Филологические науки/ 2. Риторика и стилистика
Д.ф.н., проф. Мажитаева Ш.
Магистрант Оразова Б.
Карагандинский госуниверситет имени Е,А.Букетова, Казахстан
БИ-ШЕШЕНДЕР ТIЛIНIН БЕЙНЕЛIЛIГI
Мақалада
ұлттық болмыстағы шешендік өнердің
көркемдік сипаттағы эстетикалық әлемі, елдік пен
адамгершілік асыл қасиеттерді басты орынға қойған
этикалық өзегі қарастырылады.
Қазақтың
ұлттық өнерін даралайтын би-шешендер тілінің
бейнелілігі талданады. Сөздің поэтикалық сипатын еселеуде
ерекше көркемдік қуатқа ие фразеологизмдердің қолданылуы сараланады.
Қазақ
халқының сан ғасырлық сарқылмас асыл
қазынасын би-шешендер мұрасы құрайды. Сырлы
сөздің әсемдік
әлеміне ерекше талғаммен қараған би-шешендер
шешендік өнер құдыретін басты орынға қойды. Атап
айтқанда заттың, яки
құбылыстың ерекшелігін, сыр-сипатын бейнелі
түрде танытатын поэтикалық және стилистикалық ұғым, экспрессивті
айқындаушы сөз,
троптың қарапайым түрі эпитет десек [1,232-233], би-шешендер
бір ғана сөз ұғымын шешендік өнерде
алуан түрлі эпитетпен сипаттайды. Мысалы, аталы сөз, жетелі
сөз, дана сөз, үлгілі сөз, асыл сөз, нұрлы
сөз, пәлелі сөз, тура сөз, улы сөз, шырмау
сөз, ыстық сөз, шаншу сөз, қағытпа
сөз, әсерлі сөз т.б.
Иманы берік, ар-ожданы таза,
кісілік қасиеттері асқақ, текті адам тәрбиелеу ұлттық шешендік
өнердің басты
этикалық өзегі болды.
Сонымен қатар шешендік өнерде сұлулық, әсемдік
әлеміне баса назар аударылады. Сөз
өнерін қасиет пен кие санаған әрі ерекше құрмет тұтқан би-шешендер сұлулық әлемін
қабылдауда және оны тыңдаушы санасына сіңіруде
өнерге биік эстетикалық талғаммен қарады. Адам
жанының әсемдігін, кіршіксіз тұнық әлемін
жоғары қойды. Табиғат перзенті көшпенділердің өмір мен өнер
үйлесіміндегі жан әлемінің кіршіксіздігін киелі Отан,
қасиетті ата-ана, сүйкімді жар, сымбатты апа-қарындас, иман
жүзді аға-бауыр, тәлім-тәрбиелі
ұрпақтың ар-ождан биігіндегі сұлулық сипаттарына
тән эстетикалық мән-мағынасы Қаз дауысты
Қазыбек бидің шешендік сөздерінде кең өріс тауып
жатады [2, 180]. Сұлулық пен ұсқынсыздық,
асқақтық пен таяздық сынды эстетикалық
категориялар халықтық эстетика тұрғысында байыпталады.
Мысалы, «Жаман бала көрінгеннің мазағы, жаман ат шыбын
жанның азабы, жаман қатын
жалғанның тозағы болса, жақсы бала тән мен
жанның шырағы, жақсы ат дүниенің пырағы»
деген өрелі эстетикалық
талғаммен қарайды. Би-шешендер шешендік өнердің
эстетикалық тәрбиедегі маңызына, өмір мен өнер
жарасымындығы үйлесіміне ерекше мән беріп отырды. Төле
би Тайкелтір шешенге «Ей, Тайкелтір, шырағым! Бейбіт елде сән
болар, Сән болған жерде
ән болар. Бүлінген елде дау болар» деп ұлттық береке-бірлігі жарасқан елдің әсем
үйлесімдегі жарасымды өмірін эстетикамен байланыстырады.
Тіл бейнелілігі – шешендік
өнерде заман ағысы, қоғам тынысының дәуір
заңғары өрінде шынайы өрілуі тіл бейнелілігі шеберлігінінен
айқын танылады. Қазақ би-шешендерінің сөз дестесі
мен ой кестесіндегі ой өрімі, тіл тазалығы, әуезді
ырғағы табиғи әсем үйлесімдегі бейнелі сипатымен
поэтикалық күшке ие. Сөздің мағыналық,
суреттілік қуатын еселеуде, тіл ұстартуда би-шешендердің тіл
бейнелілігі көркемдік ойлау жүйесінің қуатын айшықтайды. Қуатты
ойдан құралған
би-шешендер сөзі қарапайым
сөзден көркемдігі, бейнелілігімен ерекшеленеді. Шешендік
сөздерге тән көркемдік поэтикалық сипат тіл
арқылы әралуан айшыққа, әуезділікке ие болады.
