Шығармашылыққа баулуда көркемдік білім

берудің маңыздылығы .

 

Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-итернат мұғалімі

Аханова Дариға

Қазақстан. Шымкент қаласы. Отырар мөлтек ауданы, Северный көшесі 10үй

 

 

      Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан - 2010» жолдауында:  « Қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет . Бүгіннен бастап , ұлттық мінез – құлық , биік талғампаздық , тәкаппарлық , тектілік , білімділік , ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек » деген болатын . Президентіміздің бұл сөзі мектептердегі мұғалімдер үшін негізгі бағыт – бағдарлама болып келеді . «Адам ұрпағымен мың жасайды» , дейді қазақ нақылы . Ия , ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес , миллиондаған жылдар жасап келеді.

       Бұл кезеңде ғасырлар бойы жинақтаған іс – тәжірибелерімізге , бай мұраларымызға талдау жасалынып , жіктеліп , ойларымыз қорытылып , нәтижесінде белгілі бір жүйеге келуде . Мектептерде білім берудің мазмұнын жаңарту бағытында , уақыт пен ұрпақ байланысы халықтық педагогиканы жаңғыртып кеңінен пайдалану бүгінгі күн талабы десек артық болмас деймін .

     Шығармашылыққа баулудың негізгі көзі – ауыз әдебиеті , салт – дәстүрі , ырымы , әдет – ғұрыптары , тұрмыс тіршілігі және өнер мәдениеті . Осы негізгі көзді көре білген адам ғана шын мәніндегі қазақтың зерделі азаматы болмақ .    

     Өркениетті еліміздің жеткіншек ұрпақтарын  мәдениет пен өнерге тартуға зор мән беріліп отыр .  «Бейнелеу өнері» пәнінің негізгі мақсаты оқушылардың көру , сезу , қоршаған орта әсемдігін қабылдау , эстетикалық талғамының дамуы мен шығармашылық бейімділіктерінің артуы , көркемдік іс - әрекеттерді орындауда өз бетімен жұмыс істеуге талпынуын қалыптастыру болып табылады.

     Шығармашылық біртұтас болып бірігумен сипатталады . Оқу міндеттері шығармашылық міндеттерден бөлінбейді , сондай – ақ уақыт бойынша да бір – бірінен озбайды . Оқушының көркем бейнені қабылдауы мен жасауы білім , білік , дағдыларды меңгеру ғана емес оған жетудің қажетті құралы ретінде басты мақсат болып саналады .

     Сән әлемінде – қолданбалы өнер мен бейнелеу өнерінің мәнерлеу тілін меңгеру арқылы қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыру . Қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыдан бағалауға қажетті практикалық білім , біліктерін қалыптастыру . Қолданбалы  өнер сабағында оқушының шығармашылық қаракеттерінің потенциялын жетілдіру .  Қазақ ұлттық сән өнеріне деген мақтаныш сезімі мен елжандылығын қалыптастыру . Бұл міндеттерді халықтық педагогиканы бейнелеу өнері сабағында пайдалану арқылы іске асыруымызға болады .

       Қазақстанның сән өнерін , өзінің ішкі бөлімдеріне қарай жіктесек , ұлттық ою - өрнегі , ағаш үй және оның жасаулары , ұлттық киімдер , кілем тоқу , ағаш , металл өңдеу және зергерлік өнерімен , халық кәсіпшілігімен танысу болып саналады . Осы салалардың барлығы дерлік халықтық педагогиканың проблемаларын шешуге негізделген .  Енді стилизация – абстракті бейнелеу  ою - өрнекпен бейнелеу дамыды . Айнала ортаны , тіршілікті , табиғат құбылыстарын , ұшқан құс пен жортқан аңды , дала мен тауды , тіпті адамға дейін оюға айналдырып ғаламат ертегі өнер шығарды . Қолөнер халық өмірімен , тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқан өміршең өнер .

