Сакабай Т.К. тарих магистрі

 

Қазақстан Республикасы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, тарих факультеті  

 

Ә.Бөкейханов және ХХ ғасырдың басындағы халыққа білім беру мәселесі

 

 

ХХ ғасырдың басындағы өзіндік орны бар, қазақ зиялы қауым өкілдерінің жарқын өкілдерінің бірі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов болып табылады.  Ол мемлекет қайраткері ретінде сол кезеңдегі қоғамдағы өзекті мәселелерді баспасөз беттерінде көтеріп, оларды шешу жолдарын көрсетіп отырды.  Сол кезеңдегі қоғамдағы кезек күттірмес мәселелердің бірі халыққа білім беру мәселесі де Ә. Бөкейхановтың назарынан тыс қалмады.  

Халыққа білім беру саласына Әлихан Бөкейхановтың ішінара болса да араласуы заңды құбылыс еді. Осы жылдардағы күрделі мәселелердің бірі оқулықтар жазу болатын. Оқулықтар жазу ісіне мекемедегі зиялылар ғана емес, сырттан шақырылғандар да қатысты. Мысалы, 1921 жылы 2 қыркүйектегі Коллегия мәжілісі көрсеткендей, Чулошниковтың хрестоматиясына Ә. Бөкейханов пікір жазды.  

Әлихан Бекейханов халық ағарту мәселесін баспасөз бетінде көтеруге «Жаңа мектеп» журналы арқылы қатысты. «Жаңа мектеп» журналы 1925 жылы ашылды. Журнал беттерінде қазақ зиялыларының ағарту ісін реформалау мектеп ісін қайта құру, Қазақстанда оқу ісін дамыту сияқты көтерген мәселелері жарық көрді.

Әлихан Бөкейханов Кеңес өкіметінің ағарту саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қызу қолдап, Халық Ағарту Комиссариатының оқу ісіндегі қызметіне араласып отырды. Автор Қазақстанда оқу-білімнің дамып келе жатқанын, қазақша жаңа жазылған кітаптардан, қазақша оқытудан,  еңбек мектептері мен баулу мектептерінің ашылуынан, жаңа бағдарламалардың енгізілуінен көрінетінін жазады. Ә.Бөкейханов Қазақстан орыс елімен салыстырғанда артта қалғанын, бұл өлкеде көшіп-қонған ел, мектеп пен мектептің арасы айшылық жол, қатынас құрал жоқтығын, баспасөз аздығын, оқу-білім мәселесінің болмауын, оқу мекемелерінің нұсқау қағаздарының мектептерге әлденеше айда әрең жететінін сынап, былай: «Сондықтан, бұл күйде қалуға болмайды, оны тарих көтермейді. Сол үшін Халық Ағарту Комиссариатымен оқушыларға шара іздеп, осы журналды шығармақшы» деп жазады[1, 1-6]. Әрі қарай Ә. Бөкейханов: «Жаңа мектептің» мақсаты пәлсапа соғу емес, қазақ мектебіне араласу, қазақ оқытушысының мектептегі күнбе-күндік жұмысына жәрдемші болу, оқытушылармен жүкті бірге көтеру. «Жаңа мектептің» пайдасы: барлық оқу мәселесі, оқу, мектептегі оқу бағдарламасы, оқытушының қал-жайы сөз болатындығында» [2] деп, журналдың болашақтағы жұмыс бағытын көрсетіп береді. Осы  сөздері  арқылы құр бос сөзді қойып  қазақ халқын білім алуға, мәдениетке шақырады.  Ә. Бөкейхановтың мақаласымен журналдың ашылуы қазақ зиялыларының жинақталуына игі әсер етіп,  «Жаңа мектеп» журналының көпшілік басылымға айналуына себепші болды.

1926 жылғы «Жаңа мектеп» журналының нөмірлері Ә. Бөкейхановтың ескертпелерінен қорытынды шығарып, жалпылай емес, тікелей оқытушыларға, педагогикалық мәселелерге арналған мақалалар шығара бастады.

Сонымен қатар журнал бетінде Әлихан Бөкейханов жалпы міндетті бастауыш оқу туралы былай деп: «бастауыш мектептердің 3, 4-жылдарындағы баланы дұрыстап оқытып, дұрыстап тәрбие беретін ысылған қазақ мектептері жеткіліксіз, сондықтан төрт жылдықты бітірген қазақ балалары жеті жылдық мектепке, жеті жылдықты бітіргендер техникумдарға еніп келеді, бұларды жалғастырамыз деп техникумдар жанынан түрлі даярлық бөлімдері, курстар ашылып, жалпы Кеңестер Одағында жоқ, әдістерді қолдануда» жазады [3].   Сонымен қатар осы мақаласында үкіметтің ағарту жұмысына бөліп отырған қаражатын нақты мәліметтер арқылы  дәлелдеп, аз екендігін көрсетеді. 1926 жылы жергілікті қазынадан Қазақстанның әрбір адамына ағарту жұмысына 1 сом 35 тиын жұмсалған, ал РСФСР-да жан басына шаққанда орта есеппен 2 сом 60 тиын, үй салуға жұмсалған қаржыны есептегенде бастауыш мектептің әрбір оқушысына 18 сом 55 тиын, РСФСР-дың әрбір оқушысына 20 сом 75 тиын құраған. Ә. Бөкейханов Қазақстанда жергілікті халықтың 20 пайызы, орыс балаларының 55 пайызы оқытылып отырғанын айтып, Қазақстанда жалпы міндетті бастауыш оқуды жүргізу қиынға соғатынын көрсетті [4].

