п.ғ.к.Даутова З.С., п.ғ.к. Тантыбаева Б.С.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемелекттік университеті

БОЛАШАҚ ХИМИЯ  МҰҒАЛІМІ  МАМАНДЫҒЫ СТУДЕНТТЕРІНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ КЕЙБІР АСПЕКТІЛЕРІ

 

 Оқу-тәрбие процесін жетілдіру жеке тұлғаны жан-жақты тәрбиелеуде студенттің әр түрлі әрекетінің үйлесуіне негізделеді. Болашақ химия мұғалімдерін әзірлеуде оқу-тәрбие жұмысын студент бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағыттау   бүгінгі күн талабынан туындап отырған мәселенің бірі.

Экологиялық білім беру бағытында экология ғылымында жаңа ұғымдар мен түсініктер қалыптасты. Олардың негізгілері: "экологиялық білім", "экологиялық сауаттылық", "экологиялық мәдениет", "экологиялық этика", т.б.

Экологиялық ұғымдардың мәнін әрбір студент білуі тиіс. Ұғымдарды түсіну олардың табиғатқа деген көзқарасын қалыптастырып, экология ғылымын меңгеруге жол ашады және пәнге деген көзқарасын қалыптастырып, оған деген қызығуды арттырады.

Экологиялық сана-адамның табиғатқа көзқарасының, білімінің, сенімінің және дағдысының жиынтығы болса, ал экологиялық ойлау-табиғаттағы болып жатқан өзгерістерге ғылыми негізде баға беру, оның себептерін ашу және терең түсіну. Жауапкершілікпен ойлау арқылы адам баласы табиғат апаттарына жол бермейді.[1].

Экологиялық сауаттылық-экологиялық білімді игере отырып, табиғат қорларын тиімді пайдалануға жол ашатын болса, ал экологиялық этика-үйде, табиғатта адамның өзін-өзі ұстай білуін, мінез-құлық дағдыларын қатаң сақтауды қалыптастырады. Олар жоғарыдағы ұғымдардың негізінде қалыптасады.

Экологиялық мәдениет-экологиялық білім мен тәрбиенің жемісін көру, адамның жоғарыдағы экологиялық ұғымдарды түсіну мен ұғу деңгейінің өміршеңдігін көрсетеді.

  Экологиялық мәдениетті адам табиғат пен қоғамның жасын заңдылықтарын сезініп, қоғам тарихы табиғат тарихының салдары екенін біледі. Мұндай адам табиғатты анасындай аялап, өзінің туған үйіндей көреді.

Экологиялық мәдениеттің қалыптасуының негізгі шарты болып, адамның табиғатпен қарым - қатынасының социологиялық бейнеленуі есептелінеді.

Адамның табиғатқа әсерінің неге соқтыратынын көре білу экологиялық мәдениеттің негізгі бет — бейнесі. Ғылыми білім адамның табиғатқа әсерінің нәтижесін анықтап, табиғатты тек өз пайдасына пайдалану, кіріс көзі ретінде қараудан сақтандырады. Экологиялық мәдениеттің маңызды көрсеткіші болып табиғат байлығын кең көзқараспен қарау, адамгершілік -эстетикалық аспект, ғылыми - танымдық, гигиеналық, материалдық көзқарас есептелінеді. Мұндай көзқарасы қалыптасқан адам табиғаттың, жеке бастың дамуындағы ролін айқын сезіне біледі. Яғни, жеке бастың дамуында табиғат пен адамның байланыс жасауға ұмтылуының рухани қажеттілігі үлкен орын алады.[2].

Экологиялық мәдениетті адам табиғат байлығын үнемді пайдалануға, қоршаған ортаға қамқорлық жасауға, оның бүлінуі мен ластануына жол бермеуге бар күш - жігерін жұмсайды. Ол тек жұмыс барысында ғана емес, дем алу, серуен кезінде де анық көрінеді. Ол үшін экологиялық мәдениетті адам табиғатқа қатынасын бағдарлап, қоршаған ортада қолайлы жағдай туғызуы үшін белгілі икемділік - дағдыны игеруі қажет.

Жеке бастың экологиялық мәдениетін оны қоршаған ортаны қорғау қажеттілігіне өзгелерді ұйымдастыра білуінен де көруге болады.

Сонымен, экологиялық мәдениет адам - табиғат - қоғам қатынасының негізгі бағдарлаушысы болып табылады да, қазіргі кезеңдегі үлкен мәселелерді дұрыс шешіп, болашақты таза, ластанбаған табиғатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде ғылыми техникалық прогрестің қарқынды дамуы табиғатқа кері әсерін тигізіп отыр. Осыған орай жас ұрпақтардың бойына табиғат тағдырына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру, экологиялық білім мен тәрбие беру, оны ғылыми түрде талдап шешу-педагогика ғылымының алдындағы негізгі міндеттердің бірі.

