Ақажанова А.А.

С.Сейфулин атындағы ҚАТУ, Астана қаласы

 

Ұлттық ойын атауларының лингвомәдени негіздері

 

Ұлттық спорт және ойын атауларының қай түрін алсақ та, халықтың тілдік дәстүріне, дүниетаным – түсінігіне сай қалыптасқан. Ұлттық ойын атауларының негізі этнолингвистика мен этномәдениетте жатыр, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Этнолингвистика терминінің көп тараған анықтамасын О.С. Ахманова берген: «Этнолингвистика – это раздел макролингвистики, изучающий отношения между языком и народом и функционировании и развитии языка [1:529].

Этнос (ұлыс – халық - ұлт) тіліне байланысты лингвистикалық теорияның негіздерін салған 18ғ. 2 жартысы мен 19ғ. бірінші жартысында өмір сүрген В.Гумбольдт. Ол әрбір жеке тіл – ұлттың тілдік санасында қалыптасқан нәтижесі, сол себепті тілдің қызметі қандай деген мәселеге, оның ішкі өмірінің қалай дамығанын, ұлттық рухани күшін, оның өзіндік ерекшелігін түсінбейінше жауап беру мүмкін емес дейді [2]. Тіл мен рухани күштер бір-бірінен бөлек, бір-біріне жалғассыз дамымайды, олар бірлесіп зияткерлік қабілеттерінің біртұтас қызмет әрекетін тудырады [2:67].

В.Гумбольдтың тілдік формалар арқылы тілдің семантикалық өзгешілігін білдіретін оның (тілдің) ішкі формасы туралы ілімі этнолингвистиканың қалыптасуында да өте маңызды болды.

В.Гумбольдтың  түсіндіруінше, тілде халықтың рухани қасиеттерін білдіретін дүниетанымдық түсініктері белгіленіп сақталады. Өйткені тіл адам мен сыртқы дүние, әлемді байланыстырушы, сол екеуінің арасын жалғастырушы құбылыс ретінде әр адамның ақыл-ойында тілде белгіленген дүниетанымдық көзқарастың ерекшелігіне сәйкес сыртқы дүниенің көрінісін суреттеп, ізін қалдырады. Тіл дүниені, болмыс көріністерін тікелей бейнелемейді. Яғни тілдегі сөздер шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың тікелей таңбалары емес, адам санасында тілдің шығармашылық үдерістері нәтижесінде пайда болған бейнелері. Себебі адамның дүниедегі (айналасындағы) заттарды қабылдауы,  жасайтын әрекеттері тұтасынан тілде белгіленген түсініктерге сай туады, соған бағынышты. Сөздің ішкі формасында ұлттық дүниетанымның ерекшеліктері белгіленеді, одан дыбыстың құрылым мен ұғымның байланысынан туатын әрбір тілге тән бейне көрінеді. Сөйтіп, тіл адамның айналасында жасалған тылсымды, сиқырлы өріс шеңбері тәрізді, одан тек басқа бір өріс шеңберіне, мысалы, басқа бір тілде  үйреніп соның шеңберіне ауысқанда ғана шығуға болады. Басқа тілге ауысу қашанда адамның дүниеге көзқарасының өзгеруіне ықпал жасайды [3:77-86].

В.Гумбольдтың  тілдің ішкі формасы туралы ілімі осы сияқты теориялық алғышарттардан тұрады.

Проф. М.М.Копыленко В.Гумбольдт іліміне сүйене отырып, әлем тілдерін зерттеу дегеніміз олардың дыбыстық көрінісін ғана емес, этнолингвистикасын зерттеу деп тұжырымдайды [4:9].

Әлемдік тіл білімінде В.Гумбольдт ілімі кейін Бодуэн де Куртенэ, А.А.Потебня, Ф.де Соссюр, Э.Сепир, Б.Уорф, А.Вежбицкая, И.Л.Вайсгербер т.б. зерттеулерінде ары қарай дамытылады. Қазақ тіл білімінде этнолингвистика мәселелері проф. М.М.Копыленко, акад. Ә.Қайдар, проф. Е.Жанпейісов зерттеулерінен басталып, кейін М.Манкеева, Ә.Ахметов, С.Сәтенова, А.Жылқыбаева, Р.Шойбеков, т.б. жеке салаларға байланысты еңбектерінде кеңейтілді.

