасын» – деген туған жерін, елін, табиғатын аялау жайлы орны ерекше. Халық даналығы балабақшадан бастау алып, табиғат туралы өнегелі, ұлағатты аталы сөздер, жыр-аңыздар айтыстарда айтылған ойлы пікірлер, қысқа айтқанда халықтың рухани мол мұраларын жастарға экологиялық тәрбие берумен экологиялық мәдениеттерін тәрбиелеуде тұғырлы негіз болады. [3].

Болашақ ұстаздарға экологиялық білім беруде белгілі педагогтар, ғалым-әдіскерлер В.П.Вахтеров, Е.Н.Водовозов, Д.Н.Тихомиров, т.б. табиғат жайлы білім берумен қатар, табиғи құбылыстарды сезіне білуге, өзіндік ерекшеліктерін ажыратып қорытынды  жасауға үйреті, сөйтіп олардың бақылампаздық әдет-дағдыларын, іс-әрекеттерін ұйымдастыруда мұғалімдердің басшы рольдерін анықтап берген еді.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы – отызыншы жылдары табиғатты қорғау, аялау, сақтау қажеттіліктерін жастардың бойына сіңіру жолдарын, онымен қарым-қатынас жасау қажеттілігін баса айтқан кеңес мемлекетінің педагогтары  бұл мәселеге ерекше көңіл бөлді. Мысалы, Н.К.Крупская мектептерге оқу бағдарламаларын құрғанда жаратылыстану пәндерінің кейбір мазмұндары қоршаған табиғатты дұрыс түсінуге негіз қаланатын оқулықтар жазу керектігін және мұғалімдерге ақыл-кеңес бергенде оқушылардың өмір  тәжірибелерін ескеруді талап еткен.

Отызыншы жылдары биология, география пәндерінің оқу бағдарламаларына табиғат қорғау жайлы білімдерді кеңес мемлекетінің оқу жүйесіне енгізу тарихында, экологиялық білім мен тәрбие беру ісіндегі алғашқы жұмыстары мектеп оқу-тәрбие үрдісінің бір қадам алға жылжуы деп есептейміз. Сол жылдары табиғатты қорғау түсініктерін қалыптастыру, табиғатты қорғауға тәрбиелеу идеяларын П.В.Островский, П.Ф.Каптерев, М.М.Рыбников,  т.б. өз еңбектерінде кеңінен өрбітті.

Сонымен, өмірдің өзі көрсеткендей білім беру жүйесінде «Табиғатты қорғау шаралары» біртін-біртін «Табиғатты қорғауға» байланысты жұмыстармен сабақтасып, алдымен білім берудің керектігін, содан кейін табиғат қорғау тәжірибелерін дамыту істерімен ұштастыруды талап етті [4].

Ал, 1950-60 жылдар аралықтарында экологиялық білім беру табиғат қорғауға тәрбиелеу мәселесінің құрамында қарастырылады.

Алпысыншы жылдардың соңында Кеңес мектептерінде жаңа бағдарламалар негізінде оқулықтар жазылып, «Табиғатты қорғау шаралары», «Табиғатты қорғау жөніндегі білім беру туралы ұғымдар» енгізілген болатын. Бірақ, жаңа оқулықтар мен бағдарламалар мазмұндарындағы айтылып отырылған ұғымдар, түсініктер адам және қоғамның табиғатпен қарым-қатынастары жайлы беретін мағлұматтар байланыссыз, жүйесіз беріле бастады.

Әрине, ондай экологиялық білімдер қазіргі өмір талабына сәйкес емес, ғылыми негізде құрылмаған еді. Солай болса да, мектеп практикасында экологиялық тәрбиенің қажеттілігі жайлы Ресей педагогы В.А.Сухомлинский  балалардың бойында табиғатқа сүйіспеншілік сезімін дамытуды ешнәрсеге айырбастуға болмайтынын тәрбиенің негізі деп есептеген. «Табиғат, жер табиғаты – бұл жәй кішкентай өсетін және жер бетінде алғаш қадамдарын жасайтын орта ғана емес, он мыңдаған өте жіңішке тамырлары қуат алып, шырынын бұтақтары мен жапырақтарына тарататын құдіретті адам – ағаштың өркен  жаятын ортасы» – деп эмоциялық  тұрғыдан анықтама берген.

Жоғарыда айтылып кеткен ұлы ағартушылар мен педагог-ғалымдардың табиғатты қорғау, оған деген жанашырлық сипаттағы наным-сенімдерін қалыптастыру мәселелері Кеңес үкіметі кезеңінде бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналмаған болатын. Сонда да болса олар, табиғат арқылы жасөспірімдердің табиғатты қорғау, аялау, соның барысында ішкі жан сұлулығын дамыту, ізгілікті ұлтжандылық ниеттерін қалыптастыру мақсат міндеттерін көкейтесті мәселе ретінде қоя білді.