Бүгінгі таңда педагогика ғылымының салалары экологиялық білім мен тәрбиенің ғылыми негіздерін, ұстанымдары мен міндеттерін толық анықтауға ұмтылуда.  

Қазіргі кезде елімізде білім беру ісін одан әрі дамыту жолдары іздестіріліп жатыр. Әсіресе, білім беруді экологияландыру мәселесі басты орында тұр.

 Химияда, көбінесе, табиғаттағы экологиялық тепе-теңдіктің бұзылу себептері көрсетіледі. Қазіргі көптеген экологиялық проблемалардың негізіне нақты химиялық процестер жатқанымен, адамзат химиясыз толық мәнді тіршілік ете алмайды. Сондықтан кез келген экологиялық проблемаларды тиімді шешу үшін міндетті түрде оның пайда болуының химиялық себептерін білу керек. Бұдан экологиялық білімді "химияландыру" қажеттігі туады.

Экологиялық білгірліктер ең алдымен, адамгершілік мәселесі. Осы тұрғыдан химия курсын экологияландыру үлкен адамгершілік парыз болып табылады. Сондықтан көптеген зерттеулерде экологиялық білім беру жалпы білім берудің бір бөлігі ретінде ғана емес, экологиялық мәдениеті, санасы, сол іс-әрекетке дайындығы жоғары деңгейдегі тұлғаны тәрбиелеу мақсатын көздейтін бұл процестің жаңа мәнін қарастырады. 

Болашақ мектеп мұғалімдерінің экологиялық мәдениетін дамыту және қалыптастыруды төменгі курстардан бастаған дұрыс. Бірінші курста өтетін бейорганикалық химия курсында  экологиялық мазмұнды сандық есептер шығарту, оларды оқу үрдісінде пайдалану осы мәселені тиімді шешуге мүмкіндік береді.  Есепті шешу кезінде студент оның жауабын іздей отырып, химиядан алған білімін өзінің тұратын жерінің проблемалық жағдайын шешуге қолданып, табиғатты қорғауға қатысады. Осыдан (есеп мазмұны өмірге жақын болса) студенттердің жұмысқа қызығушылығы, іс-әрекетке белсенділігі артады.  Мысалы келесідей есепті студенттерге ұсынуға болдаы. Автокөлік карбюраторында 1 кг жағар май жанғанда ауаға 800г көміртегі(ІІ) оксиді бөлінеді. 100 кг жағар май жанғанда ауаға қанша көміртегі(ІІ) оксиді бөлінер еді.. Көміртегі(ІІ) оксидінің құрылымдық формуласын жазып, молекулалық орбитальдар әдісімен СО молекуласын сипатта.

Экологиялық мазмұнды химиялық есептерді жүйелі пайдаланудың, ойлаудың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатта жүріп-тұру нормалары мен ережелеріне тәрбиелейді. Яғни, экологиялық білім беру тиімділігін жетілдіруге аумақтың құрамды бөліктерінің маңызы мен рөлі әсер етеді.  Студенттердің оқу материалдарын меңгеруде (талдау, жіктеу, тұжырымдау) шығармашылық әрекеттері, экологиялық сана, ойлау қабілеттері қалыптасады  Мысалы, табиғаттағы күрделі құбылыс-ауаның ластану салдарынан 6олатын "қышқыл жаңбырлар" әсерінен ауыл шаруашылық, бау-бақша өнімдерінің бүлінуін, химиялық ластануын, адамдар денсаулығының нашарлауы, топырақтың эрозияға ұшырауы сияқты экологиялық проблемаларға назар аударады. 

 Экологияландырылған білім тікелей өмірмен, тұрмыста кездесетін зиянның тигізуі заттармен танысу арқылы олардан құтылудың немесе қаупін азайтудың жолдарын біліп, үйрене жүріп химия пәнін терең түсініп, қызығуын арттыруға әкеледі. Оның үстіне химиялық-экологиялық проблемалар әр елді мекенде, жақын аймақтарда жиі кездесетіндіктен оны нақты бүгінгі тіршілікпен байланыстыруы мүмкіндігі туады.  [3].

Әлемдік қоғамда қазіргі көкейтесті мәселелердің ішінен адам өмір сүріп отырған орта сапасының төмендеуі ерекше орын алып отыр.

Айналадағы ортаның ластануы дәрежесі күннен күнге өсіп келеді және ол адамдардың сын көз қарастарын тудыруда. Бірақ бұл сын пікірлердің көпшілігі дәйексіз болып келеді. Көпшіліктің кері пікірі негізінен химияға бағытталуда.

Осы орайда бейорганикалық химия курсын оқытуда экологиялық білімді кіріктіру мақсатында құрылған оқу бағдарламасында  негізінен климаттың орасан жылынуы, стратосфералық озон қабатының жұқаруы, қышқыл жаңбырлар, топырақта улы металдар мен пестицидтердің жинақталуы, ғаламшардағы табиғи ресурстардың азаюы сияқты айналадағы ортаның ластануы тудыратын маңызды мәселелерге баса назар аударылды.