Қазақ тіл білімінде этнолингвистика ғылымымен алғаш айналысқан ғалымдардың бірі акад. Ә.Қайдар этносты, этнос болмысын тек оның тілі арқылы толық түсінуге болатынын, этнос өміріндегі «мол деректер мен мағлұматтарды тіл ғана бойына сыйғызып»,  ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетінін, тіл этностың өзін танып-білудің қайнар бұлағы екенін айтады. Сол себепті ғалым тіл феноменін «тіл әлемі» деп қолдануды ұсынады. Осыған орай Ә.Қайдар этнолингвистика дегенге мынадай анықтама берді: «Этнолингвистика – этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу мақсатынан туындаған лингвистиканың (тіл білімінің) жаңа да дербес саласы» [5:8]. Ә.Қайдар этнос жайын тілдің лексика-семантикалық қорын байытатын, «небір құнды дерек мағлұматтармен толықтырылып, мазмұн-тақырып ауқымын кеңейтіп, мән-мағынасын тереңдете түсетін тілдің көздері» ретінде алты этнолингвистикалық арнаны көрсетеді. Олар: баламалар, тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ауыз әдебиет үлгілері [5:25-26]. Ұлттық ойын атауларын білдіретін тіл бірліктеріне осы арналардың бәрі дерлік қатысты деуге болады.

Этностың шынайы бейнесі, болмысы туралы тілдік деректер, мағлұматтар оның тіл әлемінде сақталып, сол арқылы болашақ ұрпаққа жеткізіліп отырады. Бұдан тілдің кумулятивтік қызметі туралы мәселе туындайды.

«Кумулятивизм (от лат. cumulatio увеличение, скопление) – методологическая установка философии науки, согласно которой развития знания происходит путем постепенного добавления новых положений к накопленной сумме истинных знаний». Ә.Қайдар тілдің кумулятивтік қызметін оның коммуникативтік және эстетикалық қызметтерімен бірге үшінші қызметінің бірі ретінде қарастырады [6:18-21].

Осы тұрғыдан қарағанда халықтық спорт, ойын-сауыққа, оның түрлеріне қатысты атаулар, сөз тіркесі, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар т.б. – бәрі осы салаға байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан сөздік қордың ауқымды бөлігін құрайды. Бұл атаулардың бірқатары шығу төркіні жағынан көне түркі дәуірімен ұштасып жатқанымен, негізінде қазақтың халық болып даму дәуірінде қалыптасқан тарихи сөздер болып табылады [7:125-127]. Мысалы, ат спортына байланысты: аламан бәйге, ошақ бәйге, айдау ат, құнан жарыс, жорға жарыс, көкпар, ат омыраулату, аударыспақ, қызқуу, күміс алу т.б., күрес түрлері: қазақша күрес, тауық күрес, ырғақ, ұстау, шалу, ілу т.б. ашық даладағы ойындар: соқыртеке, қызылту, ақсерек-көксерек, бестас, асық, үштабан, құмар, алакүшік, ақсүйек, әйгөлек, алтыбақан, әткеншек, арқан тарту, қашпадоп т.б.; үй ішінде ойналатын ойындар: белбеу тастау, ұшты-ұшты, білектесу, көрші, тоғызқұмалақ, дойбы, санамақ, инемтап т.б.; спорт, ойын түрлеріне байланысты салт-жоралғы атаулары, тұрақты тіркестер [ҚТФС], мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар т.б. – бәрі бұрыннан келе жатқан, халықтық сипат алған тіл бірліктері болып табылады. Бұл сияқты атаулар халықтық спорт, ойын түрлерін бірнеше ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші тіл құралдары қызметін атқарады.

Ұлттық спорт, ойын-сауық атауларынан халықтың салт-санасы мен дүниетанымындағы түсінігін, өзіндік ерекшелігін көруге болады.

Қазақ халқында ежелгі салт бойынша, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің бағы жанып, арманы орындалуы үшін, «жеті қазына» қажет деген түсінік қалыптасқан. Этнографиялық деректерде олар былайша таралады: 1) жүйрік ат, 2) қыран бүркіт, 3) құмай тазы, 4)  берен мылтық, 5) өткір кездік, 6) ау – жылым, 7) қандыауыз қақпан. Қазақта жеті қазынаның бұдан басқа да нұсқалары бар. Солардың ішінде жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы міндетті түрде қайталанып отырады, қалғандары садақ (мылтық орнына), сұлу әйел, ілім-біліммен ауыстырылып, түрлі нұсқада өзгеріп отырады. «Жеті қазынаның бірі – ит» деп, қазақта итті басқалардан бөліп айтады [5:47-48].