Би-шешендер сөз құдыретінің эстетикалық әсерленудегі мањызын басты
орынға қойды. Сөздің мағыналық, суреттілік
қуатын еселеуде, тіл ұстартуда би-шешендердің тіл бейнелілігі
көркемдік ойлау жүйесінің қуатын айшықтайды.
Қазақ билерінің сөйлеу мәдениетіндегі тіл
бейнелілігіне синтаксистік-ырақтық параллелизм,
суреттегіш-бейнелегіш, мәнерлегіш құралдарды шебер
қолдану тән [3, 205].
Шешендік өнерде
қара сөзбен ақ өлең ырғағының
үйлесімінде сөз саптаған би-шешендер әдебиеттегі
дәстүрлі айшықтау, құбылту түрлерін
шеберлік биігінде қиыстыра отырып қолданды. Би-шешендер
поэтикалық ойға құрылған қуатты тасқындағы
сөзін әсерлі етіп беруді
ұстанды. Мысалы, Қазыбек би «Жасына қарай отырып,
жағына қарай сөз сөйлей береді, өзімнен
үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде
отырғанмен бірдей», «Атадан
ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз
туса, күң боламын деп тумайды» деп поэтикалық тіл
көркемдігінде ойын өрбітеді. Мұнда сөздің көркемдік әсерін арттыру мақсатында дауыссыз (аллетрация),
дауысты дыбыстардың (ассонанс) үндесе қайталануы, бір
сөздің бірнеше қайталанып берілуі (эпифора) поэтикалыќ тіл
иіріміндегі шеберлік қарымын танытады. Қазыбек би
өсиет-ақыл, ғибрат түріндегі дидактикалық сарында
адамның психлогиялық күйін динамикалық үдерісте
беруде баққан, таққан, басынбаған,
асырмаған, асқақтаған, қарпысқалы,
еріткелі, теліткелі, шабысқалы, алысқалы, жарысқалы,
жабысқалы т.б. образды сөздерді орынды қолданады. Динамизм
есімшенің - ған, көсемшенің - қалы, - келі
жұрнағымен берілген. «Найза ұстады», «Берсе қолынан,
бермесе жолынан» т.б. фразеологизмдерді қолдану қағидаларын
«Найзаға үкі таққан елміз», «Берсең жөндеп
бітімді айт, Бермесең дірілдемей жөніңді айт» деген
тұрғыдан ұстартты.
Қоғамның саяси-әлеуметтік,
құқықтық
жүйесіне қатысты сөздердің, сөз
тіркестерінің поэтика тіліне
сабақтасырыла отырылып
қолданылуымен
көркемдік құралға айналуы би-шешендер
тілінің ерекшелігін
құрайды.
Ойды астарлап, басқа
нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама
бейне символ. Сөз өнерінде символ нақтылы бір затты,
нәрсені екінші нәрсенің, не ұғымның жай
баламасы ретінде алу арқылы жасалады. Би-шешендер қолданысындағы сивол сөзге
байсалды астар береді. Ойды ашық
айтпай тұспалмен астарлап
сөйлеу шешендік өнерге тән басты көркемдік сипат. Мысалы, Қаз дауысты
Қазыбек би «Сен қабылан да, біз арыстан Алысқалы келгенбіз,
Жаңа үйреткен жас тұлпар, Жарысқалы келгенбіз,
Тұтқыр сары желімбіз Жабысқалы келгенбіз» деп астарлы
мағынада сөз саптауы, сондай-ақ Төле бимен астарлап
сөйлескен
әңгімесіндегі «Алысың қандай?»,
«Тәттіңіз қандай?» және «Несиеңіз өне ме?»
деп көз жанары, ұйқысы, балаларының қарайласуын
балама ретінде алуы символ қолданысындағы шеберлікті
көрсетеді [4, 20-50].
Би-шешендер тіліндегі
бейнелілік сипатын ауызша әдеби тіл, жалпыхалықтық
сөздік қорда ғасырлар бойы қолданылып келген асыл
қазына фразеологизмдер барынша үстей түскенін көреміз.