Сол жылдардағы республикадағы ең үлкен газеттердің бірі «Еңбекші қазақ» газеті де  Әлихан Нұрмұхамедұлының ағарту саласы бойынша мақалаларын жариялап тұрды.  Ә. Бөкейханов Кеңес мектебінің патша кезіндегі мектептерден өзгере қоймағаннын, ал Орынбордағы Халық Ағарту Комиссариатының қызметкерлері ісінің жағдайын дұрыс жаза алмайтындықтарын сынады. Ә. Бөкейхановтың есептеуінше, сол кездегі оқу жұмысына арналған ақы былай реттелген: «жұмыс ақыға - 52 пайыз, балалар тамағына- 26 пайыз, киімге- 10 пайыз, мектеп үйін ондауға- 0,9  [5]. Автор алдымен мектеп үйлерін жөндеуді өзекті мәселе етіп алуды, Халық Ағарту Комиссариатының міндетінде үш үлкен жұмыс барлығын, олар: «мектеп үйлерін жөндеу, оқуға керек кұралдарды табу, мектепте қай тілде оқитынын белгілеу» деген шешімге келді. Бұл мәселелерді шешуде Ә. Бөкейханов мынадай ұсыныстар жасады:

«Алғашқы мәселе, біздің қазіргі халіміздегі ең ауыр, ең қиын мәселеміз. Балалар жерде отырып, жерде жазады, әйнектің шынысы жоқ есіктің тақтайы жоқ, жағатын пеші жоқ. Бүйтіп көрінген қазақтың үйін мектеп кыла берсек, әрине, біз халық ағарту жұмысында алға кете алмаймыз. Мектепте тәрбиелеудің орнына, біз одан балалардың көбін ауру етіп шығаруымыз мүмкін. Сондықтан бұл жұмыс біздің өте ескеретін мәселелеріміздің бірі. Осы күнгі жалпы Кеңестер Одағында өкімет те, Қазақстан мектебі де осыған  назар салғалы отыр. Бірақ үнемі өкіметке ауырлықты арта бермей, бір жағынан, елдің өзі де бұл іске кірісуі керек. Әсіресе біздің ауылда отырған мұғалімдеріміз бұл туралы қолдан келген жәрдемді аямай, елге түсіндіруді өзінің адамшылық борышының бірі деп санауы керек. Екінші мәселе, оқитын кұрал даярлау керек, осы күнге дейін біз бұл мәселе туралы анық, ашық жолға түскеміз жоқ. Бастауыш мектептің керек-жарағын бітірмей жатып үлкен дәрежелі орындарда оқитын алгебра, тригонометрия  кітаптарды шығарғалы отырмыз. Орта дәрежелі мектептерге қандай оқу құралы керек, оның қаншасы даяр, қаншасы жетіспейді. Бұл туралы біздің мағлұматымыз өте нашар. Сонымен  сол мәселені түбінен қопарып, қайта шешу керек. Ең әуелі дұрыстап жалпы нысананы қағып алып, содан кейін қалай жүретінімізді белгілеу керек. Менің ойымша, қазіргі мәдени күшімізге қарағанда бүкіл мектепке /бастауыш, орта, бас мектеп/ оқу құралын бір аз уақытта қылып  шығарамыз деу үлкен қате нәрсе, бұл қолымыздан келмейтін құрғақ қиял. Бұл қиялды әзірге тастай тұру керек. Біздің бүгінге қоятын жоспарымыз тек бастауыш мектептерге ғана оқу құралдарын даярлау. Бұдан әрі күште, қаражат та жетпейді. Оссыны бір бітіріп алып, әрі қарай аяңдау керек. Оған дейін күшті бөлмей, бір жерге салу керек. Үшінші біздің мәселеміз— тіл туралы. Бұл мәселе тегінде біраз таласқа түспей болмайды. Соңғы жылдар тәжірибесі қазақ тілі кейбір мектептерде пайдасы болмай шыққанын көрсетіп отыр. Бұлай болудың себебі: ең әуелі қазақ тілінде дұрыс оқу құралы жоқ. Қазақша оқыта білетін ірі білімді адамдар кем. Оның бер жағында өнер-білім алу үшін жалғыз оқу құралы тағы да қанағаттандырмайды. Мысалы, физика туралы бір ғана оқу кұралы болса, ол физиканы зерттеп білу үшін, оқушыға тағы да қосымша әдебиет керек. Жаратылыстың бар күмәнін бір ғана кітаппен зерттеп-білу үшін адам мүмкіншілігі жоқ. Бүл мәселе талқыға түсіп, бір пікірге қосылғанша, біздің әзірге айтатынымыз мынау: қазақша тіл бастауыш мектепте ғана болсын, ондағы сабақтың кем дегенде төрттен бірі орыс тілі болсын. Орта дәрежелі, одан ілгері мектептердің бәрінде орысша оқытылсын» [6, 63].