Мысалы:  «Оттек топшасы элементтері» тарауын оқығанда, озон-күшті тотықтырғыш және токсикант. Күкірт-табиғи ортаны ластағыштардың құрамына кіретін бірден бір элемент. Күкіртсутегі және күкірт оксидтері табиғи ортаны ластағыштар. Пайда болған күкірт кышқылды жаңбырлардың зардабы (су тоғандарына, қылқан жапырақты ағаштарға). Күкірт оксидтері мен күкіртсутекті залалсыздандырудың өндірістік жолдары тәрізді мәселелерді ашып көрсеткен дұрыс.  «Күкірт қышқылды жаңбырларды модельдеп көрсету»,  «Күкірт оксидінің тірі ағзалардың өсуі мен дамуына әсері» тақырыптарына зерттеу жұмыстарын студенттердің өздігінен орындау үшін ұсынуға болады..

Азот топшасы тарауын өткенде келесідей мәселелерге көңіл аударған тиімді:Сұйық азотты пайдаланудан шығып қалған өнімдерді пайдаға жарату. Аммиак қоршаған ортаны ластағыш. Аммиактың және оның қосылыстарының тірі организмге оң және теріс әсері. Аммиак өндірісі экологиялық таза технологияға мысал бола алады. Азот оксидтерінІң атмосферада жинақталып қалуы, мәселен, олардың фотохимиялық тұманға дымшқылды жаңбырлардың түзілуіне қатысуы, құрамында азот оксидтері бар газтәрізді қалдықтарды химиялық тазарту жолдары.

Зертханалық тәжірибе. "Аммиак және аммоний карбонатының ерітінділерін пайдаланып адсорбция әдісімен азот оксидтері залалсыздандыру", "Көкөністерден, жеміс-жидектерден және ішетін тағамдардан нитраттарды табу".

Көміртегі топшасын оқу барысында адсорбция-уландырғыш заттарды ұстау жолының бірі екеніне назар аударамыз. Көміртегі оксидтері-атмосфера ластағыштары. Көмірқышқыл газының организмдер тіршілігіне әсері; өсімдіктердегі фотосинтез үрдісін баяулатуы және адам мен жануарлардың  тыныс  алуын ауырлатуы. Иісті газдың уландырғыш әсері. Парниктік эффект: туындау себебі, мүмкін залалы және оларды болдырмау жолдары. Кремний қосылыстары тірі организмдердің тіршілік ортасының ластағыштары. Силикоз-ауадағы кремнезем концентрациясының жоғарылауының салдары.

Демонстрациялық  тәжірибе. "Көмірмен әр түрлі заттарды (газдар, боя ғыш заттар) адсорбциялау".

Зертханалық тәжірибе "Қышқылды жаңбырдың құс жұмыртқасының қабығына әсерін үлгілеу".

Металдардың жалпы қасиеті.

Концентрациясына байланысты металл иондарының табиғатта екі жақты рөль атқаруы.

Коррозия-айналадағы ортаның ластануын көрсететін фактор. Коррозия өнімдерінің су тоғандарында тіршілік етушілерге әсері.

Демонстрациялық тәжірибе. "Ауыр металдар иондарының өсімдік дамуына әсері", "Коррозия өнімдерінің су өсімдіктерінің дамуына әсері".

1 -3 топ металдары

Кальций, магний-жануарлар мен өсімдіктер организмінің құрамына кіретін макроэлементтер. Қоректену ортасының ластануы: адам мен жануарлар организмінде кальцийдің стронцийге ауысуы.

Алюминийдің адамның жүйке жүйесіне әсері. Балықтың тыныс алу жүйесіне алюминийдің кері әсері.

Темір топшасы

Темір қосылыстары.Адам организміне екі валентті темір тұздарының жалпы улы әсері [4].

Болашақ химия мұғалімдеріне экологиялық мәдениетті қалыптастыруды төменгі курстарда бейорганикалық химия сабақтарында осындай жолмен жүзеге асыруға болады.

 

Қоладанылған әдебиеттер:

1.   Экологиялық білім қалыптастырудың негіздері мен тәжірибелері / Ж.Шілдебаев // Қазақстан мектебі  2004 №7, 21-22с.

2. Беккер А.А., Охрана и контроль загрязнения природной среды: (Учеб пособие для гидрометеорол. Техникумов)/ А.Беккер.-- /Агаев Т.Б Л: Гидрометеоиздат, 1989, 286с.

 3. Кубанцев Б.С., Основы экологии: (Пособие для преподователей и студентов биолого-химических факультетов пед. Института) / Б.Кубанцев.-Волгаград, 1973

4. Назеренко В.М., Программа курса «Химия и экология», / В.Назаренко// Химия в школе 1993, №4