 Табиғат қорғау және оның ресурстарын тиімді пайдалану көп аспектілі (тарихи, саяси, әлеуметтік-экономикалық, медициналық және т.б.). солардың ішіндегі ең маңыздысы- педагогикалық аспекті. Алғаш рет ғылыми әдебиетттерде табиғат қорғауды педагогикалық проблема деп көрсеткен профессор В.Н.Скалон «Гүлденген, бай табиғат – арман емес, бұл шындық, бірақ оны сақтау көбіне бізге, біздің балаларымызды тәрбиелеу іскерлігімізге байланысты» – деген болатын. Сол сияқты «Баланы жастайынан тірі затты аяушылыққа дағдыландыру керек, мейлі, ол жануар болсын, мейлі ол өсімдік болсын»,– деген еді. Ғалымның бұл ойы К.Н.Благосклоновтың, Н.А.Гладковтың, А.Н.Захлебныйдың, А.Н.Зверевтің, Б.П.Иоганзеннің, И.С.Матрусовтың, Е.С.Салестинаның, И.Т.Суравегинаның еңбектерінде тереңінен жалғасын табады. XX ғасырдың 70 жылдардың басы студенттерге экологиялық білім берудің жаңа әдістерін ұйымдастырудың кезеңі болды. Осы кезеңге дейін, Е.С.Салестинаның көрсетуі бойынша: мұғалімдерді даярлаудағы экологиялық білім беру жүйесі көп жылдар бойы эмпирикалық сипат алып келді. Студенттерге экологиялық білім арнайы курстарда, арнайы семинарларда, факультативтерде оқу процесінде беріледі [5].

Тек, 1970 жылы бұрын кеңес одағының жоғарғы оқу орындарында биология-химия және жаратылыстану-география факульттерінде «Табиғат қорғау» лекциялық курсы енгізілді. Студенттерді табиғат қорғауға даярлау туралы Еуропаның табиғат қорғау ағарту саласының жұмысшылар конференциясы мынандай қоырындыға келді: «Мұғалімдерді даярлау қоршаған орта туралы ағарту бағдарламасының негізгі аспектісі екенін мойындаймыз және мынадай ұсыныстар ұсынамыз», олар:

1)        Мұғалімдердің даярлау өзінің бағдарламасына экологиялық негізгі түсініктері және мұғалімдерге әлеумет және оның адам экологиясымен байланысы туралы білімді жеткілікті түрде беруді енгізу.

2)        Мұғалімдердің оқушыларға қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастырудың дағдыларын игеруі.

3)        Қоршаған ортаны сақтау мұғалімдерді даярлаудың негізгі аспектісі болып табылады және ЖОО алынған білім одан әрі профессоналдық іс-әрекеттерінде жалғасын табуы.

4)        Барлық болашақ мұғалімдердің педагогикалық әдістерді қолдана және бағалай білуі болып табылады.

Экологиялық білім мен тәрбие берудің кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның теориялық негізін талдауда И.Д.Зверев (1974), А.Н.Захлебный (1981) табиғат қорғау туралы білім берудің мақсат-міндеттерін анықтаса, жалпы орта білім беретін мектептердегі биология, география, табиғаттану пәндерінің С.Матрусов (1976), Л.П.Саллево (1978), И.Т.Суравегина (1980) табиғат қорғаудан білім беру ерекшеліктері мен құрылымын сараласа, география пәні арқылы экологиялық білім берудің әдісі мен түрін Н.Н.Родзевич (1994) т.б. қарастырды. Сондай-ақ, болашақ мұғалімдерді таиғат қорғауға даярлаудың негізгі міндеттерін И.Д.Зверев қалыптастырды. Ол педагогикалық жоғары оқу орыны студенттерінің азаматтық парыз туралы санасы мен сезімін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау- жалпы мемлекеттік іс екенін, халықаралық маңыз алатындығын айқын түсінісуі, мұғалім – оқушылардың «табиғатты қорғау» адам пайдасы үшін керек деген сенімін қалыптастыру, екенін айта келіп: «Болашақ мұғалімдерді табиғат сүюші және қорғаушы, оны сақтау үшін күресуші және оның байлығын көбейтуші ретінде тәрбиелеу» деп көрсетеді. Болашақ мұғалімдердің оқушыларға экологиялық тәрбие беру ісінің білімі, іскерлігі мен дағдыларын меңгеруін талап етті [4,5].