Осылайша, Ә. Бөкейханов халық ағарту ісінің өзекті мәселелерін талдап, ұлт мектебін бірінші ауылда жасау керектігін, содан соң ғана қалаға әкеле алатындығын көрсетті.

Ә. Бөкейханов Кеңес мектебінің бағдарламасын талдап, былай: «Бұрынғы кеңес мектеп бағдарламасының білімге көзқарасы – педагогикалық көзқарас, ілімнің негізі – затшылдық, әр нәрсеге, әр құбылысқа айқын кірісу», – деп сынап, «өзінің тәрбиешілдік жұмысын орындаған жоқ, әлі жеткен жоқ, кемшілігі көп» деп баға береді [7].

«Еңбекші қазақ» газеті бетінде көрсетілген өзекті мәселелердің бірі – университет ашылуы. Бұл туралы Ә. Бөкейхановтың жазған ірі мақаласы шықты.

Ә Бөкейханов университетті үш факультетпен ашуды ұсынды, олар: педагогикалық, ауылшаруашылық, дәрігерлік. «Педагогикалық факультетті ашу арқылы, – дейді ол, — оқыту әдісі әрі оқу құралдарын жазатын оқытушыларды даярлайды. Ал, ауылшаруашылық мамандары Қазақстанның мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын көтеру үшін, дәрігерлік факультет Қазақстандағы жұқпалы ауру көптігінен мамандар даярлау үшін» [8]. Алайда, Ә. Бөкейханов дәрігерлік факультетті ашуға Қазақстанның шамасы жетпейтіндігін айтты. Тағы бір мәселе – оқыту тілін айта кетіп, Ә.Бөкейханов екі түрлі пікірді көрсетті: біріншісі– орыс тілінде,  екіншісі – казақ тілінде оқытуды қолдаушылар. Бұл мәселеде Ә. Бөкейханов Халық Ағарту Комиссариатының оқуды қазақ тіліне көшіре беруді жүзеге асыруын қолдайды. Оған жету үшін қазақ тілінде кітаптар, қазақ жастарынан профессорлар даярлау, қазақша оқуға мүмкін пәндерді қазақша оқыту шараларын жүргізу көзделді. Автор университеттегі қаржыландыру ісін жолға қою үшін қор ұйымдастыру, оны мемлекет қолдауын сыртқары әр түрлі шаруашылық мекемелерден салық алу арқылы іске асыру жолын ұсынады. Сонымен қатар университетке студенттер даярлау үшін орта дәрежелі мектептерді күшейту керектігін көрсетті [9].

1930 жылдан бастап кеңестік мерзімді басылымда ұлттық-демократиялық зиялылардың мақалаларын жариялауға тыйым салынды. Бұған, әрине, 1929-1931 жылдардағы репрессия әсер еткен болатын.

Репрессиядан соң, елге қайтып оралған кезде, кеңес зиялылары алаштықтарды қолдап, жұмысқа алуға тырысты. 1935 жылы оқулықтар мәселесін жедел шешу үшін Мемлекеттік терминологиялық комиссияның төрағасы профессор Ә. Ермеков пен Ә. Бөкейхановты қызметке шақырды. Олардың бірігіп шығарған еңбегі 1935 жылы сәуірде терминологиялық комиссияның сессиясында талқыланып, бюллетеньде жарияланды.

Қорыта айтқанда, жоғарыда көрсетілген еңбектерге сүйене отырып, Ә. Бөкейханов тек қана ХХ ғасыр басындағы саяси өмірге қатысып қана қоймай, сонымен қатар ағарту мәслесіне де көп көңіл бөлгендігін оның шығарған оқулықтарынан, баспасөз беттерінде жариялаған мақалаларында көтерген проблемалардан көруге болады. Әлихан Нұрмұхамедұлының ағартушылықты дамытуға үлкен роль атқарды деп айтуға толық негіз бар деп ойлаймыз.

 

Әдебиеттер:

1.     Бөкейханов Ә. «Жаңа мектепті» шығару неге керек болды?//Жаңа мектеп.-1925.-1-6 бб.

2.     бұл да сонда

3.     Бөкейханов Ә. Қазақстандағы жалпы міндетті оқу жүргізу мәселесі// Жаңа мектеп-1929.-10. -18-21- б.

4.     бұл да сонда

5.     Бөкейханов Ә. Алдымен мектеп керек// Еңбекші қазақ-№3

6.     Бейсенбекова Н.А., Сақтағанова З.Ғ., Шотбақова Л.Қ.  және т.б. Сарыарқаның ұлы азаматтары (ХХ ғасырдың басы). – Қарағанды, 2008- 438б

7.     Бөкейханов Ә. Кеңес мектебінің негізі// Еңбекші қазақ.- 1927. - №10.

8.     Бөкейханов Ә. Қазақстанда университет ашу мәселесі// Еңбекші қазақ- 1929. - №10.

9.     бұл да сонда