PhD докторант Тажиева Салтанат
Абай атындағы Қазақ Ұлттық
педогогикалық университеті
ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы
Қазақстандағы діни
хал- ахуал
Адам баласының жанына тыныштық
ұялататын қасиетті құрал — дін. Дін — бұл көне заманнан келе жатқан
дүниетану, мораль, педагогика. Дін — ғасырлар
бойы жалғасып, халқымыздың асыл қасиеттерін
сақтап келе жатқан маңызды тарихи-рухани мәдениеттің
алтын арқауы, ұлттың ұлы мүдде жолындағы ұмтылысына
сүйеу, талпынысына тіреу болған адамның жан-дүниесін алға жетелеуші күш. Қазақ халқының ұстанған діні
ислам дінінің басқа діндерге қарағанда өзіндік
ерекшеліктерінің бірі — оның
өзге халықтар арасына таралу
барысында сол халықтың әдетімен, салтымен,
ғұрпымен, наным-сенімдер
жүйесімен біте қайнасып, оған бейімделе алатындығында.
Сол себепті, кейде ислам дініне байланысты әдет-ғұрыптармен
жергілікті халықтың ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрлерінен
ажырату оңайға соқпайды. Басқа діндерге
қарағанда ислам дінінің әр рәсімінің
орындалу тәртібіне көп мән беруіне қарамастан, кейбір
қағидалар мұсылман дінін қабылдаған
халықтың ұлттық психологиясына байланысты
өзгеріске ұшырайды. Ислам дінінің кейбір шарттары
бастапқы мағынасының тереңдігіне қарамастан,
үйреншікті қайталанып отыратын стеоретипті әдет-ғұрыптарға
айналып кеткен. Мысалы, қазақтар кез келген істі бастар алдында
«Бісміллә-ір-Рахман-ір-Рахим» сөзін айтуды үлкен парыз
санаған және ас қайыру, бата беру т.б. рәсімдерін
міндетті түрде орындап отырған. Қазақтар қай істі
бастамас бұрын үлкеннен бата алғанды жөн көрген.
«Бата» жақсы тілектің, ақ ниеттің белгісі болған.
Бата сөз, өсиет сөздерінің негізгі идеясы — парасаттылыққа, иманжүзділікке, адамгершілікке
үндейді, оны айтушылар игі тілектерді халық өмірімен
байланыстырып отыру арқылы, әсіресе жастарға өсиет беру
мақсатын көздеген. Қазақ
халқы бата сөзіне үлкен мән берген. Уәдесінде
тұрмаған адамды «батаны бұзды», Құдай алдында
уәде-антты ұмытты, орындамады деп сөккен [1]. Бұл
қазақтардың күнделікті өмірінің бір
ғана көрінісі. Қазақтар өздерін мұсылманбыз
деп бес уақыт намаздарын үзбей оқыған. А.Янушкевичтің айтуынша
«намазды көбінесе жоғарғы тап өкілдері оқитын» [2].
Қазақ халқының бай әдет-ғұрпы ислам
қағидаларымен араласып, халықтың әрбір
күнделікті тіршілігімен біте қайнасып жатты. Соның бір
ғана көрінісі, ХХІ ғасырдың басынан бастап
қазақтардың күнделікті өміріне айт намазына
жиналу әдеті енеді. Халық айт намазына таңертең ерте
тұрып, ең жақсы киімдерін киіп жиналатын болған. Мұсылмандар
айт намазы күні кедей, пақырларға көмек беріп, оларды
қуанту, мұсылмандарды мейрамдарымен құттықтау,
үлкендері айттап қыдыру, зираттарға барып дұға
оқу, құрбандық шалу, ренжіскендер татуласу,
баларға сыйлық беріп қуанту, т.б. мейрамды тойлау
әдетті болған.
Ресей империясы қазақ халқын,
қазба байлыққа толы кең байтақ жерін, кең дария
сулы мекенін иелену қазақ халқын идеологиялық жолмен
отарлап, рухани құлдыққа түсіруді көздеді.