Е.С.Салестина  болашақ мұғалімдерді оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беру ісіне даярлауда қоғамдық-саяси, аранйы және психологиялық-педагогикалық даярлаудың бірлігін анықтады.

Ендігі бір еңбектерінде, табиғат қорғауда білім берудің негізгі принциптері мен формаларын Б.Г.Иоганзен, Н.А.Рыков зерттеп келген. Б.Г.Иоганзен психологияның классикалық жағдайына сүйене отырып,  адам іс-әрекеті мотив, мақсат және амал-тәсілдермен іске асады және осының негізінде студенттерді экологиялық даярлауда оқытудың құндылық-себеп тәсілінің негізін қалады. Оның зерттеуіне сай, мұғалімдердің экологиялық квалификациясы табиғат қорғау мотивтерін басқару іскерлігімен анықталады. Олар: гуманистік, эстетикалық, ғылыми-танымдық, экономикалық.

Ал, мұғалімдер  іс-әрекетінің қызықты профессиограммасын Н.А.Рыков пен А.И.Щербаков дайындады. Оның негізінде педагогикалық әрекеттердің жетекші функциялары – информациялық, дамытушылық, ұйымдастырушылық, зерттеушілік өзара байланысқан бірыңғай құрылым болашақ мұғалімдерді экологиялық даярлауда пайдаланылады.

В.Е.Янушевский: «мұғалімдер квалификациясы табиғат қорғау облысындағы қоғамдық – саяси және профессоналды-педагогикалық белсенділіктермен сипатталады» – дей келіп, студенттерге экологиялық үздіксіз білім берудің схемасын көрсетті.

Студенттерге экологиялық және табиғат қорғау туралы білім берудің ең келісімді жолдары Я.И.Рабаевтің зерттеулерінде ашылады. Ол болашақ мұғалімдерді табиғат қорғауға даярлаудың маңызды компоненттерін төмендегідей анықтайды: а) студенттердің қоғамдық идеологиялық аспектілерін меңгеру; б) жаратылыстану пәндерін оқу барысында табиғат қорғаудың ғылыми негіздері мен практикалық дағдыларын меңгеру; в) студенттерді табиғат қорғауға даярлауда оқытылатын арнайы курстардың тереңдетілуі, жүйелілігі және интеграциялау; г) студенттердің қоғамдық табиғат қорғау қызметтері; д) табиғат қорғау саласындағы зерттеу жұмыстары және табиғат қорғау туралы білім [5].

М.Д.Зверев, И.Т.Суравегина, А.Н.Захлебный, Т.В.Кучер, М.Н.Сарыбеков және басқалары экологиялық білім беру мәселесін жеке пән ретінде оқытуды оқушыларға берілетін білімдер мектепте бірдей шешілуі мүмкін емес, қайта интегралды түрде пәнаралық байлныстарды ғана біршама алда тұрған міндеттерді іске асыруға болады деп есептейді. Яғни, әр түрлі пәндерді оқытуда табиғатты қорғауға қатысты көзқарасты, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың мүмкіндіктерін ашуға талпынады.

Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие берудің жолдары, мүмкіндіктері және пәндер бойынша зерттелгенін айта кету керек. Мысалы, табиғаттанудан – Е.Д.Гринева (1983), М.Н.Сарыбеков (1984), химиядан – В.М.Назаренко (1985), физикадан – Н.М.Масиков (1988), географиядан – Э.А.Тұрдықұлов (1982), М.К.Хакимов (1987), Т.В.Кучер (1990), биологиядан – И.Т.Суравегина (1986), Г.Қарамергенов (1980), қазақ тілі мен әдебиетінен – О.Таныбаев (1992), орыс әдебиетінен – В.С.Санкеевич (1993), сабақтан тыс жұмыстарда (1997) т.б. экологиялық білім берудің ғылыми-әдістемелік жолдарын, мазмұндарын, мүмкіндіктерін  зерделеген.

Мәселен, жекелеген ғалымдардың пікірлерін саралсақ, И.Д.Зверев экологиялық білім мен тәрбие беруде ғылыми білімдер беру арқылы көзқарастарын, сана сезімдерін тәрбиелеп, табиға ортаға деген сүйіспеншілік, жауапкершілік қатынастарын қалыптастыру мақсатын ашады.

Ал, А.Н.Захлебный, И.Т.Суравегина әрбір жастың санасына, мінез-құлқына экологиялық мәдениетті қалыптастыру, соныі негізінде құқық нормалары мен моральдық ұстанымдарды сақтай білуге үйрету міндетін қояды [6].