Жоғарыдағыдай тіл бірліктерінің қай-қайсысы болсын дүниені, болмысты, заттар мен құбылыстардың қыр-сырын жан-жақты танып білудің нәтижесінде қалыптасады. Таным арқылы шындық болмыс санада бейнеленеді, объект пен субъектінің әрекеттестік байланысын білуге болады. Сол себепті таным шындық болмысты танып білудің негізі және басты шарты болып табылады. Адамдардың болмыс туралы білігі мен түсінігі танымның қоғамдық өмір тәжірибесінде дамып, іске асуынан пайда болады.

Таным теориясы (гносеология гр. гносис таным және логос ілім) танымның заңдылықтары мен мүмкіндіктерін, шындық болмысқа сезім, түсінік, ұғым сияқты категориялардың қарым-қатынасын зерттейді [9:1330]. Танымның, таным теориясының қалыптасуында ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде этнолингвистикамен байланысты Америка ғалымы Ф.Боас және оның шәкірттері негізін салған антрополингвистикалық бағыттың зор мәні болды [9:597]. Антрополингвистикалық бағыттың дамуы көне грек заманынан бастау алып XVI-XVII ғасырларда негізі салынған антропоцентризм жайындағы көзқараспен байланысты. Антропоцентризмнің (гр. аntropos адам және centrum орталық) мәні – адамды әлемдегі ең басты тұлға, әлемнің кіндігі деп тану, оның жоғарғы мақсаты адам, адамды деп түсіну. Кеңес дәуірінде антропоцентризм идеалистік теория ретінде қабылданып дамымады. Антропоцентризм негізінде таным теориясы дамыды. Антропоцентризм идеясының дамуына Гумбольдтың тіл философиясының ықпалы күшті болды.

Антрополингвистика содан бері Батыс Еуропа, Америка сияқты өркениетті елдерде тіл мен мәдениетті, тіл мен этносты, тіл мен танымды адаммен байланыстырып зерттеуде интеграциялық жаңа үрдістегі ғылым салаларының тууына ықпал етті. Антрополингвистиканың негізі В.Гумбольдт [3:68-86], Ф.Боас, Э.Сепир, Б.Л.Уорф, Ф.де Соссюр, Ф.И.Буслаев, А.А.Потебня т.б. [10:597-598] еңбектерінен басталып, В.Г.Колшанский, В.Н.Телия, Ю.С.Степанов, Л.Вайсгербер т.б. зерттеулерінде ары қарай дамытылды.

В. Гумбольдт тілді тек адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, ойлаудың аса қажетті шарты екенін айтқан. Оның пікірінше, ақыл-ой тек рухани әрекеттің жемісі, ол сезімдік қабылдау арқылы түсінілетін құбылыс. Адамдағы ішкі ойлау процесі дегеннің өзі тілдің көмегімен жүзеге асады. Тіл ойлауды ұйымдастыратын құрал болып табылады. Тіл адам ойының танымдық әрекетін, бағыты мен мазмұнын анықтайды. Тілде заттың, құбылыстың тікелей бейнесі емес, адамның субъективті жан дүниесінің, сезімі мен түйсігінің қабылдауынан өткен, қалыптасқан бейнелері қолданылады. [3:78].

Адамның ойлау қабілетінің осындай ерекшелігі туралы В.Гумбольдт ілімінен кейін Еуропа мен Америкада оның идеясын байытып, ары қарай тереңдетті. Американ ғалымдары Э.Сепир мен Б.Уорфтың XX ғасырда жасаған «Сепир –Уорф болжамы» деп аталатын теориялық тұжырымы бойынша, сыртқы әлемді танып білу тәсілдері мен ой жүйесі тіл арқылы анықталады, болмыстың танылу сипаты оны танып білуші, субъект ойлайтын, қолданатын тілге байланысты. Адамдар дүниені бөлшектеп, саралап тани отырып, оның ұғымын тудырып мағынасын түрлендіреді. Танымның объективті жалпы мағыналық сипаты жоқ, физикалық ұқсас құбылыстар тілдің қатыстылығына байланысты әлемде ұқсас көріністердің жасалуына мүмкіндік береді [10:443].

Сөйтіп, «Сепир –Уорф» болжамынан В. Гумбольдтың тіл ойлауды ұйымдастырушы құрал, әрбір жеке адам өзіндік ерекшелігі бар дүниетаным иесі деген қағидаларына сүйеніп, оны ары қарай дамытқанын көреміз.