Рухани құлдықта ұстаудың ең тиімді жолы
халықты ислам дінінен ажырату болды. Дінді жою, бұл
ұлттың ұлттығын жою. Ұлттығы жоқ
халықты басыбайлы бодандау өте оңай. Міне, осы
тұжырымды ұстанған Ресей империясы қазақтың
кең-байтақ өлкесін тек экономикалық жағынан
ғана емес, идеологиялық жағынан да орыстандыру,
шоқындыру саясаты арқылы толық билеп, халықтың
санасын жаулап алуға білек сыбана кірісті. Отарлау қазақтар үшін үлкен сынақ
болды. Мұрағат қорларындағы құжаттардан:
«Қазіргі кезде қазақтардың ескі әдет-ғұрпы,
салт-санасы босаңсыды, ал жаңасы әлі құрыла
қойған жоқ. Ал, мұндайда босаңсыған
халық өзіне діннен тіреу іздейді. Қазақтар
өздерін мұсылманбыз дейді, бірақ көпшілігінің сол
дін туралы түсінігі жоқ. Бұлардың арасында ислам дінін
насихаттап, таратып жүрген саудагер татарлар, бұхарлықтар.
Сондықтан, оларға кедергі жасай отырып, манандай босаңсып
тұрған қолайлы кезеңді пайдалана отырып,
қазақтарды христиан дініне қабылдау керек» [3] – деген отарлаушы тараптың бағалауларын
кездестіруге болады. Бұл кең байтақ
өлкені экономикалық және идеологиялық жағынан тез
меңгеріп алудың саяси зор мәні барлығын
қазақ жеріне жоспарлы мақсатпен келген миссионерлер жақсы
түсінді. Жалпы, отарланған халықты біртіндеп орыстандыру,
шоқындыру мақсатын патша үкіметі ерте кезден бастап-ақ
ойластырғаны анық. Соған байланысты 1797 жылы келешек
миссионер кадрларды дайындауға айрықша мән беріліп,
Қазан діни академиясының ашылуы, арнайы түрдегі «Орыстандыру палатасы» мен «Переселенческая контора», 1869 жылы Мәскеуде «Миссионерлік қоғамы» құрылды [4]. Бұл
қоғам мен ұйымдар қазақ жеріндегі
қазақтарды орыстандыру, шоқындыру жұмыстарымен білек
сыбана айналысты. 1869 жылы «консистория» өз мақсаттарына тез жету
үшін мынадай қаулы қабылдайды:
-
Қазақтар
үшін христиан дінінің миссияларын тарататын кітапшаларды тез арада көбейту;
-
Епархия
басшыларының христиан дінін таратуда баяу жұмыс жүргізіп
отырғандығын, сондықтан, жұмысты жақсарту
шараларын қарастыру;
-
Осы жылы православие дінінің
өкілдері тілмаштар арқылы қазақтармен 2-3 рет
әңгімелесуден артық кездесудің
болмағандығын соған орай, кездесудің санын
көбейтудің шараларын қарастырудың қажеттілігі;
-
Елдерді
аралау үшін көлікпен
қамтамасыз ету үшін облыстық губернияларға тапсырма
беру;
-
Христиан дінін қабылдауды алдымен ру
басшыларынан, билерден бастау керек екендігі, содан кейін барып
қалған қазақтар солардың артынан еретіндігі
айтылады [5].
Отаршылдық
саясат әртүрлі амалдармен жүзеге асырылды. Ашық
күш көрсету, айдап-қамау сияқты дөрекі
тәсілдермен қатар екі жүзділік, алдап-арбау да болды. ХІХ
ғасырдың соңынан бастап қазақ халқы жаппай отырықшылана
бастады. Отырықшылыққа, қала мәдениетіне
көшкен халық үлкен қоғамдық өзгерісті
бастан кешіреді, оның
әлеуметтік, мәдени, психологиялық сипаттары белгілі
мөлшерде өзгеріп, ұлттық болмысына әсер етеді.