     Шеберлердің қолынан шыққан қол өнер туындыларын халықтың өмірінен , тұрмысынан бөліп алып қарау мүмкін емес . Қолөнер бұйымдарына түрлі түсті ою - өрнектерден адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым – қатынасын , бөлінбес бірлігін көруге болады . Қолөнер шеберлері табиғат сұлулығын өнер туындыларына арқау ете білген . Осы заттардың бет – бедеріне ширатыла түскен әрқилы өрнектер өзгеше бір тілмен ақтарыла сыр шертетіндей .     

      Қазақтардың ғарыш, әлем моделі туралы түсініктері  ұлттық киім-кешектерінде қазақтың  ою - өрнектерінде тамаша берілген. Мұндай көзқарастың белгілері ұлттық сән әлемі түрлерінен, кілем, киіз, сырмақ, ыдыс – аяқтың әдемі ою - өрнектерінен айқын байқалады.

     Сән өнері дүние жүзінің халқына тән , бұл – халық қазынасы , ғасырлар мұрасы . Соған орай қазақ ұлттық костюм тарихының дамуына , тұрмысына , табиғат ерекшелігі мен эстетикалық талғамына байланысты қолөнер өзіндік ерекшелігімен халық өмірінде өшпес із қалдырып отырған . Ұлттық өнердің өзіндік ерекшелікпен қалыптасуына үлкен әсерін тигізген жайт – көп ғасырға созылған көшпелі өмір .

    Демек, қазіргі заманғы сән әлеміне сәйкес сыртқы формасын тауып , әр шебердің талғамына ой - өрісіне тән ою - өрнекпен нақышталып берілуі үлкен мәні бар. Адамзат қоғамының қай сатысында болсын қоғаммен бірге дамыған қолөнері әр дәуірде өзінің өшпес ізін қалдырып , әлеуметтік көркемдік жағынан уақыт тынысын қалт жібермей әсерін тигізіп отырады .

      Қазақ сән өнері де өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап келген . Қазақтардың ою - өрнегі мен декоративті қолөнерінің шығуы – ежелгі кезде Қазақстан территориясын мекендеген сақ , гун , үйсін , қаңлы секілді көшпелі тайпалардың өнері .  Қазақстан жеріндегі археологиялық  қазба жұмыстары кезіндегі табылған әр кезеңде жасалған қолөнер бұйымдар соның айғағы . Осы бұйымдар ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені , халықтың даналығы мен өзіндік дарынын байқатады .

      Олай болса қолөнер бұйымдарын халықтық педагогиканың салаларының бірі , ол ою - өрнек өнерін оның арнайы символикалық сөздігі дей аламыз . Оның себебі бұйымдар әлемі ұрпақтар тәрбиесіне тікелей немесе жанама түрде қатыстықта болады .

      Бұлақ көрсең көзін аш ,  сусыныңды қандырар – демекші өшпейтін өмірдің өзегі іспетті ұрпақ тәрбиешісі ұстаз жаққан от ешқашан сөнбесе екен деймін .

      Ұрпақтарымызды парасатты да , білікті , мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп , олардың дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек , бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ өсіргіміз келетін болса , онда бүгінгі қоғамның барлық күшін , жалпы оқу-тәрбие саласына жұмылдыруымыз қажет . Бұл жолда сүйенеріміз әр халықтың бір-біріне ұқсамайтын этномәдениеті мен ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық сән өнерінің озық дәстүрлері болмақ . 

   Қорыта келе, қазақ халықтық педагогикасын қолданбалы өнер  сабағында пайдалану оқушыларға көркемдік білім беруде және шығармашылыққа баулуда алар орны ұшын теңіз  деп білеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Маргулан А.Х.Казахское народное прикладное искусство.А.,1986.

2. Табылдиев Ә. Қазақтың халық педагогикасы және тәрбие.Алматы,1991

3.Қожахметова К.Ж. Халықтық педагогиканы зерттеудің кейбір ғылыми-теориялық мәселелері.Алматы, 1993.

 

Резюме

      В данной статье рассматриваются применение этнопедагогики на уроке изобразительного искусства.