Қазіргі кезде таным теориясы негізінде тілдік таным ұғымы қалыптасты. Тілдік таным проблемасын адамның танымдық әрекетімен байланысты когнитивтік тіл білімі қарастырады. Тілдің коммуникативтік, когнитивтік, эмоционалдық, метатілдік қызметтерде жұмсалуының негізінде тілдік таным жатыр. Тілдің бұл сияқты қызметтер атқаруы адамның дүниені, болмысты танып білудегі әрекетінен барып туған. Осы тұрғыда когнитивтік тіл білімін тілдік таным туралы білім деуге болады.

Адамзаттың өмір сүруі, әрекеті мен қызмет ету процесінде дүниені айналаны, әлемді, танып білуі, оны қабылдауы туралы ғылым когнитивизм деп аталады, оның нысаны адамның ақыл, ой-санасы, соған байланысты менталдық процестер. Танып білумен, оған қатысты ақиқаттық процестер когнитивтік немесе когниция деп аталады. Е.С.Кубрякованың пікірінше, когнитивтік тіл білімі – тілді жалпы когнитивтік механизм деп, ақпараттық мәліметтер беретін таңбалар жүйесін когнитивтік құрал деп қарастыратын лингвистикалық бағыт [11:53]. Когнитивтік тіл білімі ақпраттық пікір алмасулардың негізі болып табылады, ол тілдік қарым-қатынастардың моделін жасауға ерекше мән береді. Когнитивтік тіл білімінде тілдің танымдық қасиеттері концептуалды жүйеде түсіндіріледі.

Этнолингвистика этнос мәдениетімен тікелей байланысты. Этнос мәдениеті дегеніміз – белгілі бір этнос (ұлт, халық, тайпа) мәдениетінің дамуын және оның қоғамдық - әлеуметтік заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы. Ә. Қайдардың пікірінше, « этнос мәдениеті әрбір этносқа тән табиғи, әлеуметтік ортаға сәйкес қалыптасқан құбылыс. Өмір тіршілік салты, ортақ тіл, ортақ дүниетаным, ортақ психология т.б. осының бәрін біз этнос мәдениетінен таба аламыз. Ал соның бәрін танып білудің ең басты құралы- тіл екендігін мәдениеттанушы ғалымдардың бәрі мойындайды»[5:13].

Қазақтың спорт, ойын-сауық атаулары қазақ халқының этностық мәдениетіне кіретін көп саланың бірі болып табылады. Осы саладағы қазақ этносына тән материалдық, рухани құндылықтарды ондағы атауларды, яғни тілдік құралдарды зерттегенде ғана танып білуге болады.

Спорттық, ойын-сауық атауларының танымдық сипаты этнографиямен де байланысты. Этнос тілі этнолингвистика мен этнографияның екеуіне де ортақ, бірақ екеуінің зерттеу тәсілі бірдей емес. Мысалы, қазақтың аңшылық, саятшылық, күрес ойындарын этнографтар этнос мәдениетінің көрінісі ретінде қарастырады. Ал этнолингвистер осы нысандарды және оларға қатысты ұғым, түсініктерді психикалық, этникалық тұрғыда олардың тілде қалай аталатынын, тілде қалай көрініс табатынын зерттейді. « Этнос болмысына қатысты тіл фактілерін этнографияға қарағанда этнолингвистика әлдеқайда ауқымды да кең пайдаланылады, олар тілдегі мән-мағынасын жан-жақты да терең түсіндіруге тырысады» [5:15].

Сөйтіп, этнос тілі этномәдениет пен этнографияның, этнолингвистиканың үшеуіне ортақ нысан болып табылады, олардың әрқайсысы этнос тілін әртүрлі деңгейде, мақсатта қарастыра отырып, оның танымдық өрісін, сипатын түсінуге мүмкіндік береді.