Осындай бетбұрыс кезді пайдаланып, өкімет қазақ
халқының тарихи дамуын орыстандыру арнасына бұрып жіберуге
барынша ұмтылды. "Орыстандырудың ең
басты, ең күшті құралы-мектеп болды. Іс жүзінде әр
ауылдағы мешіт жанында мұсылман мектептері болғаны рас. Онда
әліппе, әдебиет оқытылып, дұға жаттады,
Құран мен басқа да діни шығармаларды үйренді. Діни
оқу орындары мен орыс мектептеріне мемлекет тарапынан бар жағдай
жасалынады. 1881 жылы қазақ даласынан мұсылмандарға
қарсы «Киргизская духовная миссия» деп аталатын мекеме ашылып, осы
мекеменің басқаруымен қазақ даласынан 1883 жылдан
бастап 14 миссионерлік ұйым құрылып, осы
ұйымдардың жанынан 17 миссионерлік мектептер ашылады. Осы салада үлкен қызмет істеген
орыстың аса ірі миссионер ғалымы, профессор Н.П. Остроумов
өзінің «Историческое и современное значение христианского
миссионерства среди мусульман» (Казань, 1894), «Способные ли кочевые народы Азии к усвоению христианской
веры и христианской культуры» (Ташкент, 1895), «Колебание во взглядах на образование туземцев в
Туркестанском крае» (Ташкент, 1910) сияқты еңбектерін
миссионерлік идеяға арнап, оны
жүзеге асырудың жолдарын көрсетеді. Ол бұдан
басқа қырық шақты еңбек жазған. Осылай қазақтарды
орыстандырудын барлық айла-тәсілдерін қолданды.
Әсіресе, қазақтардың арасында исламның
терең тамыр жаймауын қадағалап, көршілес мұсылман
халықтарының ықпалынан ажыратып, орыс мектептеріне баулу
қажет еді. Осылай әр жерде
оқу орындары ашыла бастады.
Мұндай оқу орындарын әр жылдары М.Миропиев,
Н.П.Остроумов т.б. сияқты миссионерлер басқаратын. Миссионер
ғалымдардың негізгі міндеті — қазақ халқының менталитетін,
салт-санаға байланысты заңдылықтырын, мәдени және
рухани болмысын жан-жақты зерттей отырып, отарлау саясатына қажетті
әдіс-тәсіл, іс-әрекетін анықтау болды. Миссионер
ғалымдар халықтың осал тұстарын дөп басып, соны
өз пайдаларына шешуге тырысты. Дін өкілдері дала генерал-губернаторларына
барлық мән-жайды айтып, өздерінің
қаулыларының көшірмелерін жіберіп отырған.
Сондықтан, Ресейдің патша өкіметі өз
қызметкерлері арқылы бұл миссионерлік саясатпен үнемі
айналысып, қатаң бақылауға алып отырды. 1893 жылы Тобыл епархиясының епископы «Краткий очерк
миссионерства Тобольской епархий» деген очерк жазған. Бұл
очерктің бір данасын осы жылдың 9-шы сәуірінде даланың генерал-губернаторы барон
Таубеге салып жібереді. Барон Таубенің бұларға
қайтарған жауабында: «бұл очерктің өте
маңызды, христиан дінін уағыздайтын миссионерлер үшін
құнды еңбек екені және алдағы уақытта
мұндай очерктерді көптеп жазып, қазақ даласына
көптеп тарату керек»,-дейді [6]. Ресей
империясының қазақ елін орыстандырып, жерін отарлаудағы
ең сенімді күші — орыс шаруалары болды. Отарлау ең алдымен
осы орыс шаруаларын көптеп қоныстандырудан басталды.
Отарланған қазақ даласын идеологиялык жағынан жаулап
алу үшін шоқындыру мен орыстандыру саясаты мемлекеттік
дәрежеде жүргізілетін іске айналды. Даланың генерал-губернаторы Колпаковский 1887-1888 жылдарға
берген есебінде: «орыстар қазақ даласына өздерінің
тілдерін, әдет-ғұрпын және православие дінін ала келді. Мен мұны
қазақтаға әсер етпейді деп айта алмаймын.
Қазақтардың арасына орыстардың келуі, руларды
территорияға ауыстыруда
және ру басшыларын қайта сайлау — қазақтардың
рухани болмысына, психологиясына, салт-санасына өзгерістер әкеледі.
Бұл өзгерістер дала облыстарын басқарудағы 1897 жылғы
«уақытша ереженің» әсері деп білемін [7]- деп, сол ереженің қазақтарды
орыстандыруға қызмет еткенін көрсетеді.