Ойымызды түйіндей келсек, ғалым-педагогтар мен ғалым-әдіскерлер экологиялық білім мен тәрбие берудің мәнін ашқанда,  табиғатқа саналы қарым-қатынас жасап, оны қорғайтын, табиғи қорды тиімді пайдаланып, Отанын, елін сүйетін жастарды адамгершілікті-эстетикалық, эмоциялық-моральдық тұрғыдан тәрбиелеуді мақсат етіп, орта мектептердің оқу-тәрбие үрдісі мазмұнын және болашақ мұғалімдерді экологиялық білім беруде жоғарыда аталған дағдыларға оқушыларды тәрбиелеуге дайындауды ұдайы жетілдіріп, ұйымдастыруды талап етеді.

Жоғарыда талдаған экологиялық білім мен тәрбие берудің мәселелеріне арналған педагогикалық және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді, диссертацияларды талдау жасаған қорытындымыз экологиялық білім мен тәрбие беру балабақшадан бастап орта мектептерде, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында жалғастыру керектігін өмір көрсетіп отыр.

Қазіргі педагогикалық теорияда экологиялық білім мен тәрбие берудің ғылыми негізін, мақсаттары мен міндеттерін, принциптерін толық, әрі тұтас анықтауға зерттеушілер ұмтылады.

Педагогикалық әдебиеттерде экологиялық білімді қалыптастырудың мазмұнын айқындауға және орта білім беру мектептерінде қай сыныптан бастап және оқушыларға экологиялық білім қалыптасуы болашақ мұғалімдерді даярлауға экологиялық материалдарды басымырақ беру керектігі жайлы мәселелер толық шешімін таппаған.

Психологиялық – педагогикалық әдебиеттермен таныса және талдай отырып, экологиялық білімнің қалыптасуының мақсаты – балаларды айналадағы табиғи ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрету екенін анықтадық.

Педагогикалық тұрғыдан алғанда “жауапкершілікпен қарау” ұғымына жататындар:

а) табиғи ортада адамның өзін қалай ұстауы керектігін түсіну;

б) табиғатты халық қазынасы екендігін сезіну;

в) табиғатқа тигізетін өз әрекетінің салдарын көре білу;

г) табиғатпен қарым-қатынасын жаратылыстану және ізеттілік білім тұрғысынан негіздеп алатындығын түсіну қажет.

Сонымен, экологиялық білімінің қалыптастыруының әдіснамасын және теориялық жағынан зерттелу жәйін қарастырудан туындаған тұжырым экологиялық білімді қалыптастыруда келесі басты ұстанымдарды ескеру қажет. Олар:

1)                       экологиялық оқу материалдарын оқытуды бір жүйелілікпен үздіксіз жүргізу.

2)                       оқу үрдісінде экологиялық білімді қалыптастыруда пәнаралық байланыстардың болуы.

3)                       экологиялық оқу материалдары әлемдік, ұлттық және өлкелік өзіндік мәселелерін айқындап, оны ұғындырып түсіндіруден өзара байланыстылығын ашу.

4)                       жастардың қоршаған табиғи ортаны танып білуде және оны қорғауда, аялауда, көркейтуде интеллектуалдық және еріктілік-эмоциялық тұрғыдан жасайтын іс-әрекеттері мен қызметтері біртұтастылықпен бір-бірімен ұштасуы тиіс [7].

 

 

Резюме

            В данной статье  изучена история формирования элементов экологического образования. Наряду с этим раскрыты основные аспекты экологического образования. Приводятся данные об основных элементах экологического воспитания, показано взаимосвязь изучения истории формирования элементов экообразования.

 

 

Summary

This paper studied the history of the formation of the elements of environmental education. In addition, the disclosed key aspects of environmental education. The data about the basic elements of environmental education, the study shows the relationship history of the formation of elements of environmental education.

 

 

 

Әдебиеттер тізімі

 

1.            Дерябо С. Д Ясвин В.А Экологическая педагогика и психология.  Ростов-на Дону, 1996ж.  306 б

2.            Керімбаева Р. Оқушының дүниетанымын қалыптастыру - //Бастауыш мектеп 2005, №4- 29 бет

3.            Жорабекова А.С. Экологиялық тәрбие-туған өлкені сүюге баулу// Білім-2002.-№3-165 б

4.            Назарова Н.С. Охрана окружающей среды и экологическое воспитание школьников. М, 1989г

5.            А.Саттарбекқызы.  Бастауыш сынып оқушыларына этнопедагогика негізінде экологиялық білім беру. Педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Қызылорда, 2012

6.            Ю. К. Бабанский, М М Поталиник. Педагогиқалық процесті оптималдандыру: сұрақтар мен жауаптар.Киев, Радянская школа, 1984 286б

7.            Сарманов К, Перкас Н.К. Экологиялық білім беру бағдарламасы // Қазақстан мектебі-1993-№8-170б