Тіл мен мәдениеттің, тіл мен этностың, тіл мен ұлттық этностың  арақатынасын зерделеу лингвомәдениеттану ғылымының нысаны болып табылады. Ұлттық мәдениетті, ұлттық дәстүрді сақтаушы, оны болашақ ұрпаққа жеткізуші ретінде тіл халықтың ұлттық болмысын, тіршілігін, психологиясын танытатын қасиеттерін белгілейді. Тілде бейнеленетін обьективті болмыс шындығы танымның нәтижелері. Тілде көрініс тапқан танымның ол жайындағы білім жиынтығы « ғаламның тілдік бейнесі» болып табылады. Адам әлемді, тіпті өзін-өзі тіл арқылы таниды, тілде жалпыадамзаттық та, белгілі бір ұлттық та құндылықтар қоғамдық-тарихи тәжірибеде тілдің барлық деңгейлерінде оның ерекшеліктерін таныта алады. Белгілі тілде сөйлейтін адамдар сол мәдениеттің тұтынушысы да болады. Сол себепті тілдік таңбалар мәдени болмыс таңбасы ретінде қызмет атқарып, мәдениетті танытатын негізгі құрылымдардың бірі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, тіл оны қолданушылардың мәдени-ұлттық менталитетін бейнелей алады. Тіл мен мәдениетті, өркениетті өзара байланыста, сабақтастықта зерттеу ғана оң нәтижесін беріп, тілдің көпқырлы қызметі ашыла түседі. Лингвомәдениеттануда мәдениеттің обьективті элементі ретінде дәстүрлі түрде қалыптасқан тілдік бірліктердің, атап айтқанда, сөздердің фразеологизмдер мен мәтіндердің мәні, қызметтері айқындалады. Тіл – мәдениет айнасы, онда адамды қоршаған ортадағы нақты жағдайларға қоса халықтың қоғамдық танымы, менталитеті, ұлттық мінезі, өмір салты, әдет-ғұрыптары, дәстүрлері, моральдық, құндылықтар жүйесі, дүниетанымы рухани мәдениеттің символдары түрінде көрінеді. Бұл айтылғандар қазақтың ұлттық ойын мәдениетінің мәнінен айқын байқалады. Мәселен, алтыбақан, ақсүйек, соқыртеке, тоғызқұмалақ сияқты ойын атаулары нақты таңбалық мағыналардың шегінен шығу нәтижесінде символдық мәнге ие болған.

Ойын атауларының этномәдени негіздерін терең түсіну үшін, ойын табиғатының қалай қалыптасқанын, оның мәдениетпен байланысын, өзіндік ерекшеліктерін білу қажет деп ойлаймыз. Ойын атауы ойынның дамуы нәтижесінде туып, сонымен бірге қалыптасатыны белгілі. Ойын атауын ойынның өзінен бөліп алып қарастыру негізсіз зерттеу болып табылады. Ойынның қалай туып қалыптасқанын түсінбей, оның атауларының мәнін ашу мүмкін емес. Себебі, ойын атауында оның бір белгісі арқылы ойынның мағыналық тұтастығы, мазмұны жинақталып берілген. Осыған орай төменде ойын феномені жайындағы теориялық көзқарастарға тоқтауды жөн көрдік.

Ойын қай заманда болмасын халықтың мәдениетімен шұғылданған ойшылдардың назарында болған. Ойын жайында алғашқы философиялық ой тұжырымдар Ежелгі Грекияда туған. Онда ойын материалдық тұрғыда адамның пайда табу әрекетіне жатпайтынына, оның нысаны көңіл көтеру екеніне мән берілген. Платон ойынның көңіл көтерушілік сипатының екі бағытын көрсеткен: бірі – «гимнастикалық шеберлік», оның мақсаты денені шынықтыру, денені жетілдіру деп қарайды. Екіншісі – «мусикалық шеберлік» (гр.мusike жалпы білім, рухани мәдениет), ол адам жанын рухани жағынан дамытады деп есептеген. Антикалық ойшылдар ойынды адам мен космос арасындағы гармониялық үндестік идеясы ретінде қарастырады. Платон ойынды, би билеуді құдайдың берген сыйы деп бағалайды. Аристотель үшін ойын рухани және физиологиялық күшті қалыптастырушы құрал.

Ойын проблемасын қарастырған ойшылдар, ғалымдар одан кейін де болған. Мысалы, атақты неміс философы И.Кант ойынды еркіндіктің толық көрінісі деп бағалаған. Өнер мен ойын арасындағы терең байланысты көрсете отырып, поэзия идеядан туған ойын дейді. Ағылшын философы Г.Спенсер, неміс ақыны Ф.Шиллер ойынды – күш-жігердің артық болуынан пайда болады деп түсіндіреді. Австрия ғалымы К.Гросс ойынды тек күш-қуаттың артықтығынан ғана емес, сонымен бірге жас организмді өмірге бейімдеуге, баулуға үйретеді дейді.[12:4-5]. 

Ойын феномені деген не? Осы сұрақ жайында зерттеушілер арасында әртүрлі пікір болған. Э.Берн философиялық тұрғыда ойын – тек көңіл көтеру де, ләззаттану да, ересек өмірге жаттығу да, бас тігуге құмарлану да , шабыт та емес. Ол – адам болмысының стратегиясы, яғни әмбебап құбылысқа жатады және адамдық қарым-қатынастардың дамуына мүмкіндік береді дейді.[ 13:172].