Қазақтар аса діншіл болмағанымен, ел арасында, әсіресе, ауылдық
жерлерде қожа-молдаларды, имамдарды құрметтеген. «Имам» араб
сөзі, «баскарушы» деген мағынаны білдіреді. Басшылықты
алған кісіні діни тұрғыда «Имам» деп атайды. Діни
қызметкерлер, молдалар адамдарды еңбекқорлыққа,
тазалыққа, адалдық жолына тәрбиелеуде белсенді
рөл атқарған. Сонымен қатар, қожа-молдалардың,
имамдардың беделі күшті болып, билеуші тап қатарына кіріп, ел
арасында билікті жүзеге асыруға үлкен үлес қосып
отырған. Ал
қазақтың рухани, мәдени өмірінде діннің
орны ерекше болған. Өйткені, орындалатын кез-келген
салт-дәстүрдің негізінде діни сенім, ырым, діни
ғұрып жататын. Керек десеңіз, қазақтардың
жазу-сызуының өзі де ислам дінінен бастау алады. Қазақтар
арасында мұсылман ілімі араб тілімен тығыз байланысты болған.
Олар ең алғаш араб транскрипциясын меңгерді. Кейіннен, XIX
ғасырдың соңына таман патша өкіметі
қазақтардың орыс әліппесін пайдалануы туралы
жарлық шығарады. Орыс ағартушыларының пікіріне
байланысты араб транскрипциясы қазақ тілі үшін жарамсыз деп
табылады. Араб тілінде, араб графикасы негізінде жазылған колжазбалар мен
кітаптарды жаппай жоя бастады. 30-шы жылдары Құран кітаптары
өкімет тарапынан керексіз, іске жарамайтын қағаз ретінде
жойылып жатты. Кейбір Құран кітаптарын халық қорлатпау
үшін ата-бабаларының зираттарын көміп тастайтындар да
кездесетін. Міне, осындай шаралардың барлығы
мұсылмандық білім беру жүйесінің жойылуына апарып
соқты.
Патша үкіметі
Қазақстанның барлық аудандарында шіркеулер салдыра
бастайды, соның бір ғана Жетісу облысын алып қарасақ жері құнарлы, табиғаты бай
Ыстықкөлдің жағалауына шіркеу ашу мәселесіне
кіріседі. Бұл жөнінде М.Мырзахметов: «Ыстықкөл мен
Николаевкада жергілікті ұлдар мен қыздарын жинап ерлер мен
әйелдер шіркеуін ашқанда, генерал-майор Колпаковский бұл істі
қолдап, ақшалай көмек көрсеткені белгілі
мақсаттың диірменіне су құюдың өзі болып
шығады» [4] - деп жазады. Түркістан мен Ташкент
епископы 1881 жылы Түркістанның генерал-губернаторы
Г.А.Колпаковскиге Ыстықкөлдің солтүстік
жағалауындағы Күрмекті деген жерінен миссионерлік
бағыттағы шіркеу ашу туралы өтініш хат жазады. Осылай Жетісу обылысында 1895 жылы
Сарқанд миссионерлік мектебі ашылса, 1898 жылы миссионерлік стан ашылып, оған В.Покровский миссионер болып
тағайындалады. Покровский осы жылдың соңында берген есебінде
православие дініне қазақтар
мен қалмақ балаларын қабылдап жатқанын және
оларға орыс тілін, божияның заңдарын, шіркеудің
әндерін үйретіп жатқанын айтады [8].
Ресей империясы жергілікті
мұсылмандарды түркі тілдес мұсылман халықтарымен бірігіп кетуінен де қатты
сескенді. Қазақ халқын ислам рухынан алыстату мықтап
қолға алынып, мектептерде орыс тілі мен әдебиет, Россия
тарихы, православиелік діни сабақтар (Закон Божий) жүргізілді. Сондай-ақ
интернаттарда оқитын балаларды демалыс кездерінде ауылдағы әке-шешелеріне
жібермейтін жайттар көп болған. Оның себебі,
әке-шешелерінің қасында қалып қойып, жоғарыда айтып өткендей
мұсылмандардың бірігіп, рухани күшеюіне қорқатын.