Шешендік өнерде фразеологизмдердің қолданылуы сөздіњ
поэтикалық сипатын еселеуде көркемдік қуатқа ие [5,
21-25]. Шешендік сөздерде «Ағайынды қоңыр ќаз», «Аѓызып
сµйледі», «Аѓын судай екпіндеді», «Адалынан жолыќтыр», «Ай, әлеумет,
жарандар!», «Айыбын жуды», «Аққжол», «Ақ иіліп сынбайды»,
«Ақ пен қара», «Ақ сөйле», «Аузы дуалы», «Басқа
шауып, төске өрледі», «Бассауға сұрады», «Басын кессе
де, шындықпен өлді», «Бата алды», «Бата берді», «Бетінен иманы
тамған», «Билігін бұрмады», «Ғибрат сөз», «Даты бар»,
«Дау айтты», «Дау қуды», «Дәм- тұзын ақтады», «Екі
дүние», «Екі ауыз сөз», «Екі сөйлемес болар», «Ел билеп,
жұрт ұстады», «Ел іргесін сақтады», «Ердің
құнын екі ауыз сөзбен бітірді», «Ердің
құны, нардың пұлы», «Ешкімнің ала жібін
аттамады», «Жабы емеспіз, тұлпармыз, құлын емес, сұңқармыз»,
«Жағы қарысты», «Жаза басты», «Жазасын тартты»,
«Жақсының шарапаты», «Жалаға
ұшырады», «Жалына аузында», «Жаны күйді», «Жауырды жаба
тоқыды», «Жер қылды», «Иманы бетінде үзіліп тұр»,
«Иманын сатты», «Ит терісін басына қаптады», «Кек кернеді», «Кең
дүние тар болды», «Қақпанның қанды аузын басты», «Қамшы боп тиді», «Қанын
кешті», «Құн сұрады», «Құнын алды»,
«Масқарасы шықты», «Мойнына артты», «Нақақ жала», «Намазға ұйығандай
тыңдады», «Намысын жоқтады», «Ниеті ақ», «Нұр жайнады»,
«Нұрлы сөз», «Нысап жоқ», «Обал болды», «Ой түкпірін
ақтарды», «өкпесін аузына тістеп айтты», «өкім қылды»,
«өлген артық», «өтірік сөз жанға байлау
болмайды», «Пара берді», «Пара жеді», «Парқына жетпеді», «Рай бермеді»,
«Сабыр суы сарқылды», «Сес көрсетті», «Сөз атасы»,
«Сөзге жығылды», «Сөзі дуалы», «Таба болды», «Тақымы
толмады», «Тезге салды», «Төбе би», «Тура сөзүрінген
жоқ», «Тілі мірдің оғындай», «Улы сөз»,
«ұятқа қалды», «үкім айтты», «Хақын жеді», «Хасіл
болды», «Шабына от салды», «Шақпа тілді», «Шаң
жұқпайды», «Шариғат жолын тұтты», «Шарт сынды», «Шорт
кесті», «Шырғасы берік», «Шырмау сөз», «Ымыраға келді»,
«Ініне су құйды», «Іс насырға шапты» т.б. тұрақты
сөз тіркестері жиі қолданылады. Мысалы, Қаз дауысты
Қазыбек бидің шешендік сөздерінде «Ақ сүтін
кешті» («Айналып-толғанып өсірсем, Ақ сүтімді
кешірсем»), «Шыбын жан» («Атың жаман болса, Шыбын жанның азабы емес
пе!»), «Дәм-тұзын ақтады» («Досымызды сақтай білген
елміз, дәмін, тұзын ақтай білген елміз»), «ұшқан
құс, жүгірген аң» («Уа, әлеумет, құс
ұшса, қанаты талатын, жүрсе тұяғы күйетін
ит арқасы қиян қашық жерден келіп отырсыңдар»)
т.б. фразеологизмдердің
қолдануымен қазақ тілінің көркемдік
нәрін еселеуге зор үлес қосты.
Түйіп айтқанда,
ұлттық шешендік өнерді даралайтын би-шешендер тілінің
бейнелілігі көркемдік қуатымен ерекшеленеді. Олардың
сөз өнері мен ой кестесіндегі ой өрімі, тіл тазалығы,
әуезді ырғағы табиғи әсем үйлесімдегі
бейнелі сипатымен тыңдаушысын ерекше әсерге бөлейді. Ойды
астарлап, басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын
нақтылы сипаты бар балама бейне символ, сонымен қатар
сөз өнерінің бейнелілік сипатын фразеологизмдер барынша
үстей түскенін көреміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әдебиеттану
терминдерінің сөздігі. / Құрастырушылар: З.Ахметов,
Т.Шанбаев. Алматы, 1996.
2. Қаз дауысты
Қазыбек би. Энциклопедия. Алматы,
2011.
3. Жұмағұл С.
Тіл бейнелілігі // Қаз дауысты Қазыбек би. Энциклопедия.
Алматы, 2011.
4. Шешендік сөздер.
/ Құраст. Адамбаев Б.
Алматы, 1990.
5. Негимов С. Шешендік
өнер. Алматы, 1997.