Профессор Ф.Ш. Оразбаева тілдің қатысымдық қасиеті оның барлық ерекшеліктерінің ішіндегі ең маңыздысы, ең бастысы екенін атап көрсетіп, «Сондықтан  лингвистер тілдің мәнін айқындауда оның әртүрлі жақтарын сөз ете келіп, оның ең қажеттісін жіктеп шығаруға тырысады»,-дейді.[13, 99 б].  

1982 жылы шыққан «Советский энциклопедический словарь» атты еңбекте ойынға мынандай анықтама берілген: «Игра – вид непродиктовной деятельности  мотив которой заключается не в ее результатах, а в самом процессе» [9:480].  Сөздікте одан да ойынның адамзат тарихында магиямен, ұлттық рәсімдермен, әскери жаттығулармен, өнермен (әсіресе оның орындаушылық формаларымен) байланыстылығы, балаларды тәрбиелеп оқытуда, оларды психологиялық жағынан өмірдегі әртүрлі жағдаяттарға даярлап дамытуда маңызды рөл атқаратыны және ойынның хайуанаттардың жоғарғы түрлеріне де тән екендігі айтылған.[13:480]

Ойынға жоғарыдағы ұқсас анықтама «Мәдени-философиялық сөздікте» (Алматы, 2004) берілген: «Ойын – дәлел-дәйегі нәтижесінде емес, процестің кезінде болатын қимыл-әрекет түрі» делінген [15:196] Сөздікте сонымен қатар ойын теориясы ХХ ғасырда Х.Ортега-и-Гассет, Й.Хейзинга, Е.Финк, Г.Гадамер сияқты мәдениеттанушылардың концепцияларынан пайда болғаны, мәселен, Х.Ортега-и-Гассет шығармашылықтың еркін рухын, қиял ұшқырлығын, сырттай бақылаушылықты шындық өмірдің ойын өлшемдеріне үндес сипаттары деп қарайды. Е.Финк, Й.Хейзинга мәдениеттің пайда болуын ойынмен байланыстырады. Мәдени шығармашылықты ойын деп қарастырады. Ойын осының бәрін қамтығандықтан, адамды табиғаттан жоғары дәрежеге көтереді. Содан мәдениет феномені пайда болады дегенді айтады. Г.Гадамер тарих пен мәдениетті тіл стихиясындағы ерекше ойын ретінде талдайды. [15:196-197].

Ойынның адамзат өміріндегі мән-маңызын біліп түсінуде мәдениеттану ғылымының алатын орны ерекше. Қазақ мәдениеттіндегі ұлттық ойындарды философиялық тұрғыда зерттеген ғалым А.С.Мұрғабаева былай дейді: «Қазіргі кездегі мәдениеттанудағы алуан түрлі концепциялар мен теориялардың қатарына ойын концепциясы да кіреді. Бұл концепцияға көпшілік тарапынан қызығушылық артуда. Оның себебін ХХ ғасырда адамзат өмірінде орын алған үлкен сапалық өзгерістермен түсіндіруге болады. Қазіргі заманда ойын элементі зерттеушілердің пайымдауы бойынша, саясатта, ойында, спортта, халықаралық істерде, сот процесінде, педагогикада т.б. көрініс береді. Сондықтан да мәдениетті ойын элементін жан-жақты зерттеу мәдениеттің тізгініне, тереңіне үңілу болып табылады» [12:5].

Ойынның тууы жайында ғылым салаларында әртүрлі теориялар болған. А.С.Мұрғабаева ойын фонемені теориясының бірнеше түрін талдап көрсетеді. Маркстік ілім бойынша, ойын арқылы өнімді еңбекке жаттығу, жануарлардағы ойыншылдыққа еліктеу, балаларды ересек өмірге дайындау, қоғамдық функцияларды меңгеру алдынғы қатарға шығады. Дегенмен, ойынның пайда болуын еңбек сияқты бір фактормен түсіндіру жеткіліксіз дейді. Себебі еңбек процесінде мұқтаждық үстемдік етсе, ойын тілек пен қызығушылыққа негізделген. Еңбекте мотив нәтижемен айқындалса, ойында мотив әрекеттің өзіне ауысады. Еңбек нақты шындықта іске асса, ойын шартты түрдегі шындықта өтеді. [12: 28].