Кеңес үкметі орнағаннан кейін
мемлекеттің дінге деген қарым-қатынасы мүлдем
басқаша бағытта өзгерді. Бүкіл кеңестік
Ресейдің аумағында, соның ішінде Қазақстанда дін
жабайылықтың, қараңғылықтың нысаны
ретінде сипатталды. Азғантай уақыттың ішінде мешіттер, намаз
оқылатын үйлер, ғибадатханалар, шіркеулер қиратылды,
кейбіреулері жабылды, кейбіреулері сауық-сайран құру
орындарына берілді, кейбіреулері қоймалар, асханалар, ат
қораларға айналды. Қалаларда азамат соғысы кезінде
қоңырауларды дыбыстатуға тыйым салынды, дін
қызметшілеріне қоғамдық мекемелерде, адам көп жерлерде
шіркеулік киімде көзге көрінбеуді талап етті. Осыған байланысты заң
бұрмаланып қана қоймай, қарсылық білдіргендер дін
қызметкерлеріне сатқындық жасап, дүрбелең
туғызды, үкметке қарсы қимыл-әрекеттерге
қатысты деген айып тағылып,
аяусыз жазаланды. Осындай қатал да, қатаң саясатты
ұстанған билік басындағылар қарапайым
халықтың пікірін, көңіл-күйін ескермей,
адамдық құқықтық нормаларын
аяққа таптап, халықтың наразылығын тудырады. Әйтседе,
қазақ халқын біресе христиан дініне өткізіп, біресе дін
жоқ деп әбден қажытқан кеңестік билік
бұндай наразылықтардың біреуінде ескермей өз
мақсаттарын ары қарай жалғастыра түсті. 1917 жылы 26 қазанда
кеңестердің ІІ съезі «Жер туралы» декретте Үкіметтің
шіркеуді мемлекеттен бөлуге арналған алғашқы
қадамы жасалады. Осы декреттің негізінде
Қазақстандағы мешіттер, шіркеулер, діни қауымның
иелігіндегі жерлер жер-су комитетінің қарамағына берілді.
Ресей халықтары құқықтарының Декларациясына
сәйкес барлық ұлттық және ұлттық-діни артықшылықтар мен шектеулерді
жою еді.
1917 жылы 18 желтоқсанда РКФСР ХКК «Азаматтық
неке» туралы, «балалар және хал-ахуал кітабын» жүргізу туралы, ал 19
желтоқсанда «Некені бұзу туралы» декреттерін қабылдап, туу,
неке және өлімді тіркеуді мемлекеттік ұйымдардың
қарамағына өткізді. Мешіттер мен шіркеулерде неке
қиюға тиым салынды. Яғни, молданың мешітте неке
қиюына рұқсаты болмады.
Ондай әрекеттерге барғандарға ақшалай
айыппұл салынатын. Мысалы, Жетісу
обылыстық атқару комитеті 19 сәуірде Татар
слободкасының №57/74 мешіт молдасы Шәкір
Ахметұлы Ғафаровқа неке қиғаны үшін айып
салынып, қатаң ескерту
айтылған. Сонымен қатар, мектептерде діни уағыз айтуға
қатаң тиым салынған [9]. 1918 жылғы
Конституция монахтар мен дін қызметкерлерін сайлау
құқығынан айырды. Тіпті дін басы саналған имамдарды
кемсітіп, қорлап, оларды күштеп арақ ішуге, темекі шегуге
мәжбүрлеген кездер де болған. Әулие
адамдардың, ата-бабалардың зираттары қиратылып,
құнды жәдігерлер қоқысқа лақтырылды.
Алматы облысы, Шелек ауданының Қорам селосының дихандары
осындай қорлықтардан әбден шаршап, құры бекер
мешітке бара берудің орнына сауаттарын ашып, білімдерін толықтыру
туралы шешім қабылдайды [10]. Осылай 1913 жылмен салыстырғанда, 1929 жылы Шелек
ауданындағы мұсылмандар қауымының 94 ғимараттарының бірде-бірі
қалмаған, ал дінге сенушілер саны 26.000 адамнан 6.000 адамға
дейін қысқарған [11]. Тіпті ұзақ
уақыт биліктің тірегі болған православ шіркеулеріне ерекше
дұшпандылықпен қарады.
