П.ғ.к. Албытова Н.П.

Л.Н.Гумилев ат.ЕҰУ, Қазақстан Республикасы

БІЛІМ ҚОҒАМЫНДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ОҚЫТУДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Кез-келген қоғамның  индустриалды қоғамнан  – постиндустриалды қоғамға өтуі білім беру жүйесінде радикалды өзгерістермен қатар жүреді.

Кезінде өндірістік революция сол кезеңге сәйкес сауатты жұмысшыларды дайындауды қажет етті де – оны қанағаттандыру жалпыға бірдей білім беру негізі қаланды. Жалпыға бірдей білім беретін мектептің міндеттері білім алушылардың фабрикаларда жұмыс жасау дағдыларын қалыптастырып, еңбек барысындағы тәртіптілікке, тапсырмаларды уақтылы орындауға үйрету, сауат ашуды (оқу, жазу, санау) қамтыды. Ерлер мен әйелдер машина жанындағы немесе конторлардығы бірсарынды қызметтерін ешбір ынтасы болмаса да атқаруға мәжбір болды. 

Өткен  ғасырдың орта шеніне дейін созылып, ол қоғамда, дүниежүзілік қоғамдастықта бұрын соңды болмаған таңқалдырарлық өзгерістер басталды. Әсіресе өндіруші класс жұмысшыларының көтерілу және төмендеу динамикасы драмалық күйде болды. К.Маркс және Ф.Энгельс уақытынан ХХғасырдың 50-жылдарына дейінгі кезеңде халықты еңбекпен қамтамасыз етуде өндірістегі жұмысшылардың саны ұдайы өсіп 50% құрап, олар динамикалық саяси күшке айналған еді. Бірақ 70-жылдардан бастап өндірістегі жұмысшылар өз көзқарастарын өзгертті, халықты еңбекпен қамтамасыз етуде өндірістегі жұмысшылар АҚШ-та және Еуропада 20%-ды құрады, әлі де болса ол, (болжам бойынша жұмысшы күші) оншақты жылда  5-10%-ға дейін төмендейді.

Бұл жағдай ауыл шаруашылығында да өріс алды, мысалы, АҚШ-та ХХ ғасырдың басында жұмысшы күші 50%  құраса, қазірде ол – 3%,  бұл да болжам бойынша алдағы 15-20 жылда екі есеге дейін қысқарады. Осыдан экономикалық саясаттың «белсенділері» өз білім деңгейлерінің  басқа адамдармен бәсекелестікте тең келмеуіне байланысты қайыршыларға айналды, яғни, қоғамға әлеуметтік көмек жасау т.б. жағынан белгілі бір дәрежеде проблема туғызды.  Өндірістің  қарқынды дамуына, автоматтануына байланысты дене күшіне деген сұраныс аса төмендегенмен, халыққа қызмет көрсету қарқыны ұлғаюда екендігін айта кету керек.

Сараптау нәтижелері көрсетіп отырғандай, «капиталист-қанаушының» жағдайы да өзгерді, егер, 1890 ж. АҚШ-тың 12% ауқатты азаматтары ұлттық байлықтың 86%-ын иемденсе, қазір мыңдаған американдық ауқаттылар 2-3 ай көлемінде экономиканың бір саласын жұмыспен қамти алмайды. Қазіргі таңда бизнесмен болудың мәртебесі төмендеді. Өйткені компанияларды, фабрикаларды, өндіріс орындарын т.б. менеджерлер басқара беретін болды. Экономиканың негізгі капиталын азаматтардың жиынтық қоры мен зейнетақы қоры құрайды. Айтарлықтай дәрежеде жаңа класс – «интеллектуалды қызметкерлер» класы, басқаша айтқанда, «білімді адамдар класы» өсіп келеді. АҚШ, Жапония және басқа да бірқатар елдерде осындай жаңа класс өкілдері халықты еңбекпен қамтудың жартысынан астамын құрайды. Осылайша, «қанаушы» немесе «қаналушы» болып саналмайтын «интеллектуалды қызметкерлер» қоғамы пайда болды. Олардың әрқайсысы өз алдына дербес капиталист емес, бірақ, ұжым ретінде өз елдерінің өндірістерінің бөлігін зейнетақы қоры, бірлескен қор, жеке қоры арқылы меншіктейді. Әрқайсысы жетекші болумен қатар, бір-бірінің қоластында бола береді. Оларды тәуелді деп те, тәуелсіз деп те атай аламыз, өйкені олар өздерінің білімі негізінде жан-жақты хабардар болуы арқылы қызмет көрсетуде еркін қозғала береді. Мысалы, бірнеше тілді меңгерген, компьютерде жұмыс жасау қабілеті жоғары математик, програмист, инженер, хатшы т.б. маман кез-келген мекеме, оқу орындары, өндіріске бірдей қажет-ақ. Маман-компьютершіге қай жерде жұмыс жасаудың - университет пе, зауытта ма, мекемеде ме -айырмашылығы жоқ. Тек жалақысы жақсы төленіп, жұмысы қызғылықты болса, болғаны[1]. 

