Қазақстан Республикасында шағын және орта бизнеске салық салу: оның даму әсері

Череева Б.Т., аға оқытушы, магистр

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университет

 

Қазақстан  Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамытуда Қазақстан Республикасы Президентінің «Шағын кәсіпкерліктің дамуын жандандыру мен мемлекеттік қолдауды күшейту бойынша шаралар туралы» 1997 жылдың 6 наурызындағы  қаулысының үлкен ролі бар. Құжат өзінің мазмұны бойынша өтпелі экономика жағдайында шағын кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы болып табылады.

Бүгінде Қазақстанда еңбекке жарамды белсенді тұрғындардың әрбір бесіншісі  шағын және орта бизнесте еңбек етуде. Олардың шамамен алғанда тең жартысы – жеке кәсіпкерлер. Ал барлық тіркелген кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің 90% артық бөлігі шағын және орта бизнес секторына тиесілі болып келеді. Бұл тұрғыда біз орташа әлемдік көрсеткіштермен бір деңгейде келеміз.

Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлік көпшілік сипатқа ие және салыстырмалы түрде серпінді құбылысқа айналған. Кейінгі төрт жыл ішінде тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны  2007 жылдағымен салыстырғанда 35%-дан артық шамаға өскен, және 2011 жылдың қорытындылары бойынша 1 млн. бірлікті құрады, мұнысы еліміздегі барлық шаруашылық етуші субъектілердің жалпы санының шамамен 92%-ын құрауда.

Әрекеттегі ШКС-лардың ұйымдық-құқықтық формалар қимасындағы құрылымы  көрсетіп отырғандай, 2011 жылы жеке кәсіпкерлердің саны  604 мың субъектіні немесе 60,3%-ды құрады, заңды тұлғалардың – шағын бизнес кәсіпорындарының саны 203 мың немесе 20,3%, шаруа (фермерлік) қожалықтардың саны – 194 мың немесе 19,4% құрады.

Шағын бизнес субъектiлерiне, шаруа (фермер) қожалықтарына, ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғаларға, кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерiне қатысты арнаулы салық режимдерi көзделедi. Шағын бизнес субъектiлерi салықтарды есептеу мен төлеудiң, сондай-ақ олар бойынша салық есептiлiгiн тапсырудың төменде аталған тәртiптерiнің бiреуiн ғана дербес таңдауға құқылы: жалпыға бiрдей белгiленген тәртiп; патент негiзiндегi арнаулы салық режимi; оңайлатылған декларация негiзiндегi арнаулы салық режимi.

       Патент негiзiндегi арнаулы салық режимiн мынадай талаптарға сай келетiн:
      1) қызметкерлердiң еңбегiн пайдаланбайтын;

      2) жеке кәсiпкерлiк нысанындағы қызметтi жүзеге асыратын;

     3) салық кезеңіндегі табысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған ең төменгі жалақының 200 еселенген мөлшерінен аспайтын дара кәсіпкерлер қолданады.

      Патент құнын есептеу салық салу объектісіне 2 процент мөлшеріндегі ставканы қолдану жолымен жүргізіледі.

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін келесі шарттарға сай келетін шағын бизнес субъектілері қолданады:

1)  дара кәсіпкерлер үшiн: дара кәсiпкердің өзiн қоса алғанда, қызметкерлердің шектi орташа тiзiмдiк саны салық кезеңi iшiнде жиырма бec адам болса;    салық кезеңi iшiнде шектi табысы 10 000,0 мың теңгені құраса;

2)  заңды тұлғалар үшiн: қызметкерлердiң шектi орташа тiзiмдiк саны салық кезеңi iшiнде елу адам болса; салық кезеңi iшiнде шектi табысы 25 000,0 мың теңгені құраса.

Салықтарды оңайлатылған декларация негізінде есептеуді салық төлеуші салық салу объектiсiне есептi салық кезеңiнде 3 процент мөлшерiндегi ставканы қолдану арқылы дербес жүргiзедi.

2010 жылда шағын бизнес субъектілермен мемлекеттік бюджетке  253,8 млрд.тенге көлемінде салық түсімдері аударылды, оның ішінде жеке табыс салығы – 71,1 млрд.тенге, корпоративтік табыс салығы – 133,1 млр.тенге және әлеуметтік салық – 49,6 млр.тенге. Есепті жылды өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдердің көлемі 25,2 млрд.тенгеге, яғни 11,02%-ға өскенін көрсетті. Мемлекеттік бюджет түсімдерінің ішінде 18,2%-ын шағын бизнес субъектілерінен түскен салықтық түсімдер алатынын көруге болады.

2010 жылғы 29 – шы қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақсатанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауы «Кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші тармағында - әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болады. Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді. Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады делiнген. Осыған байланысты Үкімет 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізіп, оны “Бизнестің жол картасы-2020” деп айтылған. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады.

Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп шағын және орта бизнес үшін сыйақы ставкасын тұрақтандыру бойынша дағдарысқа дейінгі деңгейге дейін (14%-дан аспайтын) шара қабылданды.

Шағын кәсіпкерліктің дамуы және олардың қызмет тиімділігін арттыру еліміздегі бірқатар маңызды мәселелердің оң шешімін табуына өзіндік ықпалын тигізеді. Бұл оның экономикадағы рөлінің жоғары болуымен де тығыз байланысты. Шағын кәсіпкерлікті дамыту тек экономикалық тиімділікті ғана емес әлеуметтік тиімділікке де айтарлықтай ықпал етеді.

 

Әдебиеттер:

1.     ҚР Салық кодексі,  26 қараша 2010 жыл

2.     Үмбеталиев А.Д., Керімбек Ғ.Е. Салық және салық салу Алматы, Экономика, 2006 жыл