Дін орындарын жабудағы мұндай
қателіктер мен заңды бұзушылықты жою мақсатында 1930
жылы 19 наурызда ҚазОАК-і мен ХКК-і
қаулы қабылдады. Қаулыда былай деп жазды: «1. Дін
орындарын ауыл, поселке халқының көпшілігінің
ырзалығынсыз жабу, иә болмаса олардың шын
көңілден ырзашылық білдірмей, жәй сыртынан
ырзашылық білдіруімен жабу тоқтатылсын; 2. Мешіт, шіркеу иелері
ауыл, поселке халқының көпшілігінің шын
ырзашылығын алған соң ғана Қазақстан
Орталық Кеңес Комитеті
Президиумы тиісті тоқтамды бекіткен соң ғана жабылсын». Бұл қаулының дұрыс орындалуын бақылап отыру
Ішкі Істер Комиссариаты мен оның жергілікті бөлімдеріне
жүктелді [12]. Алайда бұл тек
қағаз жүзінде ғана қалды.
Ауыл кеңесі көп жағдайда
шіркеу қызметкерлерінен «адал еңбек жолымен өмір сүрмейтіндер» деп жала жауып,
олардың иелену құқықтары жоқ деп жерлерін,
үйлерін тартып алған [13].
Орыс
фольклорында поптың бейнесі қарама-қайшы сипатталатын. Ол
негізінен жалқау, қытымыр, ашкөз, маскүнем ретінде
бейнеленді.
ХХ
ғ. 20-жж. деревня, ауылдарда азаматтық неке мен ажырасудың
белес алуы шаруалардың дінге қатынасының
көрсеткіші болып табылады. Көптеген шаруа жұптары діни орындарында некелескенімен, үйлену тойларын ауылдарда тойлау «қарапайым
құбылыс» ретінде қалыптасып кетті. «Әр
ауылда 3-4 некелеспеген отбасы бар» деген мәліметтерді кездестіруге болады. Ал
бұл дәстүрлі қазақ қоғамының
ыдырауы еди, себебі, бұрынғы қазақ
қоғамында жесір, жетім деген болмаған. Ажырасу мүлдем
болмаған. Осы кеңес үкіметінің дінге байланысты
әдейі жасаған әрекеттері қазақтың
дәстүрлі қоғамын біртіндеп іріте бастады. 1929 ж. Морис Хиндус өзінің
туған украин деревнясына
оралғанда, жастардың шіркеулік дәстүрлерді
ұстанбақ түгіл, оларға қызықпайтынына
таң қалған [13.30].
1926 жылы қазақ
халқының күнделікті тұмыс-тіршілігінің бір
көрінісі наурыз мейрамын тойлауына
ресми түрде тыйым салды. Тек қартайған
адамдар ғана
өз сенімдеріне бекем болды. Ауыз әңгімелерге
сүйенсек осы дінге деген қатаң көзқарас
кезеңде ауылдық жерлерде ата-апаларымыз есік-терезелерін жауып, тығыла намаз оқыған.
Себебі, өзге біреу көріп қойса жоғарыға жеткізіп
барып, мені жазалайтын болады деп қорыққан. Деседе айт,
наурыз мерекелерін, өздерінше тойлаған. Барынша діни салт-дәстүрлерін
жоғалтпауға тырысқан.
Бәрімізге ортақ тұжырым: «діннің міндеті, егер ол шын
мәнінде халықтың қажетіне қызмет ететін дін
болса, жұртшылықты Құдайға күні-түні
құлдық ұрып, жанға сауға
сұрауға жұмылдыру емес, еркін өмір сүретін
қоғамдастық құруға бағыттау болып
табылады деген ұсыныс. Негізінен кез келген қоғамның
ұлттық рухани өрісі – дәстүрдің,
әдет-ғұрыптың, діни болмысының
орнықтылығымен, яғни, ұлттық менталитетінің
дәрежесімен өлшенеді. Бұл орайда қазақ
халқының әдет-ғұрыптары мен діни наным-сенімдері
ұдайы қоғам мүддесімен үндесіп, ұдайы
өмір салтын, тіршілік болмысын шыңдауға қызмет етіп
отырды. Адамдар қоғамының дамуын арттырғысы келсе,
өнеркәсіптік, технологиялық мәдениетті ғана емес,
діни руханилықты да өркендету керек»[14]- деген пікірді қазіргі мәдениеті жоғары адам
қолдайтыны сөзсіз.