Жұмыс беруші мен жұмысшының приоритеттері диаметриалды түрде өзгереді – интеллектуалды қызметкер ғана өз шарттарын қоймайды, сонымен қатар, жұмысқа кіруші де өз жұмысы туралы шарттардың орындалуын талап етеді. Дегенмен де «интеллектуалды қызметкер» экономикада, саясатта әлі де болса басты рольде. Жаңа жағдайдағы жұмысшылар біршама тәуелсіз, жаңалық тапқыш және білімдерін  өзгермелі жағдаяттарға икемдеуге дайын, өз іс-әрекетін ұйымдастыра білетін мамандар бақылауды қажет етпейді [2;3].  Жұмысшылардың жаңа типінде жұмысқа деген қарым-қатынас тіпті де өзгеше.

Ал индустриалды қоғамдағы жұмысшыға жұмыс өмір сүру үшін өмірлік құрал, ол жұмысты отбасын асырау, демалу үшін атқарады. Жұмыс өмірінің негізгі бөлігін құраса да оны сыртқы іс-әрекет деп қабылдайды. Осыдан индустриалды еңбекті ұйымдастыруда еңбек іс-әрекетінің мотивациясы проблема туғызады. Мысалы, еңбектің өнімділігін арттыру үшін үнемі олардың қызығушылықтарын ояту, жұмыс жасауға міндеттеу жолдарын іздестіру, басқаша айтқанда, жұмысшының жұмыстан жатсынуының алдын алып отыру - түрлі формалар есебінде жалақы көтеру, ұжымдағы жұмысшылардың,  қызметкерлер мен жұмысшылардың арасында жайлы психологиялық климат жасау т.б. Жұмысшының жұмысқа жауапкершілігінің төмен болуы нәтижесінде еңбектің  мәнінің жойылуы индустриалды қоғамға тән.

Постиндустриалды мәдениетке көшу барысындағы еңбекке деген көзқарас өзгеше – жұмысшы өз еңбегінің нәтижесіне сәйкес мен табыс табатындықтан еңбектен  қанағат табады. Ол қанағаттану екіжақты: материалдық және рухани  болады. Еңбекке деген қарым-қатынас жаңа типтегі жұмысшының еңбек арқылы өзінің жеке басының дәреже-деңгейін танытуы ретінде болады. Осылайша адам еңбек үдерісінде өмірлік басты қажеттілігінен қанағат тауып -  өмірдің мәнін көреді, өмір мен еңбек ұласады.  Жоғарыда тоқталып өткен қоғамның  индустриалды қоғамнан постиндустриалды қоғамға өтуі білім беру жүйесінде оқытудың парадигмаларын өзгерту қажеттігін туындатады.