Ойынды мәдени феномен ретінде зерттеу батыс өркениетінен басталады. ХХ ғ. І жартысында голландиялық ғалым Й.Хейзинга мәдениетті түсіндіруде ойын концепциясын ұсынды. Ол 1938 жылы шыққан «Homo ludens» (ойын адамы) атты еңбегінде ойын концепциясын жан-жақты негіздеді. Й.Хейзинганың ойын туралы концепциясы туралы ойлары оның «Орта ғасырдың күзі», «Ойын ойнайтын адам», «Өткен күндер көлеңкесінде» сияқты еңбектерінде ары қарай дамытылған. Й.Хейзинганың пікірінше, мәдениет ойын ретінде басталмайды, ойынның шеңберінде басталады, мәдениет ерте кезде ойын формасында көрінген.

Ойын мәдениеті тәндік мәдениеттің өнерлік, спорттық-жарыстық т.б. функционалдық түрлерін қамтитын әмбебап форма. Себебі шын мәніндегі ойын тек адамға тән болғандықтан, оның өмір сүруінің бір тәсілі іспеттес. Ол өз концепциясында «ойыншы жан», «ойын ойнайтын адам» ұғымдарын енгізді.

Ойынның қалыптасуына тіл факторының ерекше мәні бар. Австриялық философ Л.Виттенштейн логикада тілдік ойын теориясын ұсынған. Л.Виттенштейннің пікірінше, бала ең алдымен сөйлеу үшін тіл ойынын үйренеді. Заттарды сөзбен атау оған белгі таңу болып табылады [12:38 ]. Сол себепті ойын элементі тек мәдениет аясында ғана емес, тілде де бар деп есептейді.

Й.Хейзинга өзінің жоғарыда  аталған еңбектерінде ойынға тән қасиетті ерекшеліктердің бірнеше түрін нақты көрсетеді. Оның түсіндіруінше, ойын – мағынаға толы функция. Ойын өмірге өзіндік рең, сипат береді. Ойын элементін мәдениеттен іздесек, онда мәдениет құбылысы ойындық сипаттарға толы екенін байқаймыз. Ойын мәдениеттен бұрын қалыптасқан, ол мәдениет даму кезеңдерінің бәрінде дерлік кездеседі, оларға нәр беріп тұрады. Адам күнделікті тіршілігінде ойынмен кездеседі. Ойын нақты өмірден, күйбең тіршіліктен дараланып тұрады, ойын олардан асқақ, биікте тұрады.

Й.Хейзинганың концепциясы бойынша, ойын табиғатының ерекшеліктері мынадай:  ойын ең алдымен еркіндікке, бостандыққа негізделеді, ойын шын мәніндегі еркіндіктің өзі. Ойын – еркін әрекет, онда күштеу жоқ. Ойын шектілік сипатқа ие, ол кеңістіктің бір нүктесінде және алдын ала нақтыланған уақыт аясында жүзеге асады. Ойынның басты сипаты оның ойналатындығында, белгілі бір келісілген уақытта басталып, аяқталып отыратындығында. Ойын рухани құндылық ретінде есте сақталып дәстүрге айналады, кез-келген уақытта қайталанады. Ойынның ішкі табиғаты тәртіппен байланысты. Ойын тәртібі қасиетті деп саналады. Ойын тәртібін бұзу, одан болмашы ауытқу ойын құндылығына рұқсат келтіреді. Әрбір ойынның өзінің ережесі бар. Сол ережелер ойын тәртібін анықтайды. Ойын функциясының мәні екі аспектіде көрінеді: ол – бірнәрсе үшін күрес және сол күресті басқаларға көрсете білу. Ойынның нәтижесі ұту, ұтыс ұғымдарымен тығыз байланысты. Ойындағы басты мақсат – жеңіске жету. Жеңіс адамға ләззат, қанағат сезімін береді, атақ, даңқ, құрмет әкеледі. Ойынға сәттілік, құштарлық, бәсекелестік, тәуекел элементтері тән. Бұл элементтер ойында бәс тігу, қызымпаздық, қатыгездік сияқты жағымсыз қылықтардың тууына себепші болады.

Ойынның эстетикалық жағы басым. Ойынға ырғақ, үйлесім тән. Адам тәні қозғалысының сұлулығы, көріктілігі ойында жүзеге асады. Бұл ойынның мазмұндық сапасын арттырып, көрініс сәтін күшейтеді [12: 23].