Бұдан заңды түрде туындайтын
қорытынды – мұсылмандық ілім қазақ жерінде саяси
мәнге емес, әлеуметтік-мәдени мәнге ие деген
түсініктің қалыптасуы да орынды. Әлеуметтік даму мен
рухани жетілу үстінде адамзат баласы діннен, діни тағылымдардан
артық басқа тиімді құрал ойлап таба қойған
жоқ. Әлеуметтік тұрақтылық пен
ұлтаралық қарым-қатынастарды жүйелеу барысында
діннің игілікті ықпалының маңызды екенін ешкім
жоққа шығара алмайды. Осы тұрғыдан алғанда
саяси-әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеуде қажетті
алғы шарттардың бірі ретінде діни
құндылықтарға арқа сүйеу қажеттілік
болып табылады.
Орыстың өз шіркеуіне келетін болсақ, ол
білімнің дамуына ықпал еткен жоқ. Төменгі,
шіркеу-приход мектептері тек 1839 ж. ашылды (онда 20 мың оқушы), ал
40 жылдан кейін бес есе көбейген болуы керек. Земск бастауыш мектебі
ашылса да, бастауыш білімді алғандардың саны бәрібір аз еді.
Мысалы, 1890 ж. село халқының 17 пайызы ғана оқып, жаза
алған. Англия мен Францияда 90%, Пруссияда 89% адам сауатты болған.
ХІХ ғ. аяғында Жапонияда ұлдардың 90%
ұйымдастырылған бастауыш мектептерде білім алған [15].
Ресейде революцияға дейін орта және жоғары білімді
жоғары сословиенің балалары ғана алды. Білімді элита
әлеуметтік, мәдени жағынан халықтан өзін алыс
ұстады.
Комунистік партия алдынғы буын өкілдерін,
біздің әке-шешелерімізді жауынгерлік атеизм рухында
тәрбиеледі. Дін адамды уландыратын, есінен тандыратын, теріс жолға
түсіретін апиын деген маркстік-лениндік пайымдауға сендірді. Діннен
бездірудің барлық айла-тәсілін қолданды. Ресей империясы рухани санамызды барынша
жаулап алуға тырысқанымен, ХХ ғасырдың 90 жылдарының
оқиғалары көрсеткендей қазақ халықы
өзінің өміршеңдігін дәлелдеді,
тәуелсіздігінің көк туын желбіретті. Өз тілі мен дінін
сақтап қалды.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1. Ақ бата. А., 1998. 48 бет.
2. Янушкевич А. Дневники и письма
из путешествия по казахским степям. Алма-Ата,1966.
215 бет.
3. ҚРОММ, 64- қор, 1-тізбе, 436-іс, 9-10 парақ.
4. Мырзахметов М. Қазақ
қалай орыстандырылды. А.,1993. 15-16 бет.
5. ҚРОММ. 64-қор, 1-тізбе,
595-іс, 38-парақ.
6. ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе,
595-іс, 46-парақ.
7. ҚРОММ, 64-қор,
1-тізбе, 436-іс, 9-10-парақтар.
8. ҚРОММ, 64-қор,
1-тізбе, 458-іс, 34-парақ.
9. Преодолевая
религиозные влияния ислама. 1917-начало 1930-х годов. Алма-Ата, 1990. 33-34 парақтар.
10.
Джетысуйская искра. 1928, 24 желтоқсан.
11. Нұртазина Д.Н.
Исламға қарсы шабуыл. Кеңес өкіметінің
Қазақстанда жүргізген дінге қарсы саясаты (ХХ ғасырдың
20-40-шы жылдары). А., 2008.
12.
Еңбекші
қазақ. 1930 жыл, 19 наурыз, № 64.
13.Шейла
Фицпатрик. Сталинские крестьяне. Социальная история Советской России в 30-е
годы: деревня. – М., 2008.
14. Әмірғазин С. Мемлекет және дін: өзара
жауапкершілікті тұрпат // Саясат. 2003. № 2. – 23-26 бб.
15.
Хорос В.Г. Русская история в сравнительном освещении. – М., 1994.
В статье рассматривается религиозное
положение начала ХХ века и антирелигиозная
политика советского правительства. Дается описание мечетей и церквей
того периода. Подробно описывается влияние антирелигиозной политики на молодежь, которая
перестала уважать старших и проявлять невоспитанность. Особенно, показывается
причина ослабления давних традиции казахского народа.