Қазіргі таңдағы білім беру жүйесіндегі негізгі қарама-қайшылық - дүние жүзі бойынша  білімнің жоғары қарқында өсуі мен  оны индивидтің меңгеруге мүмкіндігінің шектеулі болуы арасында болып отыр. Осындай қарама-қайшылық  тұлғаны абсолютті білімді идеал ету (тұлғаны жан-жақты дамыту) сияқты педагогикалық теориядан бас тартып, жаңа идеалға - адамның өзін-өзі  реттеуі мен өз бетімен білім алу қабілетін максималды дамытуға көшуді талап етеді [4]. 

Бүгүнгі күні білім шын мәнінде капитал және негізгі ресурс болып табылатын қоғамда білім беру жүйесіне деген талап күшейді, оның білім беру қызметі, жауапкершілігі артты. Бүгінгі таңда оқу, оқыған адам (обученный человек) сөздерінің мағынасын қайта қарауға тура келеді. Постиндустриалды қоғамда өмір сүру үшін оқу материалдарын меңгеру жолдары, педагогтардың білімді жеткізу тәсілдері айтарлықтай өзгеріуге тиіс.

Жоғарыда атап өткен инновациялық оқыту көкейкесті мәселе бола бермек. Инновациялық және дәстүрлі, нормативтік оқыту терминдері мен идеяларын Римдік клубқа дайындаған баяндамаларында бір топ ғалымдар 1978 жылы ұсынған. Ғалымдар әлемдік ғалымдар қауымдастығына оқыту қағидаларының бүгінгі қоғам тұлғасын, танымын дамытуға сәйкес келмей жатқандығына назар аударту үшін қолданған. Баяндамада инновациялық оқыту тұлғаны өзгермелі қоғамда өмір сүруге дайындау, шығармашылыққа бейімдеу, ойлаудың түрлі формаларын, сондай-ақ адамдармен әлеуметтік ортада қарым-қатынасқа түсе біліге дайындау мағынасында пайдаланды.  Яғни, олардың 4 түрлі сипатын көрсетуге болады: оқытуды болашаққа бағдарлау, құндылықтарды қастерлеу, бірлесіп қызмет атқару, жаңа  жағдаяттарды меңгеру, алдын-ала білу.

Педагогикалық әдебиеттерде егер, 60-80 жылдары білім беру  «аз нәрседен көп және бәрінен аз ғана білу» формуласымен сипатталса, 90 жылдары «Жаңа мәнді тану үшін барлығының мәнін білу»-дегенге көшті. Барлық пәндердің негізгі мәнін білу арқылы ортақ информация жинақтау барлық оқытуға әсіресе, студентке болашақ маман ретінде қойылатын негізгі мақсат. Оқытудағы мәндік ұстаным (сущностный подход) жаратылыстану, гуманитарлық және техникалық ғылымдар синтезін құрайды. Оқытудағы мәндік ұстаным – бұл оқытушылардың студенттің қабілетін дамыту бағытында пәнаралық байланыс негізінде олардың (пән мазмұнының) мәнін жүйелі ұғынуға жағдай жасайтын жүйелі, синергетикалық («синергия»-грекше серіктестік, екі не бірнеше органның бір бағыттағы бірлескен әрекеті) ұстаным.

Педагогикадағы акмеологиялық ұстаным инновациялық білім беруде мәндік ұстаныммен тығыз байланысты. «Акмеология» (грекше «акме»- шың, биіктік, жоғарғы деңгей) – зерттеу нысаны  (обьектісі) өмірдің кез-келген сферасындағы өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіру, өзінің қол жетер мүмкіндігін реттей алу (самореализация) динамикасындағы адам болып табылатын ғылыми білімнің жаңа облысы,  ғылыми пәндердің (дисциплиналардың)  кешені. Акмеология міндеті -  іс-әрекет субьектісін кез-келген әрекетте, сондай-ақ, өзі таңдаған мамандықта үлкен  жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін білім және технологиямен қаруландыру. «Акме» - бұл профессионализм шыңы – тұрақты жоғары нәтижелер, келешекке сенімділік. Шығармашылық – профессионализмнің қажетті компоненті. Өзін-өзі дамыту – профессионализм шыңына жету жолы. Барлық білім алушылардың бойында өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіру, өз бетімен білім алу, өзін-өзі бақылау дағдысын қалыптастыру қажет, бұл «акме» жағдайына жету факторлары. Ол үшін оқытушы тарапынан кереметтей қозғаушы себептер болуы керек. Оқытушылардың міндеттері – студенттердің мотивтері мен қажеттіліктерін қалыптастыруға көмек көрсету. Қазіргі кезең оқытушысына өз қызметінде тұлғалық және кәсіби абилитация қажет (абилитация-француз тілінде «habile»-өнерлі, іскер, ловкий) бұл қазіргі заман талабына жауап беретін квалификацияны меңгеру).