Батыс мәдениетіндегі ойын феноменін зерттеуде анықталған жоғарыда айтылғандай ойындық қасиеттер мен ерекшеліктер қазақтың көшпелі мәдениетінде туған халықтық спорт, ойындарына да тән екенін байқау қиын емес. Ойынның бұл сияқты ерекшеліктері мен белгілері жалпы адамзат  мәдениетіндегі ойын феноменінің сипатын анықтайды. Олар: ойынның мәдениет шеңберінде ру-тайпалық, кейін халықтық формада дамып қалыптасқаны, ойынның интеллектуалдық, моральдық, рухани құндылықтары, әлеуметтік сипатта болатыны, ойынның еркіндік іс-әрекетте көрінетіні, атқаратын функцияларына қарай әмбебаптығы (мысалы, қазақ ойын-сауықтарының барлық жерлерде жиын-тойларда, ашық алаңдарда, үй ішінде ойналатыны т.б.), ой ойындарындағы тіл факторы, ежелгі наным-сенімдерімен байланыстылығы, ойынның қашанда белгіленіп орныққан тәртіп, ережелер бойынша жүргізіліп, қайталап отыратыны, ойын өмірдегі шын ситуацияның моделі іспеттес екені, ойынның тек балалар үшін емес, ересектерге де қажеттілігі (мысалы, аңшылық-саятшылық сауығы, атжарыстар, күрес, көкпар т.б.), психологиялық тұрғыда ойынның көңіл көтеру, артық қуатты тарқату функциясы, педагогикалық тұрғыда тәрбиелік функциясы, ойын үстіндегі жағымсыз қылықтар (бәс тігу, қызымпаздық, жеңілтектік, қатыгездік т.б.) болатыны, ойынның рәсімдік әдет-ғұрыптық жоралғылары болатыны сияқты ойын тәжірибесінде қалыптасқан ерекшеліктер мен белгілерден айқын көрінеді.

Қорыта келгенде, бұл тараушада ойын атауларының теориялық тұрғыда этнолингвистикалық және этномәдени танымдық негіздері қарастырылады. Этнолингвистикалық тұрғыда ойын атаулары этностық болмыстың менталитетін танытатын «тіл әлемінің» қоғам саласындағы маңызды бір саласы болып табылады. Ойын атаулары, оған қатысты басқа да тіл бірліктері халықтық спорт, ойын түрлерін ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын тіл құралдары қызметін атқарады. Тілдік құралдардың мұндай қызмет атқаруының негізінде адамның дүниені, болмысты танып білу әрекетінен туған тілдік танымы жатыр. Ойын атаулары әрі қазақ халқының этностық мәдениетінің бір саласын білдіреді. Осы саладағы рухани құндылықтарды тілдік құралдарды зерттегенде ғана білуге болады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     СЛТ – О.С. Ахманова. Словарь лингвистических терминов. Москва: Сов. энцик., 1966. – 605 с.

2.     Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. Москва: Прогресс, 1984. – 400 с.

3.     Гумбольдт В. О различии строения человеческих языков и его влиянии на духовное развитие человеческого рода (Извлечения) // Хрестоматия по истории языкознания ХІХ-ХХ веков. Составил В.А. Звегинцев. Москва: Просвещение, 1956. – С. 68-86.

4.     Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. Алматы: Евразия. 1995. – 178 с.

5.     Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі. Оқулық. Алматы, 2008. – 462 б.

6.     Қайдар Ә. Этнолингвистика //Білім және еңбек. 1985, № 10. 18-21 б.

7.     Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. 3-басылым. Алматы: Сөздік, 2003. 262 б.

8.     ҚТФС – І. Кеңесбаев. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1977. – 711 б.

9.     Советский энциклопедический словарь. Москва: Сов. энцик., 1990. – 683 б.

10. Лингвистический энциклопедический словарь. Москва: Сов. энцик., 1990. – 683 с.

11. КСКТ – Е.С. Кубрякова и др. Краткий словарь когнитивных терминов. Под ред. Е.С. Кубряковой. Москва, 1996. – 245 с.

12. Мұрғабаева А.С. Қазақ мәдениетіндегі ұлттық ойындардың ерекшелігі мен рәсімдік негіздері. Канд. дисс. қолжазбасы. Алматы, 2006. – 119 б.

13. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. Алматы, РБК. 2000. – 207 С.

14. Берн Э. Игры, в котором играют люди и люди, которые играют в игры. Москва: Прогресс, 1988. – 399 с.

15. Мәдени-философиялық энциклопедиялық сөздік. Алматы: Раритет, 2004. – 320 б.