Ғалым Г.Б.Корнетовтың пікірі бойынша, «үшінші мыңждықтың басында постиндусриалды өркениет құрудың жалпы әлемдік тенденциясы біздің елімізде либеральды демократиялық типегі қоғамға өтумен жүзеге асырылады». Автор білім беру саласындағы педагогикалық парадигманың өзгерісін қоғамның дамуына қатысты қарастырады. Қоғамның дамуына байланысты білім беру саласындағы педагогикалық парадигманы жаңа бағытта қарауды қажет етеді.

Ресейлік ғалымдар А.Н.Тихонов, В.А.Садовничий «парадигма нақты ғылыми зерттеулерді анықтайтын және ғылыми практиканың сол кезеңінен жүзеге асатын теориялық және әдіснамалық алғы шарттардың жиынтығы» деген анықтама беріп, парадигманың мағынасын ашып берді. Ал Қазақстандық ғалымдардың осы бағыттағы зерттеулерін «Ж.Наурызбай, А.П.Сейтешов, Ш.Т.Таубаева, К.М.Арынғазин, А.Д.Кайдарова және т.б. Қ.Р білім беру жүйесіне жаңа парадигманың қажетілігін ашып көрсетеді. Мәселен, ғалым К.М.Арынғазин  бұған мағыналы педагогиканы ұсынса, академик П.П.Сейтешев «суперобъектілер: адам, әлеумет, өркениет және білім берудің өзара байланысын қарастырады», ғалым Ш.Т.Таубаева «ғылыми зерттеулер барысында шешілетін нақты проблемалар мен оларды шешудің әдіс тәсілдері» деген ұстанымды ұстаса, А.Д.Кайдарова көппарадигмалық тұғарды ұсынады» деп талдау бар [5]. 

Ғылыми әдебиеттердегі инновациялық білімге қатысты ой тұжырымдарды жинақтап айтар болса,  инновациялық білімді тұлғалық ұстаным, білім фундаментальдығы, шығармашылық бастаулар,  мәнділік және акмеологиялық ұстанымдар,  профессионализм, екі мәдениеттің синтезі (техникалық және гуманитарлық), жаңа бұқаралық-ақпараттық технологияларды пайдалану құрайды.  Сондай-ақ, білімге деген түбегейлі өзгерістердің құндылық парадигмасына негізделуін қолдайтындығын байқау қиын емес: « ... спасение  человеческой экономики – в культуре...» [6]. 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Назарбаев   Университетінің студенттеріне оқыған лекциясының «Қазақстан білім қоғамы жолында» деп аталуы, оның мақсат-міндеттері   жастарды болашақта жарқын өмір сүруге үндейді. Экономикалық және құндылық дамуды қатар ұстанған ұлттың ғана алға шығары анық.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Новиков А.М. Методология образования.-2006. С.299-310

2. Ильин Г.Л. Философия образования. – М.: Вузовская книга, 2002.

3. Кукушин В.С. Общие основы педагогики. Ростов н/Д.-МарТ, 2002.-С.224.

4. Бордовская Н.В., Реан А.А. Педагогика.-СПб: Питер, 2000.-304с.

5. Бұзаубақова К.Ж. Инновациялық педагогика негіздері. –Алматы, 2009.

6. Абдильдин Ж. Казахстанская общественная мысль-часть духовной истории мира  // Байтерек.-2008, 35-41с.